• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 02:14:59
Алматы
+12°

08 Қаңтар, 2013 NEWS

Қажығұмардың Шаңхайда туған ұлы Қазақстанда тұрады

Құдіретті оқырман, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз. Қажығұмардың Қазақстанда ұлы бар. Шын мәнінде бұл адам күрескер жазушыдан қалған жалғыз еркек кіндік......

Құдіретті оқырман, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз. Қажығұмардың Қазақстанда ұлы бар. Шын мәнінде бұл адам күрескер жазушыдан қалған жалғыз еркек кіндік... Қажекеңнің Қытайда ұлдары бар дейтіндерде шығады. Оған Қажығұмар Шабданұлының өз хаты жауап берсін.

 «Біз де аманбыз. Біз дейтінім, Қажығұмар-Бақыш семиясы. Баламыздың үлкені  Бақытгүл, 23 жаста, қызметте. 2-сі Қайыржан 19 жаста, Құлжада институтта оқиды. 3-сі Пәтима 17 жаста, орта мектепте, келер жазда бітіреді. 4-сі Бауыржан 13 жаста. Ең кішісі Жайнар 5 жаста. Бұлардан үлкен Пәйма, Ажар дейтін екі қыз мен жоқта ұзаталып кетіпті. Жайнар жолдастан басқасы Әжығұмардан. Ал Тайман нағашысы Қалбастың қолында. Былтыр үйленді. Әжығұмар мен Кішән өлген. Естіген шығарсыңдар(бірі 1974 жыл, бірі 1967 жыл)».

Иа, Қажекеңнің балаларым деп отырғаны інісі Әжығұмардың тұяқтары. Ал хатта аталған, өз кіндігінен тараған Тайман 1998 жылы қайтыс болды. Жұлдыз, Құндыз атты екі қызы бар.

Сонда көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Қажығұмардың ұрпағын жалғастыратын бір еркек кіндікті қалмағаны ма? Әлде біз білмей жүрміз бе? «Қылмыс» романында ерекше әкелік мейірімі түскен, Қазақстанға оралғанда алдынан шығатын Асқардың прототипі кім? Менің алдымда әйгілі қазақ жазушының атажаұрттағы бауырларына жазған бірнеше хаты жатыр. Сол хаттардың ішіндегі мына сөйлемдерге назар аударып көрейішкі...

«Балалардың үлкен-кіші бәріне де, егер таныстық-туыстық байланысы болса, Маздатқада (Қапшағайда деп естимін), келіндерге де көруге аңсаулы сәлемімді жеткізерсіңдер. 1985 жыл, 18 август».

«Ал, екі Маздатта Қапшағайда тұрғанын білдім. Үлкен Маздатты Мәруанның жездесі – Исабек иеленіп, «Сәруардан туған» деп жүр екен. Соның фамилиясында жүрген сияқты. Қапшағайда өзі орта дәрежелі техник(МТС-та ма, депода ма, әйетуір бір стансияда істейді). Келін (Жалайыр қызы) сондағы бір мектепте оқытушы. Екі ме, үш пе баласы бар. Аман-есен екендіктері ап-анық. Олардан қам ойламаңдар. Өздері-ақ танысып-табысатындығына сенімім бар! Өздері енді бірер жылда ұғысып болуы мүмкін. 1985 жыл, 27 декабрь».

Қажекең айрықша атап отырған Маздат кім? Мәруан кім? Енді осыған тоқталайық. Мәруан Қасымқызы – Қажығұмар Шабданұлының ең алғашқы жары. Мұны Қажекеңнің туыстары мен бүгінгі көзі тірі бауырлары жақсы біледі. Ал Маздаттың кім екенін Мәруан Қасымқызының өз ауызынан естиік.

Мәруан Қасымқызы:

–        Мен 1937 жылы туылғам. Құлжа қаласында туып-өстім. Әпекем Қазақстанда туылып, 3 жасында Қытайға өткен. Қазақстандағы атажұртымыз Қапал-Арасан. Қапалдың төре тұқымынан екенбіз.

15 жасымызға жетер-жетпес кезімізде бір указ шықты. Кім Чау Шиянь(Корея) соғысына барса, жағдайы жақсы болады деп. Біз өте кедей болдық. Әкем елдің малын бағады, шешем елдің нанын жабады. 2 қыз, бір ұлмыз. Мен біреудің баласын бағып жүрдім. Қазақ ұйшымасында оқыдым. 6 сынып оқып жүрген кезімде Дәнеш Рақышев «Совет Союзынан кісілер келе жатыр екен, соған әнші керек, биші керек» деп ішінде мен бар төрт қызды алып кетті. Екі қыз ән айтты. Екі қыз биледік. Советтен келген қонақтарды аэродромда қарсы алдық. Осыдан кейін-ақ мені «мына қыздан бірдеңе шығады екен» деп Шара Жиенқұлова Қазақ ұйшымасының жанындағы қазақ театрына әкелді. Әкемді шақырып алып, 12-13 метр шапандық барқыт берді. «Қызыңды бер, өзіміз оқытып, өзіміз жеткіземіз, советке алып кетеміз» деді. Әкем айтты: «Мен тұрғанда қызымды бермеймін. Мен өзім советтікпін. Паспортым бар. Егер шамаларың келсе отбасымызбен көшіріп алыңдар» деп мені бермей қойды. Олар маған «Айжан» деген биді, «Қазақ вальсін» үйретті де, «кейін келесің, шақыртып аламыз» деп елдеріне қайтты.  1951 жылы Чау Шияньға баратындарды жинай бастады. «Тәуекел, мен барам» деп шықтым. Содан Үрімжіге Қазақ театрына келдім. Ол жерде оқымаса болмайды, оқу керек деген әңгіме шықты. Соған орай біраз уақыт саяси сабақ өтілді. Кейін Қашқарға, Хотанға «жаңа үкімет келді, жаңа партия келді. Ер мен әйелдің құқығы тең» деп үгіт-насихат жүргізуге жіберді. Соның әсерінен көптеген әйелдер мен қыз балалар шашын қиып, шолақ етек киіп шыға келді. Кейінірек Алтай, Шәуешек жаққа бардық. Сөйтіп жүргенде Чау Шияньға баратын кезек келді. Үрімжіден 60 адам жүрдік. Біздерді еркекше киіндіріп, жүргізіп, тұрғызып бәрін үйретті. Күндіз окоптың ішінде ойын қоясыңдар, түнде штаб пен штабтың арсында еңбектеп жүресіңдер деді. Сөйтіп неше түрлі қиындық көріп 6 ай Кореяға барып қайттық. Қайтып келгеннен кейін оқуымыз керек еді. Ол да қалды. Тетатрда жүрдік. Жігіттер келіп-кетіп жүретін. «Қасен-Жәмилада» басты рөлде ойнаған Абылай Жұмаханов деген жігіт болды. Сол айналдырып жүріп, «жазушы, пәлен-түген» деп Қажығұмарға таныстырды. Ол артымнан қалмай жүрді. Бізге ие болып жүрген Зәкен деген үлкен кісі бар еді. Соған барды. Ол кісі: «жоқ, әке-шешесіне мен не деп айтам? Бұл әлі жас, оқу керек» деді. Бұл сөз жайына қалды да, бір күні екі кештің ортасында бір жатаққа бардық та, апыл-ғұпыл үйленген болдық. Ол жерде көп тұрмадық, 2-3 ай ғана паналадық. Асты қызыл, үсті көк пердемен қымталған төрт терезесі бар жатақ үй еді. Қарсымызда Абылайлар тұрды. Қажығұмардың қолынан қағаз түспейтін. Тәңертең ол жұмысына кетеді, мен тетарға кетем. Кейіннен мені театрға жібермеймін деді. Бастығымыз оған көнбеді. Шаңхайға алып кетті. Қажығұмар одан сайын айғайлады, аттандады. Бәрібір қызмет бабымен Шаңхайға кеттік. Сол кезде ішімде осы Маздат бар екен. Билеп, әйтіп-бүйтіп жүргенде ішім томпайып шыға келді. Сондықтан «Жәмиланың» жанында жеңіл-желпі рөлдерде ғана ойнадым. Шаңхайда 6 ай болдым. Соның арасында қыстың аязына қарамай Маздатты босандым. Қажығұмардың хаты бойынша, «Маздат» деп ат қойдық. Босана салып, бала қырқынан шықпай орап-қымтап, жолға аттандық. Үрімжіге аман-есен жеттік әйтеуір. Әкесі қуаныш қылған жоқ. Өзімен өзі. Мен өзіммен өзім. Не жатақ жоқ, не үй жоқ. Өзінше бюрократ. Тіпті бір күні театрға жібермей, тірідей өлтірем деп, екі қолымды байлап тастады. Екі ай тұрдық та, театр көшетін болғандықтан, майдың 15-інде Құлжаға кететін болдық. Қажығұмар бірге шықты. Құлжаның ортасында «Айран барақ» деген бақ болатын. Үлкен стадион. Қолда мекен-жай болғаны болмаса, өз үйімді білмеймін. Сосын бір арбалар келді. Солар апаратын болды. Сөйтіп тұрғанда Бұқара Тышқанбаевтың шешесі жүгіріп келіп, «барсың ба, қызым, шешең күндіз-түні жылап, әбден өлетін болды, тірі кезінде көріп қал, жүрші, мен алып барайын» деді. Қажығұмар «Қадыр бағы» деген жерден жаяу, арбаға ілесіп жүрді. Әкем өкіріп жылап көрісті. Ішке кірсем шешем жұдырықтай ғана кемпір болып қалыпты. Байдың есігіндегі бұл екі ауызды үйді Қажығұмар ұнатқан жоқ. «Жүр, кетеміз» дегендей ыңғай танытты. Жездем мен әпекемде осы үйде екен. Үйленгендеріне 10 жылдай болған... Кішкентайлары жоқ. Мен кетпеймін, ауру шешемді тастап кете алмаймын дедім. Бұған көнбей біраз күштеп көрді де, соңында ақылына келіп, жолығып тұрамыз деп чемоданын алып кетіп калды. Мен шығарып салдым. Содан кейін мен театрыма кеттім. Маздатты әпекем алды. Бір күні «Советке кететін болдық» деп жездем алақайлап келді. Сонымен отбасымызбен көшетін болдық. Мен қалайын десем жанымда Қажығұмар жоқ. Бар болғандада әлпештеп отырған ол жоқ. Оқымағансың деп зіркілдейді де отырады. Сонымен «оқыған кісісін тауып алар» дедік те Советке ат басын бұрдық. Мұнда келген соң хат келіп тұрды. «3-4 жыл күт, артыңнан барамын» деп жазыпты. «Е, жарайды» деп, 3-4 жыл емес, 5 жыл күттім.Келмеді...

Биыл 75 жасқа келген Мәруан апамыздың денсаулығы да сыр беріпті. Тек адамнан жасырғанды Алладан қалай жасырам деген болу керек, 60 жыл ішіне бүгіп келген жан жарасын ақтарып салды. 16 жасқа келер-келместен Қытай мен Кеңес одағы сынды екі империяның ортасында  сергелдеңге түскен жас тағдырға қарап жүрегің ауырады. Тарихтың мың қатпар бетінен Мәруан Қасымқызының Кореяда жүрген жауынгер бейнесін, театрда жүрген биші бейнесін, қыстың қақаған аязында Шаңхай қаласынан шиеттей баласын бауырына басып, омырауын көз жасымен жуаған жас ананы көресің. Соның бәріне көндірген жастықтың жалыны шығар... Ал туылмай жатып тағдыры тәлкекке түсседе, Қажекеңнің үміт отын  маздатқан Маздат қайда? Мәруанның жездесі Исабектің фамилиясында жүрген, өзін бертінге дейін Мәруанның әпкесі Сәруардан туғанмын деп сеніп келген Маздат қазақтың әйгілі жазушысы Қажығұмардың баласы екенін біле ме? Мұны Маздаттың өзінен тыңдалық.

Маздат (Исабекұлы Кенжибаев):

Мен Исабек пен Сәруардің  баласы емес екенімді 40 жасымда білдім. Бұл кісілер менен кейінгі Асхатты да асырап алған екен. Екеуміз мүлдем ұқсамаймыз. Мектепте жүргенде «Бұл қалай?» деп таңғалатынмын. Шешемнің сіңілісі болғандықтан ба, Мәруанды өз атымен атай беремін. Кейінірек Асхатты Мәруаннан асырап алғанын білдім. Өзімді әлі де Сәруардан туғанмын деп жүретінмін. Бір күні Мәруанның үйіндегі ең кіші қызы маған «сен менің өз ағамсың» деді. Бөлемнің бұл айтып тұрғаны қалай дедім де, бір күні Мәруанға барып, «менің әкем кім?» деп қадалып сұрадым. Мәруан бұл сұрақты жай қоя салмайтындығымды біліп, «Әкең халық жауы болып сотталып кеткен» деді. Мен түсінбедім. Мен Қытайда туылсам, ал «Халық жауы» деген СССР-дің тағатын айыбы. Сонда қалай? Сөйтсем, Асхат Мәруанның екінші күйеуінің баласы екен де, мен Қажығұмардың тұяғы болып шықтым. Бұл ақиқатты 50 жасқа келген кезімде ғана толық анықтап білдім. Одан бері де 7 жыл өтті. Бар тілейтінім, мына жұрт мені Қажекеңнің атына қызығып бала болғысы келіп жүр екен немесе бірдеңеден дәметіп жүр екен деп түсінбесе болғаны. Маған ондай түсініктен гөрі өлгенім артық. Бір қызығы, мен кішкетайымнан кітап оқу мен жазып-сызуға бейім болдым. Күйбің тірліктің әсерінен бе қаламды жолдас қылуды қалаған жоқпын. Дегенмен қаламының қасиеті балама қонды. Ұлымның аты – Бек. Қазір «Астана» телеарнасында журналист болып жұмыс жасайды. 

Иә, бәрі де тағдырдың тәлкегі. Әлемдік мегаполис Шаңхай қаласында туылып, 6 айға толар-толмаста Кеңес одағының шекарасынан аттаған Маздат Қажығұмарұлы содан кейінгі жерде Маздат Исабекұлы Кенжибаев болып аталып кетті. Бұл күнде Маздат – жер ортасы жасқа келді. Әкем мен шешем деп келген адамдардың нағашы апайы мен жездесі болып шығарын ол осыған дейін білген жоқ. Туған бауырым деп келген Асхат екеуі де бір анадан туғанымен басқа әкенің балалары болып шықты... Мәруан Кеңес шекарасынан өткен біраз жылдан соң Қапал жерінде тағы бір адаммен бас құрайды. Сұм тағдыр жас Мәруанды сондада  оңдырған жоқ. Қосылған жары ішімдіктің артында кетіп, жас ана бауырына тағы бір баланы құшақтап қала берді. Оның аты – Асхат еді. Ол кезде Мәруан жұрт таныған бишіге айналған. Өнердің соңына шындап түскен кезеңі болатын. Сондықтан болса керек Асхаттың да фамилиясы Исабекұлы Кенжибаев болып кете барды. Кейінірек Мәруанның есімі Нұрмолда Алдабергеновтің құлағына жетіп, ол кісі жас бишіні аттай қалап, Шұбар ауылына көшіріп әкеледі. Мәруан сол жерде қазіргі қара шаңыраққа келін болып түсіп, бұл күнде немере, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіруде...

Бір таңғаларлығы Қажекеңнің қазақ елінде баласы бар екенін біраз адам біледі. Сол білетіндердің бірі Бөкен Шабданкеліні  осыдан 12 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан «Қажығұмар қажымапты» деген сұхбатында былай дейді, қараңыз:

–        Қазақстаннан кімдерді біледі екен? Кімдерді сұрап жатыр?

–        Дәнеш Рақышевты сұрады. Қалай қайтыс болғанын сұрады. Білгенімізше айтып бердік. Дәнешті ерекше жақсы көруші еді. Екі көзі тұнжырап, ұзақ мұңайып отырып қалды...

–        Тағы кімдерді сұрады?

–        Қабдеш Жұмаділовты, Құрманбай Толыбаевты сұрады. Содан кейін Мәруанды сұрады. Ал Мәнігүлді сұрамады. Мәнігүлге өкпелі тәрізді... Мәнігүл – қайнымның бірінші әйелі. Көп отаспады, ажырасып кеткен.

Мәнігүл қазір Қазақстанда. Ал Мәруан – қайнымның екінші некелі әйелі. Мұнымен де көп отаса алмады. Мәруан 1961 жылы Қазақстанға өтіп келді. Сырттан естуімше, Алматыда тұратын көрінеді. Мәруаннан қайнымның бір баласы бар. Ұл бала. 1955 жылы туған. Көргендер айтатын әкесінің ауызынан түсіп қалғандай деп. Естуімше, Мәруан бұл баланың фамилиясын өзгертіп жібергенге ұқсайды. «Сол баланы көрмедіңіздер ме?» деп сұрады. Біз Мәруаннан да, баладан да еш хабар білмейтінімізді айттық.

(«Қазақ әдебиеті» газеті. 2001 жыл, жұма, 3 тамыз, №31).

Бұл сұхбатында Бөкен апамыз (Қажығұмардың ағасы Қажиякбардың жары. 2001 жылы Қытай еліне барып, қайнысының хал-жайын біліп қайтқан)  кейбір деректерді шатыстырғанымен, Қажекеңнің Маздатты сұрағанын тайға таңба басқандай бүкіл қазақ оқырмандарына паш етті. Одан бері де 12 жыл өтіпті. Сонда бір адамның Қажығұмар ұрпағын іздемегені ме? Әлде Қазақ елінің билігі Қажығұмар Шабданұлының тағдырына қалай селқос қараса, оның артында қалған ұрпағына да қаламгер қауымы солай көз қырын салмағаны ма? Маздат – туған жерінің бір уыс топырағына зар болған қарт жазушының жүрек түкпірінде сақтап келген асыл арманы еді ғой... Мүмкін Қажекеңді сексеннің сеңгіріне шығарған бір жағынан Тәуелсіз қазақ еліне деген махаббаты болса, бір жағынан ет бауыры баласына деген өмірлік сағынышы болар...

Қажекеңнің хаттарынан байқағанымыз Маздаттың Қазақстанда екенін мүйізі қарағайдай біраз жазушылар мен атағы алатаудай ағаларымыз біледі. Егер бұл іске Талғат Қажиякбарұлы дендеп кіріспегенде бәріде баяғысынша қала берер еді...

Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Маздат Қажығұмарұлын табуға бірден бір бас болған адам – Талғат Қажиякбарұлы. Тәкең Қажекеңнің ағасы Қажиякбардың баласы. Сонау Кеңес одағының өзінде-ақ Қажыағасының баласын іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. «Мен Қытайда туғанмын, Қажығұмар Қазақстанда туған. Сондықтан Қытай үкіметі керек десе екеумізді ауыстырып алсын, мен-ақ Қытай түрмесінде отырайын» деп нағыз ет бауыр жақындығын білдірген Талғаттың арманы ақыры орындалмады. Қажекеңді ел болып әкеле алмадық. Дегенмен Қажығұмардың баласы Маздатты табу ең алдымен осы Тәкеңе бұйырды.

Талғат Қажиякбарұлы Шабданов:

–        Біз Маздаттың бар екенін бұрыннан білетінбіз. Бірақ біздің бір туысымыз Маздаттың шешесінің ауызынан «Қажығұмардың баласы баяғыда-ақ шешек шығып қайтыс болған» деген сөз естіпті. Бұл мүмкін Қажекеңнің Қытайдағы жағдайын білгендіктен, Маздаттың амандығын ойлап айтылған сөз болуы керек. Айтпақшы, 1975-1977 жылдары Моңғолияның Сайшанд жерінде әскерлік міндетімді өтедім. Сол кезде Мәскеуден арнайы адамдар келіп, маған «Қажығұмардың Советке өтіп кеткен баласы сенсің» деді. Мен Қажиякбардың баласы екенімді айттым... Біз Қажығұмар әкемізді 1968 жылы қайтыс болды деп естіп, қазақ дәстүрімен жетісін, қырқын, жылын беріп жылы жауып қойғанбыз. Тек 1983 жылы ғана Заманбек Жәкенов деген жазушы Қытайға барып, Қажекеңнің тірі екенін айтып келді. Кейін 1985 жылы Қажығұмар Шабданұлының атынан менің әкем Қажиякбарға және шешем Бөкенге шақырту қағаз келді. Артынша 1986 жылы Қажекең қайтадан Қытай түрмесіне тоғытылды да, бұл істің арты аяқсыз қалды. 1985 жылғы хат келген кезде мен Маздатты іздеп Қапшағайға барып, таныс кісілер арқылы Қапшағайдың сотында жұмыс жасайтын жігітпен жолықтым. Олардан Қапал-Арасан жаққа (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданының аумағындағы әйгілі елді мекен) көшіп кетті деген хабар алдым. Ал Қапал-Арасаннан сұрастырсам, олар Талдықорғанның Шұбарына көшіп кеткен деді. Шұбардағы таныстардан оны Алматы жаққа көшіп кеткені айтылды...  

1998 жылдың күзінде әкем мен шешемнің құжаттарын реттеп, Қытайға жібердік. Ол кезде Қажекең түрмеде болғандықтан, кездесіп сөйлесе алмай қайтып келді. Кейін 2001 жылы қайта барды. Ол кезде ағалы-інілілер қауышып, сырласып қайтты. Сонда Қажекең тағы да Маздатты сұрапты. Ол туралы шешем Бөкен «Қазақ әдебиетіне» берген сұхбатында айтты.

2006 жылы мен іздестіріп жүріп, ақыры Маздаттың Шұбарда тұратындығын анықтадым. Сөйтсем ол да мені таныс-білістерден сұрастырып жүріпті. Сөйтіп жүріп табыстық. Қақпаның сыртында мен тұрмын, ішінде ол тұр. Бірімізге біріміз қараймыз. Екеуміздің де шашымыз әппақ қудай. Құшақтасып көрістік. Екеуміздің де оң жақ бетімізде мең бар. Бұл Қажиякбар мен Қажығұмардың шешесі, біздің ұлы әжеміз Мәдинада бар мең екен. Үйге кіргеннен кейін Маздат: «Тәте, Қажығұмардың баласы іздеп келді» деп «шешесі» Сәруарға қарады. Сәруар апамыз «ақыр бір-біріңді тапқан екенсіңдер, тағдырдың салғанына қарсылық жоқ» деді. Содан бері туыс-бауыр болып араласып келеміз. 2007 жылы Маздаттың ұлы Бек үйленген кезде менің әкем Қажиякбарға барып, батасын алды.

 

Бұл күнде өмірде жоқ марқұм Қажекеңнің ұрпағын іздеп мұншалықты алашапқын болудың не керегі бар дейтіндер де табылар. Бірақ қазақ аманатқа қиянат жасамаған. Барған келгеннен сұрап, әр хатында айрықша сағынышпен еске алып отырған Маздатты іздемеу жақын туыстары мен естіген ағайынға сын болары сөзсіз. Маздат – қазақтың маңдайына біткен Қажығұмардың аманаты, күрескер қаламгердің өз кіндігінен тараған жалғыз ұрпақ.

«Ал өзімнің ең үлкен табысым: осы ахуалдарыма ерегісе оқып жүріп, орысша тілді меңгеріп алдым. Қазір орысша әдеби кітаптарды толық оқып түсіне аламын. Хош, хабарым осы. Менен ешбір алаң болмаңдар. Өмір күресі деген осылай болады. Өмір талқыға салған сайын өспей, өшкіндеген адам – ынжық. Мен қандайына болсада төтеп бере аламын. Мен ұрған сайын шираймын, шираған сайын күшейемін. Тіпті де жеңілмеймін. Кәртеймеймін де өлмеймін. Жеңемін».

Қажекең тағы бір хатында осылай деп ағынан ақтарылыпты. Біз Маздат ағамызға да Қажекеңнің рухын берсін дейміз. Әкесін баласынан, баласын әкесінен айырған бодандықтың қамыты ендігі ұрпақтың түсіне де кірмесін. Тәуелсіз қазақ елінің қасиеті шығар... «Алтын кездік қап түбінде қалмады». Қайсар жазушының ұрпағын жалғастырған тұяғы ақыры табылды! Бұл – Қажекеңнің үнін өшіріп, қазақтың тұқымын тұздай құртқысы келген кешегі қиямпұрыс, қилы заманға жауап болса керек!

Біләл Қуаныш

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір