22 Мамыр, 2012 NEWS
Дәурен ҚУАТ: Мен сопы емеспін!
Дәурен Қуат – қазақтың бас ақыны Абайдың атын иеленген порталдың Бас редакторы. Аталмыш басылым ұлттық мәселеге келгенде ұлттық партиядай үн қатып жүргеніне...
Дәурен Қуат – қазақтың бас ақыны Абайдың атын иеленген порталдың Бас редакторы. Аталмыш басылым ұлттық мәселеге келгенде ұлттық партиядай үн қатып жүргеніне қалың жұртшылық куә. Соның әсері шығар шетелдегі қара орман қазақ та «Абайды» көзінен таса қылмайды. Ендеше, бүгінгі «Қамшыны» – Дәурен ұстады. Қояр сұрағың, айтар ойың болса айт, Алаш баласы!
Ертөстік: Дәуке, жасап жатқан тіршіліктеріңізге Алла нәсіп берсін! Бірақ та осы сіздер сайттарыңыз арқылы сасық саясат жүргізіп жататын сияқты боп көрінесіздер кейде. Мәселен, бірді-бірге соғып аттарыңызды шығарып, қоғамдағы орындарыңызды әйгілей түскілеріңіз келетін тәрізді. Осы неге керек? Онсызда аз қазақты қырқыстырып қойып тапқан абыройдан не пайда? Тағы сұрарым: Сіздер сопысыздар ма?
- Біз қоғамда не болып жатыр - соны жазамыз. Қандай көзқарастар, қандай ой-пікірлер қабындап тұр соны - жария етеміз. Жұрт білсін, ойлансын, қортынды жасасын дейміз. Қазақ бала емес – ұлт. Не нәрсенің болсада парқын түсініп пайымдай алатын ұлт. Бұндай ұлтқа ақпаратты дер кезінде әрі ашық түрде жеткізе білуіміз керек. Пікірлер қайшылығынан, сенше айтқанда «бірді бірге соғатын» пікірлер қайшылығынан, қазақ қоғамы азып-тозып кетпейді. Біз сол пікірлер талқысын ортаға салғаннан әйгілене түссекте түбінде ұлт ұтады. Оның үстіне интернетте отыратын адам газет пен журналдың «өнімін» тұтынып қана қоятын оқырманнан әлдеқайда белсенді, әлдеқайда сергек. Себебі ғаламтордың оқырманы қандай мазмұндағы материал болсын оған қатысты ойын айтады, сынайды немесе ризашылығын білдіреді, рахметін жаудырады. Сондықтан бұндай белсенді оқырманға ақпаратты «шайнап берудің», ақыл айтудың, көсемсудің, насихат соғудың қажеті шамалы. Әгәрәки, саған аз қазақтың ішін алатайдай бүлдірмеудің амалымен жазылатын дүниелер керек болса, онда ештеңе айтпайтын, ешнәрсеге жаны ауырмайтын, ішкенге мәз, жегенге тоқ басылымдар бізде жетіп жатыр, соларды жастанып жатта оқи бер. Былтыр жазда дәстүрлі емес діни ағымдардың әрекеті қазақ жұртында асқынып кетті - біз соны күн құрғатпай жаздық. Қауіп еткеннен жаздық. Ақыры не болды? Атырауда, Таразда, Алматының Боралдай елдімекенінде сұмдық оқиғалар болды. Осыны аз қазақтың іші бүлінеді екен деп жазбасақ, айтпасақ сен маған «неге үндемедіңдер, неге соны алдын ала жазбадыңдар?» деп жан алқымнан алып тұрып сұрақ қояр едің, сосын «біздегі шындықты тек орыстілді газеттер жазады» деп байлам жасар едің. Ендеше, сасық болсада, пасық болсада саясат жүріп жатқан қоғамға біз бей-жай қарап отыра алмайды екенбіз. Біздің осындай «мазасыздығымыздың» мәнін кем түсінсең не деймін «Абай.кз» деген қазаққа жау екен» деде теріс қарап жата бер. Түсінуге тырссаң «Абайдың» досы бол, қазақ үшін бірге қамығып, бірге қуанайық.
Нақты сұрағыңа жауабым: сопы емеспін, өздерін сопы атайтын азаматтар бізге жиі шығып тұрады, материалдар береді. Сол себепті мені, менің ұжымымды сопы дейтіндер бар екен. «Ел құлағы – елу», естіп тұрамын. Жалпы біз «Абай.кзнің» доктринасында «біреудің аузындағы сөзі мен көкейіндегі ойға жұмыс жасамаймыз» деп бетімізді ашып алғанбыз. «Абай.кз» - қоғамдық пікірлердің мінбесі, ашық ойлардың алаңы. Сондықтан, бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісалы да, Исматулла қари да www. abai.kz ақпараттық порталының бетінен сөз алып, айтарын айта алады.
Наркескен: Ассалаумағалейкум! Ұлтты ұйытар, намысты қайрап, жігерді жанитын портал елдің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Неге осы Абайдың атын иеленіп, Әлиханды көп насихаттайсыздар? Әрине, қазақтың маңдайына біткен арысымыз Әлекеңе ешқандай қарсылығымыз жоқ. Келесі сұрақ, бүкіл қазақша сайттарды, оның ішінде ұлт тағдырына қатысты үн қатып жүргендерін бір жерге шоғырландырып, ұйымдасқан тірлік жасауға болады ма?
- «Неге осы Абайдың атын иеленіп, Әлиханды көп насихаттайсыздар?»Дұрыс емес. Әлихан туралы насихат әлі аз болып жатыр. Алашорда өкіметінің президенті Әлихандай қазағын сүйген, қазағына сенген, қазақ үшін жан аямай қызмет қылған адамды бүгінгі ұрпақ жақсы білуі керек. Ел ішінде Әлекеңдей тұлғаға деген сағыныш бар. Ал, Абай - ғасырлардың түнегін жарып келе жатқан тұлға. Бізде іргетасы мықты бір мектеп болса, ол Абайтану мектебі. Abai.kz порталы Абайтану ғылымының жалғасуына барын салуда. Тәуба, абайтанушылар жас ғалымдардың арасында қазір көбейіп келеді.
Қазақ: Сізден өтініш «Абайдың» төте жазуын шығарсаңыздар, өйткені шетел қазақтары орыстардікі сияқты жазуларыңызды оқи алмайды екенбіз, рақмет!
- Кезінде «арғы беттегі» қазақтардың арасында төте жазуға көшеміз бе, әлде кириллицаға көшеміз бе деген таңдау болған. Оқымыстылар Ахаң жасаған төте жазуды құп көріпті. Бұндай таңдау Қазақстанда да болған. Араб жазуынан латынға, латыннан кириллицаға көшкен Атажұрттағы қазақтар осы жазуға тоқтаған. Еуропа, Түркия жағындағы бауырларымыз латын жазуын қолданады. Қазақ үшін әріп, таңба тұтастықтың өлшемі. Біз қай қай қиырда жүрсекте бір бірімізге хат жазып, ұғысып отыру үшін бір жазуға көшуіміз керек. Ол жазу латын жазуы болатын шығар. Оған дейін осылай амалдай тұрамыз. Бұған қосып айтарым қазір қандай жазуды болсада қалаған әріп таңбаға көшіре қоятын программа бар. Сол программаны тездетіп орнатуымыз керек екен. Ой салып, әрекет ететін сөз айтқаныңыз үшін сізге мен де рахмет деймін.
Күлтегін: Дәурен аға, жасап жатқан игі істеріңізге қара қазақ риза! Соңғы кездері сайттарыңыз сұйылып бара жатқан сияқты. Рушылдыққа, жершілдікке жетелейтін, ел арасына іріткі салатын мақалалар кейде жарияланып қалады. Соған сақ болсаңыздар екен. Сізге қояр сұрағым: Сайтты кім қаржыландырады? Кейде Президентке, үкіметке қатты тиетін материалдар басылады, сол кезде билік тарапынан қысым жасалмай ма? Жалпы, сайттың «крышасы» кім?
- Қазақты «қара қазақ» деп айтпаңыз. Ол қазақты қорлап, мазақтап, кемсітіп айтылған сөз. «Қалың қазақ» десеңіз бек қуанып қаламын. Өзімізді өзіміз төмендетпей көтеріп, еркелетіп, қадырымызды арттырып сөйлейікші. Соған үйренейікші. Ал, рушылдық, жершілдік деген мәселе менің миыма кіріп шыққан пәле емес. Адам өзі туралы айтылып жататын сөздерге саңырау бола алмайды. Мені біреулер рушыл, жершіл дейтін көрінеді. Тіпті бір ағамыз көзіне жас алып, күңіреніп отырып: «Осы рушылдық бізбен кетсе жөн еді, Дәурендерге де жұғыпты, оған рушылдық дертін жұқтырып жүрген Ұлықбек Есдәулет қой» деп соғыпты. Ұлағам менің жақсы ағам. Аға досым. Өскеменнің қазағы. Осы Ұлағам Алтайдың тап өзі сияқты - бәріне аспаннан қарап үйренген. Сондай адамға үйір болсақ айып па екен? Әлде рушыл атанбау үшін Ұлекеңді бекерге күйдіріп, босқа ғайбат сөйлейтіндердің қатарында жүруім керек пе? Рас, бізде қазаққа қатысты дүниенің бәрі шығады. Өткенде хан Кене мен Сыпатай батыр жайында дау болып қалды. Бұл дау - бұрыннан келе жатқан «жаны сірі» дау. Бойымыздағы ірілі-ұсақты кемшіліктен арылу үшін біз өткеннің әңгімесінде талқыға саламыз. Сол талқыдан қазақ бүлініп кетсе, онда қазақтың қазақ болмағаны, елдік, ұлттық мазмұнға жетпегені. Қазақ бүлінеді деп бәйек қағатындардікі меніңше – поза. Қазақтың бірлігі деген бүгінгі билік ойлап тапқан өтірік сөз. Биліктің бізге ұқтырып жүрген сөз ләміне жүгінсек, қазақ осы уақытқа дейін ел болмапты, басы бірікпепті, сайда саны, құмда ізі жоқ екен. Сондай құл-құтанды жиып алып Ақордамыз мемлекет жасап қазақ бұрын соңды көрмеген кереметке кенелтіп отыр екен. Күлеміз бе, қайтеміз? Әлде осы өтірікке сеніп жоқтан үркіп, жоқтан қорқып жүре берейік пе? Олай еткіміз келмесе, шындық атаулыға шытынамай қарауға дағдыланайық. Айтарым – осы.
Сайтымыздың «крышасы» кім? Айдос Сарым екеуміз осы жобаны қолға алдық. Халыққа ұсындық. Екеулеп қаржы-қаражатын тауып, қызмет жасап жатқан жайымыз бар. Демек «крыша» Айдос екеуміз шығармыз...
Жарас: Дәурен мырза, Абай-ақпарат неге қоғамдық-саяси оқиғалардың өртеніп тұрған кезінде уақытша техникалық «ақаулықтарға» жолығады? Мәселен, Жаңаөзен қырғынына байланысты бірнеше рет табансыздық танытты ғой?
- Қой, қайдағыны айтпа. Тиісті мекеме қызметкерлері тиісті тапсырмаларын алып қауырт жұмысқа кіріскен кездері сайтымыздың «сырқаттанып» бірер сағат жабық тұратыны бар. Бірақ, «оқиғалар өртеніп» жатқан кезде үнсіз қалу бізге өліммен тең. Жаңаөзен қырғынын айтасың, егер әділ сөйлеуге өзіңді-өзің үгіттей алсаң www.abai.kz порталының тап сол оқиға басталған күнгі бетін мұрағаттан тауып алып қара: ақпаратты алдымен жеткізген сайттың бірі біз боламыз. «Жаңаөзен ісі» бойынша сот залынан тікелей репортаж жазып отырған бірден бір сайт ол тағыда – «Абай.кз». Осыным өтірік пе? Өтірік еместігін өзіңде жақсы білесің. Ендеше сөзді созып не керек? Дегенмен, «Қамшы» сайты арқылы қойған бұл сауалыңды қамшыланып сергек жүру үшін қажет сауал деп құрметпен қабылдаймын.
Оралман: Оралмандар маселесіне аянып калмайтындықтарыңыз үшін бүкіл қандастарыңыз риза деп ойлаймын. Жалпы, сондай өртті мақалалар басканда телефоныңыздың қоңырауы жиілеп кетпей ме, жоғары жақтан?
- Жоғары жақ екеуіміз бір-біріміздің телефон нөмірлерімізді білмейміз, хабарласпаймыз. Ал, қазақ көші «Абай.кз» порталының бас тақырыптарының бірі.Бұл тақырыптан қазақ көші түзелгенше айнымаймыз. Тегінде менің арманым тоқсаныншы жалдардың басындағы Президент Назарбаевтың арманы сияқты – дүниедегі бар қазақты бір жерден – Атажұрттан көру.
Ақиық: Ассалаумағаликум, Дәке істеріңізге сәттілік тілей отырып, сізден Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға дер кезінде дүрыс баға беретін басылымдар мен ақпараттық ресурстар жоқтын қасы, сол себепті қалай ойлайсыз осы бағытты бүгынгі қазақ басылымдары атқара ала ма?
- Ұлттың азат ойын ықпалды қоғамдық пікір мен мемлекеттік идеологияның өзегіне сіңіре алмай отырған қазақ баспасөзіне жаным ашиды. Қазақ баспасөзін жек көрмеңіздер, мүмкін болса түсінуге ұмтылыңыздар. Уақыт келеді, қазақ баспасөзініңде таңы атып, күні шығады. Сол кезде бір кең отырып сөйлесерміз.
Жексенбай: Ассалаумағалейкум! Мен Қытайдан боламын. Бұл күндері Сингапурдың 90 пайызын қытайлар ұстайды. Бұл елге ағылып келген қытайлардың "еңбегі". Бұл мәселе қазақ зиялы қауымының санасын сілкиді деп білем. Қазақстанға қаптап кеткен қытайлар билікті алаңдатпайма? Бұған қалай қарайсыз?
- 2007 жылдан басталған әлемдік қаржы дағдарысы кезінде жер түбіндегі Еуропа қытай инвестиция беріп жарылқаймын дегенде бас тартты, сол кезде біздің Мәсімов дейтін «дағдарысты жеңген батырымыз» шауып барып қытайдан он миллиард доллар алып келген болатын. Мен сол кезде біздің билікті еш нәрсе алаңдатпайтынын қапысыз ұқтым. Біз ешнәрсеге алаңдамаймыз. Сіз де мүмкін болса, алаңдамаңыз. Ақ көңілдің деуші едік қой бұрын, қазір алаңсыздың деуге болады: «аты арып, тоны тозбайды», бірақ арам өлуі мүмкін...
Арман: Дауке, өткенде Ислам Әбіш, Қырымбек Көшербаевтарды ақтаған мақалаларды шығару не үшін керек болды, әлде қомақты ақша ұсынды ма?
- Ислам Әбішті қоя тұрыңыз, Қырымбекке ептеп жаным ашиды. Жаңаөзен оқиғасына бекерге күйді азамат. Заман өзгерер, шалқалап жатып шаңыраққа түкіретін бүгінгелерге де сұрақ қойылатын кез жетер. Сол кезде Қырымбектің шындығын еститін боламыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді қазақ. Ислам да Өскемен қаласында азды-көпті жұмыс жасаған жігіт. Екеуі туралы жағымды мақала келді, жария еттік. Онда тұрған не бар екен? Сізге айтайын, «Абай.кз» біреуді жерден алып, жерге тығу үшін жасалған сайт емес, барды бар дейміз, жоқты жоқ дейміз. Қалғаны оқырманның еркінде. Ақша мәселесіне қатысты айтарым: мен сатымсақ журналист, редактор емеспін. Егер «Абай.кз» сайтына ақша беріп жария көргісі келетін адам болса, банктегі реквизитімізді береміз, сондағы шотымызға тиынын аударады. Ол ақша ұжымның игілігіне жұмсалады. Бірақ ондай «төтенше» оқиғадан әзірге аман-саумыз. Мен табиғатымда ақша сұрауға епсіз адаммын. Бір рет, оның өзінде Әлихан Бөкейханның бейнесі таңбаланған төс белгі тағайындаған кезімізде Нұртай Сабильяновтан қысыла-қысыла ақша сұрадым. Нүрекең сөзге келместен берді. Демеушілік жасады. Содан соң Алмас Ахметбекұлы дейтін бауырым қол ұшын созды, Алмастың кәсіпкер достары көмектесті. Рахмет. Басқаңдың білмеймін.
Жалғасы бар
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір