• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:47:04
Алматы
+7°

Қаланы қақ жарып өткен үлкен даңғылмен жүйткіп келеміз. Сенбі күні көшеде кептеліс жоқ екен. Анадолыда туған бір қазақ пен Алтайда туған бір қазақтың әңгімелерінің жайы жарасып-ақ  келеді. Қаланың үлкендігіне сөз жоқ. Бір сағатқа жуық зымыраған темір көлік гүнешлідегі межелі жерге келіп тоқтады. Алдымыздан ай маңдайлары жарқырып, мені ұзақ уақыттан бері күткен Қалима апайым мен Сәмиға апайым шықты. Алтай көшіп келгендей қуанып, бетімнен сүйіп, ауыл-аймақ, бота-тайлаққа дейін қалдырмай амандығын сұрап жатыр. Қалима апайым маған сәлемдесу үшін, Ыстамболдан 600 шақырым жердегі Салихылы қаласынан арнайы түнделетіп, жол жүріп келіпті.

Әділет ахметұлы

Әңгіменің осы жеріне келгенде аз-кем шегініс жасап баяндауға тура келіп отыр. 1930 жылдары Алтайдағы ел дүркірей көшіп, бір тобы қобдаға, бір тобы боғдаға, басым бөлегі баркөлге ауа бастайды. Алтыны ат тұяғымен тоза бастаған, түгін тартса май шығатын, ежелдің ең күнінен бері қазақтың ата мекені болған осынау асқар алтайдан ел іргесі тыныш болса, жұрт жарыла көшер ме еді? Әрине, ғаламдық екі соғыстың қарсаңында аспан астын шарпыған қызыл коммунизм ұранымен, қаншама бейуаз халық қырылып, мекенін тастап босып кетпеді? Сол қырғыншылықтың жалыны маңғаз тірлік мал баққан Алтай қазақтарын шарпымай қалған жоқ. 

1912 жылы қытайда «Чинхай төңкерісі» деген ірі төңкеріс жүріліп, осыған дейінгі 2000 жылдық патшалық мемлекетті құлатып, Цин (Чиң) империясы жер құшады. Осыдан кейін қытай мемлекетінде қырық жылдық аласапыран дәурен басталады. Енді ғана құрылған екі партиясы қырық пышақ болып соғысып, бір жағынан орыс пен жапонның, бір жағынан еуропа мен американың теке тіресіндегі жұлқа тартыстың көк лағына айналады. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде шекаралық аймақтарда тұратын аз санды ұлттар деп аталатын қазақтар қытай мен орыс империясы арасындағы саяси бақталастықтың құрбанына айналды. Досың тұр ғой жауыңа да тілемейтін жаман күндерді енді алғашқы болып Алтайдағы қазақтар көрді. Қыайүкіметі сынықтан сылтау іздеп, қазақтың игі-жақсыларын, ел басшыларын тұтқындап, өлтіріп, қарапайым халық арасындағы құралды жинай бастады. Алтайдағы Зуқа батырдың басын алып, қара көпірге іліп қойып, қазақтың мысын басуы, атақты ғұлама, дінбасы, Ақыт қажы Үлімжіұлын тұтқындауы, Халел, Мәнкей сынды ел ағаларын түрмеге тоғытуы, Баркөлдегі Әліп шабылған оқиғасы, Есімқан, Ырысқан, Ақтеке, Сұлубай, Сүлеймен, Оспан батырлар бастаған Алтайдағы ұлт азаттық соғысы, т.б. міне осы барыстағы толарсақтан қан кешкен, жанталасқа толы оқиғалар, айбынды алтайды тастап, «Ағажай, Алтайдай жер қайда-айлап» бөліне көшуге себепші болды. Халықтаң қанды жасы киелі топыраққа төгіліп, аспаннан жаумай жасыл түскен ауыр жылдарда ағайындар арасы осылайша бөліне бастайды. Жылпыға аян, осы көштің соңы ұзаққа созылып, тибет асып, пәкістанға өтіп, ол жерде 15 жылдай байырқалап, 1950 жылдардан  кейін Түркия үкіметі көшіріп ала бастайды. Баркөлден тибет үстірті – бұланайға (әлемдегі ең биік шоқы – Гималай) ауғанда 30 мың адам болатын. Ал, Пәкістаннан Ыстамболға қарай пойызға отырғанда апалаң-төпелең сұрапыл қырғыннан аман қалғаны 2400 қазақ ғана  болған. Осыдан-ақ, жер әлемді шарпыған коммунизм жаугершілігінің қазақтарға салған аяусыз қырғынының қаншама ауыр болғанын білуге болады.

Алтайдан баркөлге  ауған ұзын-сонар көштің ішінде біздің әулеттен ағайынды  екі кісі кетеді. Үлкені Зиядан (1892 – 1979), кішісі Мәсәли(1901 - 2003). Сол кезде ағасы қырықтағы қылшылдаған жігіт, інісі орда бұзар отыздағы азамат. Ағасында Гүлшері атты бір қыз, Жақып атты бір ұл болған. Ал, інісінде үйелмелі-сүйелмелі бірнеше кішкене балалары бар екен. Бұл кісілер осы үркін көшке дейін біздің үймен ауылы аралас, малы қоралас отырған екен. Себебі,м бұл екі кісі менің атамның аға-інілері сияқты екі атадан барып қосылатын, ет жақын бауырлары болатын. Біздің үй яғни атам Халелдің үйі Абақ керей Жәнтекейдің бір кіші атасы саналатын Боқай руының қара шаңырағы болғандықтан, басқа жақындары көшіп-қонғанда ағайынның жанынан алыстамаған. Ел басына күн туып, ел екіге бөлініп, аға мен бауыр айырыла көшкенге дейін дастарқандағы дәні, өрістегі малы бөлінбеген. Ақыры, олағай да бұлағай ауыр жылдар бір-бірінен адастырады. Осындай бір ұзаққа созылған қиямет жылдар келе жатқанын ерте сезген даңғыл көкірек қариялардың нұсқауымен, бөліне көшу алдындағы ел бір-бірімен ахретке дейін анттасып, бір-біріне балаларын беріп, шалғайлап кетсек туыстықтың дәнекері болсын, көненің көзіндей туыстықтың көпірі болсын деп, көкіректері қарс айырыла қоштасады. Менің атам Халел мен әжем Қазине үлкен үй ұстап отырғандығынан болар, Мүрсәли деген бір баласын осы ағайынды екі кісіге береді.  Осылайша менің яғыни бүгін сізге Ыстамболда көрген-білгенін жазып, ғасыр бұрын айырылып қалған ағайынымен қайта жүздесіп отырған автордың әкесінің туған ағасы, баба жосыны арқылы ауған елдің көшіне ілесіп кете барады.

Сонымен, ұланғайыр ел ұзақ көшіп баркөлге мекенденеді. Оқтың зуылы ол жерде де тыныштық таптырмай, қытай әскерлерімен кескілескен қанды шайқастар болады. Талай ерлер жер жастанып шейт болады. Бесіктегі бала да, әулиелі қарияда қанды қырғында опат болады. Мінген көлік, артқан түйе, айдаған мал қырылып, кей ауылдардың түндігі ашылмай, қан теңізіне батады. Атақты Әліп үкірдайдың (басшылық лауазым аты) бейғам жатқан ауылын бір түнде қырып кеткен қытай әскерімен енді ешуақытта ымыраласудың жолы кесіледі. Жастығын ала жатып соғысып, ереуіл атқа ер салған қазақ баласы да шибөрідей қаптаған қисапсыз жауды  қанға бөктіреді. Талай рет жаудың бетін тойтарып, толғамалы ала балта қолға алып, топ бастаған үлкендер көштің бетін мұсылман елдеріне қарай түзейді.

Әділет

Жалпы арысы Алтай, берісі Сауан, Баркөлдерден шығып, Такламакан шөлін көктей өтіп,  қытайдың Гансу, Чиңхай өлкелерін басып, дүниенің жотасы атаған Гималай ұлы шыңынан асқан қазақ көші бір ғана емес, бірнеше дүркін болады. Осы бірнеше көштің ең алғашқыларының бірі – қытай  қолынан мерт болған Әліп үкірдайдың ұлы Елісқан бастаған көш еді. Анадолы жеріне жеткенше аса ауыр шығындармен құрбандықтар берген, басқан жолы, асқан шыңы ауыр қанды жорық саналған көш те осы болатын.

Осы аласапыран көште ағайынды Зиядан мен Мәсәли үйі бар болатын. Ауыр қырғын бір әулеттен келе жатқан екі тұяқ қой деп айналып өтіп кетуші ме еді?  Зияданның отбасы оқ пен оттан аман-есен өтеді. Дегенмен, қызы ұзатылып барған ауыл баркөлде қалады. Ал, інісі Мәсәлидің үйі ауыр құрбандық береді. Әйелі мен төрт баласы бірдей жау қолынан опат болады да, Қадір атты жалғыз ұлы екеуі ғана сопайып көшке ереді. Аспаннан ұшақ, жерден әскер қоршаған бір ауыр айқаста  Қадір да жау қолына тірідей түседі. Ал, көш тоқтаусыз жылжи береді. Кейін осы Қадірмен бірге жауға тұтқын болған бір кісі, «қанышер дұшпан  қолға түскен жастарды ұрып-соғып қатты қинады. Сондай ауыр қинаулардың бірінде Қадір қолы кісенделген күйі көз алдымда жан тапсырды депті» күрсініп.

Артта қалың жау, алда алып тау, мың батпан қиындықар кешіп Елісқан көші Пәкәстан жеріне жетеді. Алып гималайда ыстан қырылып, Пәкістанда ыстықтан қырылып әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда қалған аз ғана ауыл түтіндерін қайта түтетіп, тіршіліктерін бастайды. Сол жердің үкіметі де барынша шарт-жағдайларын әзірлеп, қыспақтан қашып аман жеткен мұсылман жұртына оң қабақ танытады. Балалар қолға түседі. Өшкен оттар қайта жанып, отаулар тігіліп, жалғыз қалғандар үйлі-баранды болады. Бес бала мен әйелінің ауыр қазасынан алапат қайғы арқалаған інісі Мәсәлиге ет жақын ағасы, сұрапыл соғыстағы демеуші қорғаны Зиядан, Алтайдан ел ауғанда Халел (менің атам) берген Мүрсәлимді береді. Халелден Зияданға, Зияданнан Мәсәлиге бала болған, жаны жайсаң бозбала дарқан пейілімен, салмақты мінезімен Мәсәлиге жақсы серік болады.

 Мәсәли осы Пәкістан жерінде қайта үйленеді. Құдай қаралы көшпен бірге ауыр күндерді басынан өткізген осы ағайынды екі кісінің жанұясына ендігі таңда бақытты ғұмыр сыйлайды. Ағасы Зияданның кемпірі қайтыс болған. Жалғыз Жақыбымның қызығын көрсем болады деп, қайта бас құрамаған Зиекең, інісі мен ұлының тілеуін тілеп, ел ортасында аты затына сай сыйлы ғұмыр кешеді. Ал, өлгені тіріліп өшкені жанғандай болған Мәсәлидің отауында осындан кейін он бала өмірге келеді.

Мен гүнешліге келгенде алдымнан шыққан екі апайым сол Мәсәлидің екі қызы еді. Қалима апай 1945 жылы пәкістанда, Мәсекеңнің екінші әйелінен туған тұңғыш қыз. Ал, Сәмиға он баланың ішіндегі Түркияда туған кіші қыздарының бірі. Мәсәли атамыз балуан денелі, сом тұлғалы, ірі адам болған. Сондай тектілігінің, сүйектілігінің арқасында осынау алапат дәуреннен аман өтсе керек. Туабіттіірілігімен, өз ортасында балуан болған Мәсәли 1945 жылдар шамасында пәкістанда жергілікті халықтың жаурыны жер иіскемеген бір атақты балуанымен белдеседі. Айы оңынан туған Мәсекең қарсыласын асау жамбасқа салып алып ұрады. Сол кезде жергілікті жұртшылық Мәсекеңді машинаға отырғызып алып, атақты балуанымыз деп, ауыл-аймақты аралатып таныстырған деседі. Күні бүгінге дейін жұрт Мәсәлидің балаларын «Балуанның балалары» деп атайды екен. Мәсәли мен ағасы Зиядан түрік еліндегі тынысты тіршілктерінде бала-шағаның бұғанасы қатып, қанаттары толысқан соң, бірнеше рет қажыға барып, Құдай берген ұзақ ғұмырларын жасап, ұрпақтары өнген топырақта мәңгілік ұйқыға кетті. Зияданның Жақыбынан тараған ұлы-қыздар бүгінгі таңда өсіп-өркендеп жатыр.

әділет ахметұлы

Осы екі ағайынды кісіден тараған ұрпақтар бүгінде Түркия, Франция, Германия, Швецария елдерінде тұрады. Атай кетер болсақ, Қалима Салихылыда, Сәмиға Ыстамбол Гүнешліде, Құрманәли парижде, Қалел швецарияда, басқа ұл-қыздары да осы секілді ірі қалаларда бай-бақытты өмір кешіп жатыр. Ал, осында аты аталған Құрманәли ағамыз 2007 жылы Қытайдағы Алтай, Шіңгіл, Баркөл жерлерінде тұратын барлық туыстарды тауып, әпкесі Қалиманы, әйелі Нұрайды ертіп, ағайын-бауырмен қауышып қайтқан болатын. Өткен 2018 жылы қарашада қазақстандағы туыстарды да тауып, дәм татысып, ағайынның басын қостырған. Өзі көпшіл, туысшыл, әке өсиетін орындап жүрген жарқын  жүзді кісі. Ол кісі мен ыстамболдан аттанғанша Парижден арнайы келіп, маған кездесуді жоспарлап отыр. Ал, інісі Халелдің аты кездейсоқ емес. Мәсәли ақсақал Түркия жерінде Құдай берген көп баласымен, ел-жұртымен бірге, ұлы түрік елінде тыныш, жайлы, қоңыр қалта ғұмыр кешіпті. Алтайдағы ағасы, қара шаңырақтағы Халелді ұмытпай, ұрпақтар сабақтасып, жалғасып, танып-білісіп жүрсін деп, ең кенже баласына Халел депл  ат қойыпты. Сол Халел ағамыз да бізбен жүздескелі Ыстамбұлға ұшақ билетін даярлап, қомданып отыр екен.

Атам Халел берген Мүрсәли атты ұлдың үйленіп ұрпақты болуына тарғалаң тағдыр үлгіртпейді. Отыз жасқа дейін екі әкесі Зиядан мен Мәсәлиге үлкен демеу болып, қиын жылдарды бірге өткізеді. Алтайдағы біздің үйден сәби күнінде ұлы сапарға шыққан, менің әжемнің ай дидарлы ұлы, әкемнің туған ағасы осылайша Түркияға жеткен әлемдік рекордтар кітабына ең ұзын көш болып енген, қилы заман керуенінде жүріп, отыздан өте бере ауырып қайтыс болады. Әруағы мың болғыр қаншама боздақтар сол бір алақұйын ғасырда от кешті. Қаншама есіл ерлер, айдай арулар, қаншама текті қазақтың теңдессіз ұл-қыздары опат болды. Тек бейіште нұры шалқысын теңдік жолында құрбан болған шейттердің.

Дана көкірек қазағымыздың тағы бір қастерлі салтын айтып өтуге тура келіп отыр. Менің Әжем Қазине Бақанбайқызы 2003 жылы 102 жасында өмірден өтті. Ғасыр жасаған аяулы анамыз күллі ауыл-аймақтың анасы болды.  Бүкіл ауыл сол кісіден ақыл сұрап, бата алатын. Ол кісіден ауылдың тентектері именіп, тектілері көп кеңесетін. Ата дәстүр салттан ешуақытта ауытқымаған апамыз тоғыз ай, тоғыз күн көтерген баласын, ағайынның жақындығыы үшін Зияданға берсе де, өле-өлгенше осы бір сырды бізге айтпаған болатын. Тек біздің үлкендер өзге де ғасыр жасаған кісілердің аузынан, осы бір хикмет хикаяның барын естиді. Ал, атамыз Халел жарықты 1985 жылы қайтыс болғанға дейін, біздің әкемізге, өткен ғасыр басындағы көшке Мәсәли, Зияда деген екі туысының еріп кеткенін, ел арасы жалғанса солардың ұрпақтары жөнінде құлақтарың түрік болсын дегенді көп рет айтады екен. Дегенмен, жаратақанға берген антынан жазбастан атамыз, сол көште өзінің бел баласы кеткенін тіс жарып аузынан шығармайды. Ал, Мәсәли мен Зиядан ақсақалдар да неше рет Алтайдағы біздің елге хат жазыпты. Бірақ, мойыны ұзақ жолдан ол хаттар біздің үйге жетпеген сияқты. Көпті көрген ағайынды екі ақсақал да көздері жұмылғанша, Алтайдан Халел деген боқайдың ұрпақтарын табыңдар, солар сенің қара шаңырақтарың дегенді айтумен болады. Бірақ, олар да отызында о дүниелік болған Мүрсәлиді Халелден алған едік дегенді айтпайды. Бірақ, осындай бір сырлы тарих жатқанын көште болған  үлкендердің ауызынан анда-санда шыққан сәттері бар сияқты.

Гүнешлідегі апайдың жайған дастарқанына жайғасқанша арғы тарихқа біраз ат шалдырдық. Айналып өтіп кетуге болмайтын зарға толы заман әңгімесін айтуда, ақ шаңдақ тарихтың құйрық-жалын күзеп сөз жазу өткенге қиянат  деп білдік.

Менің келгенімді естіп, аяғы жеткен туыстар гүнешліге жиналды. Ал, еуропадағы іні-қарындастары түгелдей ашық бейнелі желіде сәлемдесіп, бірінен соң бірі амандық білдіріп, қуанысып, марқайысып жатты. Өздері 80 миллион түріктің ортасында отырса да салттарын жақсы сақтаған. Ақсарбастың басын, жамбасымен қоса тартты. Алдымнан ақ мәрмәр шашу шашты. Ол сәттегі көңіл толқынысында шек жоқ. Қазақша мал сою, ет бұзу, жіліктеуді түріктерге біз үйреттік деп мақтанып та алады. Барлық тамақтарды өте дәмді жасайды екен. Ішкен-жеген ешқайда жеткізбейді ғой. Дегенмен ақ теңіздің жағасына үй тіккен ағайынның дастарқаны молшылық. Ал, мен болсам жас болсам да бас жеп отырып, басымдағы ісім мен мойнымдағы жүгімнің көп екенін ойландым. Килі дастарқанның сіргежияр батасынан кейін аяулы ағайындарыма бір-бір баланы Қазақстаннан оқытыңыздар дедім. Ол уақыт еншісінде.

әділет ахметұлы

Бұл жердегі қазақтардың бәрінің экономикалық еңсесі биік, материалдық жағдайлары жақсы. Алғаш түркияға келе қалғанда түрік үкіметі оларға үй, жер беріп, кәсіп көздерін ашуына мүмкіндіктер жаратқан екен. Көпшілігі мал терісін өңдеумен айналысып, кейін келе тері өнімдері Түркияның және еуропаның брендіне айналады. Үлкендердің көзі кеткен соң да сол кезде олар құрған зауод, фабрикаларға мұрагер болған бүгінгі кісілердің кіріс көздері жақсы. Үй жалдап, қаланы айнала көшіп тентіреп жүрген қазақтар жоққа тән. Қайта қалада бірнеше үйі, бірнеше дүкені бар кісілер үйлерін кіреге (жалға, арендаға) беріп қояды екен. Жазда Түркияда болып, қыста еуропаны қыстайды. Көбінде екі елдің тең құқықты азаматтығы бар. Үлкендер екі елден де зейнетақы алады. Мысал ретінде бір кісінің германияның Миунхен қаласынан алатын зейнетақысын айта кетейін. Ол кісі айына 200 еуро алады екен. Біздің 860 мың теңгеміз ғой. Одан сырт түркияда төрт-бес үйі бар. Біздің  Бәрінің сауда-саттығы, кәсібі бар. Орта буында оқыған, зиялы, интелегенция аздау. Көбі базар жағалаған және ата дәулетіне ие болғандар. Үкіметтік орындарда, білім, ғылым ордаларында жұмыс жасайтындар енді-енді көбейіп келеді. Жастар жағы енді білімге ден қойған. Қысқаша айтқанда, материалдық байлық жеткілікті. Оның үстіне Ыстамбол қаласы кім кісінің де тасын өрге домалататын қала сияқты. Әйтеуір, ағайынның жүзі жарқын, дидары жайдары екен. Оларға жетіспейтін екі нәрсе сияқты. Қазақы өмір ортасы және тіл. Себебі 20 миллионнан астам халық тұратын, тек түрік тілінде ғана сөйлейтін ұла шаһарда, ұлтшыл, патриот түріктер ортасында, ығы-жығы орналасқан ғимараттар арасында сен он мың қазағыңды мықсы болсаң қазақ күйінде сақтап көр. Бұл мүмкін емес жағдай. 50 жастан төменгілер тілден жұтай бастаған. Ал, жаңа ғасырдан бергі туған балалар қазақша сөйлей алмайды. Ал, басқа адамзатқа керекті заттық дәулет жайын сұрамаңыз. Ол жағынан шүкіршілік. Қазақ тілінде шығатын газет-журналдар жоқ. Қазақша теле арналар жоқ. Бәрінен де маңыздысы қазақша мектептер ежелден ашылмаған. Ол енді ашылмайды да. Себебі неше ондаған миллион күрдтер мен арабтар, ағылшын, француздар және басқалар түрікше оқып жатқан Ыстамбұлда сіз қазақ мектебі туралы айтпай-ақ қойыңыз. Өңіне қарасаңыз мұндағы қазақтардың бәрі өзіңізден аумай қалған. Өздері қатты туысшыл, ұлтшыл. Бірақ, Ыстамбұлды қоршап тұрған төрт теңіз сияқты, төңірегі толған теңіздей зор халық қой.

Осы бір әсерлі сәттерді айтпай, жазбай кетуге кісінің дәті барсын ба? Өткен ғасырдың бұрқасынды боранында ұлы көшке еріп кеткен жаны жақын жайсаң туыстарыммен, осылайша киелі Ыстамбұл төрінде жүздестім. Қарағанда бір шағын әулеттің, бірнеше ағайындылардың өмір тарихы сияқты көрінетін бұл хикая, шын мәнінде, күллі қазақтың тарихы. Әпербақан ғасырларда Алтай мен Атырау арасындағы қаны бір қандастарымыз алтын бастарын қай босағаға соқпады? Бұл қазақпен кескілескен ұрыс салмаған жау бар ма? Сонау ұшы-қиырсыз тарихтың қанмен жазылған бір бөлегі, Құдайды жоққа шығарып, аспан астын әлем тапырық әлекке салған, алдамшы коммунизм ұранымен, талай ұлттың ұлысын күйретіп, талай мемлекеттің шаңыраңын ортасына түсірген алып режимге, тек қана ерлік рухтарымен қарсы тұрып, қаралы керуен жолы арқылы жазылған  түркиядағы қазақтар тарихы саналмақ.

Қымбатты оқырман, сапар естелігіміздің бүгінгі бөлігінде Ыстамбұлдағы өмірден гөрі, өткен күнге көбірек үңілдік. Шығармамыздың ендігі бөлектерінде, біз сізге көзіміз көріп, көкейіміз жазып алған Ыстамбол өмірін жазатын болмыз!

Әділет Ахметұлы

Ақын, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің қызметкері                                                                       

Оқи отырыңыз, ♦Ыстамбұлда адасу – бір ғанибет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір