• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:22:52
Алматы
+12°

24 Ақпан, 2014 NEWS

Шәмшәдин Керім: Ислам діні мен араб дәстүрін шатастырмау керек

ұран Кәрімде: «О, Халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жете­сің» деп көрсетеді де,  көзқарастар қайшы­лығынан ақиқатқа қол жеткізу болатынын...

IMG_8798Құран Кәрімде: «О, Халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жете­сің» деп көрсетеді де,  көзқарастар қайшы­лығынан ақиқатқа қол жеткізу болатынын меңзейді. Ендеше, қазіргі кең етек  алған дін мен дәстүр қарым-қатынасының қандай болуы керектігі мәселесі уақыт тудырған проблемалардың бірі. Оған қоса ендігі бір тұстардағы айтылып жүрген тәңіршілдік ұстанымын алға тартсақ, онда мәселе тіпті күрделене түседі. Тә­­ңір­шілдікке келсек, оны теориялық жа­ғынан негіздейтін кітап та, канон да жоқ. Ол бар болғаны қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, күнделікті тыныс-тіршілігіндегі  қарым-қатынасқа сіңісіп, мұсылмандықпен астасып  кеткен  наным-таным, айта берді сенім. Сондықтан, тә­ңірлік ұлттың «сәбилік» шағының  белгісі. Ол халқымыздың өткен табиғи-тарихи процесі. Оған еш қайта  орала  алмаймыз. Демек, бүгінгі келелі кеңесте көтеріп отырған мәселеміз дін мен дәстүр қарым-қатынасының  қан­шалықты болып, қандай деңгейде  дамуы  керектігі болса, ол ешкімді де таң­қалдыра қоймас. Дейтұрғанмен, соңғы уақыттағы жат ағымдардың кері әсерінен болар, дәстүріміздің  дінге қайшы тұстары көп айтылып жүр. Дәстүрлі  дін мен салт-санамыздың ара жігі неге ажырап бара жатыр. Бұл  қоғамның өзге ағымдардың  әсерінен арандауға ұшырағаны ма, әлде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, салт-дәстүріміз  иманға қайшы болғаны ма? Осы және өзге де дін мен дәстүрге қатысты  Кеңеске  «Нұр-Мүбарак» университетінің  проректоры, профессор Шәмшәдин Керімнің пікірін білген едік...

Ислам діні жә­не ұлттық дәстүр деген мәселе қазіргі қоға­мы­мызда неліктен кө­кейтесті болып отыр. Бұның себебі, ислам дінінің күшеюімен бай­ланысты. Ислам діні күшейгеннен кейін біздің елімізде жастар дінге қарай  бет  бұрды, сонымен бірге сырттан, әсіресе миссионерлер,  дінді  тарататын құралдар,  формалар, дін жолын  ұстанатын жастар  көбейді. Осымен байланысты екінші проб­лема туды. Жастарымыз тек ислам жолымен, шариғат бойынша жүреміз деп,  кейбір салт-дәстүрімізді  шариғатта  жоқ деген пікірлер айта бастады. Осыдан кейін біздің қоғамымызда дәстүрге қар­сылық туды. Біздің аруаққа сену секілді әр түрлі ұғымдарымызды ислам дінінде жоқ деп шықты. Қыз­дар­дың да киім кию формалары, қа­зақ жігіттерінің сырт­қы көріністері өзгере бастады. Сондықтан, біз қазақ елі болғандықтан, өзіміздің ұлт­­тық болмысымызды қалай сақтап қа­ламыз деген үлкен сұрақ туындайды. Тек қана біздің қазақ қоғамында ғана емес, барлық әлемдік жаһандану заманында халық­тардың дәстүрі өзгеріп, кейбір ұлттар жоғалып жатыр. Жаһандану дәуірінде біз көптеген дәстүрімізден қаласақ та,  қала­масақ та айырыламыз. Келесі ғасырға біз  қазақтығымыздан  не алып барамыз деген  проблема тұруы керек.  Ислам діні қазіргідей кең түрде, дендеп ене бастаған кезде де  біз  дәстүріміздің қайсысын алып қаламыз деген тағы да мәселелер туады. Сонымен бірге, ислам діні  ешқашан дәстүрге  қарсы  шықпаған. Сондықтан біз қазіргі дәуірде  өзіміздің  ұлттық дәстүрлерімізді, исламды сақтай  отырып, қазіргі заманға  лайық халық болып қалыптасуымыз керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Қаласақ та, қаламасақ та, кейбір салт-дәстүрлер  қалады. Бірақ, дәстүрімізден айырылып қалсақ, біз ұлттық келбетімізден де  айырылып қалуымыз мүмкін. Бар мәселе,  осы  дәстүрлердің  қайсысын біз  болашаққа  алып барамыз? Сондықтан, біздің қазіргі  философтар, қоғамтанушылар да қазақ  хал­қының  ең жақсы, заманымызға лайықты  құндылықтарын сақтап қалуымыз керек деген ой айтуда. Мына  заманда  ислам дінін берік  ұстамаған  жағдайда да  бізге халық ретінде  жоқ болып кету қаупі тағы бар. Қазіргі  кезде  біз он миллионнан асатын  халықпыз, көп емеспіз. Жаһандану дәуірінде өзіміздің ұлттық келбетімізді  сақтап  қалуды ойлауымыз керек. Биыл Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасында биылғы жыл «Дін және  дәстүр жылы» деп аталады. Бұл мәселе өте өзекті. Осыған байланысты біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір  жағынан ислам дінін ұстау болса, екінші  жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтау, жоғалтпау мәселесі  қазір көкейкесті  болып отыр. Бұл кей­бір біржақты діни  ағым­дарға тосқауыл қойылудың  бір жолы  деп есептеймін. Біздің  ислам елдеріне барып  жүрген жастардың  арасында  ислам  діні мен  арабты  шатастыру бар. Араб деген 300 млн.  астам  халық. Олардың  іштерінде  де  өз  дәстүрімен келген халықтар бар. Қазақ секілді әртүрлі  өзінің дәстүрлері мен ислам дінін қатар ұстанып келе жатқан  ұлттар бар. Сондықтан, араб дәстүрінің барлығы исламға тән деп түсінбеуіміз керек. Қазақ жастары араб елдеріне барып, арабтардан көргенінің бәрін ислам деп ұғады. Біз осыдан шатаспауымыз керек. Сонымен қатар, екінші айтылатын  араб­тардың киім киюіне байланысты әр түрлі климаттық, географиялық жағ­дайларға байланысты немесе исламға дейін­гі олардың  қалыптасқан  дәстүрлері  бар. Сондықтан, кейбір жағдайда қазақтың  дәстүрлері ислам діні келмегенге дейін  қалыптасып және дінге сәйкес келетін дәс­түрлер бар. Мысалы, аманатқа беріктік, «Уәде – Алланың сөзі» дейміз, тазалық, қайырымдылық, кешірімділік,  дархандылық, қонақжайлылық сияқты мінез-құлықтары жағынан алып қарағанда біз араб халық­тарынан да жоғары тұрамыз. Біз арабтармен қарым-қатынаста жиі боламыз. Олар кейде сөздерінде тұрмау, өтірік алдап кету, өтірік күлу, тағы басқаларға көп ерік береді. Сондықтан, біздің көп дәстүр­лері­міз ислам дінімен сәйкесіп жатады. Біз өзі­міздің жақсы құндылықтарымызды жо­ғал­т­пауымыз керек. Ал, исламға  жат, Кеңес үкіметінен қалған арақ ішу, зина­қорлық секілді жаман дәстүрге айналып бара  жат­қан әдеттерімізден арылуымыз керек. Осы  орайда,  бізге ислам діні көмектеседі. Біз дәстүрлеріміздің жақсы  жақтарын,  исламмен байланысты  тұстарын айтуымыз керек. Ислам дініндегі біздің ұлтымызды алға тартатын құндылықтарын алып, ысырапшылдық, даңғойлық, қайы­рым­сыздық, ата-анаға қарамау, біздегі  суицид деген, бала сүймеу, түсік тастау се­кіл­ді теріс мінездердің қажеті жоқ.Қазақты  халық ретінде құртып жіберетін жау осы. Ислам діні  көп балалықты жақсы көреді. Сондықтан біз исламның  жақсы жақтарын насихаттауымыз  қажет.

Жазып алған  Жания Әбдібек

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір