• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:25:29
Алматы
+12°

24 Ақпан, 2014 NEWS

Серік Ерғали: "Мәңгілік елде" далбаса наурыз болмауы керек

Қазақпен бірге  мыңжылдықтар бойы  жасасып келе жатқан  наурыз мейрамын жыл сайын «жетім қыздың» тойын тойлаймыз.  Қазіргі буын жетпіс жыл бойы тыйым салынып...

dfdfҚазақпен бірге  мыңжылдықтар бойы  жасасып келе жатқан  наурыз мейрамын жыл сайын «жетім қыздың» тойын тойлаймыз.  Қазіргі буын жетпіс жыл бойы тыйым салынып келген мейрамның тойлау дағдысын, қадірін  аса  жетік  түсінбейтін де секілді.  Ал, есесіне Юстиниан күнтізбесі  бастау алатын  христиандық  жаңа  жылды тайлы-тұяғына дейін  қалмай, түгел тойлайды. Сондықтан,  биылдан бастап  Наурызды  халықтық деңгейде дүркіретіп тойлау үшін  Серік Ерғали  ағамыз бастамашы  болған  «Наурыз-Альянс» атты  жоба  басталмақ.  Бұл жоба қазақтың «елім», «ұлтым» деген азаматтарын бір  ортаға біріктіріп, наурызды кең шеңберде атап өту мақсатымен ұйымдастырылып отыр.  Серік  Ерғали ағамыздың өзімен аз-кем  әңгімелесудің сәті түскен еді...

-"Наурыз-  Альянс"  туралы  айтып бересіз бе? Не себепті осындай ұйым құруды қолға  алдыңыздар?

- Қандай ұлы мереке болса да оны тойлайтын – халық, дем беретін – мемлекет. Өйтпесе, бәрі - далбаса. Бізге осы далбасадан құтылу керек болып тұр. Ол үшін халықтың Наурызға деген ынтасын ояту да, биліктің көзін Наурыздың ұлттық идеяның бір бөлшегі екеніне жеткізу.

Біздің ел ұлттық идея ресми түрде елбасының бастамасымен жарияланды, ол – «Мәңгі ел». Ал Наурыз – мәңгі уақыттың жылдық басының қазақы сипаты. Елімізді «Қазақ елі» атау Наурыздан бастап көрініс табады және ол 1989 жылдан бері солай болып та келе жатыр. Енді мазмұнды қолға алсақ, шынайы қазақ елінің қалыптасуына бірден бір идеология емес пе еді?! Мақсатымыз осыдан шықты: Наурыз мерекесін азаматтық-мемлекеттік деңгейде өткізуге қоғамдық-әлеуметтік топтарды жұмылдыру, үйлестіру, қолдау, мұның бәрін мүмкін болса - билікпен тізе қоса тындыру. Бұл мақсат, сайып келгенде ел мәңгілігі мен егемендігін іс жүзінде қолдау!

«Наурыз-Альянс» – мемлекеттік органдарды, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен мемлекеттік, коммерциялық, қоғамдық ұйымдар мен мекемелерді уақытша біріктіретін қоғамдық бейресми клуб.  Наурыз мерекесінің жетім қыздың тойындай күй кешкелі 20 жыл болды, қаншама бастама, идея болды.Тырп еткен тиісті органдарды көре алмадық. Бұл бастама қоғамдық әлеуетті жұмылдырып, біріктіріп қолға алу қажеттігінен туындап отыр. Бұл - ұйым емес, партия емес, меморган емес, жай ғана азаматтардың, мүдделі заңды тұлғалардың күш пен ресурс біріктіруі. Мысалы, былтыр ОҚОда 14-22 аралығында атап өтілген Наурыз үлгісі биыл басқа да өңірлерде жалғасатын болады, түрлі мекемелер мен ұйымдардан, азаматтардан сұраныс өте жоғары. соларға жәрдем етпекпіз.

Альяс мынадай топтарға бөлініп қызмет етеді:

1.      Зиялы қауым - клубқа бірігуге тілектес ғалымдар, барлық өнерпаз тұлғалар мен мемлекеттік,қоғамдық қайраткерлер: Наурыз турасындағы дәрісін оқиды,мақала жариялайды, конференция өткізеді; кездеседі, кеңес береді, бақылайды;

2.      Әкімшілік - депутаттар, министрліктер, әкімдіктер: Наурыз өткізудің жалпы тұжырымын бекітіп, өңірлерде, елде ойдағыдай өтуін қамтамасыз етеді;

3.      Мемлекеттік ұйымдар - ұлттық компаниялар, ЖОО, мектептер, колледждер, лицейлер, балабақшалар, халық ассамблеялары: өз ұжымдарында бекітілген, ұсынылған тұжырымдама, сценарийлер бойынша мерекелейді;

4.      Бизнес-құрылым - барлық мемлекеттік емес тұрғыдағы коммерциялық ұйымдар: демеушілік етеді, инвестиция салады;

5.      Насиқатшылар тобы - қоғамдық ұйымдар, БАҚтар: Альянс қызметін, оның мүшелерінің әрекеттерін насихаттайды.

Альянстың құрамында  ОҚО әкімі мен былтыр депутаттық сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов секілді депутаттар да болады деген сеніміміз бар.

- Мемлекет тарапынан  бұл  шараға  қолдау бар ма?

9 күндік Наурыз фестивалінің тұжырымдамасын Мәдениет министрлігіне ұсынбақпыз, қабылдаса да, қабылдамаса да... Тағы бір мақсат 23-наурыздағы керексіз демалыс күнді 14 наурызға ауыстыру мәселесін былтыр бастап қойдық, соны биыл да жалғастыра береміз.

Инвестиция салам деген бизнесмендерге тақырып пен өнім түрлерін ұсынамыз, демеуші болам дегендерге өте қызық ұсыныстар бар... Телеарналарға арналған керемет шоу жобалар бар!

- «Наурыз-альянстың» қолдаушылары кімдер?   

Альянс бастамасын қолдаушылар ішінде әзірге адай белгілі кісілер бар: Берік Әбдіғали,Орақ Әлиев, Айдос Сарым, Асқар Омаров, Дүкен Мәсімхан, Асқар Наймантаев,Зира Наурызбаева,Берік Уәли, Сәуле Мешітбайқызы, Марат Уатқан, Мұрат Әбенов, Есен Елеукен,Амангелді Құрметұлы т.б. Фейсбукте құрылған «Наурыз» тобында қолдаушы  95 мүше бар.  Ал,  ақпараттық қолдаушыларымыз "Абай.кз", "Заман-Қазақстан","Аманатинфо.Кз", "Жайдарман", "Жебе", "Маса", "Қамшы", "Білім-Мәдениет" телеарнасы, "ОРТ-Еуразия", т.б.

-Еліміздің  кең байтақ  жерін  түгелімен қамту мүмкін бе?

- Аймақтардағы наурыз мәселесі заң бойынша әкімдердің қолында, солар қандай Наурызды қаласа, солай өтуде және өтеді.  Негізінен елдегі Наурыз мерекесі итіс-тартыс өтеді, бір мемлекетке тән наурыздық дәстүр жоқ, атрибут жоқ. Біздің бір мұратымыз - соны орнықтыру. Ал, ОҚО-да биыл да  9 күн мерекеленеді, жуырда ШҚО жақтан осылай өткізуге тілек білдірді, Павлодар облысынан құзырлы азаматтар әкімге ұсыну үшін Наурыз-фестиваль жобасын сұрастырып хабарласуда... Жекелеген адамдар хабарласып, сценарий мен атрибуттардың жайын сұрастыруда, оларға қолда бардың бәрін беріп, түсіндірудеміз.

- Бұл  шараға кез-келген адам  қатыса алады ғой?..

- Әлбетте, жоғарыда келтірілген  5 мұраттың бірін қолға алуына әбден болады. Бұл қоғамдық-азаматтық бастама болғасын әр мектеп, әр балабақша кірісуге қақы бар. Оларға арналған сценарийлер тегін таратылады, наурыздық танымы бар ертегі жазылды. Үлгерсек, биыл қазақша-орысша кітап етіп шығарамыз. Әр қазақ, қазақстандық азамат өз жанұясында Наурызды қалай қарсы алу мүмкіндігі барын үйретеміз, кеңес береміз. Қазір қимылдап жатырмыз, бірақ әр әрекетті жұртқа жайып мезі қылғымыз жоқ. Талпыныс пен білек білдіргендерге құшақ жая ұмтыламыз.

Ал, жұмыс альянс құрудан басталып кетті. Бастысы елде қозғалыс пен сұраныс тууы арқылы бұл клубтың жұмысы көрінеді. Билікке ықпал етуден көрінеді. Егер біздің бастаманы жер-жерде билік қолға алып жатса, онда альянстың шаруасы билікке ауысты деген сөз, бұл - біздің басты мұратымыз. Онда билікке мың да бір алғыс айтып, істің барысын байқап қана отыра береміз. Әйтпесе, қолдан келген әсер мен ықпалды жасай береміз, жасай береміз. Қоғамдық топ болғандықтан, ешкімнің қолына ұстата салатын бірдеңе болады деп уәде бере алмаймыз. Бірақ кейбір суретшілер, мысалы, Аңсаған Мұстафа, бастап құтпарақ (открытка) суреттерін жазуда. Ендігі сөз соған қаржы салатын бизнесмендерде.

Бұл – бизнес-жоба емес, ақша болса, бірнеше жобаға айналатын ұлттық программа. Бірақ ақша табу жолдары бар. Наурызға инвестиция – Қазақ еліне инвестиция және бұдан ешкім ұтылмайды, себебі, халқымыз жылдан жылға ұлттық құндылықтарға ден қоя бастады. Бұған жалпытүркілік бірліктің де бас көтере бастағанын қоссақ, айтарлықтай кәсіп көзі болатыны байқалады.  Шын мәнінде бұл -  халықтық бастама, мемлекеттің міндетін азаматтар өз иығына алып отырған қоғамдық клуб қана! Біршама азаматтар өз ойларын жүзеге асырғысы келеді, оның бәрін ашып айта беруге болмайды, нақты ресурс байқалғанда ғана жұртпен ашық бөлісуге болады.

Әзірге біз бір бірімізді сүйейміз. Ұлттық құндылықтың қадыры мен сұранысын осылай арттырамыз. Сосын билік амалсыз бұған бас бұратын болады.

- Шараның өміршеңдігі  қандай деп ойлайсыз?

-Бұның өміршеңдігі Наурызды қазақтан басқа, қазақстандықтардың сүйікті мерекесіне айналуымен, атрибуттарының қалыптасуымен, дәстүрінің сахналық сипаттан жанұялық, қоғамдық сипатқа айналуымен көрініс табатын болады. Ол бір жылдың шаруасы емес.

-  Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Жания Әбдібек

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір