06 Қыркүйек, 2024 NEWS
Фотоколлаж
Қамшы редакциясына Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылының бір топ тұрғынынан президент Қ.Тоқаевтың, премьер-министр О.Бектеновтың атына жолданған хат келіп түсті. Хатқа қол қойған 9 адам ауылдағы Т.Жүргенов атындағы мектеп-интернат су тасқыны салдарынан жарамсыз болып қалғандықтан, жұмыссыз жүргенін жеткізіп, интернатты қайта ашуды сұрайды.
Алайда аудан әкімі мен аудандық білім бөлімі бала санының аздығынан интернат қайта ашылмайтынын айтқан. Ал оқушылар бүгінде аудан орталығына қатынап оқып жатқан көрінеді.
Мектеп-интернаты қызметкерлерінің сөзінше, интернаттың ашылуын сұрап, 10 ата-ана өтініш жазған, балаларын осында оқытқысы келетіндердің жалпы саны жиырмаға жуықтайтын көрінеді.
Құрылыс аяқталмай, үйсіз-күйсіз жүргенде жұмыс орындарының жабылуы жығылғанға жұдырық болды деген арызданушылар осы қиын шақты ескеріп, президент пен премьер-министрден тым болмаса жұмыс орындарының сақталуына көмектесуді сұрайды.
Бұдан бөлек ұжымдық хатты жолдаған жергілікті тұрғын Қайрат Айжарқынұлы Нұра ауылының тұрғындарын құрылыстың баяу жүріп жатқаны алаңдататынын жеткізді. Сөзінше, жергілікті әкімдік үйлер қазан айында пайдалануға беріледі деп сендіргенімен, оған үлгермейтін түрі бар. Өйткені жұмыс күші жетпейді. Қора-қопсының жайы әлі белгісіз. Әзірге мал далада жайылып жүр, күн суытқанда оларды қайда қамап, қайда ұстайтынын да тұрғындар білмей дал.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір