02 Қазан, 2024 NEWS
Фото: Абай облысы әкімдігі
Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков Абай облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы айтып берді.
- Шалқар Заманбекұлы, Абай облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларына тоқталып өтсеңіз.
- 2024 жылға арналған мемлекеттік аудит жоспарына сәйкес осы жылдың 20 мамыры мен 28 маусымы аралығында Абай облысының тексеру комиссиясы тексеру жүргізді. Аудит 2022 жылдың 1 қаңтары мен 2024 жылдың 30 сәуіріне дейінгі кезеңде облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, құрылыс басқармалары мен квазимемлекеттік ұйымдар, кейбір аудандардағы сумен жабдықтау кәсіпорындарын қамтыды.
-Аудит шеңберінде қандай бұзушылықтар анықталды?
-Аудит қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Оның көпшілігі 2015-2018 жылдары Шығыс Қазақстан облысынан жылумен және сумен жабдықтауға бұзушылықпен берілген бюджеттік кредиттерге байланысты. 711 млн.теңгені құрайтын бұл активтер Абай облысы құрылғанға дейін балансқа қабылданбаған. Квазимемлекеттік сектордың 6 субъектісі негізгі қарыз сомасы мен сыйақыны уақтылы өтеу бойынша міндеттемелерін орындамаған. Бұл 224 миллион теңгенің бұзушылықтарына әкеліп соқтырды.
Өз кезегінде аудан мен қала бюджеттерінен бөлінген несиелер мен қарыздар облыстық бюджет алдында, ал облыстық бюджет республикалық бюджет алдында бекітілген кестеге сәйкес уақтылы өтелуде. Сондай-ақ, микрокредиттік қарыздарды мақсатсыз пайдалану 69 млн теңгені, ал ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы бойынша қарыздарды негізсіз беру 146,9 млн теңгені құрады. "Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру" жобасы бойынша міндеттемелерді негізсіз қабылдауға жол берілген. Себебі, бюджетті бөлу кезінде Шығыс Қазақстаннан Абай облысына берілген қарыз бойынша түпкілікті қарыз алушылардың сомалары нақтыланбаған.
- Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі тұрғысынан бұзушылықтар анықталды ма?
- Иә, қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану 143,3 млн теңгені құрады. Әсіресе "Дипломмен ауылға" бағдарламасының ереже талаптарына және сатып алынатын тұрғын үйді бағалау фактісіне сәйкес келетін үміткерлердің болмауына байланысты лимит азайтылған.
- Аудит нәтижелері бойынша қандай шаралар қабылданды?
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған бұзушылықтар қалпына келтіріліп, өтелді. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық шаралар қабылдануда.
- Ал қарыз қалай өтеліп жатыр?
- Тексеру кезінде Абай облысының 2022-2023 жылдардағы жалпы қарызы 69,7 млрд теңгені және 457,7 мың АҚШ долларын құрады. Кестеге сәйкес 16,1 млрд теңге және 50,9 мың доллар өтелді. Мерзімі өткен берешек жоқ. Барлық міндеттемелер белгіленген кестеге сәйкес орындалады.
- Жымқыру немесе қаражаттың жетіспеушілігі сияқты ірі бұзушылықтар анықталды ма?
- Аудит қандай да бір жымқыруды немесе бюджет қаражатының жетіспеушілігін анықтаған жоқ. Бухгалтерлік есептен жалтару да анықталған жоқ. Бұзушылықтар процедуралық сипатта болды. Сонымен қатар, барлығы белгіленген мерзімде талапқа сәйкестендірілді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір