• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 11:23:22
Алматы
+12°

20 Қаңтар, 2015 NEWS

Шетелдегі қазақтың ұлы тұлғаларына да құрмет көрсетілу керек

Бүгінгі таңда әлемнің 40 мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ ирреденттері мен диаспорасы тұрып жатыр деген болжам бар. Алайда, нақты саны толық емес. Неліктен...

Бүгінгі таңда әлемнің 40 мемлекетінде 5 миллионға жуық қазақ ирреденттері мен диаспорасы тұрып жатыр деген болжам бар. Алайда, нақты саны толық емес. Неліктен оларды ирреденттер мен диаспора деп бөліп отырмыз, себебі, қазір үкімет тарапынан да, жеке ғылыми ортадада шетел қазақтарын жалпылай қазақ диаспорасы атап жүр. Бұл дұрыс емес. Себебі, екеуі екі басқа мағана беретін ұғым. Диаспора сөзі грек тілінен аударғанда «шашырау»-деген мән беретінін білеміз. Демек, туған жерінде қудалауға ұшырап, күш қолданылуы салдарынан басқа елдерге қоныс аударуды меңзейді. Әрине кәсіби, мамандық және еңбек тұрғысынан да басқа елдерге қоныс аударғандарды осы санатқа жатқызуға болады. Ал, ирредент италиан тілінен шыққан сөз болып, мағынасы,  қ о ғ а м д ы қ - с а я с и өзгерістерге байланысты шекара бөлінісі бойынша өзге мемлекет иелігінде қалып қойған    ата-бабаларының тарихи отаны саналатын аймақта өмір сүріп, тұрып жатқан азаматтар дегенді білдіреді. Олай болса, Қытай, Моңғолия, Ресей және Орталық Азия елдеріндегі қазақтар ирреденттер санатына саяды. Ал алыс шетелдерде тұратындар диаспоралар болып саналады.

Ирреденттер мен диаспора туралы тарқатыпты айта берсек, әңгіме науаны басқа арнаға бұрылып кетері анық. Біздің айтпағымыз, мейлі ирреденттер әлде диаспора болсын барлығы да қазақтар, өзіміздің қаны бір, тарихы мен тағдыры бір ағайындар. Олардың Қазақстаннан өзге тарихи отаны жоқ. Оның үстіне қазақ дейтін халықтың әлемдегі жалпы саны да көп емес, еліміздегі 11 млн 1 мың 739 қазаққа шетелде жүрген 5 млн шамасындағы қазақты қосқанда, жалпы дүниежүзі бойынша 16 млн қазақ бар. Бұл халық саны көп елдердің бір ғана ірі қаласының халқы. Ал жер аумағымыз бойынша жер шарындағы 200 мемлекеттің ішінде 9 орында тұрмыз. Теңсіздік пе? Әрине, бір қарағанда солай ой тудырады. Осыны білген кез-келген жат ниетті күштер еліміздің тұтастығына қауіп төндіруге дайын жүр. Оған қарсы қолданар ең күшті қарудың бірі шетелдегі ағайындарды көптеп қоныс аударту немесе олармен түрлі саладағы байланысты нығайту болып табылады. Деседе, ел арасында осы мәселеге келгенде өте аз санды жергілікті тұрғындардың жаңсақ пікірге барып жүргеніне куә болып келеміз. Біз оларға айтарымыз: Қазақстанның оларға көрсеткен азды-көпті қаржылық көмегінен ел қазынасы ортайып қалмайды, түйені түгімен жұтып жатқан жемсауы зорлардың алғаны, оралмандарға бергенен әлде қайда көп екені анық. Одан соң, ел үкіметінің оралмандарға көрсеткен көмегі айналып келгенде өзіне жасаған көмегі деп бағалауға болады. Себебі, ораламандарға Қазақстан қандай керек болса, оралман қандастарымыз да еліміз үшін сондай қымбат. Шет қонып, қиыр жайлап жүрген алаш баласының Қазақстан дегенде емешегі езіліп отыратынын білеміз. Олар жете алмай, ұшарға қанаты болмай отыр. Олардың бұл көңіл күйін:

         Беу Алматы, сені көру арманым,

         Бармақ болып қанша талды қармадым.

         Біреу мені жетелесе, мен соған,

         Арнар едім бар қызығын жалғанның.

 

         Не деседе мен де ой жоқ азатын,

         Бар қазақтың жүрегі сен соғатын.

         Мендік жалғыз жүрек бір күн тоқтар-ау,

         Тауыса аламай саған деген тағатын.

-деп жыр жолдарымен көмкеруге болады. Міне ағайын олардың қазақ еліне деген іңкар көңілінің бір тамшысы осы.

Қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда, оралмандардың саны мен әлеуетін жете бағамдай алмай отырмыз. Оларды бағаламау дегеніміз менің пайымдауымша:

- Қазақ мемлекетінің түпкілікті қасиеті мен сипатына кері-ағар келу;

- Қазақстанның қазіргі кездегі төл мүддесімен санаспау;

- Қазақ елінің болашағына немқұрайлы қараумен бірдей.

Елбасы Н.Назарбаев: «...қазақтар бет-бетімен таратылып, бір халық, бір ұлт, бір ел екенін атымен ұмытатындай күйге жеткізілді. Жер бетінде отаршылдық көрмеген халық кемде-кем, алайда, бір ғасыр ішінде қазақтай тоз-тоз болған халық жоқ шығар» -деп халқымыздың қасіретті тарихына ашық әрі нақты бағасын берген. Ел үкіметі шетелден келген қазақтарға мүлде жағдай жасамай жатыр-деп айту күпіршілік. Жағдай жасалып жатыр. Алайда, түйткілді тұстар да баршылық. Олардың да алдағы уақытта өз жөнін табар деген үмітіміз мол. Осы жерде ел мен елді жақындастыруда, шекараның іші мен сыртындағы қазақтарды байланыстыруда, мына бір мәселеге мән беруіміз керек сияқты. Ол - шетелдегі қазақтардың ішінен шыққан әйгілі тарихи тұлғалаларына, қоғам қайраткерлеріне, батырлары мен бағландарына, ғалымдары мен өнер адамдарына, спорт шеберлеріне еліміздің азаматтарымен тең қарап, оларға да қалалардағы көше аттарын, мектеп аттарын және басқа да құрметті атақтарды беру мәселесі. Олар мейлі қай жерде еңбек етсін бәрі бір қазақ халқы үшін тер төкті, қуғынға түсті, жан берді. Егер бар жоғы 16 млн қазақты бөліп жармасақ, онда олар да еліміз үшін күресті деп есептеуге болады. Олардың еңбегін өзі тұрған елі бағаламаса да, біздің елдің бағалауы керек-ақ. Бұл өз-өзімізді сыйлау, қадірлеудің бір көрінісі болмақ. Қазақтың "өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер"-деген аталы сөзі осы үшін айтылса керекті.

Бұл тұрғыда Алматы мен Астана секілді алып қалалардың, тіпті облыс орталықтарынан да шетелдегі әйгілі қазақ азаматтары үшін ескерткіш орнатуда ойластыратын жұмыс. Оның үстіне Алматыдағы орталық мұражайда да шетелдегі қазақ мәдениеті мен тарихына, экономикасына бір зал арналса артық болмас еді. Естуге қарағанда бір ғана Алматыда екі мыңға жуық атын өзгертуді күтіп отырған көшелер бар көрінеді. Осы көшелердің біразын шетелдегі қазақ халқының ұлы тұлғалары мен бағанағы айтқан ирреденттер мекендеп отырған, ежелден бері қазақ топырағының бір пұшпағы саналып келген жер аттарын көше аты ретінде ұсынуға болады. Сол арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жат қолында қалған жерлердің ата-баба қонысы екенін өсиеттеп кеткенмен бірдей салмақты болар еді. Мысалы, Іле өзені, оның бас ағыстары саналатын Күнес, Текес өзендерін де, Қара ертіс, оның салалары Қаба, Буыршын, Қыран өзендерін де, Алтай тауы, оның бір сілемі Бәйтік тауын да, Тәңіртауы, оның сілемдері саналатын Ерен қабырға тауы, Боғда шыңы, оның сыртында Тарбағатай тауы, Құлынды даласы т.б. географиялық жер атауларын Алматының көшелеріне берсек қандай жақсы болар еді.

Қалай айтсақта, кезінде Қазақ жеріне жете алмаған, бірақ жетуді аңсаған, жете алмаса да, Алматының өсіп-өркендеуіне сырттай тілекші болған азаматтар жеткілікті.

         Беу Алматым көрген үшін түсімде,

         Сені аңсап, сарғайғаным үшін де.

         Жете алмаған үмітімнің ішінде,

         Жасырынған өксіктерім үшін де.

         Бақыттымын, бақыттымын Алматым,

         Бұл пәниде сенің барың үшін де!

Осылай бар ғұмырын ортақ ұлы Отанның гүлденуіне арнаған, Алматыны аңсап өткен, өзі болмаса да, жүрегі -Алматы болған ұлы қазақ даласының бар болуын, тірі болуын, ірі болуын жан-дүниесімен қалаған азаматтар мен олар мекендеген даланың асылдың сынығындай бір бөлшектеріне бүгінгі Қазақ мемлекетінен бір көше немесе басқа бір нысанның аты берілуі тарихи және табиғи заңдылықтың салтанат құруы болмай ма?

Қастер Сарқытқан – Абай атындағы ҚазҰПУ доценті,

экономикалық-әлеуметтік география

ғылымдарының кандидаты

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір