• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 16:54:07
Алматы
+12°

Қазақстанда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдайдың әрекет ете бастағанына екінші күн. Төтенше шара кезінде мемлекеттік және қоғамдық орындар қалай жұмыс істейді, жүріп-тұру мен өзге де күнделікті қажеттіліктердің жайы қалай болмақ деген сауалдардың жауабын төмендегі материалдан білуге болады.

Ресми орындар жұмысы

Nur Otan партиясының барлық қоғамдық қабылдау бөлімдері тұрғындарды жеке қабылдауды уақытша тоқтатты. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары штаттық режимде жұмыс істей береді. Қызметкерлерге медициналық маска тағу, антисептиктер қолдану, қолды жиі жуу сияқты коронавирустан қорғану талаптары қойылған. Жұмыс уақыты әдеттегідей таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін.

Балабақша мен жатақхана

Қалыптасқан жағдайға байланысты балаларды балабақшаға апару-апармау ата-аналардың өз еркінде. Бүлдіршін балабақшаға бірнеше күн келмесе де оның орны сақталады. Балабақшадағы орынды алып қоятын норма әзірше тоқтатылды. Сондықтан коронавирусқа байланысты бала балабақшаға бірнеше күн келмесе, орны туралы уайымдауға себеп жоқ.

Елде 90 мыңға жуық студент жатақханада тұрады. Бүгінде соның 20 мыңнан астамы жатақханаларында қалған. Олар ол жерден шығарылмайды. Десе де қандайда бір шектеу қойылып, режим сақтау бойынша жұмыс жүргізілмек. Десе де оқу орнының ішкі тәртібіне сай, студентттердің жүріс-тұрысына талап әртүрлі болуы мүмкін.

Жолаушы тасымалы

Қазақстан мен Қытай, Өзбекстан және Моңғолия арасында автобуспен жолаушылар және жүктерді тұрақты тасымалдау тоқтатылды. Ресей мен Қырғызстанға қатынайтын автобустармен және микроавтобус рейстері екі есеге қысқарды.

Әуе қатынасы бойынша апта ішінде 49 тұрақты халықаралық рейс пен 84 халықаралық рейс қысқартылды. Қазақстан мен Қытай, Иран, Әзербайжан арасындағы тұрақты рейстер тоқталды. 16 наурыздан қазақстандық Air Astana, Scat әуе компанияларының, шетелдік Turkish Airlines, Fly Dubai, Etihad Airways, Air Arabia, Wizz Air, LOT Polish Airlines, Белавиа әуе компанияларының Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия, Украина, Беларусь, БАӘ, Грузия, Үндістан, Венгрия, Чехия, Польша сынды бағыттарға 68 тұрақты әуе рейсі қысқартылды. Сонымен қатар Scat компаниясының Нұр-Сұлтан-Анталия, Алматы-Анталия тұрақты рейстері де қысқарды. Бұған дейін «Lufthansa» компаниясы Қазақстанға рейстерін өз еркімен тоқтатқан.

Базарлар мен супермаркеттер

Алматыдағы «Алтын Орда», «Оптовка», «Барахолка», «Тау самалы» және тағы басқа базарлар жұмысында еш өзгеріс жоқ. Тек «Барахолкадағы» «Ялян» базары 10:00-17:00 аралығында істейді.

Азық-түлік сататын супермаркеттер мен гипармаркеттердің көбі әдеттегідей режимде жұмыс істеуін жалғастырып жатыр. Тек кейбір нысандар уақытынан 1 сағатқа бұрын жабылуы мүмкін.

Ойын-сауық орталықтары

Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күні Алматыдағы ойын-сауық орталықтарының біразы жұмыс істеді. Алайда 17 наурызда Mega Center, Mega Park сауда үйлері қызметін мүлде тоқтатқанын хабарлады. Сондай-ақ Globus орталығы да уақытша жабық. Esentai Mall, Forum сауда үйлері ішінара ғана істесе, Aport Mall, Grand Park, Asia Park, Atakent Mall, Галерея, Sputnik, Maxima, Mart, ADK, Moskva сынды орталықтар 10:00-ден 18:00 аралығында істейтінін мәлім етті. Жұмыс режиміндегі өзгерістер туралы ақпарат ойын-сауық орталықтарының инстаграмдағы парақшаларында ұдайы жариялануда.

Сауда нысандары әкімшілігіне «келушілер тек маскамен ғана жіберілуге тиіс. Келушілерде маска болмаса, тегін маска ұсынып, коронавирустың алдын алу бойынша жадынама таратулары қажет. Барлық кіріп-шығатын есіктерге тепловизорлар орнатулары керек» деген талап қойылған. Ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар мен балаларға арналған ойын алаңдары жабық.

Тойханаларда той жасала ма?

Төтенше жағдай аясында той-томалақ жасауға шектеу қойылған. Мейрамханаларға бір ай көлемінде тапсырыс қабылдауға болмайды. Қамшы тілшісіне пікір білдірген «KUANYSH GRAND HALL», «Диана» «Жетісу» ресторандарының қызметкерлері әзірге тойға тапсырыс қабылданбайтынын, төтенше жағдай жарияланған 16 наурыз бен 15 сәуір аралығына белгіленген жиын-тойлар кейінге қалдырылып жатқанын мәлім етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі елде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайтынын, әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейтінін мәлім етті.

Мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

Мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.

Жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген жөн.

Төтенше жағдай қажет болған жағдайда ұзартылуы да, эпидемиологиялық жағдай ушықпаса, мерзімінен бұрын да тоқтатылуы мүмкін.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір