• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:36:26
Алматы
+7°

10 Сәуір, 2013 Ғылым-білім

Кәкен Қамзин, Профессор: Мына тұрған Польша ғой...

Ит арқасы қияндағы Атлант мұхитының арғы жағынан бір-ақ шығу, қол созымдағы жыға таныс көрші жұртқа анау-мынау бұйымтаймен жетіп бару бұл күндері кімді «паһ!»...

Ит арқасы қияндағы Атлант мұхитының арғы жағынан бір-ақ шығу, қол созымдағы жыға таныс көрші жұртқа анау-мынау бұйымтаймен жетіп бару бұл күндері кімді «паһ!» дегізсін. Әдеттегі шаруаға, тіпті күйбең тіршіліктің нақ өзіне айналғандай. Бой да, ой да әбден үйреніп қалды. Әрине, жадымыздан өшпей жүрген ежелгі қалып-стереотиптен әп-сәтте қайдан арылайық, алғашында  Поляк Республикасына біздің он күндік сапарымыз да  тап сондай жеңіл-желпі тіршілік  сияқтанды. Тәйірі, сол бұрынғы, өзіміз сырттай білетін Польша емес пе, несі таңсық еді деген  таптауырын биресми ой көкейде бүлкілдеді де тұрды. Ал ресми сүйенішіміз одан әлдеқайда мықты-тын. Адам Мицкевич атындағы Познань университетіның саясаттану және журналистика факультетінің деканы, доктор Тадеуш Валластың «ХХІ ғасырдағы Еуропа. Еуропа және Еуропа одағы дағдарыс кезінде. Пайымдар, шешімдер мен болашақ сценарийлер» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға жеке шақыртуы көңілге едәуір медеу. Соны арқаландым да Алматы – Стамбул – Варшава маршруты бойынша самғайтын түрік әуе жолдары ұшағымен жападан-жалғыз тарттым да кеттім. Тәуекел түбі – жел қайық. Бар сенгенім – жол сұрарлық  ағылшыншамның баршылығы, бұрыннан сәл-пәл білетін неміс тілім және жанқалтамда. Әрі батыс славяндарының лехит тобына кіретін поляк тілі де орыстардан алыс қонбаған шығар деп топшылаймын. Жаратқан иеме және өзім тәмәмдаған бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғұлама ұстаздарына мың да бір рахмет – Полонияның  мәдениеті мен әдебиетінің бетке ұстарларын бір кісідей білемін. Арғы тегі еврей, поляк ақыны Юлиан Тувимнің «Рецептілер» өлеңін іштей дәміл-дәміл  тамасана қайталаймын, әсіресе оның үшінші шумағы есіме түскенде «өзіміз ғана білеміз» дегендей жымиып қоямын.

Әлқисса. Мына суретте бас ғимараты мен мұндалап тұрған Познань университетінде өз әріптестерім Аманқос Мектеп-тегі, Сәкен Нұрбеков сынды белгілі ғалымдар «Болашақ» бағдарламасы бойынша бір жыл поляктардың гуманитарлық жүйесіне сіңісіп, білімдерін жетілдіріп, ғылыми-мәдени қарым-қатынасты орнықтырып қайтқан. Сол жігіттердің сүйініштері мен күйініштерін, ақыл-кеңестерін құлағыма әбден құйып алғанмын. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, заманалы әлеуметтік қарым-қатынастардың білгірі Жетпісбай Бекболатұлы да қазір сол жердің мүмкіндігін, шама-шарқын бағамдап, Еуростандартқа төселіп жатыр; ол да  қазақ пен поляк оқығандары арасындағы пейілдестік рай мен шырайды одан әрі кемелдендіруге дәнекер болып, қажыр-қайратын жұмсап келеді. Менің ізімді алып  бес-алты күнен кейін поляк жеріне табан тірер беделді делегация – «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, саясат ғылымдарының кандидаты Жұмабек Кенжалинді, «Дала мен қала» газетінің бас редакторы Сапарбай Парманқұловты, біздің университеттің профессоры, саясат ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева бастаған магистранттар тобын, Қазақстанның Польшадағы төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Асқар Абдрахмановты аталмыш конференцияға шақыртуға да Жетпісбай бауырымыздың пәрменді ықпал тигені кәміл.

     Бәрін айт та, бірін айт. Енді классикалық музыканың құдыретіне бас иіңіз. Варшава азропорты әлемге аты мәшһүр композитор, дәулескер пианист Фредерик Шопен атында. Варшаваның (әлде бүкіл Батыстың ба?) әуе райы бұлыңғыр. Мұнартып тұр.  Мені жарқыраған жыл жүзбен, ежелгі танысындай, орган түтіктеріндей гуілдеген сол әуежайда қарсы алған Варшава экономика және әлеуметтану университитеті проректорының кеңесшісі пани Ирена Скуба ғана ма деп қалдым алғашында – ол Мәскеуде оқыған, орыс тілінде жатық сөйлейтін поляк қызы. Қазақстанға, өзіміздің Алматыға бірнеше қабат іссапармен келіп қайтқан. Қазақша да бір-екі ауыз сөз қыстыра алады.

Жолбасшы ханымға Стамбулдан Варшаваға аттанарда Адам Мицкевичті еске алғанымды, тағдырдың тәлкегі шығар, ұлы шайырдың Стамбулда опат болғанын баяндай бастадым. Ол: «білем, білем», - деп  басын изейді, менің жүзіме «бұны маған несін айтып тұр» дегендей абайлай да барлай қарайды. Мен де іші-сыртқа  бірдей көз жіберіп отырмын. Аэропорттан теміржол вокзалына дейін қала пойызы қатынайды. Оны таяуда ғана, футболдан Европа чемпионаты болар алдында жанкүйерлердің қамын ойлаған ел өкіметі сымдай тартқан көрінеді. Аласапыран мен алашапқынның көкесі әсіресе Ресей құрама командасы ойындары кезінде  молынан байқалыпты. Оны «Euro news» бағдарламаларынан өзіміз де сан мәрте аңдағанбыз.

     Бізден кейін жолға шыққан жұрт біле жүрсін. Евроодақтың өзіндік проблемасы да жетіп артылады. Поляк елі әлі евроға өте қоймапты, өз валютасын уыстарында мықтап ұстап отыр. Варшавадан Познаньға дейінгі теміржол билетінің бағасы 114 злотый. Екі шаһар арасы – үш-төрт сағаттық жол. Алты жандық арқалықты салонда төрт адамбыз. Бір әйел, менен басқа екі жас жігіт. Халықаралық бағыттағы вагондарда электронды аппараттарды іске қосушы электр кернеуі 230 ватт екен. Әйел мен төр жақтағы бозбала компьютерлеріне шұқшиып қалыпты. Түрі біздің жақтың қараторысына келетін жігіт, нәсілі, студент, сабағына пысықтауда. Оң қолындағы аты жоқ саусағында алтын сақинасы бар келіншек интернеттен көркем шығарма шолып отырғандай. Өз орным 61, ал маған қарама-қарсы 62 орындықта жайғасқан  бұйра бас, көзілдірік ілген жұқалтаң жігіт журналдан бас көтермейді. Ешқайсы уақыттарын зая кетіргісі келмейді. Зуылдап келе жатқан пойыздағы осы картина тап қырық жыл бұрынғы трамвай, троллейбус, автобуста қолдарынан кітап, газет, журнал түспейтін Алматының аяулы жүргіншілерін  есіме түсіргендей.

     Бірер сағаттан кейін тексеруші әйел бас сұғып,  ақ алмастай жарқылдаған компостерімен билеттерімізге белгі соғып кетті. Мен түрлі-түсті журнал оқып отырған жігітті: «Excuse me, are you reading the French magazine Le Point?», - деп сөзге тарттым. Ол менің бетіме күлімсірей қарап: «A lot of interesting and useful information on the policies of French President», - деп жаубын тіктеді. Расында да, Франция президентінің халықаралық аренадғы белсенділігі аса күшті. Мына жігіт те оңай емес. Осының алдында ғана  менің ауыр чемоданымды жоғарыдағы жүк сөресіне лып еткізіп тастай салған.

     Сыртта жүргенде әр минутың алтыннан қымбат, жүгіре баспасаң, талай үлестен құр қаласың, есең кетеді. Сондықтан асықтық та, аптықтық та. Өзіміздің көздеген нысанамыз UAM – Адам Мицкевич атындағы университет болған соң, оның алғашқы ректорына қалай ізтет білдірмей, қалай сәлем бермей кетесің?  Медицина ғылымы мен практикасының айтулы тұлғасы Гелиодор Свенцицкиймен жарты сағаттай «ретросырласуға» мүмкіндік алып, оқу орнының арғы-бергі тарихына қанықтым.

     Университеттің дүниеге келген мерзімі – 1919 жыл. Оның нендей уақыт, қандай заман екенін тарихшылар жақсы біледі. Тұңғыш ректордың «айтуына» қарағанда, о бастан-ақ алға қойған мақсаттары – шәкірттерге ұлттық тіл мен дәстүрге иек артқан сапалы да саналы жоғары білім беру. Соның нәтижесі шығар, университетті 1929 жылы бітірген математиктер Мариан Реевский, Генрих Зигальский и Ежи Рожицкий неміс-фашистерінің ENIGMA аппаратың құпия кодын ашып, екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына үлкен септігін тигізіпті. Құқық факультетін тәмәмдаған Ханна Сухоцкаяның Польшаның  алғашқы әйел премьер-министрі (1992-1993 жж.) екенін де  еске ала кетті. Осы университет түлегі, мамандығы заңгер  Ян Качмарек 2005 жылы  «Ғажайып мекен» («Finding Neverland») фильміне жазған саундтрегі үшін музыка саласында «Оскар» сыйлығына қолы жеткен.   Қазір университет департаменттері мен әртүрлі орталықтары қаланың 50 шақты ғимаратына орналасқан, оның филиалдары Гнезно (Польшаның алғашқы астанасы), Калиш, Пиль, Слубица қалаларында жұмыс істейді, жоғары оқу орнының 14 факультетінде 47 мыңдай студент білім алады. Поляк тіліне су жорға студент 170-тен астам мамандықтың бірін таңдай алады. Бүгінгі күнгі ең соны бағдарламалар тізімі төмендегідей: ұлттық қауіпсіздік, биофизика мен оның нано-биомедицина салалары, эконофизика, геоэкология және Latvian Studies и South African Studies сынды жаңа тілдік бағдарламалар.

     Оқу орнында 360 титулярлы профессор, 500 университет профессоры және 1500-ден астам ғылым докторы мен аға дәріскерлер (доценттер) еңбек етеді. Ұзын саны – 3000. Кітапхнасы  аса бай, жиынтық қоры 4 миллион томнан асып жығылады, студенттер кітапханаға емін-еркін кіріп, тиісіті оқулықты өздері алып шығады.

     2002 жылдан бері универсиет профессорлары 50-ден астам ғылыми жобаларды үйлестіруге белсене қатысуда, олардың жұмыстарына Евроодақтың ғылыми зерттеу және технологиялық дамуы аясындағы  бағдарламасы арқылы  демеушілік көрсетіледі.  Университетте жыл сайын шет ел студенттерінің саны да көбейіп келеді. Олар үшін AMU-PIE, A YEAR AT AMU сияқты арнаулы қосымша бағдарламалар қарастырылған. Бұған ағылшын тілін, поляк тілі мен мәдениетін оқытатын 130 тұрақты курсы кіреді. Жоғары оқу орны SOCRATES/ERASMUS бағдарламасы бойынша студенттер мен қызметкерлер алмасу жөніндегі Еуропа бағдарламасының мүшесі екенін де айта кеткен жөн. Ұлттық тілі мен дәстүрін әуелеткен, әрі осындай әргі тарих пен  инновациялық мүмкіндікті ұштастырған  оқу орнына кім қызықпасын. Ректоратта шет еллдік студенттермен жұмысты үйлестіруші Леся Вербовсканың мәліметіне құлақ қойсақ, Erasmus  бағдарламасы бойынша  қазіргі күні 300 адам, өз есебі және түрлі-түрлі гранттар есебінен 520 студент Адам Мицкевич атындағы университетте оқып жатыр. Европа елдерінен, Азия, Америка, Африкадан барған докторанттар, магистранттар мен бакалаврларды былай қойғанда, қырғыз баласы, физикадан жақында ғана докторлығын қорғаған, университет оқытушысы Бақыт Орозбаевты, докторанттар –  қарақалпақ баласы Якуп Генжемуратов, қырғыз баласы Мерлан Субановты, магистранттар –  астаналық Ғайни Негематова, Хорезмнен келген Нафиса Раджапова, қырғыз қызы Бұрылсын Сұлтанова,  бұхаралық  Мирфаиз Нарзиевтерді атап айтуға болады.

     Саясаттану және журналистика факультетінің деканы, профессор Тадеуш Валлас тілегі ісіне сай, парасатты да мәдениетті жан  екені байқалады. Қарқарадай хан қалпағын кигізсе де қарабайыр ортасынан аса алмайтын жатағандар сортынан емес. Поляк истеблишментінде де едәуір беделі бар. Биязы жігіт ағасы әр сөзін өлшеп сөйлейді. Бастан асып жатқан шаруасын жиып қойып бізге  оқу орнын аралатып көрсетті. Деканның өзі бұрынырақта осы факультетті тәмәмдапты, іскер де үлгілі шәкіртті университет басшылығы аспирантурада қалдырыпты. Арғы жағы белгілі – баспалдақ бойынша жедел өсіп отырыпты. Ол: «Краков университеті Польшадағы ең байырғы университет, Варшавадағы университет ең үлкен университет, Познаньдағы ең...» дей беріп еді, мен сынай қалжыңдап: «...ақылды ақылы университет», - дедім. Ол басын изеп күлді де, бұдан былай мен де елге солай әйгілейтін боламын деді. Демек, әзіл-қалжыңды да қабыл алуға қауқарлы менеджер.  Көрнекілігін көз алдыға елестету үшін салыстыра сөйлейін. Факультет ғимаратының сәулеті Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университет жаңа корпусының сыртқы пішініне, ішкі келісіміне келіңкірейді, аудиториялардың орналасуы өте ыңғайлы.

     Осы арада поляк әріптестердің қонақжайлылығы туралы да бір ауыз сөз айта кеткен абзал. Факультет басшысы Тадеуш Валлас пен оның орынбасары Анджей Стельмах арнайы түскі қонақасыға шақырды. Біздің ас-су мәселесі өздеріңіздердің қолдарыңызда ма деген сұрағымызға олар толеранттықтың нақ өзінен туғандай жауап берді: «Саясаттану факультетінде Эфиофиядан келген бір бала оқыды. Кейін докторлығын қорғады. Сол жігіт поляк қызына үйленді. Осы жерде өз бизнесін жолға қойып алды. Мына  асханада дайындалатын мәзір соның құзырында. Оның бізге деген көзқарасы оң. Өзі тым ақылды жігіт».

     Енді рухани азыққа тоқталайық. Факультеттің жеке кітапханасында 300 мыңдай кітап қоры жинақталған. Факультеттің Ғылыми кеңесі өтетін залы да көз тартарлық, әрі ат шаптырым, әрі салтанатты. Телестудиясы, радиостудиясы соңғы техникамен жарақтанған. Ине-жіптен жаңа ғана шыққан электронды класында алпыс шақты Apple үлгісіндегі судай жаңа компьютердің барлығы студенттер еншісінде.

     Өзімізді шақырған факультетте 4200 студент оқиды, оның 800 журналистика бөлімінде. Деканның айтуынша, олардың қазіргі бағыты – жарнама және қоғаммен байланыс. Осы ретте ақпараттық рынок сұранысы әбден ескерілген. Демографиялық жағдай ма, әлде журналистика саласы да біздегідей гендерлік тенденция мен гламурдың ығына жығылып бара ма, әйтеуір, студентерінің 30 пайызы ғана ер бала, 70 пайызы қыз бала. Олардың оқу сатысы  үш жылдық бакалавриат, үш жылдық магистратура, төрт жылдық докторантура шеңберінде. Осы арада айта кетер бір нәрсе – поляк оқу орындарында ғылыми дәреже алудың бұрынғы жүйесі де (аспирантура, кандидаттық және докторлық дәреже) сақталып қалған, олар Болон үдерісіне қажеттілік, ел мүддесіне сайлылық тұрғысынан қарайды.

     Әдейі келгеннен кейін, шамамыз келгенше, барын көріп кетейік деп түйдік. Дәрістеріне де кірдік, емтихандарына да қатыстық. Аға дәріскер  Петр Мурзаның емтихан алу тәсілін ізденіс пен креативтің қоспасы деп бағалар едім. Мәселен, 50 шақты бірінші курс магистрантының бірі –  Агнешка Таларска  он минут ішінде оқытушы мен аудитория алдында «Жаңа медиа» пәнінен а) өзі түсірген анимацияны; ә) фотошеберлік жұмысын; б) аудиожазбасын қорғады. Бұл тақырып бойынша аудитория да, оқытушы да тиісті сұрақтарын қойып жатты. Міне, осындай қызу талқылаудан кейін ғана магистрант өзінің тиісті бағасын алады.

     Сабақты ине сәтімен. Университет филиалдарындағы өзге жүздесулер мен дәрістердің жөні бір басқа, журналистика бөлімі ұстаздарымен кездесудің жөні бір бөлек. Айтылған күні, сағат 11.00-де факультет мәжіліс залында бас қостық. Өз тілдерін аса қадірлейтін ғалымдар алдында біз орысша сөйлеуге мәжбүрміз, аудармашымыз – аға дәріскер Светлана Сыдун – Украинаның тумасы. Бір аңдағаным, поляк интеллигенциясы орыс әдебиеті мен мәдениетіне кет әрі емес, ал Ресей империясының бұрынғы және қазіргі саясатына аристократтық салқынқандылықпен қарайды. Оны қойшы, өз тақырыбымызға оралайық. Біз Қазақстанның өткен жолы, мәдениеті, ғылымы мен экономикасы туралы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, журналистика факультетінің арғы-бергісі, құрылымы, сыртқы байланысы, оқу бағдарламасы турасында жарты сағатттай әңгімеледік. Ара-арасында арғы тегі түркі, Нобель сыйлығының лауреаты, поляк әдебиетінің классигі Генрик Сенкевичті, осы университеттің профессоры, қаны мен жаны түркі Яцек Собчакты, ұлы атасы армян, поляк киносының хас шебері Ежи Кавелеровичті, бозбала шағымыздан фильмдерін көріп өскен әйгілі режиссер Анджей Вайданы, дүниеден ерте өткен талантты киноактер Збигнев Цыбульскийді, ай десе аузы, күн десе көзі бар  киноактрисалар Беата Тышкевичті, Пола Раксаны, Барбара Брыльсканы, ізінен қар борайтын керемет шаңғышы Юстина Ковальчикті қазақ жұрты да жақсы білетінін аңғартып қоямын. Екінші жағынан, аудитория ауанын бағып та отырмын. Риза сияқты, шынайы мағлұматтарды Интернеттен емес, осындай бетпе-бет кездесулерден, жүзбе-жүз сұхбаттасулардан алған әлдеқайда тиімді екені бесенеден белгілі ғой.

     Әріптестерімінің қойған сауалдары да өзім мөлшерлеген жерден шықты. Олардың қадалатыны Қазақстандағы сөз бостандығы, «Freedom House» ұйымының біздегі демократия мен сөз бостандығын бағалауы. Мен не дейін? Демократия мен сөз бостандығы сияқты ұғымдарды ешкім меншіктеп ала алмайтынын, әр елдің өз менталитеті мен мүддесіне қарай өзіндік өлшеу әдіснамасы болатынын, абсолютті демократия мен сөз бостандығы дүйім елге  ақыл үйреткіш АҚШ-та да жоқ екенін нақты мысалдармен айқындап беруге талаптандым. Әдептен озбадым, әйтпесе айтар уәж тіптен көп еді. Ал шахматшылардың тілімен айтсақ, ақ пен қара тең ойынға келісті.

    Бұл күндері Польша елі өмір кешудің жоғары Евростандартына ұмтылуда. Қай жағынан алсақ та. Олар осы ретте оқу орнының беделіне қатты мән береді. Әсіресе  жоғары оқу жүйесінің тартымдылығы мен танымдылығы жағына баса назар аударады. Сондықтан айтулы халықаралық ғылыми жиындарға елді іріктеп, таңдап-талғап шақырады. Өздері болса, келген қонақтар көңілінен шығуға бек талпынады. Сыртқы әлем-жәлемімен емес, ішкі түйсігімен, күн тәртібіне қойылар мәселенің мазмұндылығымен. Ал біз ше? Ежелгі қазақы күмпілдектігіміз бе, не десек те, Слубица қаласында өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференцияға келген өкілдер арасынан Қазақстан делегациясын  мәжіліс спикері бірінші кезекте, бөле-жара атағанына ішіміз жылып қалды. Іштей сол деңгейден түспейік дедік. Өзі де солай болды. Польша жеріне түскен қазақ медиа, мәдени, ғылыми десантының жағымды имиджі қалыптасуына, меніңше, редактор, көсемсөзші Сапарбай Парманқұловтың, тәрбиелі де білімді дипломат Асқар Абдрахмановтың аз еңбегі сіңген жоқ деп ойлаймын. Біз бүгінгі теория мен практиканы осылайша үйлестіре алға тарттық.

Одан әрі. Секция мәжілісінде оқылған танымал ғалым, публицист Ж. Кенжалиннің «Адольф Янушкевич как посредник и связующее звено между казахской и европейской культурой» баяндамасын ғылыми жұртшылық ерекше ықыласпен қабыл алды. Сондай-ақ  докторант М. Жаңабаев пен профессор Г. Сұлтанбаеваның «Формирование евразийского культурного пространства: сегодняшний день и будушее» атты ортақ тақырыбының, ізденімпаз зерттеуші Ж. Бекболатұлының «Связи с общественностью в системе местного самоуправления» сынды баяндамасының зәру мәселелерге арналғанын тыңдаушылар атап көрсетті. Біз де пленарлық мәжілісте «Современный новостной пакет журналистики» атты баяндамамыздың видеонұсқасын ұсындық, қазіргі қазақ жаңалықтарыының табиғатына, олардың уақыт пен кеңістіктегі  орны мен роліне тоқталдық.

     Дана қазақ: «Жүргенге жөргем ілінеді», - деп бекер айтпайды. Біз поляк жерінен  дос таптық, пікірлес таптық. Ақпараттық, мәдени, ғылыми көкжиегімізді кеңейте түстік. Олай болса, Нобель сыйлығының лауреаты, болмысты ақ өлеңмен кестелеуші Вислава Шимборская жазғандай:

                                               Өмірдің ұзақ болуына қарамастан,

                                               Қысқа болу керек өмірбаян.

                                               Деректер қысқа мазмұндалсын.

                                               Пейзаждарды мекенжайлармен,

                                               Бұлдыр күндерді нақты мезетпен

                                               Ауыстырып жазғын, - дейміз де.

Кәкен Қамзин,

Филология ғылымдарының докторы, профессор.    
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір