• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:48:45
Алматы
+12°

27 Ақпан, 2014 NEWS

«Абиевшілдердің» арғы ойы - әділет пе, арамдық па?(видео)

2013 жылы 9 қаңтарда «ата-анамыз» деген өтінішпен кабинетіме  Амангул Сунгабай деген ана 3-4 адамды бастап кірді. Жанындағы азаматты Тоқберген Абиев деп...

2013 жылы 9 қаңтарда «ата-анамыз» деген өтінішпен кабинетіме  Амангул Сунгабай деген ана 3-4 адамды бастап кірді. Жанындағы азаматты Тоқберген Абиев деп таныстырды. «Сізге мына кісінің сұрақтары бар екен?» деп Амангулді сөзге жетеледі. Алайда өзінің тілшілікпен келгені жөнінде немесе бейне камераға түсіретіні жайында ештеңе айтқан жоқ.

1334208843-357Мен Амангулдің сұрақтарына жеке-жеке жауап бердім. Сөз соңында олардың мені жасырын камераға жазып отырғанын байқап орынбасарларыма: «Мыналар менің сөзімді жасырын камераға жазып отырыпты. Дереу тоқтатыңдар!» дедім.  Сол-ақ екен, олар тайып тұрды. Мен ауылдық учаскелік инспектор Шыңғысқа, аудандық ІІБ бастығының орынбасары Ермек Медеубаевқа телефон шалып, болған жайды мәлімдедім.

Нәтижесінде бірнеше күннен кейін аталған кадрлар «Абиев-кз» сайтында жарияланды. Дәл бір жемқорларды ұстап алғандай, бұл шуды республикалық деңгейге дейін көтеріп, менің және мектебіміздің, аудан мен облысымыздың бет-бедел, атақ-абыройына кір келтірді. Жөнді-жөнсіз кіналауларды ажуа суреттермен көрсетті. Тіпті мектебіміздің оқушыларына дейін сайттағы кескінді көріп, рухани соққыға ұшырады. Нашар көзқарастар қалыптастырды.

Бір қызығы, Абиев және оның қолшоқпарына айналған Амангүлдің көтерген шуы бойынша Ақмола облыстық білім бақылау департаменті 5-8 ақпан аралығында төрт күн бойы жоспардан тыс мемлекеттік тексеріс жүргізді. Содан кейінде облыстық, аудандық құқық қорғау органдары көп рет тексеріс жүргізіп, тиянақты дәлелдер таппады. Тексерістер мұғалімдеріміздің жүйкесін жұқартып қана қалмастан, оқушылар мен ата-аналар арасындағы әр түрлі алып-қашпа әңгімелерге мұрындық болды.

Осы орайда, бізге де, оқырманға да «Абиев деген кім?» деген заңды сұрақ туады.

«Закон и правосудие» басылымының бұрынғы бас редакторы болған Тоқберген Әбиев мырза Қазақстан қаржы полициясы жағынан 2008 жылы мамырда «сот органдары қызметкерлерінің үстінен астыртын айғақ жинап беру үшін қаржы полициясының жауапты қызметкеріне 1600 доллар және 50 мың теңге пара бермек болды» деген айыппен тұтқындалып, түрмеде үш жылдық жазасын өтеген соң бостандыққа шығып, қазір біз тілге тиек етіп отырған «Abiev.kz» сайтының жетекшісі әрі жүргізушісі болып қызмет атқарады екен.

«Азаттық»-қа берген бір сұхбатында ол:«Түрме адамды өзгертпей қоймайды. Адам не жаман жағына, не жақсы жағына өзгеретіні сөзсіз. Жақсы дегеніміз – өз ісін саралап, өмірге деген көзқарасы өзгеру деген мағынада. Онда көп жайттарды ойлануға мүмкіндік бар, уақыт көп. Сондықтан қазір көп нәрсеге деген көзқарасым өзгерді. Бұрын құқық қорғау жүйесін білсем, енді саясаттан хабардар болып қалдым. Мен бұрын жемқорлықпен күресте президентке көмектесіп келсем, қазір ойлана келе президенттің саясатынан көңілім қалды. Бірақ жұмыс істеу керек. Сондықтан өз ісімді одан әрі жалғастырамын», – депті.

Бұл арада, ендігі «жалғастыратын ісі», «өзгергені» қалай болар екен? – деген тағы бір сұрақ туады.

Т.Абиевтың өз пайымынша журналистиканы, заңды жақсы білетін сияқты. Бірақ,Т.Абиев өзінің журналистік құқығын артығымен пайдаланып отырғанын білмеген бе, білсе де әдейі сондай қадамға барып отырма? Ол жағы аса анық емес. Себебі, ҚР БАҚ туралы заңының  21-бабында көрсетілген Журналистiң мiндеттерiнде: «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға; жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге; азаматтармен сұхбат жүргiзген кезде дыбыс- немесе бейнежазбаны пайдалануға келiсiм алуға» құқылы екені көрсетілген. Ал, Тоқберген Абиев мырза бұл қағиданы өрескел бұзып отыр. Ол өзінің сайты арқылы «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратты; жеке (менің) және заңды тұлғалардың (мектеп, аудан, облыс әкімшілігі) заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтемеді; менімен сұхбат жүргiзетіндігі және оны камераға жазып жатқандығы жайында менен келісім алмады. « Азаматтық кодекстің 145-бабында: «Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда – мұрагерлерiнiң келісімiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ» делінген.

«Абиев.кз» немесе оның жетекшісі Тоқберген Абиев және олардан «журналист» деген куәлік алып отырған Амангул Сунгабай, менен алған кескін жазбаларды менің келісімімсіз ақпаратта жариялау арқылы менің жеке өміріме қол сұғып, ар-намыс, атақ-абройыма кір келтіруге неге әуес болды. Менің ғана емес мектеп мұғалімдерінің, басқа да әкімшілік тұлғалардың қоғам алдындағы атақ-абыройын төмендетіп, сайттың оқырмандары алдында масқаралауға барды. Осы барыста ол калыпты күймен жүріп жатқан оқу үрдісіне кедергі келтірді. 22 қаңтарда мектеп залында өткен әкімнің есеп беру жиналысын шуға айналдырған «Абиев»-шылдар жиналыс аяқтаған соң, зал ішінде дауыс көтеріп, әкімдерді қуып, мектеп диреторына, оқу ісі меңгерушісіне қарсы сөздер айтып даурықты. Жәй ғана даурыққан жоқ,  С.Амангулді желіктіріп аудан әкімінің орынбасары А.Қараманұлының алдындағы қағаздарын жыртып, шалбарымен жағаласатын, білім бөлімінің басшысы Қ.Есенбекұлының жағасынан алатын «театрланған қойылым» жасады. Тағы да еш келісімсіз келсе-келмес кадрлар түсіруге кірісті. Оқиға үстінде екі езуі екі құлағына жеткен Тоқберген мырза Амангулдің қасында болып, оған дем берген сыңай танытып, мәселенің ушығып, шудың көбеюіне себепкер болды. Әрі бүкіл барысты кескінге алып, кейіннен өзінің сайтында жариялады.

Тоқберген Абиев және ол желіктіріп, тілші куәлігін берген Амангул Сунгабай жоғарыдағы шулары арқылы бүкіл ауыл, аудан, облысты масқаралайтын әрекетке барып, қоғамдық тәртіпті бүлдіруге, елдің мазасын алуға барды. Қылмыстық істер заңының 257 бабында көрсетілген бұзақылықтар жасады. 241 бапта көрсетілген халықты жаппай тәртіпсіздікке бастайтын әрекеттер қалыптастырды. Әкімшілік кодекстің 386-, 390-, 392-, 404 баптарындағы әрекеттердің қалыптасуына негіз қалады.

Біз енді Абиевтың қалай «өзгергенін», «ісін қалай жалғастырғанын» толық көрдік.

Осы орайда «оның қасындағы Сунгабай Амангүл деген кім? деген тағы бір сұрақтың шекесі көрінеді.

         Сунгабай Амангул Қоянды ауылының тұрғыны. Моңғолияда туған. Жастай жетім қалған. Күйеуінен ажырасқан.Тұрақты жұмысы жоқ. Үш баласы бар, екеуі мектепте оқиды.

Өзінің өмірде көрген жоқшылығының есесін өзгелерден алғысы келетін писихикалық өзгерісшеңдікке ие. Өзін заң білетін, оқыған адам ретінде көрсетуге тырысады. Арыз жазудан шаршамайды. Арнайы оқу орынын тауыспаса да көп ешкімге көрсете бермейтін дипломы бар. Қоянды ауылында «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұх Оразханның соңынан «шырақ алып түсіп» сол кезде аты шулы болған.

2012-2013 оқу жылында Қоянды мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері – Гульжайнат Сапарова Мұратқызы мен Алтын Битикова Дауылбайқызының үстінен жалған айыптаулар түсіріп, ол деректер дәлелсіз деп танылған. 2013 жылы мамыр айында аудан әкімінің мектепте өткен жиналысында ортаға шығып әкімге және аудандық білім бөлімінің басшысына «жемқорлар!» деп айқайлаған. 2013 жылы қыркүйекте аяғыауыр(жүкті) күйдегі А.Битикова Дауылбайқызына тағы да айыптаулар тағып, оның денсаулық және көңіл күй жағдайының әлсіреуіне, ем алуына себепкер болған.

2013 жылы 27 қыркүйекте өткен Қоянды мектебінің ата-аналармен болған мектепішілік жиналысында және 2014 жылы 22 қаңтардағы әкімдердің есеп беру жиналысында негізсіз айыптаулармен шу шығарып әкімшілік кадрларының жағасынан алған.

Ол осы және басқа да әр түрлі әрекеттері арқылы халықтың ішіне іркі салып, үкіметке деген наразылық нысайларының қалыптасуы үшін жанталаса жүгіреді. Сол үшін де Қоянды ауылының ақсақалдары 12 ақпанда ауыл әкімі Қайролла Ташетовтың қатысуымен арнайы ақсақалдар кеңесін өткізіп, Сунгабай Амангулді ауылдан аластауды талап еткен.

Енді қараңыз, «екі қарақшы тоғайда табысыпты» дегендей осы Сунгабай Амангулге Тоқберген Абиевтың тілші куәлігін беріп, желіктіруі, ол берген ақпараттарды жөнді-жөнсіз «Аbiev.kz»сайтында жариялауы нені ұқтырады?

Әлде кімдер, Қоянды сынды шешуге тиісті мәселелері біршама қордаланған ауылды әлде қандай бір тұрақсыздыққа бастау үшін белгісіз әрекеттерге барып отырған жоқ па? Осынша күрмеуі күрделі мәселелерді күнде көріп отырған құқық қорғау орындары не бітіріп отыр? «Ауырып ем ідеген жөн бе, ауырмайтын жол іздеген жөн бе?». Отты тұтанбай тұрып өшіру керек пе, өртке айналған соң байбалам салу қажет пе?

«Абиевшылдардың» арғы ойы не? Ал, олардың арызы бойынша заңды-заңсыз тексерулер ұйымдастырып, мектепті ғана емес, аудан мен ауылды әлекке салған қатысты мекемелердің ісін қалай түсінуге болады?

Халық сөзін сөйлеп жүрген, заңымыздың қорғашы азаматы ретінде ел бірлігі мен халық тыныштығының маңыздылығын ескере отырып, бұл жағдайларды құзырлы мекмелердің құлағына жеткізгім келеді.

Қоянды ауылдық орта мектебінің директоры,

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі,

жазушы Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

(сурет "Азаттық" сайтынан алынды)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір