22 Тамыз, 2019 Саясат
Жастар ұйымы Назарбаевтың сайлауға қатысты айтқанын сынады (видео)
Назарбаевтың "Барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтеді" дегеніне күмәнмен қарайтынын жасырмады.
Қазақстанда 9 маусымда өткен сайлаудан кейін құрылған "Республика қозғалысы" жастар ұйымы елді 30 жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 тамызда биліктегі "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында елдегі сайлау заңдары мен өту мерзіміне қатысты айтқан сөзіне пікір білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы аталған ұйымның әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы видеожазба жарияланды.
Аталған видеожазбада "Республика қозғалысы" жастар ұйымының өкілі Бэлла Орынбетова Назарбаевтың "Парламен сайлауына мажоритарлық жүйені қайтару керек дейтін жекелеген опоненттер мен блогерлер билікті сынайды. Олардың сөзі әдеттегідей жалаң сөзге құрылған, нақты ұсыныстары жоқ" деп айтқанын сынға алды. Орынбетованың айтуынша, "Парламент сайлауы мажоритарлық жүйеде өтсе, халыққа тиімді болады".
"Біз соңғы уақыттарда халыққа "сен бе едің мені сайлаған" деп дікеңдеген депутаттарды көріп жүрміз. Бір жағынан олардың сөзінің жаны бар. Оларды таңдаған халық емес, оларды таңдаған партия төрағасы. Яғни, ойлап қараңызшы, олар партияның сөзін сөйлейді ме, халықтың сөзін сөйлейді ме...? Ал мажоритарлы жүйе бойынша сайланған депутат халықтың алдындағы жауапкершілігін сезінеді", - деді Орынбетова.
Сонымен қатар Орынбетова Назарбаевтың "Барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтеді" дегеніне күмәнмен қарайтынын жасырмады.
"Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарған 29 жылда қандай уәделер берген еді? "Астана қаласының атауы өзгермейді", "теңге құлдырамайды" деген. Сондықтан бұл жолғы уәденің қаншалықты сенімді екенін бір құдай біледі", - деді Бэлла Орынбетова.
"Республика қозғалысы" жастар ұйымы 2019 жылдың 9 маусымында өткен президент сайлауынан кейін құрылған. Аталған ұйым 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласында болған жарылыс кезінде волентерлық қызмет атқарды. Әлеуметтік желіде ұйым белсенділері қазіргі билік жүйесіне қарсы екендерін ашық айтып жүр.
♦Оқи отырыңыздар: Назарбаев: Барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтетін болады
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір