24 Қаңтар, 2020 NEWS
inform.kz
Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Алмас Арзықұлов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Соңғы кезде Армения, Қырғызстан, Беларусь, Ресейде тіркеуде тұрғанымен елімізде жүрген көліктерге қатысты келеңсіз жағдай туындаған болатын. Алдымен Ішкі істер министрлігі мұндай көліктердің елімізде жүруіне тыйым салынатындығын немесе жүруіне 1 жыл ғана рұқсат берілетіндігін айтты. Ал бүгін Президент 1 ақпанға дейін елімізге кірген мұндай көліктер уақытша тіркеуге алуды және оны шешуді Ішкі істер министрлігіне тапсырды. Бірақ, бұл уақытша ғана шешім. Уақытша тіркеу келесі жылдың 1 наурызына дейін ғана. Осы уақытқа дейін барлық көлік иесі мемлекетке төленетін төлемдерін төлеп, көліктерін қазақстандық тіркеуге өткізуі керек. Тіркемесе көлігін әкелген жағына жеткізуі тиіс», - деді сарапшы.
Оның атап өтуінше, бүгінде елімізде 170 мыңға тарта шетелдік нөмірдегі көлік бар. Міне, осы көліктердің иелері жол ережесін жиі бұзып жатады.
«Әрине, кез келген көлік иесі жол ережесін бұзуы мүмкін. Бірақ, Қазақстанда тіркелген көліктің иесіне мекенжайы бойынша айыппұл келеді. Ал шетелдік нөмірлі көліктерге айыппұл салынған күннің өзінде оны кімнен өндіріп алу мәселесі туындайды. Өткен жылдың соңына дейін шетелдік нөмірлі көліктерге 1 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған екен», - деді ол.
Сонымен қатар Алмас Арзықұлов Қазақстан азаматтары Армениядан көлік алып келген кезде заңбұзушылыққа баратындығын айтады.
«Армениядан көлік алу үшін сіз сол елде тіркеуде тұруыңыз қажет. Ал біздің азаматтар сол жаққа барып, уақытша жалған тіркеуге тұру арқылы көлік алып келіп жүр. Мұның өзі де заңбұзушылық. Сондықтан оны да тоқтау қажет. Жол ережесі туралы заңымыздың 63 және 65-баптарында кез келген сырттан келетін шетелдік автокөлік Қазақстан аумағына кіргеннен кейін 10 күннің ішінде тіркеуге тұруы керектігі жазылған. Ал шетелден көлік сатып алған азаматтардың ешқайсысы заңның бұл бабын орындап отырған жоқ. Көлік шетелдік нөмірде, өздері Қазақстан азаматтары болғанымен көлігін тіркеуге қоймаған. Ал біздің заңда шетелдің азаматы ғана Қазақстанға көлігін уақытша әкеліп, жүргізе алатындығы көрсетілген», - деді ғылыми қызметкер.
Оның атап өтуінше, осындай жағдайда Қазақстан Президенті шетелдік нөмірлі көлікпен жүрген ел азаматтарына үлкен мүмкіндік жасап отыр.
«Міне осы даулы мәселеге Президент нүкте қойды деп айтуға болады. Автокөлік иелеріне 1 жылға мүмкіндік берілмек. Яғни кедендік баж бен утилизациялық соманы бірден төлей алмайтын азаматтарға 1 наурызға дейін қаражат жинап, содан кейін көлігін тіркеуге жағдай жасалды. Бұл ретте Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағдайын қаперге алып отырғандығын айта кеткен орынды», - деді Алмас Арзықұлов.
Айта кетейік, бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерге қатысы мәселені шешуді тапсырған болатын.
Марлан Жиембай
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір