• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 13:21:42
Алматы
+7°

05 Қыркүйек, 2024 NEWS

Халифат туралы қате түсінік

«Әрбір оқиғаның өзіне лайық, ыңғайлы кезеңі болады. Алайда уақыт өте келе елімізде «халифат» орнатуды талап етіп жатқан азаматтардың қарасы көбеюде»

Көрнекі сурет

Тарих беттерінен белгілі болғандай халифат сөзі айтылғанда Мұхаммед пайғамбар кезеңі мен одан кейін әділетті төрт халифа кезеңі елестейді. Пайғамбар өмірден өтпес бұрын сол кезеңде туындаған қандай да бір мәселелерді өзі шешіп отырған. Мұсылмандардың арасында ешбір кикілжің, түсініспеушіліктер туындамаған. Сондықтан да ол дәуір – мұсылмандардың алтын ғасыры деп айтылады. Төрт халифа кезеңін де тарихшылар «халифат» деп атаған, яғни Құран аяттары мен хадис мәтіндеріне сай өмір сүріп, басқару жүйесінің шариғатқа сай болуы. Жоғарыда атап өткендей, ол кезеңдегі мұсылмандардың өмірі, салты, дәстүрі, тұрмыс тіршілігі шариғаттың негізінде болып, адамдардың арасында бір-бірін «жарты сөзден» түсіну басым болған.

Әрбір оқиғаның өзіне лайық, ыңғайлы кезеңі болады. Алайда уақыт өте келе елімізде «халифат» орнатуды талап етіп жатқан азаматтардың қарасы көбеюде. Олардың талап еткен ең басты дүниесі – ислам заңдылықтарына сай басқару жүйесі, толерантсыздық, яғни мұсылмандардан өзге ұлт өкілдерінің арасында өмір сүре алмаулары. Бұл сөздерін нақтылау үшін аяттар мен хадис мәтіндерін келтіріп, өздерінше «даруль-куфр», «даруль-ислам» деп екіге бөліп тастады. Даруль-куфр деп адасқан, күпірлікке толы, Жаратушыға қарсы шығып, азғындалған қоғамды айтса, екіншісі тура жолда жүрген, ақиқаттың жолында жүрген қоғам деп түсіндіреді.

Еліміздің белгілі теологтарының айтуы бойынша, кейбір адасушы топтардың айтуы бойынша бұл әлемнің өзі даруль-куфрге жатады және ислам дінін басынан дұрыстап насихаттау қажет дейді. Егер, расымен де, осы логикамен ойлап қарайтын болсақ, Мекке мен Мәдина қалалары да адасқан қоғам болып қалады. Сондай-ақ даруль-куфр мен даруль-ислам деп жікке бөлінуі қазіргі кезде емес, бұрынғы кездері бөлінгені рас. Алайда ол кезеңдерде дінаралық соғыстар болатын. Сондықтан да дәл қазір бұлай бөлу қате болып саналады. Үшіншіден, халифатты қолдайтын топтардың арғы атасы өздерінен болмаған, өздері секілді ойламаған топтарды адасушы деп санаған харижиттер болып табылады. Ал харижиттердің бұл пікірі қоғамда қарулы соғыс пен бейкүнә жандардың өлімі секілді теріс оқиғаларға алып барады. Төртіншіден, халифат мәселесін жалау етіп жүргендердің басты мақсаты – мұсылман мен өзге дін өкілдерінің арасындағы қарым-қатынас ертелі-кеш соғысқа алып барады деген ойды сіңдіру. Алайда дәл қазіргі кезде елімізде көптеген конфессия мен ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жүргеніне куәгер болудамыз. Бесіншіден, халифатты көксеп жүрген саяси партиялар ертеңгі күні алып күшке ие болып, көздегені билік болар, сол кезде конституция секілді Ата Заңымызға қарсы шығып, өзге адамдардың сеніміне қол сұғып, мұсылмандықты күштеп насихаттаудың нәтижесінде шариғат орнатулары да ғажап емес.

Қазақстанды да бұрындары даруль-куфрге жатқызып, бұл жақта өмір сүрудің үлкен күнә екендігін алға тартқан топтар бар. Солардың жетегінде кеткен көптеген қаракөз азаматтарымыз бар. Нәтижесінде қоғамымыздың бөлшегі болған бұл отбасылар күйреп, білместікпен отанға опасыздық жасады. Уақыт өте келе өздерінің қате бағытта жүріп жатқанын түсінгеннен кейін елге қайтарылды. Қазіргі таңда білікті де білімді теолог-дінтанушы, исламтану мамандар тарапынан оңалту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Халифаттың жалауын көтеріп жүрген азаматтар бүкіл өзінің уағыз-насихатында ең маңызды мәселені ұмытып, яки болмаса білгісі келмейтін бір дүние бар. Ол – халқының 99 %-ы мұсылман болып тұрып халифат орнамаған Сауд Арабиясы бар. Дәл осы ислам діні пайда болған елде қазіргі кезде халифат болмаса да зайырлы елдерге халифатты күшпен орнату үлкен адасушылықтың бірі деп айтсақ қателеспейміз.

Маратхан Чадаев

«Бекет ата» мешітінің наиб имамы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір