• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:39:50
Алматы
+7°

28 Ақпан, 2013 NEWS

«Шұбар жыландар» ата-анасын қайда апара жатыр?

Заманына қарай адамы, адамына қарай ортасы қалыптасатын қазіргі қоғамды әділетсіздік  пен  безбүйректік  жайлап  барады. Өзінен туған баласын өзгеге тастап...

Заманына қарай адамы, адамына қарай ортасы қалыптасатын қазіргі қоғамды әділетсіздік  пен  безбүйректік  жайлап  барады. Өзінен туған баласын өзгеге тастап кететіндер  мен үкілеген ақ үмітін аяқ асты етіп, қартайған  шағында іштен шыққан шұбар жылан – ұл-қыздары  өз ата-анасын өзекке  тебетін жауыздық  пайда болды. Мұндай  қатігездіктің  бұлтартпас дәлелі −өзімен-өзі  бұйығы  тіршілік  кешіп,  сұрықсыз күйге  түскен,  қоғамнан  қарасын  үзген  «жапандағы жалғыз  үй» − қарттар үйі.  Жылдан жылға қарттар интернатын паналайтындар саны  өсіп келеді. Қорқынышты  жайт.  Алайда  мұны қалай  тежеп,  қоғамға  тоқтау  айтуға  болады?  Сауал  көп,  жауап  жоқ...

    Біздің  халықта  қарттар  үйі  мүлдем  болмаған.  Қазақ қартын тентіретпеген. Қайта  «көнекөз  қарт,  қазыналы  қария»  деп егде тартқан  жандарға ерекше  құрмет  көрсеткен. Қарттар  үйі  деген сұмдық  кеңес  үкіметін тұсында  қалалы  жерлерде,    оның  өзінде тек  орыс және  басқа  да  ұлттарға  арналып салынды.  Кейін сол  қызыл  өкімет  тәрбиелеген  мәңгүрттер де  ата-анасынан кері  айналып,  қарттар  үйін апарып тастайтын  болды.  70 жыл бойы санасы  уланып,  дінсіз,  тілсіз  болып  өскен  ұрпақ  қарттың  қадірін  қайдан  түсінсін?!  Жыл санап  қараусыз, баспанасыз қалған қарттардың  көбею себебін әркім әр түрлі  топшылайды.  Біреулер «тағдыр» деп қараса, екінші бірі бауырмалшылдықтың жоқтығын, ағайын арасындағы алшақтықты кінәлайды.  Сананы тұрмыс  билейді  деп,  бар   кінәні  тұрмысқа  арта  салатындар  да  жетерлік.  Бірақ,  «не  ексең,  соны  орасың»  демекші,  жас  шағында бала тәрбиесіне  дұрыс  көңіл бөлмеген  сол  қарттардың  өздерінің  де  кінәсі  бар  шығар.  Баласын балабақшаға  тастап  кете  беретін  ата-анадан  үлгі  алған  бала «ұядан  не  көрсе, ұшқанда  соны  іледі»  емес  пе?  Жүгенсіз  кеткен  жастардың  ата-анасын  сыйламауынан,  келіннің  ата-енеге  қыр  көрсетіп,  күтім  жасамауы,  өзінне туған  ұл-қыздарының  имансыздығы қарттарды   тентіретіп  жіберді.  Осындай  ата-анадан  гөрі  қарақан  бастың  қамын  ойлайтындар  көбейгендер есебінен қарттар  үйі  де жыл санап артып келеді.

Еліміздің  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2006 жылғы жүргізген есебі бойынша, Қазақстанда  мүгедектер мен қарттарға арналған интернат-үйлер көбеюде.  2008 жылғы  мәліметтерде  ел бойынша 67 қарттар  үйі  тіркеліп,  онда  12 мың  қарт  орналасқан болса,  2012 жылы  қарттар  үйінің  саны  87 –ден  асып  жығылған. Мұнда  35 мыңға жуық қазақстандық  тұрады. Оның 45,5 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Бұл небәрі 17млн.  халқы бар   біздің мемлекет үшін тым жоғары көрсеткіш. Мақтанарлық  емес, әрине!  Ұлттың  ұсақтанып, иманның әлсіреп,  сананың құлдырап  бара  жатқандығының  көрінісі.

Жақында Алматы қалалық Ардагерлер үйіне бас сұқтық. Қарттар үйінің жұмыскері Ақылбекова Бегайым ханымнан қарттар  жағдайына  байланысты  біраз  жайтты сұрап,  білдік.  Оның  айтуынша,  мұнда  айына кем дегенде 2-3 адам келіп түседі. Орта есеппен жылына  15-18 шақты қарт орналасады. Былтырғы 2012 жылғы жалпы есепте 326 адам тіркелсе, биылғы бастама есепте   313-ке жетіп отыр. Соның 112-сі – қазақтарЖасы жеткендер өмірден  озады, бір-екі айда орындары қайта толығады. Бұл үйде ақ сақалды, ақ самайлы ата-әжелеріміз, талай жыл бейнет кешкен қариялар  мен кеуана-қарттарымыз, әртүрлі топтағы мүгедек жандар, мемлекет көмегін қажет ететін  және жалғызбасты адамдар тұрады. Ал «Ардагерлер» үйі  директорының орынбасары Әлия Оразқұлова: «Интернатқа жасы 70-тен асқан жақындары, бала-шағасы жоқ зейнеткерлер мен мүгедек жандар келеді. Басым көпшілігі орыс ұлты, одан кейін қазақ қариялары.Олардың алғаш түскен айында көпшілік қоғамға бейімделуі қиын. Ол үшін арнайы психолог мамандар жұмыс жасайды. Алғашқы жәрдем көрсететін медбикелер де бар. Жақсы жағдайдың нәтижесінде олар ұзақ ғұмыр кешеді», -дейді.

«Ардагер» деген атауы бар «сыйлы» үй болса да, шынтуайтына келгенде, кәрілік  келгенде жетімдік күйін  кешкен   жарымжан жандардың баспанасы деуге  болады. Мұндағы   әр қарттың  жүзінен мұң, көз жанарынан  ешкім ұға білмес қаяуды көруге болады.   Қарттық  келгенде  жас  күніндегі  бейнеттің  зейнетін  көріп,  немере иіскеп, жылы  үйде   өмір сүргенге  ештеңе жетпейді.    Мемлекеттің төрт мезгіл берген тамағы да, жәрдемші болған жандар  да,  өзі  секілді  тағдырдың  тауқыметін  тартып  жатқан  замандастарының  әңгімесі  де  өз үйіне жетпейтіні  хақ.  Алайда, тіршіліктің тауқыметін сылтау  етіп,   көз тоймайтын құнсыз дүниеге құныққан бүгінгі жастар  «қаусаған қасіретті қариялармен» санасар ма?!

Жұмыр  басты пенде   жаратқаннан  ұзақ  ғұмыр  сұраймыз.  Алайда   ұзақ ғұмырдың соңы  немерелерін  иіскеуге  зар  болып  төрт  қабырғаның  ішінде қамалып  өтер болса, өмірдің мәні жоғалса, онда  ұзақ  ғұмырдың маңызы қанша?!  Мұндайда «Онша тер емес еді-ау пәтерің де, Осында тастап кеттің әкелдің де, Сынаптай сыртын берсе туған балаң, Тірідей өлгені ғой әкенің де» деген «Қара шалдың» монологы ойға оралады.

Ұлжан Бөкентайқызы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір