10 Қыркүйек, 2024 NEWS
Көрнекі сурет
Қызылорда қаласының №2 соты азаматтық некедегі әйелін ұрып-соғып өзіне қол жұмсауға дейін жеткізе жаздаған полиция майорын соттады.
Тергеу материалдарына сай, жәбірленуші азаматтық некедегі күйеуінің ұялы телефонына тіркелген абоненттік номерді өзінің телефонына салып, белгісіз әйелмен сөйлескенін оқып, араларында жанжал туған.
"Жанжал кезінде сотталушы жәбірленушіні балағаттап, жұлқылап, бірнеше рет аяусыз, аса қатыгездікпен ұрып-соғып, еденге құлатып, басынан шыны бөтелкемен ұрып, оның ұялы телефонын алып қойған. Жәбірленуші өміріне қауіп төніп тұрғанын және әрі қарай өмір сүру мүмкіндігінен айырылып қалуын сезініп, азаматтық некедегі күйеуінің ұрып-соғу әрекеттерінен құтылу мақсатында қонақ бөлмедегі лоджиядан өз еркімен секірген. Нәтижесінде, жәбірленуші А.-ның денсаулығына "ауыр" дәрежелі зиян келіп, І топ мүгедектігі тағайындалған" делінген сот хабарламасында.
Сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Алайда сот-медициналық сараптамасының қорытындысы басқаны көрсеткен.
Сот шешімімен ер адам қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау арқылы өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, материалдық шығын ретінде 4 054 181 теңге, моральдық зиян ретінде 5 000 000 теңге төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ сотталушы "майор" шенінен айырылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір