21 Қазан, 2024 NEWS
АЛМАТЫДА «ДӘСТҮР КЕРУЕНІ» ШАРАСЫ ӨТТІ
Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен Алматы иподромында Ұлттық мереке күні қарсаңында «Дәстүр керуені» шарасы өтті.
Фото: Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі
Шараның ашылу салтанатында алғысөз сөйлеген Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан алматылықтарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, муфтият қабырғасындағы салт-дәстүрдің насихатталу барысына тоқталды. Шараға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетінің ректоры, профессор Ахмед Хусейн Мұхаммед Ибраһим, жазушы, ақын Ақберен Елгезек және спортшылар, мешіт ақсақалдары мен жамағаттары және қала имамдары қатысты.
«Бас мүфти бастамасымен Ұлттық мереке қарсаңында «Дәстүр керуені» шарасы өтуде. Бүгін – жастар ұлттық ойындардан өзара бақ сынайды. Сондай-ақ, ұлттық бұйымдар мен халал өнімдер көрмесі де сіздердің назарларыңызға ұсынылмақ.
Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы деген қазақ. Демек, біз үшін баға жетпес құндылық, адам және оның қадір-қасиеті һәм ар-намысы. Жуырда ҚМДБ қоғамдағы қатігездік жағдайларға байланысты ел мұсылмандарына үндеу жариялады. Үндеуде – барша азаматты өзара бауырмал, кешірімді, мейірімді болуға үндеп, қатігездік істерге жол бермеуге шақырады. Сол себепті, бір-бірімізді ренжітіп алудан, кісінің көңіліне қаяу түсіруден, адамның ақысына кіруден ұзақ болайық», - деп атап өтті бас имам Төлеби Оспан.
Алматы ипподромының атшабарында «Топжарған» этно-мәдени орталығының өнерпаз ұл-қыздары теңге ілу, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату және ат үстіндегі акробатика өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ жиналған қала тұрғындары мен қонақтары көкпар, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ сынды спорттық ойындар сайысын тамашалады. Жалпы жүлде қоры – 2 500 000 теңгені құрайды.
Ипподром кіреберісінде халал өнімдер мен ұлттық бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Сәні мен сапасы жоғары қазақы киімдерді киіп көріп, сол жерде сатып алуға мүмкіндік алды. Көрмеде ағаштан ойып жасалып, нағыз шебердің қолынан шыққан түрлі домбыралар, темір ұстасы жасаған бұйымдарды тамашалады. «MUFTYAT» баспасынан шыққан кітаптар да көрмеге көрік қосты.
Ал басты ерекшелік Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолымен VR технологиясы арқылы танысуы болды. Цифрлық даму бағытымен виртуалды көзілдірік арқылы адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған сәтінен бастап өмір тарихына қысқаша мазмұнда шолу жасалынған. Көрермен ерекше әсерлерімен бөлісіп, жаңа технологиялы жаңалыққа ризашылықтарын жеткізді.
Сонымен қатар 300 кісіге арнайы дастархан жайылып, келген қонақтарға қазақы дәстүр бойынша тегін дәм ұсынылды. Ұлттық құндылықтар насихатталған аталмыш шараны тамашалауға 2500-ден астам адам келген.
«Дәстүр керуені» шарасының басты мақсаты – халық арасында дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, атадан аманат боп қалған ұлан байтақ жеріміз бен дәстүрлі дінімізді сақтап, салт-дәстүрімізге берік болуға шақыру болып табылады.
Алматы өкілдігі бойынша
баспасөз қызметі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір