• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:20:11
Алматы
+12°

22 Желтоқсан, 2012 Ұлы көш

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын: Көші-қон комитетін оралманға басқарту керек

Ауыт аға, қазақ ұлтының ұлт болып жасауы тікелей елдің еркіндігіне қатысты екенін жиі айтамыз. Азаттықтың ақ таңы атқанына 20 жылдан астам уақыт болды. Аз...

 Ауыт аға, қазақ ұлтының ұлт болып жасауы тікелей елдің еркіндігіне қатысты екенін жиі айтамыз. Азаттықтың ақ таңы атқанына 20 жылдан астам уақыт болды. Аз уақыт емес, әрине. Сіздің ойыңызша бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік қазақтың бар мәселесін шешіп бере алды ма?

– Әңгімені сол тәуелсіздік қалай алғанымыздан бастайықшы. Тарих үшін жиырма жыл дегеніміз көзді-ашып жұмғанша өте шығатын аз-ақ уақыт. Бұл тәуелсіздікті ата-бабаларымыз ғасырлар бойы сарыла күтті. Осы Ұлы жолда қаншама боздақтарымыздың қаны төгілді? Қаншама ұлт-оғландары «Азат ел болсақ» деп талпыныс жасады?! Бір ғана Әлихан мен Ахмет бастаған Алашорданың өзі бүкіл қазақтың ұлттық идеологиясын жасап берді. Боздақтарымыз бен зиялыларымыздың азаттық жолында қалай тер төккенін сіз жақсы білесіз. Мысалы, ұлт азаттығы үшін Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды алпауыт ақындарымыз тек ақындықпен шектеліп қалған жоқ. Мұхаммеджан Тынышбаев тек темір жол саласымен шұғылданып-ақ тарихта қалуына болар еді. Бірақ, олар бір саланы ғана емес, қолынан келетін барлық шаруаға белсене кірісті. Өмірлік кәсібімен сәйкес болмаса да, біреуі балаларға оқулық, біреуі тарих жазып жатты. Осындай ұшан-теңіз еңбек, азаттыққа деген талпыныс сәтсіз аяқталды. Бұл сәтсіздік біздің осалдығымыз себебінен емес, басқыншыларымыз зорагерлігінен болды. 1930 жылдардың аяғы мен 1940 жылдардың басында осы ұлттық идеологияны Қытай қарамағындағы қазақтардың 1934-жылы құрылған «Қазақ-Қырғыз мәдени-ағарту ұйымы» мен 1944-жылы 9-көкекте шаңырақ көтерген «Құлжа азаттық ұйымы» жалғастырды. «Құлжа азаттық ұйымы» 1944 жылдың қараша айының он екісі күні Құлжа қаласында ресми Шығыс Түркістан республикасы болып құрылды. Бұл Республика екі жыл өмір сүрді. 15000 әскері болды. Соның 67 пайызы қазақтар еді. Ол Үш Аймақты гоминдан қытайдан түгелдей тазартты. Тек гоминданмен күресіп қана қоймай, әр аймақ, әр аудандарда әкімшілік, құқық қорғау, мәдениет, оқу-ағарту, денсаулық сақтау мекемелерін құрды. Жаңа республика кәдуілгі мемлекеттікке қажетті алғышарттардың бәрін жасады. Өкінішке қарай, бұл қадамды да Кеңестер Одағы мен Қытай тарапы тұншықтырып жіберді. Мен Шығыс Түркістан республикасын Алашордадан кейінгі тәуелсіздікке жасалған екінші үлкен қадам деп есептеймін. Тәуелсіздікке жасалған үшінші талпыныс – 1986 жылғы Алматыда болған жастардың Желтоқсан көтерілісі. Жастардың санасында арнайы «мемлекет құрамыз» деген ой болмаса да, ұлттық идея бар еді. Енді бес жылдан соң Алаш Орданың 100 жылдығы аталып өтіледі. Мен тәуелсіздік жолындағы «Азаттық радиосы» қазақ редакциясында істеген Хасан Оралтай бастаған қандастарымызбен қатар, ШТР-ның басы-қасында жүрген қазақ азаматтарынның сол алаш қайраткерлерінің қатарында аталуын, дәріптелуін, мәртебеге ие болуын қалаймын. Алаш идеиясы жалпы қазақтық кеңістікпен өлшенуі керек! Енді сұрағыңызға келейін. Осындай «тар жол тайғақ кешумен» келген тәуелсіздік қазақтың бар мәселесін шеше алып отыр ма? Әрине, мемлекетіміз белгілі бір дәрежеде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Азат елдің Астанасының салынуы, шекараның бүтінделіп бекуі, халықтың нарықтық экономикаға өтуі секілді іргелі жұмыстар біз үшін үлкен табыс. Мұны ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ, біздің әу бастағы басты мақсатымыз, дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттер секілді «ұлттық мемлекет» құру болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «ұлт мемлекеттіліксіз өмір сүре алмайды, құрып кетеді. Өз кезегінде ұлттың жойылуы оның мемлекетінің өмір сүруін мәнсіз етеді» деген сөзі бар. Сол ұлтты сақтап қалудың, ұлттық потенциалды арттырудың төте жолы – шетке тарыдай шашылып кеткен 5 миллион қазақты Отанымен қауыштыру. Сол кезде ғана «тәуелсіздік қазақтың бар мәселесін шешіп бере алды» деп мақтануымызға болады.

Осыған дейін де шеттегі ағайындардың мәселесі ақпарат құралдарында жиі сөз болып келді? Соның ішінде Қазақстан азаматтығын алудың қиындығы жайлы көп айтылып жүр? Біздер неге өз тарапымыздан мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе отырып, осы азаматтық алудың жеңілдетілген жолдарын қарап, механизмін таппаймыз?

– Қазір көші-қон мәселесі жоғарғы жақтағыларға құбыжық болып көрінетін жағдайға жетті. Қандастарымызды тарихи Отанына көшіру Елбасымыздың нөмірі бірінші саясаты. Шенеуніктер осыны естен шығарып алғандай. Мойындауымыз керек, бүгінде шеттегі қандастарымыз жағдайы аса қиын. Қазір бірте-бірте жат елде қазақтар жоқ сияқты сана қалыптасып келеді. Кеше ғана «Түркістан» газетінен «Қазақстан азаматтығын алуға ниет етушілердің жыл сайын өсіп отырғанын тілге тиек етті. Олардың арасында басқа мемлекеттерге қоныс аударған Қазақстанның бұрынғы тұрғындары да көптеп кездеседі екен. Мәселен, Ресей, Украина, Латвия, Әзірбайжан, Армения, Грузия секілді посткеңестік мемлекеттердің азаматтары арасында бейбітшілік пен келісім елінде азамат атанғысы келетіндер көбейген» дегенді оқыдым. «Егемен Қазақстан» газетінен де осы сарындағы мақала басылды. Иә, расымен-ақ Қазақстан қарқынды дамуы арқылы өзге елдердің назарын өзіне аударып, қызықтырып отыр. Бұл – керемет жетістік. Бірақ, сол азаматтықты шетелдіктер ғана емес, сырттағы 5 миллион қазағыңыздың да алғысы келіп, зарығып отырғанын неге ұмыт қалдыра береміз? Қандастарымыздың өз Отанының азаматтығын алуы қиямет-қайым қазір. Мен кейде қазақ азаматы ретінде Отаныма өкпелеймін. Әлі күнге кеңестік жүйе құрсауында өмір сүріп жүргендей күй кешемін. Кеңестік дәуірде ғой екі ел арасындағы шекарада қызыл сызық тұрды. Шекара белгіленгенде бір атаның балалары бөлініп, біреудің әкесі бергі жақта, ұлы арғы жақта, шешесі бергі бетте, қызы арғы бетте  қалып қойды. Көші-қон квотасына 2015 жылға дейін мораторий жарияланғалы бері тура сондай жағдайға, куйге тап болып отырмыз. Бәлкім, осы жайды бірлесе көтеруіміз керек шығар...

– Ауыт аға, менің білгім келгені азаматтық алудың қиындығы жайлы еді...

Рас. Азаматтық алудың жолдары өте қиындап кетті. Мысалы, біріншіден, біздікілер шетелдің ешбір заңымен есептесіп жатпай, бір қаулы шығара салады. Соның бірі соңғы қабылданған «Көші-қон заңы» «Қазақстанның азаматтығын алғысы келетін азамат, өз елінің азаматтығынан шығып келуі керек» деп жазылған. Мен Қазақстанда тұрып, «Қазақстанның азаматтығынан шығатын едім» десем қалай қабылдайсыз? Қытайдағы коммунистік жүйенің қазақтары үшін бұл өлімге бас тігумен тең дүние. Ол жақта бұл қадамың үшін апарып темір торға тоғытуы мүмкін. Қытайдың көші-қон заңының 9 тармағында Қытайдың әрбір азаматына шетелге шығуға рұқсат екені, сол барған еліңнің азаматтығын алсаң, Қытай азаматтығынан автоматты түрде шығарылатыны жазылған. Бұл қазаққа ғана қаратылған дүние емес, Қытайдағы барша ұлтқа ортақ заң. Ендеше, бұл қаулының қытай қазақтары үшін қажеттілігі қаншалық? Шулап жүріп, бір жылда әрең түзеткіздік. Халық бір жыл сергелдеңге түсті. Қайта көшіп кеткендер де бар. Енді Қазақстан азаматтығын алатын ағайынға натариуспен куәландырып, елшіліктен мөр қойғызып, «Ешқандай қылмысқа тартылмаған» деген анықтама әкелуге міндеттеп қойды. ҚХР-ның Заңында шетелге шығатын және шығуға тиым салынған азаматтардың мінездемесі ашық көрсетілген. Онда: «ешқандай қылмыс жасамаған азаматтардың барлығы шетелге шығуға құқылы» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал, Қытай заңы бойынша қылмыскерлер, ақыл-есі кем немесе саяси қауіпті азаматтардың шетелге шығуға құқығы жоқ. Демек, Қытай заңы бұл анықтаманың қажетсіздігін аңғартып тұр емес пе? Әрине, келем деген ағайын жолын тауып, бірен-сарандап келіп жатыр. Анықтаманы да алып жатыр. Десек те, бұл жай бос әуре, азаматтарды әлекке салу. Осындай себептер көшті тұралатып, «Отаным,  Қазақстаным!» деген асқақ сезімдердің жалынын бәсеңдетті.

– Қытайда әлі ағайындарыңыз, жақындарыңыз тұрады. Қазір жалпы ол жақтағы қазақтардың ахуалы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Өткен жылдардағы ұйғырлар оқиғасы қытайлардың аз ұлттарға деген көзқарасын өзгертіп жіберген жоқ па?

  Адам адам ретінде кез-келген мемлекетте өмір сүре алады. Мен бүгінгі Қытайдың әлеуметтік жағдайын Қазақстанның ахуалынан төмен дей алмаймын. Мақтады демеңіз, ол жақта тұрғын үй, ең төменгі жәрдемақы секілді мәселелер түбегейлі шешілген. «Кедейлерді сүйемелдеу» деген арнайы саясаты ешкімді аштан өлтірмейді. Экономикасы дамыған елде өмір сүру анағұрлым қолайлы. Қытайдан зорлық, зомбылық көрдім дегеннің бәрі бос сөз. Десек те, ол жақтағы миллиардтың ішіндегі 2 миллионға таяу қандасымыздың «қазақ деген қасиетті атқа ие ұлт болып өмір сүруі» мүмкін емес. Ешқашанда. Жуырда үйіме Қытайда бірге оқыған жолдасым келді. Бала-шағасын Қазақстанда оқытпақ. Соның кенже баласы бір ауыз қазақша сөз білмейді екен. Тәуелсіз еліміз, байтақ жеріміз, байлығымыз, парасатты патшамыз бар. Алдымен сол бүлдіршіндерімізді құтқаруымыз керек қой. Өткен ғасыр нәубетті ғасыр болды деп жатамыз. 6 миллион қазақтың саны 2 миллионға бір-ақ түсті. Меніңше, тәуелсіздік алып, өзгелермен терезесі тең мемлекет құрған кезде 5 миллион қазақтан тірідей айрылсақ, қасіреттің үлкені сонда болады.

– Өткен жылдары тіпті өмірде жоқ азаматтардың төлқұжатын жасап, квота алған қандастарымыз жайлы ақпараттар көбейіп кеткен еді? Осындай айлакерлік жайттар қандастарымызға деген сенімімізге селкеу түсірген жоқ па?

Әрине, мұндай жайлар белгілі бір дәрежеде кейбір биліктегі азаматтардың қандастарға деген көзқарасын өзгерткен шығар. Сол кезде «Оралмандар пәле екен. Жасамайтын құжаты жоқ» деп шулады ел. Бірақ, соны кім жасатып отырғанын ойланбадық. Біздің бұрынғы қабылданған Көші-қон туралы заңымыздың осал тұсы көп болды. Мысалы, мен көші-қон мекемесінің қайда екенін де білмейтін шеттен келген қазақпын. Саған сенімхат берсем, квотамды алып бере аласың. Қазір техниканың қарыштап дамыған заманы. Жалған АҚШ долларын да жасауға болады. Қабылсаят Әбішев Көші-қон комитетінің төрағасы болып тұрған кезде Бекболат Тілеуханов, Қыдырәлі Болманов және мен үшеуміз арнайы барып, 3-4 сағат әңгімелескен болатынбыз. Сонда Қабылсаят ҰҚК-і бір бөлмені жалдап алып, Қытайдың, Моңғолияның паспортын жасайтындарды ұстағанын айтқан еді. Олар жалған виза ашып, мөрлерін де өздері жасаған мөрді басады екен. Жалған құжатқа менің басымды, сенің туған жылың, ай-күніңді, басқа біреудің аты-жөнін қояды да, сол мезетте өмірде жоқ азаматтың 5-6 баласын дүниеге келтіріп тастайды. Жасалған құжаттарды алдымен азаматтыққа, сосын квотаға апарып өткізеді. Бұл жай қазақтардың емес, үлкен мафияның ісі. Қабылсаят сол кезде мұндай жолмен өмірде жоқ 60 мыңға жуық адамның азаматтығының шығып қойғандығын айтты. Бұлар 40 миллиард теңгенің күл-талқанын шығарып, үптеп кетті дегені есімде. Енді мәселеге тереңірек көз салайықшы. Бұл оқиғаға алдымен Заңымыздың «Квотаны екінші адам сенімхатпен алуға болады» деген бір-ақ ауыз солқылдақ сөзі кінәлі. Құжат жасаушылар құрықталған. Сосын әлдекімдер сол құжаттарды тасып, негізгі адамға, іс пітірушілерге апарып жүрген делдалды атып кеткен де, іс жылы жабылып қалған.  

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен басталған «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында да біраз шу болды? Енді, бұл мәселеге кімді кінәлаймыз? 

Меніңше, Елбасымыздың бастамасымен жасалған «Нұрлы көш» бағдарламасы мақтауға тұрарлық саяси бастама еді. Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезде осы бағдарламаны жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Бағдарлама кәдімгідей жемісін беріп, көптеген үйлер салынды. Аяғында отыратын адам таппай қиналды. Артынша, оралмандар шулады. «Нұр-Отан» партиясының пәрменімен тексеріс жүргізілді. Сол кездегі Есеп комитетінің басшысы Өмірхан Өксікбаев  басқарған комиссия барлық жайды халықтың алдында баспасөз арқылы айпарадй етіп ашып тастады. Салынуға тиіс баспаналардың бір бөлігі шала біткен, бір бөлігі отыруға жарамсыз, бір бөлігі бітпей қалған. Қаншама үй басқа мақсатта жұмсалып, тұрғылықты азаматтарға берілген. Енді осы жайға оралмандарды кінәлауға болады ма? Оралман деген кім? Ол кеше ғана шетелден келген, оң-солын танып үлгірмеген «сәби» қазақ қой. Бәрін ақтаудан аулақпын. Бірақ, 99 пайыз таза. Заңды тастай қылып жасай алсақ, бақылауды о бастан күшейтсек, осының бірі де болмас еді. «Солтүстік облыстарымыз бос жатыр, сол жаққа шеттен келген ағайынды қоныстандырайық» деп күнде айтамыз. Соның механизмін тапқан бір азамат бар ма? Солтүстіктегі ауылдардың инфроқұрылымын дамытып, оралмандарды апарып төгейікші. Несиесін берейік. 5 жыл ешқайда көшпеуге міндеттейік. Онсыз да өздігінен келіп, мыңдап қой айдап жүрген қандастарымыз жетерлік. Бірер жылда-ақ далаңызды төрт-түлік малға толтырып жіберсін.

– Қазір кейбір саясаткерлер шеттен келген ағайынды осы ортаға бейімдеу мәселесін сөз етіп жүр...

Меніңше, қандастарымызды бұл ортаға бейімдеудің қажеті шамалы. Керісінше, біз оралмандарға бейімделіп, тілдік мәселемізді шешіп алайық та...

– Кейбір орыстілді саясаткерлер оралмандар ресми тілді білмегендіктен қоғамдық мәселелерден тыс қалып жатыр дейді...

Барлық адамның саясатпен айналысуы міндетті емес. Азаматтардың бәрі саясатпен айналысып, у-да шу болып кетсе, жұмысты кім істейді? Қойды кім бағады? Сырттан келген бауырларымыз шетелде жүріп-ақ нарықтық экономикаға үйренген. Қытайдың нарықтық экономикаға өткеніне 40 жылға таяды. Олар әр кәсіптің қыр-сырына қанық. Мал бағудың жаңа технологияларын біледі. Егін шаруашылығында да сондай. Керісінше, бейімдегіш болсақ, жергілікті қазақтарды оралмандарға бейімделік. Өйткені, біздегі жергілікті қазақтар есік алдындағы бес соттық жерге көкөніс екпейді. Сосын, біздікілер шетелден келген қазақтарға қайыршыдай қарайды. Олар ешқашан да қайыршы болмаған. Қытайда бір отбасының ең кемінде 50 тұяқ қойы, сауып ішетін 4-5 сиыры, мінетін бірді-екілі жылқысы болады. Көшетін адам сол қолдағы малдың бәрін сатады. Қытай пайдаланатын жерді 49 жылға жалға берген. Ол уақыт біткен жоқ. Сол себепті де, жерді қажет адамға жалға беріп, ақшасын алады. Қазір ішкеріден қытай көп келіп жатқандықтан, ол жақта үй, жер, мал қымбат. Бұрыннан тұрып келе жатқан үйлерін де сатады. Демек, қандастарымыз кемінде 20 мың доллармен шекарадан бері өтеді. Жалпы, Отанға келіп жатқанның дені ауылдың қарапайым тұрғындары екенін де ескеріңіз. Үкіметтің жұмысын істеп жүргендер өздері келмесе де, балаларын әкеліп, оқытып жатыр. Қызметтегілер көшіп келсе де, меніңше, мемлекеттен ештеңе сұрамайды. Елбасымыз Еңбек қоғамына 20 қадам деген мақала жазды ғой. Қазір сол идеяға оралмандардың кәсібін үлгі ретінде ұсынуға болады. Адамзат баласы – еліктегіш. Біздің азаматтарымыз соларға еліктеу арқылы эконмикамызды тез көтеріп әкете алар еді деп ойлаймын. Ол үшін азаматтық алу мәселесін оңтайландырып, есігімізді айқара ашуымыз қажет. 

– Әдебиет, мәдениет, спорт секілді өнер саласының өкілдері жайлы айтпай кетуге болмас. Біз шеттегі қазақтардың мәдени потенциалын өзімізге толығымен сіңіріп үлгердік пе? 

Қазақстанның әдебиеті, жалпы көркем өнері шарықтау биікке көтерілген. Қай саладан алып қарасаңыз да өнерден кенде емеспіз. Бізде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген сөз бар. Қазақстан – мың. Қазақ үшін Моңғолия, Қытай, Өзбекстаныңыз – жүз. Ол мемлекеттерден жүйріктер шығуы мүмкін, ал тұлпарды өзімізден күтуіміз керек. Ән мен би өнеріне қазақтың Майрасы, Шұғыласы келген шығар. Қазақтың қара жорғасы мен шертпе күйлермен қауышып жатқан шығармыз. Бұл қазақ көшіп болғанша, тоқтамайтын үрдіс. Сондықтан да, елім деп келген елдің басты мақсаты Қазақстанға әкеп ұрығын шашу болса деймін.

  «Қазақ көшіп болғанша» деп қалдыңыз? Шеттегі қазақ толығымен Отанға ат басын тіреуі мүмкін бе?

Мүмкін нәрсе. Мүмкін емес жағы да бар. Қытайдағы 2 миллион қазақ қанша жоспарлы туу жайлы заң болғанымен өсу үстінде. Өйткені, ол мемлекет аз ұлттарға 3 балалы болуға рұқсат берген. Шектеу бар Қытайдың өзінде өсіп жатқан қазақ басқа елдерде де саны артып жатыр. Сондықтан, Хасен Оралтай ағам айтпақшы «қайда қалмаған 50 мың қазақ», Еуропаны қойып, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейдегі ағайындарды елге әкелу ісін тездету керек.  

– Шеттен келген қандастарымызды саяси лауазымдарға тарту жайлы көп айтылмайды. Осындай сауалдарды ұмыт қалдырып жатқан жоқпыз ба?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мемлекеттік қызметке қатысты әкімшілік реформа жасап жатыр. Енді шенеуніктер саяси қызметкерлер, әкімшілік қызметкерлер деп екіге бөлінетін болды. Саяси қызметкерлерді елбасы тағайындап, әкімшілік қызметкерлер конкурс арқылы қызметке орналасады. Жақсы бастама бұл. Осы әкімшілік реформалауда шет елден келген қандастарымыздың мәселесі қарастырылды ма? Мен осы күнге дейін «оралмандар әкімшілік не саяси қызметке тұра алмайды» деген заңдық шектемені көрген жоқпын. Бірақ, ішкі жақтан бір сенімсіздік бар сияқты. Әйтпесе, оралмандардан неге бір депутат шықпайды, неге олардың біреуі 20 жыл ішінде министр бола алмады? Мысалы, шет елден келген Қайрат Бодаухан деген қандасымыз бар. «Асар» қорын құрып, Шымкенттен кереметтей шағын ауданның бой көтеруіне атсалысты. Сол жігіт Көші-қон комитетін басқара алмайды ма? Рахым Айыпұлы деген білімді жігіт бар. Ол жігіттің Қытайға елші болып баруға біліктілігі әбден жетеді деп ойлаймын. Мысалы, АҚШ-тың Қытайдағы елшісі бір кездері Қытайдан көшіп кеткен демократ қытай. АҚШ соған сеніп, өз Қытайына елші етіп отыр ғой. Келген қандастардың ішіндегі ақын-жазушылар талантымен биікке көтеріліп жатыр. Сосын, 60 жылдары 1-2 жасында Қытайда туып келген Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды біраз азаматтар болмаса, қалған улкен буыннын бәрі қойшы болып кеткен. Кеңестік кезеңде қандай мықты ғалымдарды малдың артына салып қойдық. Осыны қайталамаудың жолын да ойлау керек сияқты. Мен жуырда Сол Бәйменовке қарата бір өлең жаздым. Сұрағыңа сол өлеңнің үш шумағымен жауап беріп көрейін...  

Азаматпыз шыңдаған дала желі,

Ардақтыға жіберген санап елі.

Ел деп келген қандастан бір министр,

Қоятығұн жөндері бар-ақ еді.

 

Азат Отан біз үшін мүлде қымбат,

Арман әнін келеміз күнде тыңдап.

Сайлайтұғын жөндері бар-ақ аді,

Мәжіліске болса да бір депутат.

 

Дегенге ерте қазағым өсіп-өнді,

Көш ескегін жартпадық есіп оңды.

Қыры-сырын білетін бір қандасқа,

Басқартпады, тым құрса, Көші-қонды...

– Білуімізше, осы отырғанда жұмыссызсыз. Қытайда мектеп директоры болған дегенді естіп едік...

Қыркүйек айынан бері боспын. Оның алдында 9 ай қызметсіз болдым. Не істейміз?. Өлең жазамыз. Қытайда 25 жасымда мектеп директоры болып, 70-80-ге тарта қызметкері бар, екі тілде 800 бала оқитын ұжымды үш жыл басқардым. Бұл 1995 жылдардың әңгімесі. Сол Ойманбұлақ ауылындағы 800 оқушы мектеп кіші болғандықтан, 3 кезекпен оқиды екен. Жұмысты жүйелеп алған соң, үш жыл жүгіріп, Үрімжіге барып жүріп жаңа 24 бөлмелі, екі кеңсесі бар, екі қабаттық мектеп үйін салғыздық. Жәнабіл Сымағұлұлының пәрменімен Үкімет бір миллион юань қаржы бөлді. Елден де ақша жиып парта-орындығын түгел жаңаладым. Құлағы қалқайған 25 жастағы баланы кім бірден қабылдасын? Қасыма жерлесім, ҚХР-ның 1-дәрежелі әртісі Мүтәліп Әбдірахманов ағамды ертіп алдым. 1998 жылдың қыркүйек айының 10-да, ұстаздар күніне орай білім ордасының лентасы кесілді. Артынша, Тұмағамды (Тұманбай Молдағалиев) іздеп, Қазақстанға келдім. Бірақ, бастық болайын деп келген жоқпын. Сол Тұмағамның  қасында 13 жыл бірге жүрдім. Ағамнан көп нәрсе үйрендім, жақсылығын да көп көрдім.

– Тұмаға қайтыс болғаннан кейін қоғамдық мәселелерге үн қата бастадыңыз. Ақын ағамыз сізді тежеп ұстаған секілді...

- Ол кісі тежеген емес. Өзім тежелдім. Осы ғасырдағы алып тұлғаның табиғатына қарап, тізгінді тартып жүрдім. Ол кісі қайтыс болды. Сол кезбен орайласа, көші-қонның мәселесі де шатқаяқтай бастады. Десек те, Тұмағамның қасында жүріп қоғамдық мәселелермен айналыспадым дей алмаймын. Қаламатпен (псивдоним) «Жас Алаш» газетіне мақалалар жазып тұрдым. Ол мақалаларым баспасөз арқылы кеңінен талқыланып жатты.

       Сүйікті афоризміңіз

   Елге ел қосылса – құт.

   Әзіл айтасыз ба?

О, әзілдің түбін түсірем. Мұратхан Шоқан деген інім «Қspan style="mso-spacerun: yes;"ытайдағы қазақ кәсіпкерлері» деген кітап шығарып, кітапқа 45 кәсіпкерді кіргізіпті. Мұқабасы қып-қызыл екен. Тұсау-кесерінде әзілдеп: «Қытайдың қазақтары қызыл кітапқа кірді міне» деп едім, отырғандар ду күлді.

 

Сұқбаттасқан Қанат Бірлікұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір