12 Ақпан, 2013 NEWS
Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі ─ заман талабы
Бүгінгі таңда қазақ қоғамында латын алфавитіне өту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Өте дұрыс! Бұл ─ маңызды да өзекті мәселе. Әрине дәл осылай қоғамның...
Осы орайда, пікір айтқан азаматтардың көпшілігі Қазақстанның кириллицадан латынға көшуінің қажеттілігін баса көрсетіп жатыр. Аз ғана адам осы кириллицада қалу керек деген уәж айтуда. Олардың бұл үшін айтар бір ғана себебі бар: латын әріптеріне өткен жағдайда, соған дейін кириллицада жазылған кітаптар, мақалалар, журналдар не болады; келер ұрпақ осылардағы бай рухани мәдени мұрадан көз жазып қалады деген алаңдаушылық. Біздің ойымызша, мұндай уайым орынсыз. Келер ұрпақ ешқашан кириллицамен жазылған дүниелерден көз жазып қалмайды. Себебі, Қазақстанда орыс тілі әрқашан екінші тіл орнында жүреді. Мұндай тәжірибе басқа елдерде баршылық. Мәселен, Алжир ─ кезінде француздардың отары болған ел. Отарлық кезеңде халыққа жаппай француз тілі үйретілген еді. Бұл ел 1962 жылы отарлықтан құтылып, тәуелсіздігін жариялады. Содан бері өткен 51 жылда француз тілі ұмытылған жоқ. Қайта әлі де болса француз тілі мектептерде үйретілуде. Өйткені француз тілі ─әлемдік мәдени тілдердің бірі. Сол тіл арқылы француз мәдениетінің жетістіктерінен Алжир халқы пайдалып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда Алжирдің халқы араб және француз тілдерінде бірдей еркін сөйлеуде. Мұны өткен желтоқсан айында Парижде кездескен бір француз оқымыстысынан сұрап үйрендім. Алжир халқында бізді қызықтырғаны, оларда француз тілін білетін, бірақ ана тілі, арабшаны білмейтін бір де бір алжирліктің жоқ екен. Барлығы екі тілді толық меңгерген. Құдай тағала бізге де осындай бақытты жазса екен! Сол секілді орыс тілі де әлемнің алда келе жатқан мәдени тілдерінің бірі. Қазақ халқының бұл тілді ешқашан ұмытпауы керек. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үш тұғырлы тіл саясатында нақты ортаға салынғандай, қазақ, орыс тілдеріне қоса ағылшын тілін де халқымыз толық меңгеруі тиіс. Ал орыс тілін білген қазақтардың орыс тілінің төл әліпбиі кириллицамен жазылған қазақша кітаптарды қиналмай оқи беретіні анық. Сондықтан латынға өтсек, ұрпақтарымыз кириллицадағы рухани қазыналарды қалай оқиды деп алаңдауға негіз жоқ. Тіпті латынға өткеннен кейін бұрын кириллицамен жазылған еңбектерді латынға көшірудің де қажеті жоқ. Оларды қазақ және орыс тілдерін білген кез-келген адам еркін оқи береді. Ал латынға көшу не үшін қазаққа қажет деген сұраққа келер болсақ: Біріншіден, қазақ халқы славян тектес халық емес, сондықтан славян тектес халықтар қолданысындағы әліпбиді қолдану ынғайсыз. Әрі тәуелсіз Қазақ еліне Кеңес Одағы кезінде қазақ халқының ықтиярынсыз таңылған бөгде халықтың әліпбиінен арылатын кез келді. Бүгінгі таңда кириллица әріптерін әлемде он екі ел қолданады: олардың сегізі славян тектес халықтар. Атап айтқанда, Белоруссия, Босния, Болгария, Македония, Черногория, Россия, Сербия және Украина. Славян текті емес Казақстаннан басқа, Кырғызстан, Монголия жәнеТәжікстан секілді төрт ел де осы қаріпті қолданады. Ал осы төртеудің ішінде Монголия мен Тәжікстан сол кириллицаға қоса өздерінің төл әріптері - монғол және арап жазуларын да бірге пайдалануда. Демек, әлемде кириллицаға кіріптар болып отырған екі-ақ ел бар. Олар - Қазақстан мен Қырғызстан. Қазақтар мен қырғыздар түркі-мұсылман халықтар тобына жатады. Сондықтан бұл ұлттар орысқа бодан болмастан бұрын арап әліпбиін ұстанатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, оның құрамындағы түркі-мұсылман халықтары: Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан тәуелсіздік алғаннан уақыт өткізбестен кирилл әліпбиінен бас тартып, бүгінгі таңда түркі-мұсылман халықтар қолданып жүрген латын әліпбиіне көшті. Міне, сондықтан Қазақстанның да латынға көшетін уақты келді. Бірақ Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі көршісі Ресеймен достық байланыстарынан бас тартады мағынаны білдірмейді. Өйткені ол ─ Қазақстанның ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Мұндай мәселенің көрші елдермен қатынастарға еш қатысы жоқ. Ресей ─ Қазақстанның көршісі, екі елдің достық негіздегі байланыстары екі елдің пайдасы үшін екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыра беруге кедергі емес. Екіншіден, қазақ халқы латынға көшу арқылы бүгінгі үстем мәдениеттердің кіші мәдениеттерді аждаһадай жұтып жатқан жаһандану дәуірінде өзінің ұлттық мәдениетін, тілін сақтауға септігін тигізеді. Өйткені қазақ латынға көшу арқылы өзіне туысқан әзірбайжан, өзбек, түрік, түркімен сияқты елдермен бір әліпби жүйеде болады. Сөйтіп туысқан елдер бір-біріне селбесіп, жаһандану дәуірінің мәдени қауіп-қатерлеріне қарсы бірге табан тірей алады. Үшіншіден, латын әріптері бүгінгі таңда технология мен компьютерге ең ынғайлы әріп жүйесі. Сондықтан бұдан да ұтарымыз көп. Латынға көшу үрдісі жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Жалпы айтқанда, латын қарпінің бірнеше нұсқасы ұсынылып жатыр. Ал біздің ел тек өзіне лайығын ғана таңдап алғаны дұрыс. Біреулер ағылшын тіліндегі нұсқасына сол күйінде өтейік десе, екінші біреулер түрік тілінің толықтырылған нұсқасын алайық, ал үшінші біреулер латында қазақ тілінде жоқ дыбыстарға жаңа таңба табайық немесе сол дыбыстарды қос әріптермен бейнелейік дейді. Алайда біздіңше, ағылшын тіліндегі латын қарпі қазаққа мүлде келмейді. Және жаңа әріп немесе қос әріп пайдаланудан қазақ халқы не ұтады? Сондықтан Түркияның 90 жылдан бері қолданып келе жатқан, ғалымдар тарапынан толықтырылған 34 әріптік жүйесін пайдаланған дұрыс. Һәм бұл әріптерді бүкіл Түркі дүниесі пайдаланатын болса, 200 миллионнан астам түркі дүниесі арасында түсіністік те, ынтымақтастық та нығаяр еді. Сөйтіп қазақ халқы бір оқпен екі қоян атып, әрі бүгінгі заманауи ең үздік әліпби жүйесіне өткен болады, әрі туысқан халықтармен ынтымақтастығы күшейе түседі. Бөлінгенді бөрі жейді деген қағида әсіресе, бүгінгі жаһандану дәуірінде ескеретін жайт болып отыр. Тағы бір айтарымыз, латын әліпбиіне көшіру барысында көп қиындық болады деуге еш негіз жоқ. Өйткені бүгінгі таңда әсіресе, жастар ағылшын тілін де білетіндіктен латынға көшкеннің өзінде қиналмай оқи да, жаза да білетін болады. Тіпті бүгінде Қазақстан латынға көшу туралы шешім қабылдамаған күннің өзінде,жастар жағы ғаламтор торабында латын әріптерімен қазақша жазып та жатыр. Қиындық 40-тың үстіндегі, ағылшын тілін мүлде білмейтін азаматтарда болуы мүмкін. Олар латын әріптерін бір екі күнде оқи алатын болса да, біраз уақыт сол қаріппен жазуға қиналары анық. Бірақ негізінде оңнан солға қарай жазылатын арап әріптеріне қарағанда, кириллица мен латын әріптерінің жүйесі бір. Тек бір қатар әріптерінің бейнесінде өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы, 2014 жылдың басынан латынға көшуді қабылдаса, бір жыл көлемінде екі әріп жүйесі қатар қолданылып, 2015 жылдан бастап толық латын әріптері жүйесіне өтуіне болады. Яғни бір жылда бүкіл Қазақстан жұрты латынды үйреніп алатын болады. Сонымен сөзімізді қорытар болсақ, латын әліпбиіне көшу тәуелсіздігіне 22 жылдан астам уақыт өткен және халықаралық қауымдастықта беделді орынға ие болған Қазақстанның руханият саласындағы тәуелсіздігін айғақтайтын шара болып табылады. Сонымен қатар, әлемдік технологияда үздік дамыған елдер және туысқан түркі халықтарымен етене араласуына мол мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл шара Қазақстанның бүгінгі руханиятын дамыту болып есептеледі. Сондай-ақ, ол тәуелсіздікті, әсіресе мәдени саладағы тәуелсіздікті бекемдей түседі. Сондықтан Қазақстан латынға неғұрлым тезірек көшсе, соғырлым ұтымды болмақ
Әбдіуақап Қара Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры "Қамшы" сілтейді
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір