• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:12:20
Алматы
+12°

19 Қараша, 2012 Ұлы көш

Сұлтан Жанболат: Қазақстан басылымдары бармайды,телеканалдары көрілмейді, радиосы естілмейді

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ. 1936 жылы1 қаңтарда, ҚХР ШҰАР Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданының Қаракемер ауылындағы малшы отбасында дүниеге келген. 1956...

 

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ. 1936 жылы1 қаңтарда, ҚХР ШҰАР Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданының Қаракемер ауылындағы малшы отбасында дүниеге келген. 1956 жылы Шынжаң институты Физ-мат факультетін, 1961 жылы Чаңчұндағы Жилин (Гирин) университеті Физика факультеті радио-электроника мамандығын бітірген. 1961-1986 жылдары Шынжаң университетінде оқытушы, лектор, Қытай қазақтарынан тұңғыш доцент, кейін келе магистр жетекшісі, кафедраның және информация зертханасының меңгерушісі (жүргізушісі), деканның орынбасары (1980 жылдан), проректор (1983 жылдан), ҚХР Электроника қоғамының басалқа мүшесі, ҚХР Азұлт жазуындағы информацияларды өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО кәсіптік қызмет атақтарын аттестаттау комиссиясының бастығы, т.б. қызметтерді атқарған. Радио-электроника мамандығын (қазіргі Шинжияң Университеті Электроника факультетінінің тағанын) құрып шыққан. Азұлт жазуларын комьпютерде біржақты ету жүйесін жаратып, «Техникалық Прогрес» сыйлығын алған. «Комьпютер принциптері», «Магнитофонды радиоқабылдағыш», «Калкулятор» т.б. кітаптары жарық көрген.

– Қытайда тіл туралы заң қандай ерекшеліктерімен дараланады ?

– Қытайдың 5000 жылдан астам тарихқа ие көне мәдениет ошағы екені әлемге аян. Оның мемлекеттілік тарихы да соған таяу. Әрине мемлекеттілік деген де эволюциялық ұзақ та көп сатылы  процесті бастан кешкен. Қазақстан мемлекеттілігі де солай қалыптасты. Алғашында тайпалық одақтан бастау алып, біртіндеп бүгінге жеткен. Кей шала «молдалар» мыңдаған жылдың арғы жағынан бүгінгідей мемлкеттілікті іздеп, ондайды таба алмаса, жоққа санап, қателесіп жүр. Әр заманның, әр елдің өзіне лайық мемлкеттілігі болған. Қытайда бір орталыққа мықтап  бағынған мемлекеттің шаңырақ көтергеніне де 2000 жылдан асты. Сол тұстың Хән ( Хан да емес, Хань тіпті де емес. Біз, өзгеге еліктеуді доғарып,  тіліміз жетіп тұрғанды өзімізше дәл жазып дағдылануымыз керек!) әулеті өзінен бұрынғы әр салалық заң-ережелерін Кұң Фузы іліміне сүйене отырып, жөндеп кемелдендіре түсті. Қытай тайпаларының жазуы мен тілін бірлікке келтіру де сол кезден бастау алған болатын. Өз тіл-жазуына қаратылған жарғылар да сол кезден бастап толыға берді. Өзге этностардың, шет жұрттардың, басқа мемлекеттердің ономастикондарын хәнше (қытайша) иероглифпен қалай хаттау туралы бастапқы белгілемелер де сол кезде шыға бастады. Демек, қытайдағы құқық, заң, қағида, ереже т.б. тарихы тым арыда жатыр және ол өз дәуіріне сай кемелді болуға ұмтылған.

Бүгінде, Қытай үкіметі өз елін заңмен басқарылатын (құқылы) мемлекет санайды және заң-құқық жүйесін барған сайын толықтырып, жетілдіріп келеді. Соның ішіндегі ең бір маңызды сала өзің сұрап отырған тіл-жазуға байланысты заңдар мен ережелер. Ал, бұл заңдардың мүлтіксіз атқарылуы деген басқа тақырып. Бәлкім бүгінгі қазақстанда да солай шығар.

Ең әуелі, Қытай Атазаңында (конституциясында) «Әр ұлттың бәрінің де өз тілі мен жазуын қолдану және дамыту еркіндігі бар, бәрінің де өз салт-ғұрпын сақтау немесе реформалау еркіндігі бар» делінген. Соның 121-інші тармағында, «Ұлттық автономиялы жерлердегі автономия органдары қызмет атқарған кезде, осы ұлттық автономиялы жердің автономия ережесі бойынша, сол тұста жаппай қолданылатын бір не бірнеше тіл мен жазуды істетеді» деп те жазылған. Сондықтан ШҰАР-да бертінге шейін хән, ұйғыр, қазақ, қырғыз, монғол, сібе сынды алты ұлттың тілі мен жазуы білім беру мен үгіт-насихат және үкіметтің барлық салаларында ресми қоланылып келді.

«Жұңхуа Халық Республикасының Ұлттық Аумақтық Автономия Заңы» да осы ұстанымды қайталайды және оның атқарылуына кепілдік етуді ескерте келіп, «Аз ұлт оқушыларын қабылдауды негіз еткен мектептерде, жағдайы барлар аз ұлт тіл-жазуындағы оқулықтарды пайдалануы және аз ұлт тілімен сабақ өтуі, бастауыштың жоғарғы жылдықтарында немесе орта жылдықтарда хәнше сабақты енгізіп, бүкіл мемлекетке ортақ тілді жалпыластыруы тиіс» деп ашық айтылған. Қытайда «Жұңхуа Халық Республикасының мемлекетте ортақ қолданылатын тіл мен жазу заңы» деген де бар. Бұл мемлекеттік тіл туралы, яғни хән тілі мен жазуы туралы заң. Сонда, «Әр ұлттың бәрінің де өз тілі мен жазуын қолдану және дамыту еркіндігі бар. - дегенді қайталай отырып, - Аз ұлттардың тіл-жазуын қолдану конституциядағы, ұлттық аумақтық автономия заңындағы және басқа заңдардағы қатысты белгілемелерге негізделеді» делінген.

Бұдан мына ерекшеліктерді өзің де аңғарған боларсың:

1. Заңдарда аз ұлт тілі мен жазуына жоғары құрмет пен кең еркіндік берілген;

2. 93 пайыздан астамы хән тілді елде хән тілі мен жазуын игермесе болмайтыны және оған мүмкіндік жарату керектігі де ескерілген;

3. Заңдағы бұл мазмұндарды атқару мен оған кепілдік ету міндеттері мен құқықтары өлке және одан төменгі сатыларға тапсырылған. Жоғарыдағы «осы ұлттық автономиялы жердің автономия ережесі бойынша» деген сөз соны аңғартады. Қазір ШҰАР-да жұмыс «автономия ережесін» негіз еткенімен, ісжүзінде ШҰАР басшылғының реформалық саясаты бойынша жүріп жатыр.

– Автономиялы облыс, аудандардағы тіл саясаты қандай? Әкімшілік басқару, ісқағаздары, жарнама тілі сияқтыларда қай тілге басымдылық берілген? Іле Қазақ Автономиялы облысында қазақ тілінің қолданылу аясы қаншалық?

–Бүкіл Қытайда үш бірдей аймақты басқаратын жалғыз облыс бола тұра, Іле Қазақ Автономиялы облысының (ІҚАО) өзге облыстар мен аймақтардан еш қандай да айырмасы жоқ. Айырмашылығы – тек автономия иесі болған аз ұлт тілі мен жазуы қолдныла қалса, ол ІҚАО-да қазақ тілі мен жазуы болады. Облыс, аймақтағылардың барлығы да жоғарыда мен атаған заңдар мен ондағы мазмұндарды біледі. Олардың қолында одан өзге жергілікті тіл саясаты деген болмайды. Барлығы бүкіл ШҰАР бойынша жүргізіліп жатқан жаңағы реформалық саясатқа бағынады. Ал, әкімшілік басқару , ісқағаздары, т.с.с. әрине хән (мемлекет) тілінде жүріледі. Жұмыстағылардың, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей хән тілін жетік білетіндіктен бұрынғы жылдардағыдай қос тілмен іс жүргізу, қос тілді жиындар, қос тілді ісқағаздарын пайдалану қалған. Бірақ әлі де кей маңызды құжаттар қос, тіпті көп тілді күйде таратылады. Басылымдар мен теле-радиолар да қос, тіпті көп тілді. Тәулік бойы қазақ тілінде хабар тарататын екі радио, екі телеканал, толып жатқан мерзімді басылымдар мен баспалар бар. Мұндайлардың ұйғыр тілділері тіпті көп. Ал, енді жарнама тілі аларманына бейімделетіндіктен қос не көп тілді болуға мәжбүр.

– Қазір Қытай мемлекетінде, әсіресе, автономиялы аумақтарда біртұтас жүзеге асырылып жатқан «Қос тіл» оқытуының артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

–      «Қос тіл» оқытуының мен білетін екі жолы бар. Бірі – өзім белсене атсалысқан жол – әр ұлт баласын өз ана тілінде оқытып, мемлекет тілін шынайы да барынша мықтап үйрету арқылы ұрпақты нағыз қос, тіпті көп тілді етіп шығару жолы. ШҰАР-да өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін білім беру осы ұстаныммен жүргізілді. Мен 1986 жылы Шинжяң Университетінің проректорлығынан ШҰАР оқу-ағарту Комитетінің (дағды бойынша білім минстрі, ісжүзінде білім департаменті) Төрағасына (ол ШҰАР премьерминстрінің орынбасары еді) орынбасар болып, сонда 1996 жылға дейін қызмет атқардым. Яғни жоғарыда айтылған «Қос тіл оқытуын» атқарған басшылардың бірі болдым. Одан бұрін өзге елде жүргізілген  «Қос тіл» оқытуы дегенді әбден білетінмін. Қазақстанда оның неге апарғаны маған мәлім еді. Сондықтан Қазақстандағылар басып өткен «кеңестер одағынша қос тіл оқытуына» емес, өзімнен бұрынғы ардагерлер жетектеген осы жолға жанымды салуға тырыстым. 1987 жылдың басында, бүкіл ШҰАР мектептерінде хәнзу тілін мықтап оқыту туралы жиынның ашылуына мұрындық болдым. Оған ШҰАР парткомының бірінші хатшысы Уаң Інмау бастаған барлық басшылар қатысты. Жиын қортындысы бойынша ана тілінде оқитын балаларды, сол жүйеде оқыта беріп, мектеп бітіргенше мемлекеттік тіл хән тілін игеру міндеті алға қойылды. Амал не,  бәлкім қазіргі жүргізіліп жатқан «қос тіл» оқытуын жақтайтындарға бұл жақпаған болар, біз ұмтылған бұл жол практикада жетерлік қолдау таппады. Оған мықты оқытушы, әр алуан оқулық, тіл лаборториясы, т.б. керек еді. Мұның бәрі ақшаға және оқытушыларды ауыстыру мен сапаландыруға, батыл да өнімді шаралар қолдануға барып тірелетін. Қолымыз бұларға жетпеді. Ең өкінерлігі – өз ұлтымыздағы надандар біздің мұнымызды үлкен ұлтқа жағымпаздық санап, бүгінгі жағдайдың ертең алдына келерін мөлшерлей алмай, керенау ұстаныммен бөгет жасады. Сөйтіп мұның жолы болмады.

«Қос тіл» оқытуының екінші жолы – осы ғасыр басталғалы бері ресми жүріліп жатқан, аз ұлт балаларына өз ана тіліндегі тіл-әдебиет сабағынан өзге пәндерді тегіс үлкен ұлт (мемлекет) тілімен оқыту жолы. Мұндай саясатты Сіздерге таныстыруым артық болар. Мұның бір «артықшылығы» – балалар хән тіліне барынша жетіледі. Орны толмас өкініштісі – өзінің ұлттық уызына қану түгіл, ертең одан жеруі де ықтимал... Ал, бар үміт – саналы ата-аналарда, солардың отбасылық тіл арқылы өз ұрпағын ұлттық уызға қандыруында. Марксизмдік теорея мен социялистік қоғамның ассимилияцияны прогрессив құбылыс санайтынын Сіз де білетін шығарсыз. Ендеше жақсыға басын айту жетерлік болмақ.

Сөз реті келіп тұрғасын айта кетуім артық болмас. Қазақстандағы  ағайындардың қытайдағы істерді сөгуінен еш нәтиже шықпасына кәміл сенемін. Меніңше оны қойып, Қытай өз мемлекет тілін қай дәрежедегі мәртебеге көтеріп отыр, ол үшін нендей шаралар қолдануда, хән тілі мен жазуын әлемге тарату үшін не істеуде деген сықылды кесек мәселелерді зерделеп, оның қонатын тұстарын Қазақстанның мемлекет тілінің мәртебесін көтеруге пайдаланғаны жөн болар...

 –      Енді кешегі, бүгінгі, ертеңгі екі ел ара әдебиеттік байланысқа бұрылсақ. Қазақстандағы қазақ әдебиеті мен Қытай әдебиетінің байланысы, кімдердің аударылғандығы, аударманың сапасы қай деңгейде екенін айта кетсеңіз.

– Жарайды. Бірақ келісіп алайық. Өзің білесің. Мен, әдебиеттану маманы тұрмақ, әдебиет сыншысы да емеспін. Сондықтан сенің сұрауларыңа тек білгенімше және мүмкіндігімше ғана жауап қайырайын.

Қазір Қытайда хән тілді қаламгерлердің алды миллиярдер! Үкімет те, байлар да, баспалар да, басқа қайрымдылық ұйымдары да көркем әдебиетті көкке көтере демеуде. Олар бүгінгі Қытайдың кешегі Лу Шүндердің ыйғында тұрғанын жақсы біледі. Халықтың көркем әдебиетке деген сұранысы өте жоғары.

Қытайда өзге жанрларды айтпағанда жылына бір-екі мың роман жарық көреді. Бір айта кетрлігі - Қытай басшылары мәдениеттегі тәуелсіздікті ел тәуелсіздігімен тіке байланыстыра қарайды. Ал ұлттық мәдениеттің серкесі сол ұлттың тілі мен әдебиеті екені айтпаса да түсінікті жайт.

Жалпы алғанда бұл сала қоғамның дамуымен, заманның ілгерілеуімен жарысып келеді. Бұл әрине Қытай жазушылырының дүниені, қоғамды, адам тағдырын тұтастай тануы мен білуін әйгілеп отыр. Бұлардың шығармалырында қарапайым адамдардың тіршілік күйі тіпті де басты назарға алынуда (мысалы, Жа Пиңоудың «Шаттық» сықылдыларында); Сыртқы өркениет жетіп келгендегі аз ұлт адамының жан дүниелік арпалысы мен өзін реттеу барысы да қалыс қалмауда (мысалы, Алайдың «Иен тауы»); Адам жанына ішкерлей еніп, адами дұрыс пиғылдарды дәріптегендері де аз емес (мысалы, Бей Шоумиңнің «Психолог әйелі», т.б.); Қоғамдық жауапкершілікті арқалаған тарихи тақырыптағы туындылар да көп. Бұл арада Қытай жазушыларының өз ұлттық тарихына деген терең сүйіспеншілігі мен түсінігі де жатыр. Алға басудың динамикасын тарихтан табуға деген берік ниеті де тұр ( мысалы, Уаң Анидің « Ояну кезеңі», Шүй Күннің « Жабайы шөптің тамыры» сияқтылар); Қытайда ғаламтор (интернет) әдебиеті де бұл саланы дамытуға күш салуда. Бұл арада мен сізге тек өткен жылдың романдарынан ғана мысал келтіріп отырмын. Ал арғы жылдарға немесе хикаят , әңгіме жағына бұрылсақ сөз тіпті ұзарып кетеді .

Кешегі дәуірде, сіздерше КСРО заманында Қытайдағы қазақ әдебиеті қазақтық, қытайлық, кеңестік, әлемдік сынды төрт мұхиттан қатар сусындады.  Қытай қазақтарына Қазақстан әдебиеті тіке барып жатты. Абай мен оның арғы жағындағылар ғана емес, Мұхтар Әуезов пен оның замандас қаламгерлері бізге бала жастан таныс болды және олардың туындыларын оқып, нәр алып өстік. 1960 жылдардан соң екі ел ара қырғиқабақтық ауырлады. Бұл кезде Қазақстан ғалымдары мен жазушыларының кейбіреуі (І.Есенберлин, Ш.Уәлиханов, т.б.) саяси тұрғыдан сынға алынып, оң қабылданбады. 1980 жылдардан бастап Қытайда реформа етек алды, жағдай оңалуға беттеді. Бұл тұста Кеңестік жазушылар қатарында Ш.Айтматов мақталып, шығармалары аударыла басталды.

Қазақстан саяси әдебиеті (мысалы Н.Ә.Назарбаевтың, Қ.Тоқаевтың еңбектері) мен көркем әдебиеті Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана, қазақша төте жазумен шыға бастады. Мысалы, тек көркем әдебиет өңірін ғана сөз етсек, Шинжяң Халық баспасынан М.Әуезовтің «Абайы» мен «Абай жолы», «Кінәмшіл бойжеткені», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ғ.Мүсіреповтің «Жат қолындасы», Оралхан Бөкеевтің «Мынау аппақ дүниесі» мен «Атау кересі», Мұхтар Шахановтың «Дәуір дастандары» мен «Құз басындағы аңшының зары», Қалмахан Әбдіқадыровтың «Қажымұханы» мен «Мың бір түні» (аудармасы), Бейжіндегі ұлттар баспасынан Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Қарағандысы», С.Мұқановтың «Ботагөзі», А.Құнанбаевтың «Өлеңдері» мен «Қара сөздері», Шинжяң жастар-өрендер баспасынан Ілияс Есенберлиннің «Алтын ордасы» мен «Көшпенділері», Нұрлан Оразалиннің «Өлеңдері», Жанат Ахмадидің «Есенгелді биі» сықылды талай шығарма төте жазумен жарық көрді.

Ал осы баспалардың күш салуымен «Абай өлеңдері», «Абай қарасөздері», М.Әуезовтің «Абай» эпопеясы қытайшаға (хән тілімен) аударылды. Дегенмен қазақ әдебиетін қытай тіліне аудару жағы үнемі кемшін түсіп жататын. Жуық жылдардан бері танымал қаламгер Қайша Тәбәракқызы өзі сияқты хән тілінде қалам тербейтін 20 шақты жігіт-қыздарды ұйымдастырып арнайы аудару орталығын құрды. Оны қазір ШҰАР басшылығында жүрген Асхат Керімбайұлы, Нұрлан Әбдімәжінұлы, Тілебалды Әбдірашитұлы, Мамыт Тоймылұлы сықылды бауырларымыз қос қолдап жебеуде. Бұл орталық дәл қазір «Абай жолының» (тіпті де сапалы болуы үшін) және «Атау кере» мен «Қорқыт ата» кітабының аудару жұмыстарын қолға алды. «Осызаманғы Қазақстанның 15 әйгілі ақынының өлеңдері» дегенді де хән тілінде сөйлеткелі жатыр. Қайша Тәбәракқызы Қазақстан жазушылар одағымен (Төраға Нұрлан Оразалинмен) тығыз байланыс жасауда. Өз шығармаларын миллиярдтар тілінде сөйлеткісі келгендер Нұрлан Оразалинмен немесе Қайшаның Алматыда тұратын ұлы Өркен Серғазыұлымен байланыс жасаса болады.

 – Латын қарпіне көшу жөніндегі қытайдағы қазақтардың ой- пікірлері, оған үкіметтің көзқарасы қандай?

– Бұл бір өте маңызды тақырып.Қытайдағы қазақ әліпбиі ХХ ғасырда сан рет өзгерді. Яғни  Ахмет Байтұрсынов тағанын қалаған, сосын Әнуәр Көкеев реформалаған төтежазу(1982-жылдан бұрын),   криллица (1957-жылғы бірер ай), одан кейін латынша ( төте жазумен қатар, 1958-1982 жылдар ), сосын қайтадан төте жазу (1982-жылдан соң ) болып сан құбылды. 1982 жылдардың басында, біршама  жалпыласып қалған латынша жазуды тастай салып, қайтадан төте жазуға шегінгенде мен оған қарсы шықтым. Маңымдағылардан зиялы қауымнан өзгесі сөзіме құлақ аспаған соң, сол кезде оқу-ағартуды басқаруға жауапты вице-премьерге хат жаздым. Ол хат Бейжін тарапынан қолдау сыңайлы раймен ШҰАР-дың пікірін алуға қайтарылды да, аяғы жолы болмады. Сосын «Ұлттар» журналында мақала жарияладым. Биліктегі біреу бұл журналды менің мақалама байланысты сөгіп, таратқызбай қойып, аяғы жарым жылдан кейін еріксіз таратты. Жастар мен ғалымдардың, зиялы қауымның ерекше қолдауына ие болдым. Сонымен жастар латынша жазуды интернет арқылы жалпыластыруға өтті. Бұған серкелік қылғандар – қытайда ең алғашқы «Ауыл» атты сайтты ашқан, қазір Алматыда тұратын кәсіпкер Асқар Жакулиндер еді.

Ал, бүгінде жазу түгіл тіліміздің өзі отбасылық тілге қарай құлдырап бара жатыр. Жаңағы «қос тіл» оқытуы кейде, кей жерде «бір тіл ағартуы » болып барады. Сондықтан қазақ тілінің мұндағы болашағынан мен қатты алаңдаймын. Ол туралы жазып та, сөйлеп те келемін. Қазірше бұған саналы ата-аналар ғана отбасындағы тәрбие арқылы төтеп беруі мүмкін. Одан қала берді үміт – саналы жастардың өзінде, өздігінен үйренуінде. Менің өзім кезіндегі сыртқы жағдайға байланысты, қазақша оқымаған адаммын. Қазіргі уақытта мұндағы қара көздеріміздің жазу реформасы мен латын қарпін қолдану туралы ойлауға мұршасы жоқ. Биліктегілері хән жазуы мен тілін жалпыластыруға күш салуда. Ұзақты ойлайтын зиялы қауымның ойы әрі-сәрі. Дегенмен хән жазуын жалпыластыру латынша жазуды қоса жалпыластыруда. Өйткені хән иероглифтерін дұрыс оқып-үйрену латынша жазуға негізделген пиңиңзыму (хәнше латын жазу) дегенге сүйенеді. Бірақ оның ішінде қазақша қаріптерді таңбалауға келмейтін бірнеше әріп бар және қазақша әріптерге жетпейді де. Өзге түрік тілді елдердегі қазақтар қолдануға мәжбүр болып жүрген латынша жазу жобалары да әр алуан екенін білесің. Түркияның жазуы да бір ғасырға жуық бұрын жасалған, бүгінгі дәуірге тым қолайлы емес жазу үлгісі. Жалпы Қазақстаннан өзге елдердегі қазақтар латынша жазудың алуан үлгісіне бет-бетімен кетіп барады.

Меніңше шынайы зиялы қауым дүниедегі қазақтың ортақ бір ғана жазуы болуын арман етеді. Өкінішке қарай қазір мұндай ортақтыққа қол жеткізе алмай отырмыз. Латыншаның әртүрлі нұсқалырын қоса есептесең 5-6 түрлі жазу қолданып жүр. Бұл, мәдени ауыс-түйіске ғана емес, ұлт тұтастығына да зор залалды жағдай. Мен мыналарды айтқым келеді:

1. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бөгет болса, асықпай бірте-бірте жүзеге асыру керек. Тіпті біраз уақыт екі жазуды қатар қолданса да болады.

2. Қазақ елі болашақта пайдаланатын латынша жазу жобасын дәл қазір жариялап тастағаны жөн. Бұл Қазақстан мен оның билік басындағылардың кешіктіруге болмайтын тарихи борышы. Сонда ғана өзге елдердегі қазақтар (диаспорадағылар) біртіндеп сол жобаға бейімделетін болады, сол арқылы жазу бірлігіне қол жеткіземіз.

4. Кез келген ұлт үшін де диаспора мәңгілік. Қазақстан шетелдегі қазақтарды түгелдей атажұртқа көшіре алмайды.  Бірақ әлемдегі қазақтардың мәдени тұтастығын ойлауға борышты.

   5. Жалпы алғанда, жазу өзгерту сән де, ермек те, саяси ойын да емес. Ұлттың тұтастығының, мәдени ауыс-түйістің, жазудың, тілдің өміршеңдігінің, сол үшін заман дамуынан артта қалмауының зәрулігі.

6. Төте жазу да, криллица жазу да техникалық, бағдарламалық жасампаздықтар мен өңдеулерге қанша сүйенсе де, латынша жазуға жете алмайтыны бесенеден белгілі. Қазақ енді ең соңғы рет жазу өзгертіп, бұдан былай мәңгі өзгертілмейтін жазуға уағында көшіп алғаны абзал.

 – Қытайдағы қазақ жастарына Қазақстан кітаптарын тарату, оларды крилицаға үйрету жағы ескерілген бе? Жалпы Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты дамыту Шинжяңдағы қазақтарға қаншалықты септігін тигізеді?

–      Ондай мүмкіндік ескерілмеген. Қазақстан басылымдары Қытайға бармайды, телеканалдары көрілмейді, радиосы естілмейді. Көп санды қазақтар жөнінен алғанда, екі ел арасындағы жолаушылар апарған аздаған дүниелердің ықпалы жоққа тән. Қытайдағы қазақтар қолына түсе қалған күнде де криллицамен жазылған шығармаларды оқи алмайды. Бұлардан тамтұмдап пайдаланатындар аздаған зиялы қауым ғана. Ал, Қытайдағы төте жазумен шыққан соншама көп қазақша дүниелерді Сіздер де танымайсыздар. Қазіргі мәдени ауыс-түйістің бір шындығы осы.

Дегенмен, Қытайдағы қазақ жастарының көбі Қазақстанға ыстық ықыласпен қарайды. Оның өркендеген тұстарынан, әсіресе өнер өңірінен нәр алуға, үйренуге мән береді. Оған Қазақстандық өнер адамдарының Шинжяңға барып өнер көрсетуі де оң әсерін тигізуде.

Бір таңғаларлығы Қазақстан тарапынан екі ел арасындағы әдебиет пен мәдениеттің ауыс-түйісіне, ондағы қазақтардың атажұртпен рухани байланысын үзбеуге ықпал ету жағы кемшін түсіп жатыр.   Мысалы, Қазақстанда жарық көретін «Көрші» журналы Қытай мәдениетін Қазақстан мен қазақ тілді әлемге таныстырып жатыр. Ал қазақ пен Қазақстанды таныстыратын хән тілді дүние әлі жарыққа шаққан жоқ. Қазақ елінде «Кұң Фузы институты» құрылды, Қытайда «Абай сыныбы» да жоқ. Қазақстанда «қытайлықтар мәдени орталығы » жұмыс істейді...

– Қытайдағы қазақ әдебиеті қай деңгейде?

–      Қытайдағы қазақ әдебиеті хән тілді әдебиеттен сан мен сапа жағынан кешеуілдеп тұрғанымен, гүлдену, даму барысында. Былтыр ғана төрт томдық  Қытай қазақтарының «Әдебиет тарихы » жарық көрді. Сенің сұрауыңа жақсы жауапты сол төрт том бермек .

 Миллиардтар елінде тұрып, ана тіліміз жайында сүбелі сұхбат бергеніңізге рахмет! Қарт қаламгер ретінде бүгінгі қазақ жастарына не айтасыз...

–      Мен ақын емеспін. Алайда жақсы өлеңдерге әсерленгішпін. Мысалы, Әбділда Тәжібаевтің :

              Иілме бас, иімпаздар игенге,

              Күншілдерге сен де күш айт,

                                   именбе.

              Бүгін үйрен жалаң аяқ шоқ басып,

              Ертең өртке лақтырса да күймеуге. –

Деген өлеңі әрқашан жадымда жүреді. Осындай отты өлеңдерден нәр алып, саналы ұрпақ санасында қалар деген ниетпен менде жастарға бір шумақ өлең арнағым келеді:

          Шошыма естіп мінбедегі дүрілді,

          Босатпа әсте ана тілдік діліңді.

          Қаламыңмен өз анаңша жаза бер,

          Әлде біреу кесседағы тіліңді!!!

Сұлтан Жанболат өмір жолы

 

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ. 1936 жылы1 қаңтарда, ҚХР ШҰАР Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданының Қаракемер ауылындағы малшы отбасында дүниеге келген. 1956 жылы Шынжаң институты Физ-мат факультетін, 1961 жылы Чаңчұндағы Жилин (Гирин) университеті Физика факультеті радио-электроника мамандығын бітірген. 1961-1986 жылдары Шынжаң университетінде оқытушы, лектор, Қытай қазақтарынан тұңғыш доцент, кейін келе магистр жетекшісі, кафедраның және информация зертханасының меңгерушісі (жүргізушісі), деканның орынбасары (1980 жылдан), проректор (1983 жылдан), ҚХР Электроника қоғамының басалқа мүшесі, ҚХР Азұлт жазуындағы информацияларды өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО кәсіптік қызмет атақтарын аттестаттау комиссиясының бастығы, т.б. қызметтерді атқарған. Радио-электроника мамандығын (қазіргі Шинжияң Университеті Электроника факультетінінің тағанын) құрып шыққан. Азұлт жазуларын комьпютерде біржақты ету жүйесін жаратып, «Техникалық Прогрес» сыйлығын алған. «Комьпютер принциптері», «Магнитофонды радиоқабылдағыш», «Калкулатор» т.б. кітаптары жарық көрген.

1962-1966 жылдары “ұлтшыл”, “ревизионист”, “шетелге қашқанның ұлы”, “ақ маман” сияқты “бөріктермен” көрген саяси қақпайы “Мәдениет Төнкерісінде” (1966-1976) айдалу, күреске алыну мен мырза қамаққа алынған Сұлтекең бертінгі Дың Шяупиң саясатынан соң ғана оң көзге түсе бастайды. Ол 1986-1996 жылдары ШҰАР Оқу-ағарту комитеті төрағасының (білім минстрінің) орынбасары, Оқу-ағартуды зерттеу институтының профессоры (1988 ж), ШҰАР-дың төтенше үлесі бар маманы (1990), бұған қоса Чяугуаң шығыс ғылымы мен мәдениеті академиясының мүшесі, ЖОО-ларда білім беруді зерделеу институтының директоры мен аға зерттеушісі. Ал, 1993-2003 жж, 8- және 9- (екі кезектік) Мемлекеттік Халық Құрылтайының (парламент) депутаты, оның Ұлттар Комиссиясының мүшесі болды. 2005 жылдан бері Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы Төралқасының мүшесі. Қазір ШҰАР телеуниверситетінің профессоры, ҚР Мұхтар Әуезов атындағы Семей университеті қатарлылардың құрметті прфессоры.

С. Р. ЖАНБОЛАТОВ 1986 жылдан кейін (лабораториядан қол үзіп, техникалық мамандығын жалғастыру мүмкіндігінен айрылған соң) бір жолата көркем әдебиетке бұрылады. «Үйсін Хикаясы» атты трилогиясы - «Елжау Күнбй», «Саншора Күнбй» және «Оңғай Күнбй» атты төрт томнан тұратын үш романы жарық көрді және ҚХР да мемлекеттік, ШҰАР-лық үздік сыйлықтарға ие болды. Сұлтанның бұдан басқа, «Таластағы жанталас» секілді повестері, үш томдық мақалалар (монографиялық еңбектер) топтамасы, сондай ақ очерктері мен әңгімелер жинақтары бар. “Біз” дейтін ғұмырнамалық трилогиясы жарық көрді. Ол Қазақстан, Қытай және ШҰАР жазушылар одақтарының мүшесі. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бекітуі арқылы 2001 жылы, ҚР-ның тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, мерекелік медальмен, 2007 жылы “Достық” орденімен марапатталған. 2004 жылы ол тағы“Тяншян” әдебиет-өнер сыйлығының ең жоғарғысы “үлес” сыйлығымен марапатталды.

  Әңгімелескен Хазірет Әбділда
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір