• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:23:48
Алматы
+12°

12 Желтоқсан, 2012 Әдебиет

Ерболат Әбікенұлы. Желтоқсан ызғары (Әңгіме)

"Есімді жиғанда Жанарды әлгі май бас орыс қардың үстінде жұлмалап жатыр екен. Сүзіліп түскен көше шырақтарынан барлығы анық көрініп тұр. Ақ балтыр, ақ бөксе...

"Есімді жиғанда Жанарды әлгі май бас орыс қардың үстінде жұлмалап жатыр екен. Сүзіліп түскен көше шырақтарынан барлығы анық көрініп тұр. Ақ балтыр, ақ бөксе көзіме бірден шалынды. Аппақ қардың үстінде, аппақ Жанарым былғанып барады. Өзім жұлмақ тұр ғой иіскеуге қимаған аппақ гүлім нәжіске батып барады. Сомадай кәпір тақымына басып алып нығыздап жаншиды-ау келіп, Жанарым жанталаса тыпыршиды».

Автобустың іші сиыр оқыралағандай дүрлігіп кетті.

– Мынау алқаш қайдан пайда бола кетті ей, өзі.

– Құсығы неткен сасық еді кәпірдің.

– Ұят-ай, ә.

– Смотреть противно!

– Выгони его!

Еңгезердей екі орыс сүрепеті кеткен бомжды алдыңғы жақтан екі құлағынан ұстап суырдың айғырынша шыңғыртып сүйреп алып шықты да артқы есіктен лақтырып жібермекші болып еді. Үлгіре алмады. Автобус қозғалып кетті. Бүйірден ыңқ-ыңқ еткізіп екі тепті де, ең артқы қатарда отырған менің қасыма лақша лақтырды.

Жаныма дік етіп орнықты. Жөпелдемеде не істерімді білмей қалдым. Ақтарылған қарын сасыған мынау бомждың иісі қолқамды қауып мұрнымды бастым. Көздері өлетін қой көзденіп төңкеріліп отырды да қалды. Жүзі бір ағарып, бір сұрланды. Артынша бүйірін басып «Ал..ла..а..ай!» деп ыңыранды.

Өздерінде бомж жоқтай орыстар аузы жабылмай қарғанып-сіленіп жатыр. Жиіркеніп әрең отырсам да намысқа тыртысып бомждың қасында қаққан қазықтай отырдым да қалдым.

«Ал..ла..а..ай!»,- деп тағы ыңыранды. Сосын жан біте бастады. «Иттің балалары-ай, сендер-ақ түбіме жететін болдыңдар ғой!» Аштық деп атамды әкеттіңдер. Соғыс деп әкемді әкеттіңдер! Ол аз болғандай «Желтоқсан» деп әйелімді әкеттіңдер. Мені мүгедек еттіңдер! Иттің балалары» деп бар дауысымен айғай салды. Автобус іші сілтідей тынды. «Желтоқсан» дегенге құлағым елең етіп оған мойнымды бұрдым. «Бауырым», - деді, желкеме қолын артып. Көмірдей қолы темірдей қатты екен. Мен қозғала қоймадым. Домбығып ісінген қабақтың ары жағындағы жасаураған жасты жанарынан  ащы шындықтың, жүйкесін мұжыған кімдіктің жатқанын сездім. «Бауырым, білесің бе?» таяқтан дүрдиген жаралы еріндерін тілімен жалап қойып көсіле сөйледі. «Мына иттің балалары ғой менің тәнімді де, жанымды да жаралаған. Хан өміріне бергісіз бақытты ғұмырымды бір-ақ күнде тас-талқан етті ғой! Сен білесің бе? Ол түн мен үшін өмірімдегі ең бақытты әрі ең бақытсыз түн еді, өліп – құшып сүйген ғашығым, аспандағы жұлдызым, жердегі қырмызым, көлдегі құндызым Жанар екеуміз үйлену тойымыздың бүкіл әбігерлігін енді ғана аяқтатқанбыз. Бүгінгі түннің қарасын батырсақ, ертең тойымыз. Бақыт бізді күтіп тұр. Некемізді қидыра салып КазГУ қайдасың деп Есентай өзенін бойлай талдардың арасымен жоғары қарай жұбымыз жараса тартып келе жатқан бетіміз.  Екеуміз КазГУ-ден аспирантураны бітіре салысымызбен сонда білдей аға оқытушы болып орналасқанбыз.

Ол күн дәл бүгінгідей қатулы, шыңылтыр аяз еді. Таңдайың мұздап, демің кеңсірігіңде, түкірігің аузыңда қатуға шақ қалған. Аспан түнеріп тұрған. Дымқыл сыз бетіңді шымшиды. Қараңғылықты пайдаланып сонша жыл махаббат бесігінде бірге тербелсем де жақындауға батпаған  сұлу Жанарымды белінен батылдана икемдедім. Жанарым ұяң жүзі бал-бұл жанып тоңғаны ма? Жоқ бойындағы тылсым сезімнің буына мастанды ма? Білмедім. Құныса түсіп құшағыма икемделе берді. Ерніне ернім жақындай берген еді «Үйге барған соң» деді сыбырлап, аузын баса төмен қарады. Оң аяғының ұшымен қар тепкілей қалды. Ілгері жылжыдық. Үйге жетуге асығып келеміз. Бұл түн біздің түн еді. Бұл түнде жағылған әрбір шырақ біз үшін еді. Бұл түнде айтылған әрбір ән, жайнаған әр жұлдыз біз үшін еді. Соғылған шапалақ, әлемнің шаттығы бұл түні біз үшін еді. Мен солай ойлағам. Кенет қарсы алдымызға  бір қазақ солдат жетіп келді де: «Тез қашыңдар! Қанша тез болса, сонша жақсы, қап, әттеген-ай!» -  деді де лып етіп тал қараңғылығына сүңгіп кетті.

Есімнен шығып кеткенін енді сездім. Студенттер алаңға жиналып жатқан еді-ғой! Қалай ұмыта қалдым. Мен де сонда болуым керек еді. Тойдың қабаттаса қалғаны. Сол түні әйгілі «Желтоқсан көтерілісінің» екінші күні-тұғын. Сақтанып-ақ келе жатыр едім, қалайша алшаңдай қалдым?! Абайлау керек еді. Кері бұрыла берген едім, үлгірмедім. «Тоқта!» - деді ащы дауыс, тасыр-тұсыр жүгіріп жетті де, құралды төрт жендет жан-жағымыздан қоршай қалысты. Өздері итше тіміскіленгенімен қоймай, тайыншадай  қасқыр ит жетелеп алыпты. Көздері тұздай төрт орыс.

– Наркоман деді, біреуі мылтықтың дүмімен маңдайыма қойып кетіп. Жабыла кетті, екеуін ұрып құлаттым. Төрт жігіт үлгірте ме? Қолында темірдің сынығы жоқ мен байғұсты бүркітше шеңгелдеді де, қолымды тыртыстырып көзірлеп тастады. Иті тірсегімнен аямай қапты. Жанар жан ұшыра шыңғырып келіп мені бас салған еді. Май бас орыс қолаң шашынан екі орап ұстады да, шықшытынан бір қойып сылқ еткізді.

Екі құлағым тырс етіп бітелді, төбе құйқам шымыр ете түсті. Бас сүйегімді келіге салып жаншып-жаншып жібергендей шыңылдап кетті. Екі көзімнің асты түйіліп ауыра қалды, бар дауысыммен бақырып жібердім. Май бас орысты тұмсығынан маңдайыммен келістіріп отырып пердім-ай сәті келіп. Қасқыр иті жамбасымнан қырши тістеді. Қара құсымнан зілді соққы тиді. Біреу көз алдыма сансыз ұсақ жұлдыздарды әкеліп шашып жібергендей болды. Тілімді жұтып қойғандай күй кештім, тамағым бітіп бара ма?! Күйіп бара ма, әйтеуір үнім шықпады. Есімнен танып бара жаттым.

Есімді жиғанда Жанарды әлгі май бас орыс қардың үстінде жұлмалап жатыр екен. Сүзіліп түскен көше шырақтарынан барлығы анық көрініп тұр. Ақ балтыр, ақ бөксе көзіме бірден шалынды. Аппақ қардың үстінде, аппақ Жанарым былғанып барады. Өзім жұлмақ тұр ғой иіскеуге қимаған аппақ гүлім нәжіске батып барады. Сомадай кәпір тақымына басып алып нығыздап жаншиды-ау келіп, Жанарым жанталаса тыпыршиды».

Бомж сұңқылдап жылады. Сосын оқыс маған жалт қарап: «Сен айтшы, бүгін қандай күн деді? – деді, жас шимайлаған жүзін ақжем болған бас киімімен сүртіп жатып. Мен үнсіз басымды шайқадым. «Сендер айтыңдаршы!» - деп ақырып қалды. Ешкім жауап қатпады.

«Бүгін 16 желтоқсан, білесің бе?!». Өз басын өзі төпештеді. Тісін қайрады. Шықырлаған дыбысы жүрегімді қажап жатқандай. Ұялғанда кірерге тесік таба алмадым. Әттең, мынаның қорлығын-ай дәл қазір қолыма құрал берсе алдыңғы шепке аянбай аттанып-ақ кетер ем.

 - Сен жарымессің, -  деді маған жұдырығын түйе.  – Жарым есің бар, жарым есің жоқ, себебі миыңның жартысын мыналар білдірітпей жеп алған. Ал қалған жартысын иттеріне сақтап отыр. Барлығың жарымессің! Көпшілікке қарай қолын сермеді. Барлығың мәңгүртсің! Қазақша айтып тұрмын. Жақсылап есітіңдер! – Маған мойнын бұрып: «Бауырым, білесің бе? Бұлар қазақшаны сенен артық біледі. Көрдің бе, қызарақтай қалғанын». Қойнынан бір бөтелке арақ алып шықты.

   – Ішесің бе?

–  Жоқ, аға, намаз оқушы ем.

–  Дұрыс, сен ішпей ақ қой! Одан да маған дұға тіле. Мына шашты көрдің бе?

– Көрдім, ағарып кетіпті.

– Дұрыс айтасың. Шаш деген ақ сөңке. Мына шаш сол түні-ақ ағарып кеткен. Ал жүрек сол түні қарайып кеткен. Сен мені көрмедің ғой! Мен қандай едім. Мен жігіт біткеннің сарасы болатынмын. Мені елдер алқаш дейді. Ол рас, бірақ бір ауыз өтірік айтып көрмегем. Шашыма қарап шал деп ойлама. Мен әлі жаспын. Мүгедекпін. Мендей ғаріп бар дегенге сенбейтін де шығарсың. Жанарым-ай! Бүгін алаңға барып, Жанардың, бүкіл желтоқсаншылардың аруағына бағыштап Құран оқыдым. Құран болғанда да, мен түсінеді дейсің бе? Қазақша шатпақтадым. Қайтем енді!? Құдай түсінеді, ә! Ал сен отырсың көзің бақырайып. Қайдан шыққаныңды, қайда баратыныңды да білмейсің. Жүр сөйтіп жақсы болса. Арағынан бір ұрттап қойды да жалғасты әңгімеге көшті.

– Азат, қарамашы. Жалынам, қарама маған деп шыңғырды Жанарым. Май бас кәпір мені көрдің бе дегендей періштедей пәк Жанарымды езгілеп жатыр. Бейне қансонарда бүркітке жем болып бір тамшы қанын аппақ қарға шашып берген ақ қоянды елестетерсің. Жыртылған киімдер мен іш киімді үстіме лақтыра салды. Бар қайратымды бойыма жинап орнымнан түрегелдім, қолым артыма қайырыла көзірлеулі еді. Жан  дәрмен ұмтылдым. Үш жендет ортаға ала таяқтың астынан алды. Бетім бет емес тулақ дерсің, көз кетті жұдырықтай боп ісіп, мұрын орнында жоқ деп ойладым. Қабырғам быртылдап сынды, тістерім шыртылдап ұшты. Мына саусақтарымды көрдің ғой?! Сапер күрекпен қыршып түсірген. Қыршып түсіргені аздай «Шіркін тұз болса ғой! мына бұзақының жарасына сепсең ән айтады», «Айызымыз бір қанар еді» деп тамсанғандарын қайтерсің. – Енді байқадым, оң қолының төрт саусағы буыннан жоқ.  – Жіліншігімді сапер күрекпен май бас кәпір бір емес, санап жаттым төрт рет шапқанда күйреп түстім. Құлын дауысым шықты. Оң жақ аяғым жер тартып жатқандай сылқ етті. Жан жоқ. Ыңыранып жаттым. Ол белбеуін ағытып жіберіп басыма шаптыртты. Сәлден соң төрт жендет жерден жұлып алды да, талдың ашасына тамағымнан іле сүйеп қойды. Біреуі жүзіме жарқ түсірді, екіншісі иегімнен көтеріп тұрып, кәрі қойдың тісін тексергендей езуімді кергіледі, май бас кәпір бажайлап қарады да, сау қалған тістерімнің арасындағы екі тал алтын тісімді байқап қалды. Сойған түлкідей жиркенішті ыржиды. Сосын белінен кішкентай балта алып шықты да, соның арт жағымен жанымды онша қинамай ақ, асқан ептілікпен әлгі көкейін тесіп бара жатқан қазынаны тырс-тырс еткізіп қағып алды. Жаным көзімнің алдында тоқтаусыз жанталасып жүрді. Миым шың етті. Бақайым солқ етті. Басым төмен салбырап бара жатты. Ол аз болғандай Жанар екеуміздің қолымыздағы неке жүзігімізді түгел сыпырып алды. Ана үшеуіне бұрылып: «Мына қыз енді сендерге қалды», -деді.

Үш жендет тырдай жалаңаш Жанарыма аш қасқырдай жабылды. Өмірде сірә, мендей сорлы жоқ шығар-ау! Мені тірі деп ойлап тұрсыңдар ғой! Мен әруақпын. Сен сенесің бе? Мен бар болғаны Азаттың әруағымын. Мен сол түні-ақ өлгенмін. Азат деген есім жер бетінен сол түні мәңгілікке жоғалған. О, жаратқан ием-ай! Мұндай қорлықты көрсеткенше, көзіме неге шел бітірмегенсің! Маған қос жанардан көрі, жалғыз Жанар керек еді ғой. Жаратқанға мұңымды шақтым. Жендеттер құмары әбден қанған соң Жанарымды жалаңаш күйінде шашынан сүйреген беті Есентай өзеніндегі мұздың бетіне шалқасынан жатқызып қойды. Сосын көздері от шаша  аяңдап қасыма келді. Тығыршықтай бір жендет рәзіңке таяқпен белімнен бар күшін жинап ұрып-ұрып қалды. Көз алдым жарқ-жұрқ етті. Аспан аударылып түскендей болды, белден төмен ұйыды да қалды. Миым табаныма түскендей сезілді, кіші дәретім жүріп кетті. Екі бірдей бүйрегім зақымдалыпты, күні бүгінге шейін кіші дәретіме ие бола алмаймын.

Сол жақ сұқ саусағын ерніне тигізді, оң қолындағы жалғыз бармағымен шалбарының ауын ымдап көрсетті. Ауына мұз қатыпты. Бой бермей кеткен несептің мұзы болса керек. Азат көрдің бе дегендей жымиды, бірақ мұңға толы жүзінен күлкіден гөрі қасірет иісі аңқиды.

 –  Мені Есентай өзеніне домалата салғандай болды сосын екі жендет аяғымнан дырылдатып сүйреп Жанарымның қасына апарғанын сезіп жаттым. «Өлді ғой деймін», - деді бір жендет. Қазір тірілтем деді май бас жендет. Сосын етігімді сыпырып алып өзен жағалай су іздегендей болды. Сәлден соң  бетіме шұрылдап құйылған мұздай судан қалт есімді жидым. Шаш ал десе, бас алатын екі жендет оның бұйрығымен қолтығымнан ұстап жерден жұлқып тұрғызды да сүйеп тұрды. Біреуі мұз үстінде шалқасынан сұлап жатқан Жанарды шашынан тартып тұрғызып беліндегі сапер күрегімен  арқасынан тіреп отырғызып қойды. Май бас орыс аспай-саспай Жанарға мылтығын кезеді. Етігінің батқысымен тіземнен ақырын теуіп қойды, мұнысы жақсылап қара дегені еді.

– Бауырым, сен түсінемісің? Сол кезде көрмеймін десем көзім бар болды. Неге қарадым екен деші! Мүмкін маған қыр көрсеткен шығар, қарай салсам атпас па екен деген түйсік болды санамда. Бұлай боларын өзім де сезбей қалдым. Май бас орыс Жанарды нысанаға алып, шүріппені басып қалды. Мылтық тарс етті. Оқ маңдайдан тиді. Қарамайын ақ деген ем. Мойным бұрылмай қарысып қалғаны, көзім құрғыр солай қадала берді. Маңдайдан ноқаттай із қалдыра тескен оқ, бастың артқы қақпағын, қарақұстың төбемен жалғасқан бөлігін жұлып әкетті. Жанар былқ еткен жоқ. Қимылсыз жатыр. Миы шашылып кетті.

Ары қарай не болғанын білмеймін. Қанға малшынған киімім сауыс болып қатып, өлі мен тірінің арасында жатқан жерімнен біреулер тауып алып мәйітханаға өткізіпті. Су ішерлігім бар екен. Бақытма қарай, сол күні мәйітханада қазақ шал кезекші бола қалыпты да, жүрек соғысымнан тірі екенімді біліп, білдірітпей үйіне әкеп емдетіп алыпты. Жанарымнан үшті-күйлі хабар жоқ. Мүмкін өлі мен тірілердің арасында қала сыртына көміліп кеткен шығар.

«Адам – ит жанды» деген рас екен, қазір ойласам өзім де таңданам. Бір мезгіл «меңіреу» болыппын, «жынды» болыппын, тілсіз мылқау болыппын әйтеуір тірі қалғаным рас деп тоқтатты Азат әңгімесін.

Көз жасын көлегейлеуге тырысып, екі алақанымен бетін баса тізесіне жабыса түсті. Селк-селк еткен денесінен өзін баса алмай қалғаны аңғарылады. Автобустағылар оған тегіс мүсіркей қарайды. «Тоқта!»-деді басын оқыс жұлып ап. Алға қарай шойнаңдай жүгірді. Жұрт жарыла жол берді. Жүгірген беті жүргізушінің қасына кілт тоқтады, мүмкін жынданған шығар, «Ей, тоқта! Қазақша білесің бе? Тез тоқта! Болмаса отырған жеріңде өлтіріп, бас сүйегіңе шай құйып ішем», - деп жұдырығын көтерді. Автобус шарт тоқтады. Азат алдыңғы есіктен түсіп бара жатып шоферге бұрылып: «Біз әлі жүрегіңнен шашлык жасап жейтін боламыз. Күт бізді!»- деді.

Мен содан қайтып Азатты көрген емеспін.

 Сурет ғаламтордан алынды

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір