24 Маусым, 2019 Айтты-ей, бауырың!
Бақытжан Бұқарбай: "Халықты ақымақ көруді қашан қоясыздар?"
Бақытжан Бұқарбай "жастардың атынан Н. Назарбаевтың ескерткішін орнатуды ұсынамын" деген Мәди Ахметов жайлы пост жазған Дәулет Кәрібекке сауал жолдады.
"Жас Отанның" басшысы Дәулет Кәрібек өткенде Алматыда Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынған қоластындағы жігітті қорғаштап суреттегідей пост жазыпты.
Дәке, Құдайға шүкір, біз де еліміздің дамуына үлес қосудан кенде емеспіз, мыңдаған азаматымыз сияқты қу тіршілік пен жан бағу жағдайында жүрсек те, мемлекеттен бір тиын жәрдем көрмей, қолдан келгенше елімізге еңбегімізді сіңіруге тырысып бағудамыз. Сондықтан, "біз өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз" деп жасаған істеріңізді міндетсінудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Елдің қамын тек сіздер ғана ойлап жүрген жоқсыздар.
Енді өзіңіз мәселені көтерген екенсіз, айтпаса сөздің атасы өледі демекші, біз де сізге 4 сұрағымызды жолдайық, соларға жауап беріңізші:
⠀
1) қоластыңыздағы жігіт барлық жастардың емес, өз айналасындағы, қасындағы жастардың ғана ұсынысын жеткізді дейсіз. Олай болса ол неге: "Біз барша қазақстандық жастардың емес, өз айналамдағы, қасымда жүрген жастардың атынан ескерткіш орнатуды ұсынамын" деп айтпады? Ұмытып қалсаңыз не естімесеңіз, Мәдидің БАҚ-та жарияланған сөзін келтірейін: "Біз жастардың атынан Алматыдағы Назарбаев даңғылында еліміздің негізін қалап, оны дамытуға баға жетпес үлес қосқаныңыз үшін сіздің ескерткішіңізді орнату туралы ұсынысымды қабылдауыңызды сұраймыз".
⠀
2) Қоластыңыздағы жігіттің сөзін жағымпаздық емес дейсіз. Алматыда бір емес, екі жерде тұңғыш президенттің мүсіні тұр. Жағымпаздық демегеннің өзінде, бір қалада бір кісіге үшінші мүсіннің қойылғанын дұрыс санайсыз ба? Адамға тірі кезінде ескерткіштің қойылуына көзқарасыңыз қандай?
3) Қоластыңыздағы жігіт тұңғыш президентті "еліміздің негізін" қалаушы деп отыр. Сан ғасырлық тарихымыз, Керей мен Жәнібек сияқты елдігіміздің іргетасын қалап кеткен тұлғаларымыз барда осылай сөйлеу біз үшін геосаяси тәуекелді арттырып, елімізге кесірін тигізуі мүмкін деп ойламайсыз ба? Әлде "Жас Отан" еліміздің тарихы тек соңғы 30 жылмен шектеледі деп санай ма?
4) Халықты ақымақ көруді қашан қоясыздар?
Айта кетсек, осының алдында Дәулет Кәрібек өзінің инстаграм парақшасында "жастардың атынан Н. Назарбаевтың ескерткішін орнатуды ұсынамын" деген Мәди Ахметов жайлы пост жазған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір