• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 09:36:29
Алматы
+12°

09 Сәуір, 2015 NEWS

Қазақстандағы ресейшілдік синдромы

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі саяси тақырыптардағы тартыс, заң бұзушылықтарға ұласып, арты соттасумен аяқталған. Қазақстандықтарды екі ойлы, дүдәмал жағдайға...

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі саяси тақырыптардағы тартыс, заң бұзушылықтарға ұласып, арты соттасумен аяқталған. Қазақстандықтарды екі ойлы, дүдәмал жағдайға жеткізген Алматы қаласының тұрғыны Татьяна Шевцова-Валованың әрекеттері еліміздің ұлттық-рухани келбетіндегі қордаланған өзекті түйткілдері мен  мәдени-идеологиялық, саяси идеялардың нарығындағы олқылықтарының терең тамыр жіберіп, кең қанат жайғандығын көрсетеді. Қазақ жерінде туып-өскен, осы елде бой жетіп, отбасылы болып, ұрпақ тәрбилелеп отырған азаматтың осындай радикалды, деструктивті, экстремизмге, нәсілшілдікке, адамдарды жек көру мен зорлыққа толы ойлары бір күннен не кенеттен туындаған мәселе деп есептемеймін.

«Алдымен экономика, содан кейін барып саясат» қағидасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Қош делік. Еліміздің «барыс секірісі» мен «экономикалық таңғажайыптары» туралы әлі ести жатармыз. Мені мемлекетіміздің саяси-идеологиялық ұстындары мен  келбеті қатты алаңдатады. Өкінішке орай біздің елде деколонизация, отарсыздандыру үдерісі толық жүргізілмеді. Солтүстік Қазақстан облыстары, Орал, Қарағанды т.б. қалаларында отаршылдық, кеңестік онамастика іздері мұрты бұзылмай ол тұр. Әсіресе, орыстілді азаматтар кешегі Кеңестік идеологияның шырмауынан толық әлі ажырай алмады. Оның сүт бетіне қалқып шыққан қаймағы Татьяна Шевцова-Валова және оның қолдаушылары. ТШВ-ның (бұдан әрі - Татьяна Шевцова-Валова) саяси танымы мен тарихи санасы, ұстанымы мен көзқарасы әсіре шовинистік танымға негізделген, кешегі Кеңес өкіметінің жалған насихатының жемісін «тарихи әділдік», «тарихи объективтілік» деп қарастыратын «Кеңестік идеологиясы» ұстанымдары жатыр. Осы уақытқа дейін өмір сүріп келе жатқан «кеңестік стеоретиптер» мен «жалған тоталитарлық шындықты» біздің республикамыз заңды тұрғыдан терістеп, әділдікті орнатудың құқықтық шараларын жасады ма?   ТШВ-ның көзқарасындағы «тағы», «жуынбайтын», «биті өріп жүрген», «киізден битін теріп жеп отыратын» ешнәрсеге жарамсыз, қор халық – қазақ па? Онсыз да патшалық Ресей мен қызылдар қырғыны, Сталиндік террордан орны толмас азап шеккен қазақ елі осындай әділетсіз, ауыр жазғыруларға лайықты ма еді?

79867

ТШВ мен сол сияқтылардың желпінуі, Ресей билігінің жүргізіп отырған саясаты мен көрші елде орын ала бастаған «солақай, зұлым, екіжүзді» саясаттың жемісі. Қазіргі Ресейде билік әсіре ұлтшылдармен, коммунистермен, радикалдармен, діншілдермен ауыз жаласқан. Империяны қалпына келтіру, әлемде өз ықпалын күшейту, Кеңес өкіметі саясатын дәріптеу, Сталинді дәріптеу, ақтау, тіпті Волгоград қаласына Сталинград деген бұрынғы есімін қайтаруға биліктің оң қабақ танытуы, бұрынғы посткеңестік республикаларда Ресей билігінің ықпалын арттыру, сақтап  қалу, «орыс әлемі» өркениеті, Қазақстанды осы «орыс әлемі» өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде тану сынды деструктивті идеялар мен тұжырымдамалар Ресейдің мемлекеттік идеологиясына айналып отыр. Ал Қазақстан билігі қанша жерден иілгіш, көнбіс, азусыз, құлдық идеологияны дәріптеп баққанымен, одан да нәтиже шығара алмады. Тарихи әділетсіздікке толерантты болу керек пе? Тарихи әділетсіздікке толерантты болу мүмкін бе? «Жауырды жаба тоқу», не көрші елдің қату қабағына ілікпейік деп ішкі саясатымызды да  көрші елдің идеологиясына орайластырып жүргізуіміз өз жемісін берді ме? Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне толыққанды іске асырыла алмай отыр, басқарушы-қаржылық элита орыстілді, халықаралық басқосулар толық дерлік орыс тілінде өткізіледі, патшалық Ресей мен Кеңес өкіметінің арқасында «адам қалыбына келдіңдер, ел болдыңдар» деген мұрты бұзылмаған өктемшілдік әлі күнге дейін үстемдік етіп келеді. Биліктің «Нұр Отан» партиясымен қатар, Қазақстанда халықтық коммунистік партия насихатталып, екінің бірінің қолы жете бермейтін әр Президент сайлауына қатысады, ұлтшыл-демократтарға орын жоқ Мәжілістен орын алады. Соңғы кездері әлемнің бәсекеге қабілетті дамыған өркениетті елдері Қазақстан билігінің ресейшіл ұстанымына көз жеткізгендей. Әрине, демократиялық құндылықтарды ұстанатын, дәріптейтін, халықаралық құқықтар мен келісімдерге қол сұқпайтын Ресей Федерациясымен қарым-қатынаста болуға ешкім қарсылық білдірмейді. Қазіргі Ресеймен одақтас болып, «ортақ ақпараттық кеңестік құру» отаршылдық экспансияның жандануына алып келеді.

1932-1933 жылдары Сталиндік биліктің Қазақстан жерінде жасаған, қолдан ұйымдастырылған Ашаршылық осы уақытқа дейін өзінің саяси бағасын алған жоқ. Осы Ашаршылық пен ашаршылық құрбандары туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Заң қабылдауы керек. Украина Радасы Голодомор туралы айыптаушы Заң қабылдап, Геноцид деп таныды. Украинаның осы қабылдаған Заңының негізінде Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы №1723 қарарында тоталитарлық сталиндік режимді айыптап, Геноцид ретінде бағалады, таныды. Өкінішке орай, біздің аса толерантты өкіметімізден бұндай батырлық шыға қоймады. Соның кесірінен «тағы, малмен бірге мал болып, киіз үйде битін теріп жеп жүрген халық» атандық. 1932-1933 жылдардағы Ашаршылықты Сталиндік биліктің қолдан жасағаны тарихи тұрғыда дәлелденді. 1931 жылы КСРО өмір сүрген кезеңдердегі астықтың ең көп мөлшері жиналған мемлекетте, астық су тегінде экспортталып, есесіне Украина, Қазақстан, Белорусь, Ресейдің Солтүстік Кавказ, Еділ бойы, орталық-қара топырақты аудандарында аштық жасалды. Қанішер билік аштықтан қырылып жатқан өңірлерге көмек қолын созуға да асықпады. Нәтижесінде тас-талқаны шыққан адам тағдырлары, тау-тау болып үйілген өліктер, шаңырағы ортасына түскен халық, тоз-тоз болып бас саудалап қашу, шет асу. 1929-1931 жылдары Кеңес билігінің жүргізіп отырған зұлым саясатына қарсы Қазақстанда 80 мың адам қатысқан 372 көтеріліс болған. Бұл көтерілістер Кеңес әскерлері тарапынан аяусыз жазаланған. Одан 1937-1938 жылдардағы репрессия.

Ұжымдастыру, бай-кулакты қудалау, кәмпеске, ашаршылық, жазалау, репрессияның нәтижесінде өз жерінде азшылыққа ұшыраған қазақ елі Ресей патшалығы кезінде жүзеге асырылған сулы және шұрайлы жерлерден күшпен көшірілу саясаты Кеңес өкіметінде жалғасын жауып, қазақ ұлты өкілдері шөл-шөлейт, егіндікке жарамсыз жерлерге ығыстырылды. Бүгінгі күні де Қазақ халқы осы отаршылықтың зардабын әлі күнге дейін тартып, өзінің әлеуметтік мәселелерін әлі күнге дейін шеше алмауда. Солай бола тұрса да, ешкімге өктемділік көрсетпедік, ешкімнің жағасынан алмадық. Қоңыр қазақ тырбаңдап өзінің қоңыр күйін кешіп жүрді. Енді міне, саясат желі өзгеріп, Ресейден шовинизмнің ыстық желі есіп еді, бізде бұғып жатқан сұңғыла арамшөптер қаулап өсіп шыға бастады.

Мың өліп, мың тірілген қазақ елі Ресей билігі, саяси партиялары, олардың саяси-көсемдерінің реакциялық идеяларынан сақтана білу үшін Ұлттық Тарихқа ешкімге жалтақтамай, әділетті ұстаныммен қарау керектігіне зәру. Ол үшін Сталиндік тоталитарлық режимді және оның Қазақ еліне істеген зұлматтарын айыптап, оны Геноцид деп танып Ашаршылық туралы заң қабылдануы керек. Қазақстанда Коммунистік партиялардың қызметі тоқтатылып, заңсыз деп танылуына қарар қабылдануы қажет. Коммунистік партия мен Кеңестік биліктің жалпыадамзатқа қарсы қылмыстарын әшкерелейтін еңбектерді халықтың жадына ұғындыруда насихат жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан тарихының осы кезеңін оқытуда аса ерекше мән берілуі тиіс. 1929-1931 жылдары орын алған 372 көтеріліс туралы деректі фильмдер түсіріліп, көтерілістердің шығу себебі мен мақсаты БАҚ арқылы танытылса нұр үстіне нұр. Тәуелсіз Қазақстанның әскери-патриоттық тәрбиесінің  негізі – қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін күрескер батырлар мен Азаттықты сақтап қаламын деп тырысқан азаматтардың отаршыл билікке қарсы бас көтерген ерліктері болуы тиіс.

Татьяна Шевцова-Валова көзқарастары еліміздің тарихи-саяси, идеологиялық нарығында солқылдақ, ездік ұстанымдар орын алып тұрған уақытта арылмайтын құбылыс. Одан «Татьяна Шевцова-Валова синдромы» қалыптасып, елдігімізді, ұлттығымызды мойындамайтын, құрметтемейтін азаматтар қатары көбейетінін білдіреді.

Тарих әділетсіздік пен жауыздықты сүймейді және әрқашан әділеттіліктің салтанат құруын талап етеді.

Ноябрь Кенжеғараев – ф.ғ.к., Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Сурет: demiart.ru

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір