• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:29:38
Алматы
+12°

Бұқаралық ақпарат құралдары Алматы маңында салынып жатқан бөгеттің қаржысын жымқырды деп күдікке ілінген компанияның құрылтайшысы Болат Назарбаевтың қызы болғанын жазып жатыр. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Ақбота Назарбаева күдікке ілінген «Tоlagai-2050» компаниясының құрылтайшылар қатарына қосылғанда 20 жаста болған. «Қамшы» тілшісі «Ақбота Болатқызы құрылтайшы болған «Tоlagai-2050» қандай компания?», «22 млрд теңгені қалай ұтты?»,  «Қазір 23 жастағы бойжеткеннің тағы қандай фирмалары бар?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

КҮМӘНДІ КОНКУРС

12 сәуірде Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы маңындағы «Ақсай» өзенінде салынып жатқан селден қорғайтын бөгет құрылысынан заңсыздықтар анықталғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, нысанды салу кезінде міндеттемелерін орындамаған мердігер компанияның жауапты тұлғаларына қатысты бюджет қаржысын жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Министрліктің мердігер деп отырғаны – «Tоlagai-2050» компаниясы. 2020 жылы қыркүйекте қаржы министрлігі Ақсай өзеніне су бөгетін салуға тендер жариялады. Бұл кезде елде коронавирусқа байланысты карантин болып, үкімет кейбір мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде арнайы тәртіп қолдануға қаулы шығарған.

Ақсай бөгетін салуға арналған тендер де «арнайы тәртіп қолданыла отырып» өтті. Конкурсқа 29 компания қатысты. Алайда конкурс комиссиясы 27 компанияны бұл тендерге қатысуға жарамсыз деп таныды. Ақыры «Толағай-2050» және «Таразстрой-2004» компаниялары ғана тендерге таласып, 15 млрд 273 млн теңге ұсынған алғашқысы жеңімпаз атанды.

Комиссия тендерге қатысуға рұқсат бермей қойған 27 фирманың ішінде Bazis Construction, Integra Construction KZ, SHEBERBUILD сияқты алпауыт компаниялар да бар. Оларды конкурс талабына сәйкес келмейді деп тендерден шеттеткен.

Комиссияның бұл шешімі өте күмәнді. Өйткені Bazis Construction сол конкурстан бір жыл бұрын, яғни 2019 жылы Қорғас өзенінде бөгет салуға арналған тендерді жеңіп алған. Егер бұл компания талапқа сәйкес келмесе, бір жыл бұрынғы тендерді қалай жеңді деген сұрақ туындайды.

Комиссия Integra Construction KZ компаниясын да конкурс талабына сай емес деп шешім шығарған. Сол кезде «Қазселденқорғау» мекемесі Ақсай бөгетімен қатар Аюсай өзеніне де бөгет салуды жоспарлап, тендер өткізген. Қызығы сол – Ақсай бөгетінің тендерінен шеттетілген Integra Construction KZ компаниясы Аюсай бөгетін салуға арналған 8,1 млрд теңгелік тендерді жеңіп алды.

ТӨРАҒА КӨКІРЕКБАЕВ

Бөгет салуда тәжірибесі бар компаниялар шеттетіліп қалған тендерге бұрын мұндай жұмыспен айналыспаған «Таразстрой-2004» серіктестігі қатыстырылды.

Тараздық бұл компания сол кезде комиссия төрағасы болған «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Кәрім Көкірекбаевқа жақсы таныс еді. Өйткені Көкірекбаев 2008 жылдан 2018 жылға дейін Жамбыл облысы әкімдігінде табаны күректей 10 жыл жұмыс істеген. Жұмыс істегенде де бес жыл облыс әкімінің орынбасары, бес жыл облысы әкімі болған шенеунік. Көкірекбаев лауазымды қызметте отырған шақта «Таразстрой-2004» серіктестігі Жамбыл облысынан көптеген тендер алған.

Негізі «Таразстрой-2004» компаниясы Ақсай бөгетін салуға арналған тендерде «қолшоқпар» компанияның рөлін атқарған болуы мүмкін. Бұлай деуге бірнеше негіз бар.

Біріншіден, компанияның бөгет салуда тәжірибесі жоқ боласа да басқа ірі фирмалар шеттелген конкурсқа жіберілді. Екіншіден, компанияның ұсынған бағасында. Серіктестік 15 млрд, 476 млн теңге ұсынған (негізі бөлінген сумма – 15 млрд, 506 млн теңге. Ал басқа қатысушылар тендерді ұтамыз деп бөлінген суммадан кемі 100 млн арзан баға ұсынған. Конкурс талабы бойынша ең арзан баға ұсынған компания тендерді ұтатынын ескерсек, «Таразстрой-2004» компаниясының бұл тендерді ұтуға аса қызықпағанын аңғаруға болады.

«Толағай-2050» үшін тараздық компанияның тендерге жіберілгені тиімді болған. Себебі тендерге «Толағай-2050»-дің өзі ғана қатыстырылса, тендер өтпей қалатын еді. Өйткені мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, конкурсқа кемі екі компания қатысуға тиіс.

Төрт жыл бұрынғы күмәні көп конкурстың комиссиясына төраға болған Кәрім Көкірекбаев қазір істі болып жатыр. Ол 2022 жылдың желтоқсанында 800 мың доллар пара алды деген күдікпен қамауға алынған. Көкірекбаев ол кезде «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы қызметінде отырған. Онымен бірге орынбасары Әділет Ақатаев та ұсталған. Ақатаев та Ақсай бөгетін салуға арналған конкурста комиссия мүшесінің бірі болған.

Бірақ ол екеуі де Ақсай бөгетінің конкурсына қатысты сотталып жатқан жоқ. Тергеу органдары «Қазселденқорғау» мекемесінің бұрынғы басшысы мен оның орынбасарына BAZIS CONSTRUCTION – INFR компаниясың филиал директорынан пара алды деген айып таққан. Олардың ісі былтыр маусымнан бері Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.

МИЛЛИАРДТАН КЕЙІН КЕЛГЕН НАЗАРБАЕВА

«Tоlagai-2050» – 2018 жылдан бері мемлекеттік органдардан ірі тендерлер алып жүрген жеке компания. Құрылыспен айналысады.

Қазір бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы – Оразхан Жанысбеков деген адам. Ал 2020 жылы желтоқсанда, компания «Қазселденқорғау» компаниясымен 17,1 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан соң компания құрылтайшылараның қатарына Ақбота Назарбаева деген адам қосылды.

Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Ақбота – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болаттың қызы. 2020 жылы желтоқсанда оның жасы 20-да болған .

Ақбота Назарбаева компанияға келген соң тура бір жылдан кейін 17,1 млрд теңгенің келісімшарты өзгеріп, оған 5 млрд теңге қосылды.

20 жастағы қыздың алпауыт компанияның құрылтайшылығына қалай келгені белгісіз. Белгілісі – ол Қаңтар оқиғасынан кейін компаниядан кеткені.

Ашық дереккөздерде Ақбота Назарбаева жайлы ақпарат аз. Интернетте оның суреті жоқ, қандай бизнеспен айналысқаны да белгісіз. 2000 жылы туған бойжеткеннің атында қазір Asiabet, BN-E CAPITAL GROUP, WORLD CONCERN сияқты бірнеше компания бар. Ол 2021-2022 жылдары Шымкенттегі «Мирас» университетіне де иелік еткен.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: тендер Ақсай бөгеті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір