22 Қазан, 2024 NEWS
Нар жолында жүк қалмас...
Бүгінгі күнге дейін қазақ халқының бай мәдени мұрасын жинап, ғылыми тұрғыдан зерттеу, сондай-ақ оны халық игілігіне ұсыну маңызды міндеттердің бірі болып келеді.
Фото: автордан
Қазақ әдебиеті, мәдениеті және тарихына қатысты көне жәдігерлерді жинақтап, оларды халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында зерттеу жұмыстарының маңызы зор. Бұл іспен айналысып жүрген ғалымдар еліміздің мәдени-рухани қазынасын сақтап қалу және оны келешек ұрпаққа жеткізу жолында үлкен еңбек етіп келеді. Сол қатарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде ұстаздық етіп келе жатқан филология ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым – Қосанов Серікбай Қылышбайұлы да бар.
Қосанов Серікбай Қылышбайұлы – қазіргі қазақ ғылымы мен білім саласында өзіндік орны бар, еңбек жолы айқын, мақсат пен қажырлы еңбектің үлгісін көрсеткен тұлғалардың бірі. Ол 1964 жылы 2 қыркүйекте Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Авань балықшылар ауылында дүниеге келген. Өмірдің бастапқы қиындықтарына қарамастан, болашақ ғалым 1981 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, еңбек жолын туған жеріндегі кеңшарда қарапайым түйеші болып бастайды. Бұл сәт оның өз күшіне сеніп, еңбекке ерте араласқан кезі еді. Жас жігіттің алға қойған мақсаты мығым, арманы асқақ болғанымен, алғашқы қадамы осылайша қарапайым еңбекпен ұштасады.
1982 жылы Серікбай Қылышбайұлының білімге деген құлшынысы оны Алматы қаласына жетелейді. Осы жылы ол Алматы Малдәрігерлік-зоотехникалық институтының зооинженерлік факультетіне оқуға түседі. Бұл мамандық арқылы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын терең зерттеу мақсаты болғанымен, оның өміріндегі одан кейінгі кезеңдерде мүлде басқа бағытта дамитыны анық болды. Осылайша болашақ ғалымның тағдыры оны басқа жолға бағыттады. 1983-1985 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Әскерден оралған соң, оның тағдыр жолы күрт өзгереді. 1986 жылы Серікбай Қылышбайұлы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) шығыстану факультетіне оқуға түседі. Шығыстану ғылымына деген қызығушылығы артып, 1991 жылы университетті қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі мамандығы бойынша тәмамдайды. Осы кезеңнен бастап оның қазақ ғылымы мен білім саласындағы қарқынды қадамдары басталады.
1991 жыл – еліміз егемендік алған тарихи кезең. Елдің рухани жаңғыруы мен мәдениеті дамудың жаңа белесіне көтеріліп жатқан осындай шақта, жас маман С. Қосанов та өзінің өмір жолында жаңа бір маңызды белесті бастайды. Осы жылы ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ тілі кафедрасына оқытушы болып қабылданып, өзінің ғылыми-педагогикалық еңбек жолын бастап, ұстаздық қызметтің киелі жолына түседі. Ұстаздық қызметте жүрсе де, бойындағы шығыс әдебиеті мен орта ғасырлық шығармаларды зерттеуге деген қызығушылық оны ғылым жолына біржолата түсуге тарта беретін еді. Осылайша 1998 жылы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөліміне кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылданады. Бұл маңызды кезең оның ғылым жолындағы алғашқы қадамдарының бірі болып табылады. Институттағы жұмысы ғылыми зерттеулерге терең бойлап, ұлттық әдебиет пен мұраларын зерттеуге бағытталған еді. Мұнда ол қолжазбаларды зерттеп, мәтінтану саласының күрделі қырларын меңгеруге, сондай-ақ халқымыздың рухани байлығын жаңғыртуға белсене атсалысты. Бұл тәжірибе оның болашақтағы шығармашылық және ғылыми жетістіктерінің мықты іргетасын қалауға септігін тигізді. Ғылым жолындағы тынбай ізденістің арқасында жиналған терең тәжірибесі ғалымды белгілі бір тақырыпты қолға алуға жетеледі. Нәтижесінде қазақ әдебиетіндегі ақындық дәстүрге, оның жанрлық табиғатын ашуға деген ынтасы атақты Базар жыраудың шығармаларын зерттеуге әкелді. Базар жырау шығармашылығына әр қырынан келген ғалым 2005 жылы «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы (Ақындық дәстүр, жанр, поэтика)» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.
2003-2005 жылдары ол «Көне түркі дәуіріндегі және орта ғасырлардағы әдебиет» атты іргелі зерттеу жобасына белсенді түрде атсалысты. Бұл жоба түркі халықтарының бай рухани мұрасына терең бойлауға, олардың әдебиетінің даму кезеңдерін жан-жақты зерттеуге бағытталған болатын. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші томына (2006 жылы) және үшінші томына (2008 жылы) енгізілді. Бұл оның ғылымға қосқан елеулі үлестерінің бірі болды, себебі ол ежелгі дәуір мен ортағасырлық әдебиеттің ұлттық рухани қазынадағы орнын анықтауға сеп болды. Сонымен қатар, 2009-2011 жылдары «Жыраулар поэзиясындағы тәуелсіздік идеясы мәселелері» атты үш жылдық зерттеу жобасына жетекшілік етті. Бұл жоба қазақ жыраулар шығармашылығындағы азаттық идеялары мен тәуелсіздік аңсарының поэзиялық көріністерін зерттеуге арналды. Оның жетекшілігімен жүзеге асырылған бұл зерттеу жұмыстары, қазақ халқының еркіндікке ұмтылысын айқындай отырып, ұлттық сананың оянуына ерекше үлес қосты.
2003-2010 жылдар аралығында Серікбай Қосанов Қазақстанның рухани мұрасын жаңғыртудағы маңызды жобалардың бірі – «Бабалар сөзі» атты жүзтомдық сериясын дайындауға елеулі үлес қосты. Ол осы көлемді еңбектің 25-63 томдарына жауапты редактор қызметін атқарып, қазақтың бай фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, ғылыми айналымға енгізу жолында қажырлы еңбек етті. Бұл кезең ғалым үшін тек редакторлық қана емес, мәдениет пен әдебиеттің сақталуы мен дамуына деген ерекше жауапкершілікпен қарау уақыты болды.
«Бабалар сөзі» жобасы халық мұраларының баға жетпес үлгілерін жинақтап, олардың ғылыми зерттелуіне жол ашып, кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатын көздеді. Серікбай Қосанов осы ұлы мұраны терең түсініп, әрбір томның мазмұндық және ғылыми деңгейін жоғары ұстауға күш салды. Ол тек мәтіндерді дайындап қана қоймай, қолжазбалардың түпнұсқалылығы мен тарихи дәлдігін сақтауға да айрықша көңіл бөлді. Әр томның мазмұны мен құрылымын жете қадағалап, фольклорлық материалдардың тиянақты зерттелуін қамтамасыз етті.
Ғалымның ғылымға сіңірген сүбелі еңбегі еленіп, 2008 жылы отандық ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан елеулі үлесі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бұл марапат оның ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі мен ұлттық рухани қазынаны жаңғыртудағы айрықша қызметінің айқын дәлелі болды. С. Қосанов ғылым мен мәдениет саласында өз ісіне адал, терең зерттеулер жүргізіп, ұлтына деген шексіз махаббатын шығармашылығы арқылы көрсете білген қайраткер ретінде танылды.
2012 жылы С. Қосанов Түркияның Тарсус қаласында өткен «Қараджаоғлан шийр ақшамлары» атты түркі халықтарының жыр фестиваліне қатысып, поэзияның мерейін асырған бұл халықаралық шарада ерекше көзге түсіп, арнайы жүлдеге ие болды. Сонымен бірге 2021 жылы хакім Абайдың 175 жылдығына орай ғылыми-көпшілік басылымдарда жарық көрген топтама мақалалары үшін «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының «Алғыс хатын» иеленді.
Терең білімінің арқасында ғылым айдынында еркін көсілген ғалымның «Балқы Базар жырау» монографиясы (2012), «Тәзкире-и Бұғра хан» түркі жазба ескерткішінің аудармасы (2007), «Көне түркі әдебиетінің типологиясы» (2014), «Евразия түркілері: әдеби-мәдени сұхбат» (2016), «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаялар» (2019), «Қорқыт атаның даналық сөздері» (2019) және «Алаштың асыл мұрасы» (2019), «Көне түркі әдебиеті» ғылыми монографиясы (2021), «Жанқожа батыр» (2021), т.б. авторлық және ұжымдық ғылыми еңбектері мен 200-ден аса ғылыми-әдеби мақалалары жарық көрген.
Кіндік қаны тамған туған жерге қызмет ету әр азаматтың борышы. Осы ұстанымды берік ұстанған ғалым ендігіде туған жері Қызылорда өңірінің әдебиеті мен мәдениетіне қызмет етуге қызмет етуге кіріседі.
2017-2020 жылдар аралығында С. Қосанов Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында «Рухани қазына» бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарды. Бұл кезең оның ғылыми әрі рухани саладағы кәсіби қызметінің жаңа белесі болды. Ол елдің мәдениеті мен тарихын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында маңызды жобаларды жүзеге асырып, ұлттық мұраларымызды сақтау мен қайта жаңғырту ісіне жетекшілік етті.
«Рухани қазына» бөлімінің басшысы ретінде С. Қосановтың басты міндеттерінің бірі – халқымыздың тарихи, мәдени және рухани құндылықтарын заманауи қоғамның қажеттілігіне сай жаңғыртып, оларды бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру болды. Ол өзінің терең білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында көптеген жобаларды ұйымдастырды. Әсіресе, қазақ халқының фольклоры, әдебиеті, қолөнері, музыкасы мен салт-дәстүрлерін қайтадан жаңғыртуға ерекше назар аударды.
С. Қосановтың бастамасымен Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәдени іс-шаралар мен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шаралар өңірдің рухани-мәдени мұрасын көпшілікке танытып қана қоймай, оны жүйелі түрде зерттеп, ғылыми тұрғыдан сараптауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ол аймақтағы мәдени нысандарды қайта қалпына келтіру, этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру және жергілікті халықтың рухани мұрасын сақтау бағытындағы бастамаларға жетекшілік етті.
С. Қосановтың басшылығымен «Рухани қазына» бөлімі тарихи тұлғалар мен елеулі оқиғаларға арналған конференциялар, көрмелер мен ғылыми зерттеулерді іске асырып, сол арқылы ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа жеткізу ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оның басшылығымен жүзеге асырылған әр жоба Қызылорда өңірінің ғана емес, жалпы қазақ халқының рухани байлығын жаңғыртып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу ісіне зор үлес қосты. Бұл жылдар С. Қосанов үшін шығармашылық пен ұйымдастырушылық қабілеттерін толық іске асырып, туған елінің мәдени және рухани байлығын жаңғыртуға арналды. Оның ұлттың рухани қазынасын сақтап, оны насихаттау жолындағы еңбегі халық арасында үлкен құрмет пен сыйластыққа ие болды.
2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін С. Қосанов әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті қызметін атқарып келеді. Бұл қызмет оған ғылыми ізденісін әрі қарай жалғастырып, жас буынға қазақ әдебиеті мен оның теориясын тереңдете оқытуға мол мүмкіндік берді. Ол тек ұстаз ғана емес, әдебиет пен ғылымның шынайы қызметкері ретінде жас ғалымдар мен болашақ филолог мамандардың қалыптасуына үлес қосып келеді. Доцент ретінде С. Қосанов қазақ әдебиетінің бай мұрасын терең зерттеп, әдебиет теориясының негізгі қағидаларын студенттерге жеткізуге үлкен күш салады. Оның дәрістері тек фактілер мен теориялық біліммен шектелмей, оқушылардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыратын жан-жақты зерттелген ғылыми талдауларға толы. Әдебиет тарихы мен теориясын жете түсіндіріп қана қоймай, ұлттық әдебиеттің рухани және мәдени негіздерін студенттерге сіңіруге ерекше мән береді. Сонымен қатар, С. Қосанов ғылыми-зерттеу жұмыстарын да тоқтатпай, қазақ әдебиетінің дамуы мен қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін зерттеп, жаңа ғылыми мақалалар мен монографиялар жазуды жалғастыруда. Ол жас ғалымдарды ғылыми ізденістерге шабыттандырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағыт-бағдар беріп келеді. Оның жетекшілігімен жазылған студенттердің және магистранттардың ғылыми жұмыстары әдебиеттану саласында өз орнын табуда.
С. Қосанов тек әдебиеттану саласында ғана емес, сонымен қатар азаматтық ұстанымы қалыптасқан қарымды журналист және жүрегімен жыр төккен талантты ақын ретінде де танылған тұлға. Оның журналистік қызметі мен азаматтық көзқарасы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық рух пен мәдениетті насихаттауға бағытталса, ақын ретіндегі шығармашылығы терең ой мен нәзік сезімдерге толы өлеңдерінде өріледі. Ақынның тырнақалды өлеңдерінің бірі «Адымда, Арал» 1982 жылы Арал аудандық «Толқын» газетінде жарияланды. С.Қосановтың туындылары әр кездері республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Таң-Шолпан» секілді газет-журналдарда басылып тұрады. Оның қаламынан туған «Аралды аңсау» (1997), «Жүрегімде жүз өлең» (2007) атты екі жыр жинағы өз оқырманын тапты. Ақынның бірқатар шығармалары М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ ғалымдары құрастырған «Гүл көктем» (2011), «Егіз перне» (2013) - ұжымдық жыр жинақтарына енген. Сондай-ақ оның өлеңдері 2014 жылы «Жыр маржаны» - ақындар антологиясының ҮІІІ томында жарияланды. 2002 жылы «Таң-Шолпан» журналында жарияланған топтама өлеңдері үшін С.Қосанов «Жыл ақыны» деп танылды. Сондай-ақ республикалық «Мұқағали» журналында жарияланған топтама өлеңдерінің көркемдік деңгейі мен сөз айшықтары назар аударарлық.
С. Қосановтың өлеңдері туралы Қазақстанның белгілі әдебиеттанушылары мен ғалымдары Б.Омаров, Г.Орда, К.Рахымжанов, А.Әбдірасилова, Ж.Толысбаева, М.Шайхиев, Б.Жүсіп, Ш.Құрманбайұлы, Н.Ақыш, М.Кәрібай сынды әдебиет сарапшылары тарапынан жоғары бағаланған пікірлер мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрды. Бұл сараптамалық мақалалар мен пікірлерде ақынның шығармашылығындағы ұлттық рух пен терең сезім, Отанға деген адалдық және туған жерге деген шексіз махаббат көрініс тапқанын ерекше атап өтеді. Әсіресе, автордың Отанға, туған жеріне, ұлтқа деген терең сезімге толы туындылары оқырман қауымның ықыласына бөленгені байқалады. Ақын шығармаларында Арал теңізінің қасыретті тағдырына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл орайда Серікбай Қосанов өзінің алдындағы Төлеген, Зейнолла, Жарасхан, Шөмішбай ағаларының ізін жалғап, дәстүрлі теңіз тақырыбын әр қырынан тебірене толғайды. Ақынның «Жүрегімде жүз өлең» жинағында оқырманды селт еткізер ойлы толғау да, сезімді қозғайтын отты жырлары да баршылық. С.Қосановтың махаббат лирикасы да образға бай, өрнекті келеді.
Серікбай Қылышбайұлы бүкіл саналы ғұмырын ұлттың руханиятына арнап, туған халқының мәдениеті мен әдебиетін жаңғырту жолында тер төкті. Серікбай Қылышбайұлының еңбегінің басты ерекшелігі – ешқандай даңғазасыз, бар айқай-шудан тыс, өз ісіне адалдықпен берілгендігі. Ол өзінің бойындағы ақыл-парасатын, шығармашылық қуатын сарқа жұмсап, ешкімнен марапат күтіп немесе атақ дәметпей, елінің болашағы үшін қызмет етті. Оның тұлғалық болмысы шынайы ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі іспетті. Ғалымның ұлт руханиятына қосқан үлесін бағалай отырып, оның елінің мәдени мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған қажырлы еңбегінің маңыздылығын терең сезінеміз. Ол – атақ үшін емес, рухани байлық пен ұлттық құндылықтар үшін өмір сүріп, жанын сала қызмет еткен тұлға.
Сөз соңында, ардақты ағамыз Серікбай Қылышбайұлының 60 жасқа толған мерейлі тойымен шын жүректен құттықтай отырып, ағамыздың шығармашылық шабытының сарқылмай, қаламы мұқалмай, ғылым мен әдебиет саласындағы қажырлы еңбегінің жемісі мол болсын деп дей келе, отбасына амандық, береке-бірлік, деніне саулық тілейміз!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір