Фото: Qamshy.kz
24 желтоқсанда бір топ азамат Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша қамау мекемесінде отырған белсенділерді қолдау мақсатында сол мекеме ғимаратының алдында акция өткізді. Акцияға шамамен 50-ге жуық азамат қатысты.
Жиналғандар қолдарына Қазақстан туын ұстап, бейбіт жиынға қатысқаны үшін қамалған белсенділерді босатуды талап етті. Акцияға жиналған азаматтардың арасында "Қазақстанның Демократиялық партиясын" құруға ынталы бастамашыл топтың мүшелері Жанболат Мамай мен Ырысбек Тоқтасын бар.
Жиналғандар "Қазақстанның барлық белсенділері және саяси тұтқындары босатылсын" деген талап қойып, "билік заңды белшеден басуды қойсын. Талдықорғанда жатқан бес батырымызды босатуды талап етеміз" деп ұрандатты.
Белсенді Сақып Жаңабаева "Басыздықты тоқтатыңдар. Түрмеге қамауды тоқтатыңдар. Сендер біздің бостандығымызды шектеп отырсыңдар" Қазақстанның жоғары билігін сынға алды.
– Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев және тағы да басқа саяси тұтқындарды босатуын талап етемін. Олардың орнына биліктегілердің өзін отырғызу керек. Бассыздықты тоқтатыңдар. Түрмеге қамауды тоқтатыңдар. Сендер біздің бостандығымызды шектеп отырсыңдар. 16 желтоқсанда көптеген белсенділердің еркіндігін шектедіңдер. 16-сы күні таңнан Құрманғазы Найзабекті, Арон Атабектің әпкесі Мадина Хабиболланы, Арон Атабектің ағасы Рашит Нұтышевты үйінен шығармай қойдыңдар. 17 желтоқсанда менің қалада жүріп-тұруымды шектедіңдер. Бүгін өте сауатты блогер Азамат Байкеновты 10 тәулікке қамап қойдыңдар. Егер сендер Азамат Байкеновқа дөрекілік танытатын болсаңдар, біз онда ешкімге бағынбайтынымызды мәлімдейміз, – деді ол.
Белсенділер қамаудағы азаматтардың жағдайын білу үшін ұстау мекемесіне кіруге тырысқанымен, оларға ондай мүкіндік берілген жоқ. Құқық қорғаушылардың айтуынша, белсенділердің адвокаты болмағандықтан оларды ішке кіргізбеген.
Бұған дейін 16 желтоқсанда "рұқсат етілмеген жиынға қатысты" деп ұсталған белсенділердің бірнешеуі уақытша ұстау мекемесінде аштық жариялағаны хабарланған еді.
16 желтоқсанда Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларында құрбан болған азаматтарды еске алып, рухтарына құран бағыштаған. Сол күні түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда жиналғандар қала көшелерінде "Шал, кет!" деген ұранмен шерулетті. Полиция шеруге қатысқан азаматтарды жаппай ұстады.
18 желтоқсанда Қазақстанның ішкі істер министрлігі Тәуелсіздік күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілмеген шеру өткізбек болды деген күдікпен 55 адам ұсталғанын мәлімдеді. Ведомство таратқан хабарламада Алматы қаласы бойынша Тәуелсіздік күні 23 адам полицияға жеткізілгені айтылған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір