17 Қазан, 2019 Барлық аймақтар
Қазақ тілінде дубляждалған 32-ші голливудтық фильм кинопрокатқа шықты
Күні кеше «Малефисента: Түнек Әміршісі» фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтті. Фильм «Болашақ» корпоративтік қоры мен "Меломан" компаниясының бастамасымен, «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждалды. Фильм дубляжының демеушісі Еуразиялық Топ (ERG).
Іс-шарада алғаш болып сөз алған «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жобаның негізгі мақсатына тоқталды.
–1993 жылдан бастап Елбасының Жарлығымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бағдарламаның арқасында қарапайым отбасынан шыққан көптеген жасқа шет елдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасалды. Осындай ағылшын, неміс, француз және тағы да басқа тілдерді меңгерген жастар халқыңа қызмет етемін десең алдымен өз ана тіліңді біліп, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті бойға сіңіру керек екенін жақсы түсінді. Сондықтан да «Болашақ»-пен оқыған бір топ жастың басты мақсаты елге оралған соң әртүрлі салада қолымыздан келгенше елге қызмет ету болды. Бұл жоба осындай игі ойдан туды, - деді Бауыржан Байбек.
Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау – бұл бірінші кезекте, әрбір қазақстандықтың қазақ тіліндегі сапалы контентке қол жеткізу құқығы. Ал Голливудтың танымал кино туындылары елімізде 2011 жылдан бастап қазақша сөйлетіп келе жатқан «Өзіңнен баста» жобасы коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек:
–Жастар мемлекет маған не береді деп емес, әрқайысы өз саласында ана тіліне, дәстүр мен мәдениетімізге деген құрметті өзінен бастап, әрекет етсе, еліміздің жетістігі еселене түспек. Халқымыздың рухы берік, Тәуелсіз еліміздің ертеңі жарқын болғай!- деді.
Айта кетейік, фильмді дубляждауға жобаның демеушісі болып отырған Eurasian Resources Group-тың қызметкерлері де қатысқан.
–Біздің үш әріптесіміз кастингтен өтті. Енді олардың дауыстарын фильмде тыңдай аламыз. Сондай-ақ, компания фильмнің дубляжын қаржыландырумен қатар, Қазақстанның бес қаласында қайырымдылық көрсетілімдер өткізіп, оған балалар үйлерінің, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 500-ден аса балақай қатысты. ERG үшін бұл – мемлекеттік тілді дамытуға және насихаттауға қосқан тағы бір үлес, – деді ERG компаниясының өкілі Талғат Төребеков.
Сонымен қатар, фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетіліміне өнер, медиа салалары мен "Болашақ" қауымдастығының мүшелері және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
«Малефисента» мистикалық блокбастерінде жоба аясында Малефисентаның рөлін дыбыстауға айрықша құқықтар алынған. Мәселен, Анджелина Джоли қазақстандық театр және кино актрисасы Гүлназ Әуесбайды өзінің кейіпкерін дыбыстауға жеке бекітті. Қазақ дубляжының режиссері Назерке Леспекқызы. Фильм кастингіне Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 40-тан астам актерлер қатысқан.
2019 жылы қараша айында тағы бір қазақ тіліне дубляждалған "Холодное сердце 2"/ "Мұзды өлке 2" фильмінің премьерасы күтіп тұр.
«Өзіңнен баста» жобасын аясында қазақ тіліне барлығы 32 голливудтық туынды дубляждалспа, олардың ішінде «Көліктер 2», «Кек алушылар: Альтрон дəуірі», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин», «Ойыншықтар хикаясы - 4» және т.б. фильмдер бар. Осы жобаның арқасында 100-ден астам отандық актердің дауысы "Walt Disney Pictures" дауыстық қорына жазылды. Қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі болып тұр және "Walt Disney" компаниясының тарихында 39-шы орында.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір