• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:42:49
Алматы
+12°

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетіп, оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып келгеніне он ай болды. Жаңа президенттің осы он айдағы істері несімен есте қалды, саяси реформа жүргізу талпыныстарының барысы қандай, мерзімінен бұрын өтуі мүмкін делініп жүрген парламент сайлауы қарсаңында нендей оқиғалар болып жатыр, жалпы Қазақстанның саяси алаңындағы жағдай қандай деген сауалдардың төңірегінде тәуелсіз журналист, саясаткер Ермұрат Бапиден сұхбат алып, пікірін білдік.

– Тоқаев президент атанған он айда қоғам артқан үмітті ақтады ма?

– Иә, сөз жоқ, Назарбаевтың 30 жылдық жеке дара билігінен әбден мезі болған халық президенттік сайлаудан кейін Тоқаевтан жаңалықтар дәметті, өзгеріс жасауға деген ниет күтті. Өкінішке қарай, оған артылған қоғамдық үміт ақталмады. Тоқаев иннаугурациялық сөзінде «мен Назарбаевтың саясатын жалғастырам» деп, езілген елдің үмітін ақтамағаны былай тұрсын, ол өзінің халықтық құзіретін «кітапханаға» кіріптар етіп, қол-аяғын «елбасысына» матап берді.

Дегенмен, меніңше, Тоқаев азаматтық тұрғыдан болсын, президенттік парыз тұрғысында болсын, әлдебір өзгеріс жасауға ниеті барын сездіреді. Содан да болар, дәмелі қоғамның бір бөлігі одан әлі де бір серпіліс күтуде. Алайда соңғы он айдың нәтижесі көрсеткендей, ол ниетін жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ. Ол мүмкіндік әу баста, Назарбаевпен екеуара жасалған ымыра шарты бойынша «өлі туған» нәресте болған сияқты. Ол қандай шарт, астыртын келісімнің астарында қандай құйтұрқы бар – ол бізге беймәлім. 

– Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың үмітін қаншалықты ақтады деп ойлайсыз?

– Назарбаев ел атынан, мемлекеттік құзіретпен шетелдік сапарларға, халықаралық кездесулерге емін-еркін қатысып, елдегі саяси элитаның кадр саясатын шешуге үстемдік етіп жүргеніне қарағанда, оның үміті әзірге толық ақталып тұр. Мәселен, арыға бармай-ақ, соңғы тағайындауларға қарасақ: генереал «дядя Коля» Қасымовтың – мемлекеттік күзет басшылығына, Исекешевтің – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымына тағайындалуы Тоқаевтың толық дәрменсіздігін дәлелдейді. Президенттің төңірегі толықтай назарбаевтық кадрлармен қоршалып, оның әрбір қадамы жаппай бақылауға алынды. Ендігі жерде оның тыпыр етуге мұршасы қалмады. Оның үстіне, парламент – Назарбаевтың иелігінде, үкіметтің қожайыны – тағы да сол Назарбаев; күштік құрылымдар – «КНБ», прокуратура, әскер, полиция, прокуратура, сот, «финпол» тегістей «бірінші президенттің» еншісінде. Сонда «тоқпейіл» Тоқаевқа не қалды?

«Қолбала» президент о баста сызылып берілген жолдан оңға, солға ауытқымай, жүріп келе жатыр. 30 жыл бойы елді емін-еркін басқарған Назарбаев міз бақпай отыр, саяси режим әлі сірескен күйі тұр. Осылардың өзі Назарбаевтың Тоқаевқа артқан үміті толық ақталғанын көрсетпей ме? Назарбаевтың билігі жалғасып жатыр, Тоқаев оның саяси өмірін жалғастыруға барлық жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Назарбаевтың билігін мейілінше ұзарту сценарий әзірге мүдіріссіз жұмыс істеп тұр. Назарбаев үмітінің ақталғаны деген осы!

– Елде қандайда бір саяси реформа жасау талпыныстары ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы жүруде. Жуырда өткен екінші отырыста митинг өткізу мен саяси партияларды тіркеу шарттарының өзгеретіні, оппозициялық парламент институты енгізілетіні айтылды. Бұндай өзгерістерге берер бағаңыз қандай?

– Негізі, дәл осы өзгерістерді жасау ауадай қажет болғанда, ол үшін ұлттық кеңестің қажеті шамалы еді. Оны қоғамның буырқанған буын шығару үшін, сайлаудан кейін саяси белсенділігі артқан халықтың аптығын басып, наразы көңіл-күй ауанын басқаға аудару үшін, «саяси реформа осы кеңес арқылы жасалады» деп, халыққа үміт сыйлағандай болып алдарқату үшін құрғаны әу баста белгілі жайт еді. Тоқаев пен Назарбаевтың саяси реформа жасауға деген шынайы ниеті болғанда, оны парламент арқылы жүргізер еді. Қаншама сірескен, консервативтік құрылым десек те, парламент Назарбаевтың айтқанынан шықпайтын қолбала құрылым екені мәлім: бір ғана президенттік пәрменмен барлығын тас-талқан етіп өзгерту – Назарбаев үшін шырт түкіргенмен бірдей еді. Бұл араға ешқандай конституциялық құзіреті, саяси-заңнамалық мәртебесі жоқ ҰҚСК-ті ұмар-жұмар тықпалау қажет емес-тін.

Ал сол Ұлттық кеңестің екінші отырысында әлдеқандай етіп дабыра еткен бастамалар жуық маңда жүзеге аспайтын сияқты. Оны қойып, ол бастамалар әлі күнге парламентке жеткен жоқ. Әзірге олар парламентте қолға алынды, тиісті мүдделі министрліктер мен ведомстволар ҰҚСК-те айтылған бастамаларға қатысты заң жобаларын дайындай бастады деген әңгімені естімедік. Бұларды енгізу қысқы каникулдан кейін бастала ма, әлде көктемге қала ма, тіпті күзге дейін созыла ма ол жағы белгісіз. Ал бұл өзгерістер парламент сайлауына дейін енгізілмесе, онда тағы сол ескі, қасаң заңдар шеңберіндегі сайлаудың кебін киеміз. Онда құрылу үстіндегі жаңа саяси күштер мен партиялардың мүмкіндіктері болмайды.

Сондықтан бүгінгі сенім кеңесі Назарбаевтың 30 жылдық билігін одан ары қарай созуға ықпал ететіндей саяси климаттық жағдайды жасауын жалғастыра береді. Басқадай табанды ынта-жігерді бұл комиссия тарапынан байқай алмадым. Бәлкім, кеңестің жекелеген мүшелері билікке қатаң талап қойып, не мына өзгерістер жасалуы керек, не біз бұл кеңестің легитимділіге күмән келтіреміз десе, батыл азаматтық қадамдар жасалса, билік жақтан біраз қозғалыс байқалар еді.

– Кеңес құрамында талап қоя алатындар бар ма?

– Ондай 4-5 адам бар. Тек олардың өзі билікпен иық қағыстырып, бірге жүріп, өзгеріс жасауды құп көретін сияқты. Бұған қоғамның самарқаулығы да өз ықпалын тигізіп тұрған сыңайлы. Өйткені Қазақстанның қазіргі жағдайында қоғам белсенділігі сондай дүркіреп тұрмаған кезде, биліктің ықпалынсыз әлдебір өзгерістерді жасау мүмкіндігі шектеулі деген сөзді сол белсенді деген комиссия мүшелерінің аузынан естіп қалдық. Десе де, кеңес мүшелері бас көтеріп, нақты өзгерістерді талап етсе, қоғамда оларды қолдаушылар табылмақ түгілі, дүркіреп көтеріліп кетуі мүмкін еді.

– Мерзімінен бұрын өтуі бек мүмкін парламент сайлауы тақырыбына ойыссақ. Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу қаншалықты қажет? Ол қоғамға не береді?

– Егер Тоқаев сайлаудан кейін өзінің құзырын толық алған болса, онда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу бірінші кезекте сайланған президенттің өзіне қажет еді. Өйткені жаңа президент ұстанған позицияларына сай өзінің жақтастарының үлкен депутаттық корпусын құруы тиіс болатын. Бірақ көріп отырғанымыздай, Тоқаевтың маңына керісінше назарбаевтық истеблишменттің адамдары жиналып жатыр. Үкіметтің басшысы Асқар Мамин, Мәжілістің жетекшісі Нұрлан Ныматуллин, соңғы Исекешев пен Қасымов Тоқаевтың адамдары деудің ешбір реті жоқ. Бұлардың бәрі Тоқаевтың идеялас адамдары емес, керісінше президенттің төңірегін тарылтудың «тарландары». Меніңше, парламентті тарату президент сайлауынан соң, инаугурациядан кейін Тоқаевтың инициативасында болуы тиіс еді. Назарбаевтың «қалтасындағы» нұротандық парламент халыққа еш пайда әкелмейтін екенін әлдеқашан дәлелдеді.

Алайда парламент сайлауы сенім кеңесінде көтерілмен бастамалар заң негізінде қабылданғаннан кейін, азаматтық қоғамның сайлауға түсу мүмкіндігі кеңейгеннен соң өткені жөн. Ал егер сайлау ескі заңның аясында өтетін болса, билік пен қоғам арасындағы текетірес ушығып, елде қарсылық қозғалысы өршіп, теңселіс болып кетуі әбден мүмкін. Тіпті, мүмкін емес, мұндай жағдайда назарбаевтық тұрақтылық быт-шыт болады.

– Әділет министрлігінің оппозициялық белсенді Жанболат Мамай жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топты тіркеуін әлеуметтік желіде сан-саққа жүгіртіп болжап жатқандар бар. Солардың арасында Мамайды жоба деушілердің үні қаттырақ естіледі. Бұған қатысты не ойлайсыз?

– Мен білетін Жанболат «биліктік жобаның» аясынан алшақ азамат. Былтыр Жанболатты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына төрағалыққа тарту жөнінде біраз әрекет жасап едім, оның нәтижесі қалай болғанын Қазақстан қоғамы жақсы біледі. Сыртқы күштер мен елдегі саясат технологтары болмағанда, біздің жоспарымыз жүзеге асқан жағдайда, елде жаңа партия құрудың қажеті болмас еді. Себебі, менің мақсатым – партияны қоғамға алып келу-тін. Біздің идея жүзеге асқанда, қазір қазақстандық қоғам екі полюске бөлінер еді. Бірі – Жанболат Мамайдың төңірегіне топталған ЖСДП платформасындағы саяси күштер қауымдастығы, екіншісі – биліктің қол астындағы «Нұротандық» альянстың полюсі. Ал Жанболатты «жоба» деушілер – Ақорданың, ҰҚК-нің, ішкі саясаттың төңірегіндегі «нұрботтардың» әңгімесі.

Жанболатты мен жақсы білем. Мен оның саяси фигурасынан қоғамдағы ықтималды көшбасшы тұлғаны көрем. Ол ұлт патриоттарына да жақын, соңғы кезде пайда болған жаңа қарсылық қозғалысының ұйымдары – Oyan, Qazaqstan, Respublika, «Менің таңдауым» сияқты либералды күштермен де, Тәуелсіз бақылаушылар тобымен де оның қарым-қатынасы жақсы. Студенттік кезінен қоғамдағы ескі оппозициямен жұмыс істеп көрген, ұлт зиялылары да оны жақсы таниды. Оның жетекшілік тұлғасы Қазақстандағы азаматтық қоғамды топтастыруға өте тиімді тұлға болар еді. Ал оны «жоба» деушілер осы қоғамдық идеяны ыдыратуға тырысушылардың ісі деп ойлаймын. Және бұл Мамайға ғана қарсы әрекет емес, қоғамды біріктірмеу жолында, оны жан-жаққа ыдырату мақсатында жасалған, бірлікке лаң салу үшін шыққан саяси-технологиялық әңгіме. Егер құрылып жатқан партияның ынталы топ мүшелеріне қарайтын болсақ, Төлеген Жүкеев пен Жанболаттың өзінен басқасы саясатқа соңғы бірер жылда ғана келген жаңа адамдар екенін көреміз. Сондықтан Мамай биліктің жобасы деп ойламаймын. Оның ішкі жан-дүниесі таза, мен білетін Жанболат билікпен ымыраға бармайды.

– Мамай билікпен еш ымыраға келмеген болса, биліктің бастамашыл топты тіркеуі демократия талаптарына сай жүзеге асқаны ғой, әлде бұның астарында қандайда бір есеп жатқан болуы мүмкін бе?

– Иә, бұл арада билік ынталы топты тіркеуді өз пайдасына сәтті пайдалана білді. Ынталы топ тіркеуге қажетті құжатты түске дейін өткізсе, Әділет министрлігі оны сол күні кешке дейін тіркеп жіберді. Олар 1 мың адамның ақ-қарасын тексеріп те үлгермеді. Соның өзімен билік қоғамға «бұл біздің жобамыз» деген сыңайда жалған сигнал берді. Жанболаттың бастамасына күмән келтірушілер бұл айлаға түсіп қалды. Ал бұл Ақорда саясат технологтарының әдіс-әрекеті екенін қоғамның күмәншіл бөлігі түсінбеді. Билік ынталы топты едел-жедел тіркеп жіберді де, Мамайдың бастамасын өздері әзірлеп жатқан саяси жобаның тармағы секілді етіп көрсетті. Қосановтан кейін пайда болған күмәншіл топ «Мамайдың тобын билік 3-4 сағаттың ішінде тіркеп жіберді, демек ол да жоба» деп алаулатып-жалаулатып әкетті. Ал «нұрботтар» тобы бұл сөзді үрлеп, үлкен әңгімеге айналдырды. Жанболатты «жоба» дейтін күдігі көп ағайындар алдарқатудың айласына түсіп қалғанын сезбейтін сияқты.

Бірақ соңғы күндері партия құрушы ынталы топ мүшелеріне қарсы билік тарапынан қысым жасалып жатыр. Билік осылайша бір қолдарымен от көсеп, екінші қолымен Жанболатты «жоба» ретінде көрсетудің «маңдайдан сипау» сыңайдағы жандәрмен әрекетін жасап жатыр. Бұл түсінікті де: егер қоғамның қопарыла қолдауымен Жанболаттың партиясы тіркеуге алынатын болса, Ақорда тығылатын тесік табылмай қалады. Бұл жерде Жанболаттың өзін керемет деуден аулақпын, мәселе – қоғамның билікке қарсы қозғалыс төңірегіне топтасуға құштарлығында. Бір қарағанда, бұл құштарлық сайлау алдында Қосановты қолдаудың әлпетіне ұқсайды. Жанболатқа күдік келтірушілердің жалаулатып жүргені де осы ұқсастықтан туатын дабыра.

– Мамай партиясы тіркеліп үлгеруі мүмкін бе?

– Егер де парламенттік сайлау күзде өтетін болса, онда партия құрушы ынталы топтың 20 ақпандағы құрылтайынан кейін қажетті дауысты жинауға уақыты бар. Ел-жерді аралауға, жүріс-тұрысқа қажетті қаражат мәселесі шешілсе болғаны – демократиялық партияны демде даяр етуге мүмкіндік болады. Күдікшілдер мен «нұрботтар» қанша жерден Жанболатты «жоба» десе де, қоғамның өзгеріске құштар негізгі бөлігі арасында Жанболатты қолдаудың динамикасы да, диапазоны да күшті.

Бірақ әділет министрлігі «кітапхананың» тікелей тапсырмасымен дауыс жинау процесін қиындатып, жиналған дауыстардан небір құйтырқылықтар табуы әбден мүмкін. Сондықтан қоғамды билікке қарсы топтастырушы партияны құруда азаматтық қоғамның өзі белсенділік танытуы тиіс. Мамайдың партиясын тіркеуді талап ету жөнінде үлкен толқу туып, қоғамдық пікір нөпірі тасып тұрса, билік партияны тіркеуге сөзсіз мәжбүр болады.

Ал партияны тіркеу Жанболат пен оның маңайындағы жиырма шақты қолдаушы мен ынталы мың адамның ғана міндеті деп, қоғам бей-жай қарап отырса, партия құруға талпынған азаматтар «сорпасында» өздері қайнап жатса, онда әрине билік бұны өз мүддесіне пайдаланады: партияны тіркемеудің түрлі амал-айласын табады. Сондықтан ынталы топ тарапынан үлкен үгіт-насихат жұмысы жүріп, өздерінің адал, шын, азаматтық позициямен осындай әрекетке бара жатқандарын дәлелдей білуі керек те, қоғам бұл процесті қолдауы қажет. Бұл бір ғана Жанболат үшін қажетті міндет емес, бұл – қоғамның мүддесіндегі саяси-азаматтық іс. Ал егер Жанболат мына жақта жалғыз-жарым жүгіріп жүрсе, қоғам мына жақта «Жанболат – жоба» деп, беймарал отырса, онда бұл әрекеттен түк те шықпайды.

– Егер Мамай партиясы тіркеліп кетсе не болады?

– Егер Мамайдың демократиялық партиясы тіркеліп, сайлаудағы бақылаушылар тобының үлкен армиясы жасақталатын болса, онда биліктің санасудан басқа алмалы қалмайды. Паламент сайлауында бұрынғыдай 7 пайыздық алдарқату квотасын бермей, құрып кеткенде, тең жарты дауысты алудың мүмкіндігі пайда болады деп ойлаймын.

Бірақ назарбаевшылдар қолдағы биліктен айырылып қалғысы келмейді ғой. Сондықтан билік «Ауыл», «Бірлік» партияларынан өтірік оппозиция жасап, «Ақжол» партиясын үкіметке «қарсы сөйлетіп», Халықтық-косаревшілерді радикалдандырған сыңай танытып, оларға парламенттің өзін сынайтындай мүмкіндіктер беріп, оппозициялық ұрандармен шыққан өзге де партияларды тіркеп жіберу арқылы Мамайдың партиясы жинауы тиіс дауысты ыдыратып, селдіретіп жіберуі мүмкін. Онда биліктің ықпалындағы партияларға сеніп қалатындар тобы пайда болады. Қазақ елінің өзі тарихтан бері көсемдік-хандық негізде құрылған халық қой. Оның менталитетінде кландық, рулық қасиет қалған. Егер жасанды партиялар түрлі ұрандармен шығатын болса, тұтас аймақтардағы дауыстың біразы соларға өтіп кетуі ғажап емес. Ал ол партияларды қаржыландыруға мемлекеттік ақшасы да, ол ақшаны табудың амал-айласы да жыртылып-айырылады.

– Елдегі бірден-бір оппозициялық басылым – Жас Алаштың бас редакторлығына Жанболат Мамайдың зайыбы – Инга Иманбайдың келуін біреулер Жас Алаш енді Мамай партиясының үнпарағына айналады десе, бәзбіреулер бұл биліктің кезекті ойыны деп жатыр. Бұл жайлы не дейсіз?

– Жас Алаш кезінде марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың бастамасымен жекеменшік негізге көшкен қоғамдық-саяси газет қой. Алтынбектің бұл шешімі «ликбезге» тәнті қоғам үшін керемет көмек болды. Менің білуімше, газеттің бүгінгі негізгі акционері Алтынбектің жесірі – Салтанат Атушева. Газеттің бас редакторлығына Инга Иманбайдың келуі осы акционердің шешімі болса керек. Ал қандай шалажансар болса да, қазақстандық заңнамалар негізінде меншік иесінің шешіміне қарсы шығудың, оның астарынан әлдебір кілтипан іздеудің қажеті жоқ.

Мен Жаңаөзен қырғынында, өзге де митингтерде Инганың жалынды сөздермен алаңға шыққанын талай көрдім. Ол қоғамда даусы бар, өзіндік үні бар, позициясы бекем, табанды, қайраткерлігі мықты қыздардың бірі. Мен білетін Инга өз позициясын, ұстанымын тәрк етіп, «Жас Алашты» билікке жығып береді деп ойламаймын.

– Жоғарыда елде азаматтық қоғамның кенжелеп тұрғанын меңзеп, «қазақ елі көсемдік-хандық негізде құрылған халық» деп қалдыңыз ғой. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Мұның себебі – қоғамда қалыптасқан қорқыныш пен үрейге байланысты. Ал оған себеп – советтік кезең, империялық басып-жаншу мен соңғы 30 жылдағы авторитарлық режим. Билік халықты үрей мен қорқыныш арқылы билеп-төстеуді қадет қылған. Советтік кезең өз алдына, ал тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ халқы айналасы 4-5 жыл ғана шынайы еркін, тәуелсіз елде өмір сүрді. Қалған уақытта әлдебір қызыл идеологияның, кейіннен «алдымен – экономика, саясат – содан соң» деген жалбағай жалғандықтың аясында шырмалды. Билікке қарсы шыққандарды соттау, қамау, қуғын-сүргінге түсіру, атып тастау – назарбаевтық режим үшін әдеттегі әрекетке айналды. Бұдан қоғамда қорқыныш, үдірейген үрей пайда болды.

Осы қасіреттің барлығын жаншып, қоғамды өзгеріске бастайтын тұлғаның қажеттілігі туды. Соның салдарынан қазіргі қоғам топ бастаған серкеге зәру болып, ұлттық идеялардың айналасына топтасуға мұқтаж болып қалдық. Жан-жағымызға жалтақтап қараймыз.

– Биыл әл-Фарабидың 1150, Абайдың 175 жылдығы аталып өтілмек. Жуырда президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласы шықты. Мақалада Абай арқылы масылдықты сынайтын тұстар бар. Мұны қалай қабылдадыңыз?

– Биліктің Абай атымен масылдықты сынауы – бұл оның әбден іріп-шіріп, едендік деңгейге дейін түскенінің көрінісі деп білем. Абай айтқан масылдық – ол мүлде басқа дүние ғой. Біз елдің батыс жағында жылына 100 млн тонна мұнай өндіреміз, мынау жақта халық қайыршылық хәлде отыр. Ол 100 млн-нан түскен ақша қай қалтаға кетіп жатыр? Неге халық атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отыр? Атаулы әлеуметті көмекті Назарбаев пен Тоқаев қалтасынан беріп отырған жоқ қой. Ол халықтың өз ақшасы. Сол ақшаны Экспоға, халықаралық симпозиумдарға шашпай, халыққа таратып берсе, онда қазақтың қыруар байлығы кеңірдектен жетер еді. Осыншама байлықтан түсіп отырған ақша бола тұра, көпбалалы аналарға берілген жәрдемақыны міндетсіну – түйсігі түзу, ақылы дұрыс биліктің әрекеті деп айта алмаймын.

– Биыл тағы бір мерейтой бар. Қазақстанның тұңғыш президенті 80 жасқа толады. Бұл мерейтойдың 2020 жыл күн тәртібіндегі орны қандай болмақ?

– Қазір билік қоғамнан сескене бастады. Әйтпегенде, ендігі Назарбаевтың 80 жылдығына әзірлік басталып кеткен болар еді. Бес-ақ ай қалды. Әлі тартыншақтап отыр. Мүмкін өз іштерінде бірдеңелер жасалып жатқан шығар, бірақ жариялы түрде әлі ешқандай жоба басталған жоқ. Қазақстан халқы ассамблеясы ма, әлде зиялы қауым өкілдері ме бастама көтеріп, осы «80 жылдықты тойлайық» деп шығуы арқылы бір сценарийлер ойластырылып жатуы мүмкін.

Ал әзірге биліктің тыныш жатуы қоғамнан сескеністі, елді дүрліктіріп аламыз ба деген сақтықты білдіреді деп ойлаймын. Бірақ қалай болғанда да биліктің 80 жылдықты дүркіретір өткізуге тырысатыны анық. Бәлкім, «араб әмірліктерінің пәлен деген шейхы пәлен млрд ақша аударды, демеушілер шығып жатыр 80 жылдықты асарлатып өткіземіз» деуі әбден ықтимал. Бірақ оның бәрі айналып келгенде көзбояушылық болып шығады. Сонымен қатар бұл дата астана күні ғой. Сондықтан 80 жылдық елеусіз қалмайды. Оған сіз бен біз қам жемейік...

– Сұхбатыңызға рахмет!

Оқи отырыңыз:

♦ "Билік Жанболат Мамайдың аузын майлап сатып алды немесе өзі көнді"

♦ Жанболат Мамай: «Бәрібір өзгеріс болмайды» деп митингілерге де шықпайық

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір