23 Ақпан, 2024 Ақтөбе облысы
Ақтөбеде ақша "жеген" есепшінің сотына облыстағы бүкіл мектеп басшылары қатысты
Қасиетті деген білім ордасы, өкінішке қарай, соңғы жылдары жемқорлық саласы тізімінде көш бастап келеді. Сол себепті Антикор "сабақ болсын" деп Ақтөбе қаласының №55 мектеп гимназиясы бас бухгалтерінің сотын онлайн режимде ашық өткізді.
Ашық дереккөзден алынды
Ақтөбе қаласының № 2 сотының сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде облыстың 403 қалалық және аудандық мектептің директорлары, бухгалтерлері, педагогикалық құрамы қосылды.
Ақтөбе қалалық мектебінің бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілді.
"Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған. Бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30%-ын құрайды екен. Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", делінген Антикор хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір