• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 19:13:23
Алматы
+12°

1990-1991 жылдары ақын Несіпбек кімді жеңді? Қайтадан «бас көтере бастаған ішкі тап жауларын ба», жоқ, әлде өзі мүшесі болып кірген Ленин бабасының сүйікті Компартиясын ба?..

Несіпбек деп отырғаным, қазақтың дарынды ақындарының бірі – Несіпбек Айтұлы. Бұл Несіпбектің дарынының кемеліне келгені соншалық, анау-мынаулардың батылы бара бермейтін: «Бәйтерек», «Шапырашты Наурызбай», т.б. сияқты сүйекті дүниелер жазғаны дер едім және бұл азаматтың жүні қызыл. Бірден көзге түсіп қалып жүргені, қара басып... Себебі, не жазса да, не істесе де, бірден көзге түсіп, бірден қызыл сөзге ілініп жүре береді-ау, менің қайран досым! Осы Несіпбекті көре алмайтын жұрт Кеңес Одағы тұсында оны сол кездегі КСРО көсемі Л.И.Брежнев туралы «сала құлаш дастан жазып, бәйге алған» деп, өздерінше сөз етеді. «Ондайлардың іші күйсін!» деймін мен! Ең алдымен ақын не жазса да, оны өзі біледі. Онда былайғы жұрттың не шаруасы бар екенін өзім түсінбеймін. Мен осы Несіпбекті бес саусағымдай білетін жанмын. Сонау Семейдің Шұбартауы мен Аягөзінің «Ақшатау» кеңшарының Игілік, Тазқызыл, Желтұмсық атты жайлауларының түйісер жерінде бала Несіпбектің лақ тартып жүргенінен білуші едім. 1969 жылы Несіпбек, Тұрсындар сол кездегі С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы) журфагіне оқуға түсіп кетіп, мен емитханнан омақаса құлап, елге қайтқанмын. Содан әскерге кетіп, одан 1972 жылы елге оралып, журфакке оқуға түсуге емтихан тапсырып жатқан кезімде, ол тұста білдей студент, танымал ақын Несіпбекпен, оның ҚазГУ-де жұмыс істейтін әйелі Майнанмен танысып, ескі достар қайтадан қауышқан едік. Айтпақшы, Несіпбек студент болып жүріп, Мұзафар Әлімбаев басқаратын балалар журналы «Балдырғанда» жұмыс істейді екен. Мен үйленгенде осы Несіпбек күйеу жолдас болды. Кейін, менің әйелім Шолпан, оның әйелі Майнан, ақын, ғалым, бүгінде марқұм Асқар Егеубаев әйелімен, Айтуған Шәйімов бойдақ (ол да марқұм), бәріміз, «Таулы қырат» (бір кездегі Горный Гигант) деген жерде пәтер жалдап тұрып жаттық. Олардың ішінде маған әкем бірінші үй сатып әперіп, Несіпбек бізден кейін пәтерлі болғаны бар. Оларды «Қазақфильмдегі» жаңа пәтеріне Шолпан екеуміз көшіріп апарып, шашу шашқанбыз. Несіпбек тез арада кітаптары шығып, бәйгелер алып, танымал ақын болды. Мен одан көш бойы артта жүрдім. Әлі күнге дейін солай. Сөз жоқ, Несіпбек дарынды қазақ ақыны. Баяғы да осы досым маған: -Сен, жақсы, дарынды ақынсың, бірақ, күшіңді айдалаға жіберіп жүрсің, бос арамтер болып,-деп айтушы еді. Менің де Несіпбек досыма өзіне ұқсап, тура солай деп айтқым келеді. Бірақ, батылым бармай жүр. Бұл екеуміздің басымыздан не өтпеді? Жастық шақтың небір думанды, естен кетпес ыстық шақтарын бірге өткізген едік. Ол жөнінде әңгіме бөлек. Қазір менің айтайын деп отырғаным - мүлдем басқа әңгіме. Сонымен, менің Несіпбек досым - коммунист болды ма, жоқ па? Соған жауап іздеп көрейік... Тоқ етерін айтсам, ол Коммунист болған! Бірақ, ұзақ емес. Неге дейсіз ғой? Айтайын. Коммунистік партия ғана емес, тұтастай бір Кеңес Одағы атты алып империяның іргесі сөгіліп, қабырғасы шатынап тұрған 1990 жылдың басы болатын. Мен онда «Азат» қозғалысының «Азат» газетінде осы империяны қалай да омақастыра құлатсақ деп ала-шапқын болып, шапқылап жүргенмін. Басқаша айтқанда, ана Несіпбек пен Тұрсынның қарсы жағындағы майданда тұрған кезім. Бұл екеуінің мынандай қиын-қыстау кезеңде атың өшкір, коммунистік партияға өткелі жатқандары туралы ұзын құлақтан естігенмін. Бір көргенімде Несіпбекке айттым да: -Мына ақымақтықты тотат!-деп. Бірақ, сөз ұғатын Несіпбек пе? Біздің бұл досымыз ешқашан да өзгенің ақылын тыңдаған жан емес еді. -Мен қайтсем де туысқан Компартияма мүше болып өтемін! Бұл менің туғалы бергі асыл арманым болатын. Егер, ана тап жаулары кедергі болып, аяғымнан шалып дегендей, алда-жалда өтпей қалсам, онда, өлем! Енді менде басқа жол қалған жоқ. Компартия жолында құрбан болуға бармын!- деп, қасқайып тұрып алғаны есіл ердің... «Анкетасын өтірік жазды» деген сияқты сылтаумен оларТұрсынды өткізбей, тіпті, бюрода мәселесін де қараттырмай, орта жолдан қағып тастайды. Ал, біздің Несіпбек бюроға шалқайып кіреді. Ардагер коммунистер, жас кандидатқа: -Жас жігіт, біздің Компартияға соншалықты неге құмар болып қалдыңыз? Онсыз да біздің туысқан Компартияның іргесі шайқалып тұрғаны анау. Баяғыда-ақ құртып жіберетін тап жаулары қайта бас көтеріп жатыр. Ертең «қателесіппін, жаза басып, жаңылыппын!» деп қорықпайсыз ба? Бұл өзі сіздің шын сөзіңіз бе?-деген кезде, біздің Несіпбек тап күресі жолында құрбан болған қахарман большевик бабаларына ұқсап кетіп, айналасына асқақ қарап қойып: -Ұлы бабам Лениннің атынан ант етейін! Және маған Әлжаппар Әбішев, Әубәкір Нілібаев сияқты адал коммунистер сенім артып отыр. Бұл менің Пролетариаттық шыным! Маған сеніңіздер, тап жауларын құрт десеңіздер, осы қазір құртып бере аламын, еңбектеріңізді ақтаймын! Ұлы Ленин бабам іргесін қалағанКоммунистік Партияның адал ұлы болайын! Неге қорқам! Бұл менің бесігімнен басталған асыл арманым болатын. Мен тап жауларына қарсы тұрып, туған партиямды қорғап қаламын!-дейді ағынан жарылып және өзі орнынан тұрып, бір түрлі ойлы көздерімен алысқа қарап, қасқайып тұрады. Партбюроның кілең ақ сақалдары мен көк сақалдары Несіпбектің бұл айтқандарына сеніп қалып, оны Компартияның мүшесі етіп қабылдап жібереді. Аузы аңқайып жүріп, ана Тұрсын Жұртбай далада қалады. Арада жыл өтпей жатып, әлгі Несіпбек мүшесі болған Коммунистік партия енді қайтып орнынан тұрмастай болып, гүрс етіп құлап қалады. Сол кездері мен өзім қызмет істейтін «Азат» газетінің бетінде, ішінде Несіпбек бар, біраз Компартия серкелеріне «көңіл» айтқаным бар. Сол күндері көшеде жолығып қалған осы Несіпбек: -Әй, Көкбөрі, адамнан азған сен хаюан, «ымды білмеген, дымды білмейді» дегендей, соны да түсінбедің бе, өй, мақұлық, мен олардың ішіне шпион болып кіріп алып, жауыз партияны іштен шалып құлатқанмын!-деп қарап тұр. Бұған не дейсің? Жылайсың ба, күлесің бе?.. Айтпақшы, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, Несіпбекте тағы бір арман пайда болған. Ол өл, тіріл, қалайда ҚР Мемлекеттік сыйлығына қол жеткізу! Несіпбектің ол арманы да өткен жылы орындалды! Көре алмайтын былайғы жұрт, не десе, о десін, Несіпбек шынында да бұл сыйлыққа лайық жан!..

Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын, 02.05.2013 жыл.

 

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір