• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 21:54:31
Алматы
+12°

06 Маусым, 2013 Ұлы көш

Жарайсың, Жазылбеков! Оралман мәселесіне үкіметіміз үн қатсын!

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұрлан Жазылбеков Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. Бар қазақтың...

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұрлан Жазылбеков Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдады. Бар қазақтың қамын ойлаған халық қалаулысына елім деп келген ағайын дән риза. Өйткені соңғы кездері көш мәселесі тығырыққа тіреліп, қандастарымыздың Қазақстан азаматы атануы мүлдем тоқтатылды деуге болады. Сондықтан дер кезінде көтерілген мұндай өзекті түйінге Серік Ахметов мырза тұщымды жауап қайтарып, нәтижелі жұмыс жасайды деп ойлаймыз.

«Бүгінгі күні Қазақстанда оралмандар үлкен әлеуметтік топ болып отыр. Этникалық қазақтар, тарихи отанына қайтып оралып, әлеуметтік бейімделу және азаматтық-құқықтық сипаттағы проблемаларға тап болуда.

Қазақтардың негізгі бөлігі Моңғолияның, Иранның, Өзбекстанның және Қытайдың аграрлық аумақтарынан келіп жатқандықтан,  еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізетіндігіне үміт артқан болатынбыз.

Мемлекет өз тарапынан иммиграциялық квотаға енгізілген оралмандарға жеңілдіктер, өтемақылар, бір жолғы жәрдемақылар беріп, бейімделу және интеграциялық қызметтер, сондай-ақ әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін көрсетуде.

Қазіргі таңда оралмандардың Қазақстанда жергілікті елмен бір тұтас болып сіңуіне кедергі келтіретін үш мәселе бар.

Бірінші. Аталып отырған мемлекеттік қолдау, мақсаты этникалық иммигранттарды оңтайлы түрде қоныс аудару және оларды орналастыруда жәрдем көрсету болып табылатын «Нұрлы көш» бағдарламасында өз орнын тапқан. Алайда, Есеп комитетінің 2011 жылдың қорытындысы бойынша есебінен бағдарламаның тиімсіз болғандығын байқап отырмыз. Оның үстіне, оралмандарды жекелеген кенттер мен аймақтарда орналастыру саясаты олардың жергілікті қоғаммен кірігуіне кері әсерін тигізеді.

Нақты мысал ретінде, жуырдағы Өскемен қаласының жанындағы Шығыс ауылында орын алған оқиғаны атауға болады.

Оралмандар ауылдағы 170 үйдің электр энергиясынан ажыратылу салдарынан республикалық маңыздағы жолды жауып тастаған. Шын мәнінде, жергілікті тұтынушылар өз еркінен тыс электр қуаты үшін 42 млн. теңгеге қарызданып қалған. Себебі, «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған үйлер тек электр қуатымен жылытылады.

Өткен жылы да осындай жағдай болған және мәселе тек облыс әкімінің араласуымен шешілген. Алайда, біз оралмандарды оқшауландыратын емес, оларды елге бейімдеудің жүйелік шараларын қабылдау керек теп есептейміз.

Екінші мәселеге тоқталсақ, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білмейтін оралмандар (Ресейден келген иммигранттарды қоспағанда) тіпті жоқ деуге болады. Алайда, олардың барлығы да ресми тілді қолдануға қатысты тіл кедергілеріне тап болып отыр. Халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар өздерін қай тілде оларға жүгінсе сол тілде қызмет көрсетуге міндеттіміз деп санамайтындығы туралы дабылдар келіп түсуде.

Әрине, мұндай жағдайларда оралмандарға мемлекеттік органдардың әкімшілік жүйесінің тәртібін түсіну қиынға түседі. Яғни, жергілікті тұрғындардың төрешілдікпен және тәкаппарлықпен қарауы туралы оралмандардың наразылығы орынды.

Көптеген елге оралған бауырларымыз ана тілінде еркін сөйлеп, ана тілінде қазақ елінде өмір сүрудің қиындығын сезінуінен артық қорлық жоқ деп санайды. Мұны маған Қостанай облысында сайлаушылармен кездескенде елге оралған отандастарымыз күйінішпен айтқан болатын. Осы аталған жәйттердің бәрі қазақ халқының бірігуіне және сіңісуіне кері әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, оралмандар бөгде элемент, тіпті қоғамның дәрежесі төмен мүшелері дегенге саятын оралмандар туралы кездесіп қалатын пікірлерді өзгерту өте маңызды. Этникалық қазақтар Қазақстанымыздың егемендігін мақтан тұтады, өздерінің тарихи отанын, өркендеген ел, ал қазақтарды ана тілін және дәстүрін құрметтейтін рухы күшті ұлт ретінде көргісі келеді. Қазақстанда болып жатқан барлық жағдайларды, қайғылы оқиғалар мен сәтсіздіктер болсын, сондай-ақ сөзсіз жетістіктер болсын, бәрін олар жүректеріне жақын қабылдайды.

Ресми статистикалық дәйектерге сәйкес, 2003 жылдан бастап оралмандар санының орнықты түрдегі төмендеу серпіні байқалады (2003 жылы – 65 мың адам, 2011 жылы 38 мың адам).

Үшінші мәселе, Қазақстанға келген көптеген оралмандар ұзақ уақыт бойы азаматтығын ала алмай жүр. Мысалы, тек қана Қостанай облысы Рудный қаласында шамалы 80 отбасы азаматтығын ала алмай жүр.

Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, құрметті Серік Нығметұлы, сізден Үкіметпен оралмандарды ел тыныс-тіршілігіне тезірек бейімдеудің қандай жүйелік шараларын қабылдайтыны туралы  хабардар етуіңізді сұраймыз».

Бұл сауалға сондай-ақ, депутаттар А. Перуашев, Е. Никитинская, А. Әбілдаев, Т. Ерғалиев, А. Тұртаев қол қойған.

 

(Зәмеш Кеңесқызы. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір