• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 19:39:51
Алматы
+12°

25 Ақпан, 2020 Саясат

Абай тойының ақыры:  Қазақтың ғұламасын орыстың «қоқсығына» теңеу кімге керек?

Тақырыпты дәл бұлай қоюымызға ап-ащы себеп бар. Соңғы ақпараттарға сенсеңіз, Һәкім Абайдың аты енді ел аузында орыстың «қоқсығы» атанған LADA Granta көліктеріне берілмек. Үлкен дақпырттың даңғыры – ақынның мерейтойы үшін деп тұр.

Фото: kolesa.kz

Жат та күл, тұр да күл: арнайы Абай тойы үшін шығарылмақ бұл "сыйлық". Қазақстан көлік өндірісінің сіз бен біз қабылдай алмайтын көркем иллюзиясы осы.

"Абайға" мін де шаба бер. Қазақтың һәкімінің есімі енді орыстың көлік өндірісіндегі «Гранта» деген бір ұрпағына ат болуға да "жарады" емес пе?!

Осы ретте, қазақстандық «Азия Авто» зауытының "еңбегін" айрықша атап өтпей болмас. Олар Абай тойы туралы төгіліп мақала жазған Тоқаевтың: «Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөзіне «тірі» пародия жасап берді деуге де болады.

а

«Пародия» емей немене, оның жыры да басталар енді. Мәселен, сіз, алда-жалда сол арнайы шығарылған көлікті сатып алдыңыз делік. Онсыз да сапарда жұрттың сенімі аз артылатын «Ладаңыз» сыр бермесіне кім кепіл. Сонда сіз жақыныңызға: «шағылғыр «Abai» жолда бұзылды» деп бір айтарсыз әуелі. Соңындағы «175» деген цифр сорың қайнаған далада әдірәм қалып. (Арнайы шығарылған серия «Abai 175» деп аталады – ред.)

Мүбәдә, «Абай» деп әспеттеген әлгі «Гранта» айдауға келмесе ше? Онда «Абайдың» астынан май ағып тұр» немесе «Абай» қуып тұр» дейтін қуарған тіркестер сіздің көмейіңізде тұруы ләзім. Бәлкім, ашуың түссе «Абайды» өртеп жіберердей боқтарсың келіп-келіп. Мұны айтқызған орыстың «әдепсіз» көлігі сізге тағы бір күні: «Абай» шіріп кетті» деп айтқызбайды деп кім айтты?!

Бақсаңыз, Абайға көрсеткен құрметіміздің сыйық-сықпыты осы... "майы аққан "Абай", "қуған "Абай", "шіріген "Абай". Сосын "көп айдалған "Абай", өкінішке қарай. 

Міне, Мемлекет басшысы өз мақаласында айтқандай, біздің «рухани жаңғыру», «саналық өсу» екен бұл.

Айтпақшы, Президент сол мақаласында тағы: «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз» деп көрсеткен еді.

Қайталап айтамыз: "зор мән беріп" деп тұр. Енді нәтиже дейсіз бе? Дап-дайын ол да. Біздің қоғам болып қатты "мән" бергеніміздің арқасында ақын Абайдың аты автокөлік «Абай»-ға айналды сөйтіп. Ол тіпті сізге «қолжетімді» де. Өз "Абайыңызды" ақпаннан бастап 2 млн 820 мың теңгеге сатып алыңыз да айдай жөнеліңіз. Майы аққанша айдай жөнеліңіз...

Қозыбай Құрман

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір