28 Ақпан, 2020 NEWS
"Халық шамасы жеткенше берсе". Абылай хан монументінің құны белгілі болды
"Бүкіл халық болып осы монументті қоюды жөн көрдік. Ал жобаға 5-7 миллион доллар қажет және ол қаражатты асарлатып, халық болып, кәсіпкер жігіттер болып жинаймыз... Бұл жобаны президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың өзі қолдап отыр»
Фото: diapazon.kz
Бұл туралы Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Арман Шораев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Былтыр қыркүйек айында Абылай хан бабамызға арналған елімізде үлкен монумент бой көтерсе деген идеямен бөліскен едім. Әлеуметтік желілерде бұл тақырып бойынша қызу талқылау болып, сол жерде азаматтардың 95 пайызы қолдау білдірді деп айтсам өтірік емес. Сонымен қатар, мемлекет басшылығы тарапынан қолдауға ие болдық. Бүгін ұсынылып отырғаны бастапқы кескін деп айтуға болады», - деді Арман Шораев.
"Бастапқы кескін" демекші, Абылайхан монументінің эскиздік жобасы да дайын болған. Оны сәулетші — Айдар Жамхан жасаған. Ал жобаға кететін қомақты қаражатты халықтан жинау жағы да қарастырылған.
«Бүкіл халық болып осы монументті қоюды жөн көрдік. Ал жобаға $5-7 миллион қажет және ол қаражатты асарлатып, халық болып, кәсіпкер жігіттер болып жинаймыз», - деді қоғам қайраткері.
Абылайхан бейнесіндегі ғимараттың салынатын орыны да көп талқыға түскен, ақырында жоба авторлары ақылдаса келіп оны Абылайханның өзі орда тіккен Бурабай мен Көкшетаудың арасындағы Кенесары деген ауылдың жанынан салуды ұйғарған.
«Біреулер бабамыздың бейнесіндегі ғимаратты Ұлытауда, енді біреулер Алматы мен Семейде қоюды ұсынды. Ойлана келе, біз Абылайхан өз ордасын тіккен Бурабай мен Көкшетаудың арасындағы Кенесары деген ауылдың жанынан саламыз деп шештік. Ескерткіштің іргетасы ретінде пайдаланылатын ғимаратта мұражай экспозициясы, конференц-зал, көрме залы және тағы басқалары орнатылады. Көкшетау Абылайханның есімі ғана емес. Онда Біржан сал, Ақан сері, Шоқан бабамыз бар. Мұндай жобалар республиканың барлық жерінде болуы тиіс, осы арқылы ішкі туризмді дамыта аламыз», - деді ол.
Шара соңында әдеттегідей сұрақтар қойылды. Соның ішінде журналистердің «бұл бастама Моңғолияда Шыңғыс ханға арналған ескерткіштің көшірмесі емес пе?» деген сауалына Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті бұл жобаны президенттің өзі қолдап отырғанын жеткізді.
«Сіз айтып отырған, Шыңғыс ханның монументіне $5 млн жұмсалды. Халық шамасы жеткенше берсе, қалғанын қазақтың елім, жерім деген ұлтшыл азаматтары көтеріп алады. Мен мұны бұған дейін қазақ барысындағы тәжірбиемнен білемін. Ал мемлекет бізге тек жер мен инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетсе болды. Бұл жобаны президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың өзі қолдап отыр. Алдағы үш жылда бабамыздың бейнесіндегі ғимарат салынып бітеді», - деді А. Шораев.
Айта кетейік, Абылайхан бейнесіндегі ғимаратты тұрғызатын маманды халықаралық конкурс арқылы таңдамақ. Ол үшін комиссия мүшелерінің қатарына М.Әшімбаев, М.Әуезов, Т.Жұртбай, Қ.Мыңбай, Д.Жолжақсынов, Б.Уәлиев, Т.Қажыбаев, М.Мансұров пен З.Кабульдинов кіргізіліп отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір