02 Маусым, 2019 Маңғыстау облысы
Медициналық сақтандыру сарапшылары Қарақия аудандық орталық аурухана мен емхана қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қағидалары, енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы айтылды. Медицина саласының мамандарымен кездесу – биылғы кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі. Бұдан бөлек, тұрғындар және жұмыс беруші, сондай-ақ жұмысшылармен де кездесулер ұйымдастырылып отыр.
-«Құрықтағы №1-орта мектеп ұжымымен кездесіп, денсаулық саласында 2020 жылда болатын ең үлкен жаңалық – медициналық сақтандырудың маңызын айттық. Ал қазір емхана қызметкерлеріне МӘМС жүйесі туралы оқытуға келіп отырмыз. Ақ халаттылар жаңа бағдарлама туралы егжей-тегжейлі білуі тиіс. Себебі, сақтандырылған азаматтар МРТ, КТА сияқты қымбат медициналық қызмет түрлерін тегін ала алады, - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жергілікті филиалының бас сарапшысы Аянгүл Жұмаш.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.
Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай - ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді. Ал, МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір