21 Маусым, 2019 Маңғыстау облысы
Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекелерін атап өтті
Маңғыстау облысының әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменті «Мемлекеттік қызметші күнін» атап өтті.
Шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова, облыстағы басқарма басшылары, аудан-қала әкімдері, мәслихат, арнайы және құқық қорғау, жергілікті, сонымен қатар орталық атқарушы органдары өңірлік департаменттерінің басшылары, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, ірі кәсіпорын басшылары, әдебиет, өнер, мәдениет саласының майталмандары, ұлттық этномәдени орталықтарының өкілдері, қоғам белсенділері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Мерекелік шара ҚР мемлекеттік гимнімен басталып, қызметін жаңадан бастаған мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімімен жалғасты.
Алғашқы болып сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев, тәуелсіз елімізде қолға алынып жатқан жасампаздық жобаларды, баянды бағдарламаларды жүзеге асыру жолындағы жұмыстардың бастамасы мен жауапты қызметте еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің еңбегі зор деді. Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, оның дамуына зор үлес қосқан ардагерлер де, бұл саладағы қызметін жаңадан бастап келе жатқан, жалынды жастар да баршылық екендігін атап өтті.
Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауының жеңімпаздары Әсел Балманова мен Раушан Кесікбаеваның есімдерін ерекше атап өтті. Ал аталмыш байқаудың облыстық 4 жеңімпазына алғыс хат табысталатын болады.
Сондай-ақ, қызметтегі еңбегі үшін көзге түскен бірқатар мемлекеттік қызметшілер алғыс хатқа ие болды. Өнер мен мәдениетте, спорт, ғылым саласында және қызметте ерекше жетістіктерге қол жеткізгені үшін де марапатталғандар аз болмады. Сонымен бірге, департамент тарапынан ұйымдастырылған шығармашылыққа жақын мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық мүшәйра жеңімпаздары мен «Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым» тақырыбындағы дайындалған бейнеролик үздігі де марапатталды.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір