• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:52:44
Алматы
+12°

18 Маусым, 2019 Тарих

Қазақ хандығының алғашқы астанасы Сығанақ па, әлде Құзорда-Баласағұн ба?

"Шипагерлік баянда" қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтер айтылған.

Кітаптың басқы бетінде былай жазылған: Хан жарлық дестір жазмыш иегер Өтейбойдақ Тілеуқабылұғлы бин Ұлұ йұз, бин Зарман, бин Албан – әл Құзорда (аудармасы: Хан жарлығымен кітап жазған иегер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Ұлы жүз, Зарман, Албан, Құзорда) делінген.

Осылайша  Өтейбойдақ кітапты кімнің жарлығымен жазғаны, авторы, ата-тегі және қай қалада жазғаны жөнінде анық көрсеткен. Бұл арада айтылған «әл Құзорда» дегені Баласағұн қаласы екенін өзге де тарихи жазбаша деректерден біле аламыз. Құзорда атауы XI–XII ғасырларда өмір сүрген Мақмұд Қашқаридың «Түркі сөздерінің жиынтығы» атты кітабында кезігеді. Онда: «Ұлұш – қала, қыстақ (Шылгылше). Баласағұн мен оның жанындағы Арғу шаһарларында тұратын халықтардың тілінде «ұлұш» сөзін «шахар» дейді. Баласағұн шаһарын «Құзұлұш» деп атайды. Орду Баласағұнға жақын қала, Баласағұнды да «Құзорду-Құзорда» дейді деп, Баласағұнның екінші атауы болғанын айтады. Қазақ хандығы ең алғаш осы Құзорда-Баласағұн қаласында құрылды. Қазақ хандығы алғаш құрылғанда астанасы Созақ, Сығанақ қалалары болған деу тарихи шындыққа жанаспайды. Себебі, Керей мен Жәнібек бастаған ел Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығып, Әбілхайыр хандығының астанасы Сығанақты және оған таяу маңдағы Созақты бірден астана етуі қисынсыз. Қазақ хандығының тағына Бұрындық хан отырған соң 1480 жылдары Сыр бойындағы қалаларға шабуыл жасау нәтижесінде Сығанақты өзіне қосып, астанасы етті.

Шипагерлік баяны

Керей мен Жәнібек хан бастаған елге Есенбұға хан Моғолстанның батыс шекарасындағы Шу мен Қозыбасы аралығын бергенін, осы өңірде алғаш рет 1465 жылы Қазақ хандығы құрылғанын Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректерінен біле аламыз. Қазақ хандығы алғаш құрыған тұста Моғолстанның астанасы – Алмалық қаласы болды. Ал, Әбілхайыр хандығының астанасы – Сығанақ қаласы еді.

Демек, Мұхаммед Хайдар Дулатидың Қазақ хандығы алғаш Қозыбасы мен Шу алабында құрылды дегені Өтейбойдақтың Қазақ хандығының ең алғашқы ордасы әл Құзорда-Баласағұн қаласында кітап жаздым дегенін одан ары нақтылай түседі. Өйткені, Құзорда-Баласағұн қаласы Шу мен Қозыбасы аралығына орналасқан.

шипагерлік баяны

Дәл қазіргі орны Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылынан 5 шақырымдай Ақтөбе деген жерде. Шудағы ескі қаланың жұртын әу баста ғалым Әлікей Марғұлан  Баласағұн қаласы осы болар деп болжап айтыпты. 1974 жылы белгілі тарихшы, археолог, этнолог ғалым Шалекенов Уахит Хамзаұлы бастаған зерттеушілер қазба жұмыстарының нәтижесінде ескі қаланың жұртынан көптеген жәдігерлік бұйымдар тапқан. Шалекеновтың монографиялық еңбегінде, 1939 жылдары Ленинградтық ғалым Александр Бернштам Қырғызстанның Тоқмақ қаласының маңындағы орта ғасырлық Ақбешім қаласын Баласағұн қаласы деп жариялаған екен. Алайда ол қала Баласағұн қаласы емес екені анықталып келеді.

Өтейбойдақ Құзорда-Баласағұн қаласын кітаптың бірінші бетінде Құзорда деп жазғанымен, одан ары қарай көбінде Ақорда деп атайды. Ақорда атауы қазақ тілінде бұрыннан қолданыста бар, ертеде хандықтың орталығын және ханның сарайын «Ақорда» деп атаған. Ал қазір де Ақорда атауы қолданыстан түскен жоқ. Астанадағы президент резиденциясын Ақорда дейміз. Кейде жалпылама Астананы Ақорда, Елорда дейміз. Өзбектер астанасын Байтақ дегенімен, президент резиденциясын Ақсарай дейді. Кей зерттеушілер Өтейбойдақ жазған Ақорданы Ақ Орда мемлекетімен шатастырады. Бірақ, Өтейбойдақ шипагерлік баянды жазған XV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда мемлекеті әлдеқашан өмір сүруін тоқтатқан кез еді.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы

Шипагерлік баянда Өтейбойдақ Жиренше шешен екеуі Қазақ хандығының астанасы Ақордаға (Құзорда-Баласағұн) барып, Жәнібек ханмен кезіккені, Жәнібек хан Жиренше шешенді Қарабас деп атағаны және Жәнібек ханның Жиренше деген баласы болғаны туралы айтылады. Ол туралы кітапта Жәнібек хан Жиренше шешенге: – Жиренше деген атыңды алдың, шешен деген затыңды алдың. Ханзадамының (баласы) да аты Жиренше еді дейді. Анығында, Жәнібек ханның ордасындағы Қанай деген шешен Жиреншені ханға Қарабас деп таныстырған екен. Тарихи деректерге және ауызша жеткен шежірелерге жүгінсек, Жәнібек ханның – Қасым, Жиренше, Таныш, Жаныш, Әдік, Жәдік қатарлы ұлдары болғанын біле аламыз. Ал, Жиренше шешен қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының фольклорларында кезігетін XV–XVI ғасырларда жасаған ойшыл тұлға.    

Бізше, Өтейбойдақтың Ақ ордаға (Құзорда-Баласағұн) алғаш рет барған мерізімі 1469 жылы болған. Демек, ол кезде Керей хан өмірден өтіп кеткені анық байқалады. Себебі, Шипагерлік баянда Керей хан туралы ештеңе айтылмайды. Өзге де тарихи деректерде де 1469 жылдан соң Керей ханның аты аталмайды. «Фатх-наме» мен «Шайбани-наме» деректерінде Керей ханның аты аталмай, Барақ ханның баласы Жәнібек ханның аты басқалармен бірге айтылады. Осы деректерге негізделгенде, Керей хан 1469 жылы қайтыс болған.    

Жәнібек хан 1469 жылдары билікке шығып, 1473 жылға дейін тақта отырған. Өтейбойдақтың деректерінде Жәнібек хан Өз Темірдің шабулынан қайтыс болғаны баяндалады. Бұл мезгіл 1473 жылға тура келеді. Өйткені 1473 жылдан соң тарихи деректерде Жәнібек хан туралы мәлімет кезікпейді.

Өтейбойдақ «Шипагерлік баянды» Құзорда-Баласағұн қаласындағы Жәнібек хан ордасында 4-5 жылдай уақыт жазумен айналысып, жазылып бітер шағында былай дейді: «Қуанышым ерте болған екен. Сол күні қанқұйлы хан Темір ойда жоқта қанды қырғын бастады да, Жәнібек хан қаза болды. Мен жан сауғалай жазған дүниелерімді көтеріп, босқындармен бірге Ақ ордадан қашып,  әрең құтылып, «есі бар елін табар» деп, туған мекеніме тарттым. Аптыққан Темір көріңде өкіргір.... Ел кезу қайта салтым болды. Жазғаным соңғылыққа сарқын болмақ.... дейді.

Өтейбойдақтың қанқұйлы хан Темір дегені ойрат-қалмақтардың Өз Темір тайшысы. Сол тұста Өз Темір тайшы Оңтүстік өңірге бекініп алып, Моғолстанға, Әбілхайыр хандығына, Қазақ хандығына талай рет шабуылдаған. Ол Тоған ханның немересі. Тоған хан 1420 жылы көшпелі ойрат-қалмақ тайпаларын бірлікке келтірген. Тоған ханның баласы Есен хан. Есен ханның баласы Өз Темір. Өз Темір тайшы әкесінен мұрагерлікті 1457 жылы алған болатын. 1457 жылы Сығанақ қаласының түбіндегі соғыста Әбілхайыр хан Өз Темір бастаған ойраттардан жеңіліс тапқаннан кейін, яғни 1457–1458 жылдары Керей мен Жәнібек бастаған ел Әбілхайыр хандығынан Моғолстанға ауып келді. Олар Моғолстанға келген соң, 8-9 жылдай уақыт Моғолстанға сырттай қарап тұрды.

Шипагерлік баянда Есім хан және оның Айым бикесі туралы оқиға баяндалады. Оны көптеген зерттеушілер Қазақ хандығының 1565–1628 жылдары ханы болған Есім ханмен байланыстырады. Осыған қарап кей тарихшыларымыз атүсті оймен Шипагерлік баянды XVI–XVII ғасырлардың туындысы деп жүр. Анығында, Шипагерлік баянда айтылған Есім хан Моғолстанның 1429–1462 жылдары билік еткен Есен бұға ханы еді, Бұнда, Есен – өз аты, Бұға дегеніміз – Бура, ол – титулдық есімі. 1465 жылы Жетісуда Қазақ хандығы құрылардан бұрын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Моғолстан мемлекетінде өмір сүрді. Сол елдің азаматы болды. Демек, Өтейбойдақтың Есен бұғра хан туралы жағымды әңгімені жазуы орынды. Ал Шипагерлік баянда Есен бұғра ханды Есім хан деп шатастырып жазған кейінгі көшірушілердің қателігі болса керек. Түркілерде Бураны, Арыстанды титуылдық есім ету үрдісі X–XIII ғасырлардағы Қарахан мемелекетінің дәуірінде де болған. Мысалы, Сатұқ боғыра (бура) хан, Арсылан (арыстан) хан болған, олар Қарахан мемлекетін билеген.

Қазақ хандығының құрылуы – жер бетінде қазақ ұлтының өмір сүруінің басты тірегі болды. Қазақстан – Қазақ хандығының аумағында қайтадан құрылған заңды жалғасы. Өткенді білмей, өткелден өту оңай емес. Тағылымы терең тарихымызды білмей, болашаққа бағадар жасау қиын.

Авторы: Ертай  Жомарт

Тарихшы, мәдениеттанушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір