25 Маусым, 2013 NEWS
Аякөз бен Ақшатауға барғанда... Т.Бозтаев неге қашты?(жолжазба)
2013жылдың 15 маусымынан басталған бұл журналистік жолжазбамды сол сапарым аяқталған 21 маусым күнінен бастағанды жөн көрдім. Қалған оқиғаны осы мақала...
2013жылдың 15 маусымынан басталған бұл журналистік жолжазбамды сол сапарым аяқталған 21 маусым күнінен бастағанды жөн көрдім. Қалған оқиғаны осы мақала аяқталғаннан кейін рет-ретімен баяндай жатармын....
Ең алдымен тапа-тал түсте қашып жүрген бұл адамның, дәлірек айтқанда, ШҚО Аягөз аудандық мәслихатының төрағасы Төлеухан Бозтаев деген азамат екенін ашып айтқан жөн сияқты.
Оқырманға түсінікті болу үшін, оқиғаның қай күні, қандай жағдайда орын алғанына тоқтала кетейін.
Үстіміздегі жылдың 21 маусымы күні Аягөз ауданы Ақшатау аулында өткен журналистік іссапарымнан оралып, Аягөз теміржол вокзалынанан Алматыға қайтар билетімді алмақ болып, солай қарай беттеген едім. Осы қалада тұратын Амангелді Керімтаев ағамның айтуына қарағанда, Алматыға қарай билет жоқ көрінеді. «Үмітсіз – шайтан» дегендей, не де болса бағымды сынап көрейін деп, Аягөз теміржол стансасы бастығының қабылдау бөлмесінің есігін аша бергенім сол еді, ар жағынан ақ басты, дембелше бойлы жігіт ағасының шыға келгені.
Бірден шырамыттым, бұл баяғыда Ақшатау орта мектебінде бізден бірер сынып төмен оқыған, менің жерлесім Төлеухан Бозтаев екен. Оған амандасайын деп, қолымды соза бергенім сол еді, ол екі көзі атыздай болып, қатты шошып кетіп, сыртқа қарай ата жөнелді. Ештеңенің байыбына барып үлгермеген мен болсам, оның соңынан қуа шығып:
-Әй, Төкен, тоқта, саған не болған?-деп қатты дауыстап жібергеніме қарамаған ол, ақ түсті автокөлігіне асығыс-үсігіс отыра беріп, бұрыннан от алып тұрған көлік газын бар күшімен басып, басып жіберіп, құны-перен қаша жөнелгені.
«Мен де аң-таң, апам да аң-таң» деген күйді басымнан кешкен мен ұзап бара жатқан автокөліктің соңында қала бердім.
Пәленбай жыл Аягөз ауданына қарасты «Ақшатау» орта мектебінде бірге оқыған, сол ауылда бірге тұрған, аралас-құралас жүрген бұл азаматтың тападай-тал түсте менен қорыққандай, қызық мінез көрсетіп, қаша жөнелгеніне түсінбеген менің басым әңкі-тәңкі болды.
«Со ғұрдай оның әзірейіл көргендей, мына менен екі көзі атыздай болып, өңі өрт сөндіргендей әлем-тапырық күй кешіп, балаға ұқсап, қаша жөнелтіндей, басына не күн туыпты? Шынында да мына мен кісі шошитындай қорқынышты болғаным ба?» деген ойға қалған мен вокзал ішіндегі айна алдына бардым. Жоқ, түрім адам шошитындай емес сияқты. Сонда ана Төкен мына менен неге шошып кетті екен?
Басым әңкі-тәңкі болып, ана Төлеуханның менен қашуының себебебін ойлап, вокзал ішінде жынды кісіше сенделіп жүріп алдым. Бір жасы үлкен апа, менің мына күйімді көріп, жаны ашып кетсе керек:
-Балам, отырып сәл деміңді ал. Билет қайда қашады дейсің. Үмітіңді үзбе. Мына мен де сол билеті құрғырды күтіп отырмын ғой,-деп, мені жұбатып жатыр. Мен үндемеген күйі вокзал ішіндегі бір шеткерірктегі орындыққа сылқ етіп отыра кеттім.
Дәл осы сәтте барып, тұманданып тұрған миымның шайдай ашылып сала бергені.
-Таптым! Енді таптым! Ана Аягөз аудандық мәслихаты төрағасының менен қашуының себебін!-деп, қалай бар дауысыммен айғайлап жібергенімді, өзім де байқамай қалдым. Әлгі маған жаны ашыған апам:
-Бісміллә! Бісміллә!-деп мені ұшықтай бастады. Сөйткенше айналамызға біраз адам да жиналып қалыпты. Оны көріп, енді мен шошып кетіп, тысқа ата жөнелдім.
Жолда Амангелді ағамның үйіне келе жатып, жаңағы «нені тапқанымды» есіме түсіруге тырыстым.
Қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесінің тақырыбындағыдай, иә, даудың басы – ана Т.Қожағапанов деген байдың барша түрік халықтарының ортақ ұлы мақтанышы «Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу» мазары тұрған қасиетті жерді өзінің марқұм әкесі Жұман Қожағапанов дегенге әпермекші болып, осы Аягөз аудандық мәслихатына шешім қабылдатқаны, мәслихат төрағасы осы Төлеухан Бозтаевтың Т. Қожағапановты жанын сала қолдағаны, оның ақыры үлкен айғайға ұласқаны, біртіндеп, біртіндеп, есіме түсе бастағаны.
Осы даудың басында, ана Т.Қожағапановты ашық қолдайтын ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұрғаны туралы да ел арасында алып-қашпа «пыш-пыш» өсек тарап жатты. Сол тұста ғой деймін, менің әлгі «Б.Сапарбаев – Шығыстың бағы ма, әлде соры ма?» деген мақаламның жарық көретіні, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевтың, Аягөз ауданының құрметті азаматы Қайыртай Қажығұловтың, Аягөз ауданының бұрынғы әкімі Амангелді Керімтаевтың, қызылордалық бір азаматтың, т.б. көкірегі ояу, көзі ашық, қазақ азаматтарының Аягөз аудандық мәслихатының бұл шешіміне ашық қарсы шыққаны, тіпті, президент аппаратының бұл іске назар аударғаны, «Егемен Қазақстан» газеті де өзінің бір бетін бергені, бәрі, бәрі, мына менің басыма оралып жатты...
Иә, «Аягөз», «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» деген қасиетті атаулардың ғаламтор желілері арқылы өзіміздің мемлекетімізді қойып, тұтастай жер шарын шарлап кеткені де осы тұс болатын. Абай данышпан айтқандай «ары бар, ұяты бар» қазақ азаматтары осы бір «Қозы мен Баян» ескерткішінің басына Т.Қожағапанов болып төнген қауіптің қара бұлтын сейілтуге бар күштерін салған. Әлгі мен әңгімеге арқау етіп отырған Т.Бозтаевтың барша түрік дүниесінің асыл жаухарына айналған ұлы ескерткішті қайдағы бір ферма меңгерушісінің атына беруге аудандық мәслихаттың шешімін қабылдататыны да осы кез болатын.
Енді түсіндім, Төлеуханның менен қашатындай да жөні бар сияқты.
Бұл Төлеухан – марқұм, 2013 жылдың 25 маусымында тірі болғанда 80 жасқа толатын, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, «Семей полигоны» атты аждахаға жалғыз өзі қарсы шабатын Кешірімхан Бозтаевтың туған інісі.
Елі сүйген, елін сүйген Кешағаң қандай, мына бастық Төлеухан қандай? «Бір биеден ала да, құла да туады» деген осы болса керек...
Амалсыздан амалсыз тым қаттырақ кеткен осы мақаланы жазып отырып, «қиын болғанда Төлеухан екеуміз тағы бір рет төбелесіп алармыз» деген ойға келгенім бар. Өйткені, ертеректе, оның есінде болар, қасымымда марқұм Қанат Жөкіжанов бар, осы Аягөз бен Ақшатаудың арасында, иен далада, түкке тұрмайтын бір жағдаймен осы Төлеухан екеуміздің бір шекісіп қалғанымыз бар болатын. Бір қызығы, осы арада, осы сәтте, сол бір қызық оқиғаның есіме түсіп отырғаны. Оған Төлеухан дайын болса, мына мен де дайынмын дегенді айтқым келеді...
Жұмаш Кенебай(Көкбөрі)
(Жалғасы бар)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір