• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 21:38:50
Алматы
+12°

29 Мамыр, 2013 NEWS

Париж - Мұстафамен қымбат. Мұны ұмытпау керек!

Француз консулы, мемлекеттік тіл және ұйғырлар

Француз консулы, мемлекеттік тіл және ұйғырлар

Асылы, қазақ сайттарының бірінші міндеті – бар түркінің басын қоса алмаса да, әлемнің әр түкпіріндегі Алаш баласының пікірін бір арнаға тоғыстыру болса керек. Өйткені ғаламтор шекарасыз. Сол ұлы мақсатымызды пайымдаса керек, Еуропадағы қазақ қауымдастығы біздерге Парижде өтетін кіші құрылтайға арнайы шақыру жіберуді назардан тыс қалдырмапты.

Тиісті құжаттарымызды дайындап, Франция консулына тапсырдық. Визаға жауапты қызметкер Николя Эльдарофф деген ер екен. Бір күннің ішінде визаны қолымызға тигізді. Сонда қызмет ететін екі қаракөз қазақтың қызы да қырын қараған жоқ. Әттеген-айы, бұл мекеме басынан аяғына дейін тек француз бен орыстың тілінде ғана қызмет көрсетеді. Мәскеуде тұрып, Парижге бара жатқандай күй кешесіз... Әрине, мұның себебін Эльдароффтан емес, еліміздің Сыртқы істер министрлігінен сұрау керек.

Француз еліне тек қазақтар ғана емес, өзге ұлттар мен жат жұрттықтардың да  Алматыдан виза алатынын байқадық. Бір таңғаларлығы, Қытайдың қызыл паспортын ұстаған өрімдей ұйғыр жастары өз тілдерінде шүйіркелесіп, осында жүр. Әлдебір топтың қатарында Шенген визасын алып, Еуропаның есігін қаққалы жүргені байқалады. Соған қарағанда Қытай үкіметінің шеңгелі Еуропаның Шенгеніне шарасыз сияқты. Біз Алаштың төрінде тұрып, өз тілімізде виза сұрай алмай тұрғанда, басқалар қазақ елін «проходной дворға» айналдырып үлгергеніне іш жимасқа шараң жоқ. Еуропа елін түркі баласынан қызғанып тұрған жоқпыз! Бірақ есік алдынан өтіп бара жатқан жолаушыдан да қайда, қалай бара жатқанын сұрайтын қазақ емеспіз бе? Білсек керек еді...

 

Алматы-Мәскеу-Париж

Сөйтіп, «Қамшыны» қолға алып, «Абайдың» аманатын арқалап, Ахаңның «Масасын» бастап, Парижге тарттық. Демеушім қазақ ғаламторының жанашыры, кәсіпкер Гүлнар Асанова есімді апайымыз еді...  Жасыратыны жоқ, ұшаққа мінгенде соңғы кездері елімізде орын алған әуе апаттарының үрейі бойды биледі. Сол ақпараттардың біразын ең алдымен өзіміз жариялап, Алаш баласының қайғысына ортақтасып едік. «Air Аstana» қауіпсіз деп қанша жерден өзімізді иландырғымыз келсе де, баяғы сенімсіздік. Иманымызды үйіріп, бәріне дайын отыруға тура келді. Бір сәтке қағаз қарап, күнделікті жаңалықтардан құр қалмайық деп едік... Босағада тұрған санаулы қазақ газеттерінен басқа оқуға лайықталған бірде-бір мемлекеттік тілдегі басылымды көре алмадық. Тура қарсы алдымыздағы кітапша мен журнал салынған шағын қалташадан қазақтың бір журналын көрсек көзіміз шықсын! Есесіне өзге тілдегі «өлексе» басылымдар. Ондай басылымдарды Мәскеудің кез келген ұшағынан оқитынымызға күмәніміз жоқ. Қасиетті қазақ тілі қара жер түгіл, көк аспанда да қағажу көріпті...

Алқалы жиынға Астана мен Алматыдан шыққан қонақтар  Мәскеудің әуежайында кездестік. Сенатор Ғарифолла Есім бастаған топтың құрамында «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев, Тіл комитетінің төрағасы Мақсат Сқақовтар болды. Ал Алматы «құрамасында» Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан бара жатқан «Қазақфильм» АҚ-ның бас редакторы Дидар Амантай, сатирик Сәбит Әбдіхалықов, күйші Еркін Ергендер бастаған өнер адамдары бар еді.

Орыс ағайындардың он сан тексеруінен өтіп, Мәскеудің «Аэрофлотына» міндік. Бәрі де «өздерінше». Оқитының – орыс басылымы, тыңдайтының –  орысша хабарландыру, қызметкерлер де орыс тілінде қызмет көрсетеді. Иә, өйткені біз Ресейдің ұшағында кетіп барамыз.

Еуропаның аспанын ендей тіліп бара жатқанымыз жер бетінің құрақ көрпедей кестеленіп тұрған көрінісінен-ақ байқалды. Тура тақтаның бетінде тәртіппен сызылған суреттей... Қызылы – қызыл, жасылы – жасыл, бәрі өз орнында. Адам қолымен айшықталғаны көрініп-ақ тұр.

 

Қай белгіңнен таниын?

Француз жеріне аяқ басқандағы санамызға оралған алғашқы сұрақ осы болды. Еуропада қазақ бар екенін білеміз. Оның ішінде Парижде де біраз қазақтың қоныс тепкенінен хабарымыз бар. Дегенмен мың сан ұлыс мекендеген осынау елден қара қазақты қалай танимын?

Ет жақын бауырларым-ай!

Көкірек толып, құшақтағанда,

Сары апам өзі сықпалап берген

Сары май иісін сезе алар ма екем?

Өзіңе қарай үш аттағанда,

Сан жылдар бойы жоқ қарап келген

Сағынышыма төзе алар ма екем?

 

Қиылған қас пен көзіңе қарап,

Қара ала сырмақ ойыма келер...

Білермін, иә, сөзіңе қарап,

Жат жұрттан сіңді бойыңа нелер?

 

Алашты көрсек «армысың!» дейтін,

Ей, Алла, бізден шын тілек осы.

«Бауырларым-ай, бармысың» дейді-ау

Мұстафаның да мүмкін елесі...

 

Ет жақын бауырларым-ай!

Рухымыз даланы кезіп,

Алаштан аманат қалған

Бір құшақ біріктірсе екен...

Қауышқан біздерді сезіп

Көк аспан, көк туға қарап

Көк бөрі ұлып тұрса екен!..

 

Бөрілер алдымнан шықсын!

 

Көкіректе көп сұрақ... Алты Алаштың өткенін көз алдымызға елестеткен белгісіз мұң....

Париждің табалдырығынан осылай аттадық...

 

Ғабит Сыздықбеков - Қазақстанның Франциядағы елшісінің кеңесшісі.

Алғашқы күн

Құдайға шүкір! «Ассалаумағалейкум» дейтін Алаш ұлдары аман екен. Франциядағы Қазақ елшілігінің азаматтары мен құрылтайды ұйымдастырушылар Атажұрттан келген қонақтарды құшақ жайып қарсы алды. Айта кетерлік бір жайт, қазақ елінен Еуропадағы қазақ құрылтайына тек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұжымы ғана емес, «Абай-ақпарат», «Kazakh tv» және «Қазконтент» журналистері де қатысты. Аэропорттан қала орталығына беттеген арнайы автобустағы сөздің тізгінін Парижде тұратын Мұрат мырза ұстады. Өзінің айтуынша, ол транспорт кәсібімен айналысады. Ұзақ жылдар бойы француз төрінде тұрған қандасымыз жол-жөнекей Париж қаласын таныстыруды, Еуропа қазақтарының қазіргі жайын айта отыруды назарынан тыс қалдырған жоқ.

 «lipec 29» мекенжайына орналасқан қонақүй қызметкерлері қазақ жерінен келген оншақты қонақты жылы жүзбен қарсы алды. Фрнациядағы қазақ елшілігінде қызмет ететін Ғабит Сыздықбеков пен Азат Абсаттаровтың арқасында жайлы орнымызға жайғаса қалдық. Елден келді деп елеңдеп отырған Еуропа қазақтары ағайындарына түрік асханасында арнайы кешкі қонақасы берді. Қазақ елінен барған танымал күйші Еркін Ерген, белгілі әнші Уатқан Заханқызы сияқты өнер майталмандары Париждің кешін қазақ әуенімен тербетті. Бір таңғаларлығы, қонақтарға қызмет етіп жүрген 25-35 жас аралығындағы қазақ жастары қалай дегенмен де өз тілдерінен соншалықты құр жаяу қалмапты. Ең бастысы, өзінің қазақ екенін мақтаныш етіп, ана тілінде шорқақ сөйлейтініне намыстана біледі. Есесіне ағылшын тілін, француз тілін, неміс тілін жетік меңгеріп, түрік тілінде көсіліп сөйлейді.

 

Футбол. Жастар. Дискотека

18 мамырда Еуропа қазақ жастарының "Стад де пуассониерс" стадионындағы футбол бәсекесі басталды. Командаларды түгендеп қайтейін? Алаң толған Алаш ұлдары. Ала допты әуелетіп, шаршы алаңды шаңдатып жүр... Жұрт болып жұмылып, шаңырағын көтеріп, уығын қадап, ақбоз үй тікті. Қасиетіңнен айналайын ақбоз үй, қазақтың елдігін, өрлігін паш етіп, анадайдан менмұндалап тұрды. 

Оюлы тақия киген қартты, шүйіркелесіп тұрған ағайындарды, ақжаулық салған аналар мен қара көзі мөлдіреген аруларымызды көріп, қазақты іздеген қам көңіліміз серпіліп қалды.

Кешке қарай жастарға арналған дискотека болды. Ашылып-шашылып жүрген бойжеткен мен қалай болса солай сілтеген жастарды көргеміз жоқ.

Футбол бәсекесінің де, сауық кештің де, жалпы Еуропа қазақ құрылтайының да басты мақсаттарының бірі – әр елде өмір сүріп жатқан қазақ жастарын бір-бірімен таныстырып, соның арқасында қазақ пен қазақ құда болатын, қазақ пен қазақ дос болатын жағдайға жеткізу екендігін кейіннен аңғардық. Құптарлық іс. Тіпті Қытай елінен Еуропаны аралап жүрген Таңат есімді бауырымыз да «Парижде қазақ жиналып жатыр» дегенді естіп, қатарға қосылды.

 

abai.kz ұйымдастырған дөңгелек үстел

Қазақстан-Abai.kz-Еуропа қазақтары

19 мамырда алыс-жақыннан келген ағайын Париж маңындағы Иль-Сен-Дени қаласындағы "Спорт орталығының" арнайы залында дөңгелек үстелдің басына жиналды. Алқалы жиынды  Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Әбдулхаюм Кесижи мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев басқарды.

Талғат мырза бұл дөңгелек үстелдің басты тақырыбы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050 стратегиясы – Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын шетелдегі ағайындарымызға таныстыру екендігін жеткізді.

Елбасының биылғы Жолдауына айрықша тоқталған сенатор Ғарифолла Есім Еуропа қазақтарына өзекті болып отырған мәселелерді, қажет болса,  Сенат төрінде ортаға салатынын айтып, алыстағы ағайынның атажұртқа деген сеніміне тың серпін берді. 

«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев:

- Біздің газетте шетелдегі отандастарға арналған «Алыстағы ағайын», «Отан деп оралғандар», «Атамекен», «Бармасаң-келмесең жат боласың», «Көбеймесек көсегеміз көгермес» сияқты топтамаларымыз бар. Бұлар өз ретімен дер уақытында оқырмандармен қауышып отырады. Жалпы, Сіздер қай жерде жүрсеңіздер де, қандай тірлік кешсеңіздер де, біздің отандастарымызсыздар. Біз Сіздерді ет бауыр жақынымыз деп жақсы көреміз, – деді ағынан ақтарылып.

Айтпай кетуге болмайтын бір жайт, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Мақсат Сқақовтың сөзіне ана тілінің кәусар бұлағына шөлдеп жүрген туыстарымыз таңдай қағып, ризашылықтарын білдірді.

- Қазақ айтады: «Досымнан қорықпаймын, көп болса сатар, дұшпанымнан қорықпаймын, көп болса атар, жақсылыққа қуанбайтын, жамандыққа ренжімейтін бейтарап адамдардан қорқам» деп. Сондықтан бүгінгі құрылтайға әлемнің әр түкпірінен келген қазақтың қуанбай жатқаны жоқ. Қуанышымыз ұзағынан сүйіндірсін. Тағы да бабаларымыз айтады: «Ошақтың бұты үшеу болғанымен, оты біреу» деп. Ендеше, алты Алаштың арманы – қазақтың қазанын қайнату. Сондықтан әлемнің қай түкпірінде жүрсек те, атажұртымыз Қазақстанның болашағына қызмет етуге тиіспіз, – деді ол.

Жиналыс соңында abai.kz порталы ұйымдастырған арнайы дөңгелек үстелге тек қана Еуропа қазақтары қауымдастығының өкілдері қатысты. Еуропа қазақтарының бүгінгі хал-жайы мен олардың Қазақстан туралы ой-пікірлері, өтініш-талаптары, әртүрлі көзқарастары ортаға салынған бұл жиын туралы арнайы мақаладан оқи аласыздар.

Жиналыс соңы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қазақ елі жайындағы көрмесіне жалғасып, Қазақстаннан барған өнер жұлдыздарының концертіне ұласты. Салтанатты кешке Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов қатысты. Белгілі сықақшы Сәбит Әбдіхалықов жүргізген концертте Алтынай Жорабаева, Еркін Ерген, Уатхан Заханқызы, «Кеш You» тобы өнер көрсетті.

 

Мұстафаның дауысы

Париж қаласының Ножан ауданында Мұстафа Шоқайдың бас мүсіні қойылғанын білмейтін қазақ жоқ шығар.  Түркі бірлігінің туын көтерген біртуар Мұстафаның Еуропа төріндегі ескерткішін көрмей,  тұрған үйіне бармай кету өзін қазақпын деп сезінетін кез келген азаматқа сын болары сөзсіз. Бабамыздың басы тұрғанда Париждің Эйфелін көруді екінші жоспарға қалдырдық. Елден келген қонақтарына күні-түні жатпай-тұрмай қызмет жасап жүрген Франциядағы Қазақстан елшілігінің Ғабит Сыздықбеков бастаған азаматтары бұл жолы да қайрат көрсетті. Біраз жол басып, түркі дүниесінің маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі, тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқай тұрған үйді көріп,  Құран бағыштадық.

Қызылордалық мүсінші Амангелді Кененбай сомдаған мүсінде француз тілінде « Мұстафа Шоқай, 1890-1941. Тәуелсіздік күрескері» деп жазғылған.

Париж сапарының ең мәнді де мағыналы күні осы болған шығар... Алты Алаштың басы қосылған құрылтайға келіп, түгел түркінің қамын ойлаған Мұстафаның рухына тағзым еткенде әлдебір дауыс жаңғырып жатқандай сезілді.

«Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір, максаты бір. Түркістанның мақсаты: өзінің құтылуы, ұлттық үкіметін құрып, тәуелсіз болып, өз алдына бір үкімет болып тұруы. Халқы көптен бұл жұмысқа жанталасып жұмыс істеп, қан төгіп соғысып келеді. Үмітіміз зор, мемлекетіміздің келешегіне сенеміз.

Түркістан жастары әсіресе бұл мақсатымызға жеткізуге таласып, тырмысып жатыр. Біздің мақсатымыз тек Түркістанның ғана емес, бүкіл түрік өлкелерінің, бүкіл түрік халықтарының дос болып, өзара бірлік бауырластықпен жасап сыртқы дұшпандарға қарсы өзінің күшін, үкіметінің күшін білдіріп қою. Ойымызға жетеміз, талабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор және күшті».

Иә, бүгінгі тәуелсіздік көктен түскен жоқ, Мұстафадай ұлдарымыздың төккен қаны мен шыққан жанының бодауына келген. Жеткен жетістік, шыққан биік – сол боздақтардың асыл арманының жемісі.

 

Французсыз Франция

Францияның 65 миллионнан астам халқы бар. Сенбейтін боларсыз, соның 3 миллиондайы ғана – таза француздар. Яғни 20 адамның біреуі ғана мемлекет құрушы ұлттың өкілі. Сонда осыншама халықты шып-шырғасын шығармай қалай ұстап отыр? Оның ешқандай құпиясы жоқ екен. Бүкіл мемлекетті француздың ұлттық идеясы мен француз тілі біріктіріп отыр. Мейлі, бұрын қандай ұлт болса да, қазіргі төлқұжатында «француз» деп көрсетілген Францияның кез келген тұрғыны – өз елінің патриоты.

Сонда тұратын қандастарымыздың да төлқұжатына «француз» деп жазылған. Көп сандысы Түркияның да, Францияның да азаматы болып саналады. Бір байқағанымыз, Еуропаны мекендеген біздің қандастарымыздың қазақ қанын жоғалтпауына ең үлкен әсер етіп отырған түрік ағайындар екен. Әртүрлі мемлекетке шашырап кеткен бауырларымыз Түркия жұртының арқасында бір-бірін іздеп тұрады. Үлкендері қазақ тілінде сөйлейді демесек, кейінгі жастардың барлығы да түрік тілінде шүйіркелесетінін көзіміз көрді. Шүкір демеске не шара?

Жалпы, Қазақстан тарапынан жасалатын жұмыстар шаш-етектен екені көзге көрініп-ақ тұр. Әсіресе кейінгі жастардың ұлттық болмысын жоғалтып алмауына, олардың ана тілінде еркін сөйлеуіне қазақ елінің көмегі көп керек. Бұл турасында Тіл комитетінің төрағасы Мақсат Сқақов жақсы идеяны ортаға салды. «Кез келген уақытта 7 жастан 17 жасқа дейінгі балаларыңызды Қазақстандағы қазақ отбасыларына жіберіп, сонда тұруына, білім алуына мұрындық болсаңыздар екен. Қазірдің өзінде 100-дей отбасы Сіздердің балаларды қабылдауға дайын отыр. Есесіне Қазақстанның жас ұрпағы да Сіздердің отбасыларыңызға қонақ болып, Еуропа мәдениетін, шет тілін үйренуіне қолайлылық туар еді», – деді ол.

Иә, жоғарыдағы бір сөзімізде Еуропа қазақ құрылтайының басты мақсаттарының бірі – жастарды өзара таныстырып, бір қазақтың баласы екенін естеріне салып отыру екендігін айттық. Атажұрттан келген бауырлары ретінде біз де Еуропадағы қазақ жастарына Қазақстанның жарқын болашағы үшін әлемдегі бар қазақтың атсалысуы керектігін, ол үшін өздерінің ұлттық болмысын жоғалтып алмауы керектігін қадағалап тапсырдық. Байқағанымыз, ғасыр бұрын Түркістан жастарына айтқан Мұстафа Шоқайдың сөзі әлі күнге өзектілігін жоймапты. Асырып айтпаспыз. «Соны оқыңдар» дедік.

«Халқымыз бен жас үкіметтің жүгі қанша ауыр болса, біздін шығысымыз сонша қатты, сонша күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап, Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіндер!

Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздін құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз – Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір киелі міндет болмақ. Мұны ұмытпау керек.

Түрік халқы – батыр халык, түрік халқы – арыстан, ер халық.

Кімнен таяқ жегендей, біздің түріктің баласы,

Алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы.

Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды.

Мақсатымызға жетеміз, онсыз біздің күніміз жоқ. Құрып кетеміз. Босып кетеміз. Құр

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір