• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 11:15:22
Алматы
+12°

Петропавл қаласының әкімдігі бір аптаның ішінде құны 400 млн теңгеден асатын екі тендерді бір компанияға ашық конкурссыз берді. Қос тендерді «тікелей бір көзден» алған «Дорсигнал» ЖШС Петропавл әкімдігінен алғаш рет конкурссыз тапсырыс алып отырған жоқ. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, әкімдік 2016 жылдан бері аталған компанияға 22 мемлекеттік тапсырысты «тікелей бір көзден» берген.

410 МИЛЛИОННЫҢ МЕМТАПСЫРЫСЫ

14 наурызда Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Дорсигнал» компаниясымен келісімшарт жасасты. Құны – 199,6 млн теңге. Оған сәйкес, мердігер компания Петропавл қаласындағы бағдаршамдарға автоматтандырылған басқару жөніндегі қызмет көрсетуге тиіс.

Арада бір апта өткен соң, 20 наурызда Петропавл әкімдігі мен «Дорсигнал» ЖШС тағы да келісімге отырды. Оның құны – 211 млн теңге. Бұл қомақты қаржы «Дорсигнал» компаниясына жол белгілерін орнату үшін беріліп отыр.

Мемсатып алу порталының мәліметінше, әкімдік қос келісімшартты жасарда да «тікелей бір көзден сатып алу» дейтін тәсілді қолданған. Яғни, тапсырыс беруші тендер жеңімпазын анықтарда ешқандай конкурс өткізбей, тапсырысты тікелей «Дорсигнал» компаниясына беріп отыр.

Тендерді бұлай өткізу үшін қандай да бір негіз болуға тиіс. Петропавл әкімдігі екі ретте де Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабы, 3 тармағының, 4-тармақшасы арқылы негіздеген.

Аталған заң нормасы  төтенше жағдай болып, соның салдарын жоюға тура келген кезде немесе апатты жағдайдың алдын алуға мәжбүр болған кездерде ғана қолданылады. Мысалы, қалада қатты жел тұрып, бағдаршамдар қирап қалса, немесе бір ғимарат апатты жағдайда тұрса, жөндеу жұмыстарын жеделдету үшін дереу арада тапсырыс беруші бір компанияға ұсыныс тастап, сонымен келісімге келеді.

Ал Петропавл әкімдігінің келісімшартына қарап қандай да бір «төтенше жағдайды болды» деуге негіз жоқ. Өйткені жол белгілерін қою және бағдаршамдардың бағдарламасын орнату төтенше жағдайдың салдарын жою деген нормаға негіз бола алмайды.

Бұған қоса, қос келісімде де мердігерге 2024 және 2025 жылдар аралығында қызмет көрсетіп отыру жүктелген. Мұндай бірнеше жылдық, жылдар бойы қызмет көрсетіп отыруға тиіс жұмыстар төтенше жағдайдың салдарын жоюға арналған дегенге келмейді. Негізі мұндай жұмыстар үшін тапсырыс беруші ашық конкурс өткізуге тиіс.

Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Қамшы» тілшісіне тендер не себепті ашық конкурссыз өткізгенін түсіндірмеді. Бөлім басшысы Еркін Елеусізовпен сөйлесу мүмкін болған жоқ. Ал мемлекеттік сатып алуға жауапты маман бір ай демалыстан кейін жұмысқа енді шыққанын, тендерлердің не себепті конкурссыз өткенінен бейхабар екенін айтты.

ПЕТРОПАВЛ ӘКІМДІГІНІҢ «СҮЙІКТІ» КОМПАНИЯСЫ

Ашық конкурспен өтуге тиіс тендерді еш бәсекесіз алған «Дорсигнал» ЖШС – Петропавлға танымал компания. 2005 жылы құрылған серіктестіктің сол кезден бергі басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы – Николай Лазарев деген адам.

Компания Петропавлда тіркелген. 2019 жылдан бері мемлекетке 200 млн теңгеден астам салық төлеген. Компания негізінен жол белгілерін орнату, бағдаршам жөндеу сияқты мемлекеттік тапсырыстарды орындайды.

Мемсатып алу порталының мәліметінше, «Дорсигнал» ЖШС 2016 жылдан бері 266 тендер алған. Оның 179-ы «тікелей бір көзден» берілген.

Серіктестік көбіне Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысын орындайды. 2016 жылдан бері аталған мекемеден 62 тендер алған. «Дорсигнал» ЖШС оның 22-сіне еш конкурссыз, «тікелей бір көзден» қол жеткізген.

Петропавл әкімдігі компанияға әр жылдары ең ірі тендерлерді конкурссыз беріп отырған. Әкімдік тапсырыстың бір көзден берілуін Мемлекеттік сатып алу заңындағы «авторлық құқық», «төтенше жағдайдың салдарын жою» деген нормалар арқылы негіздеген. Алайда бір көзден берілген тендерлердің техсипаттамасы ол нормаларға сәйкес келмейтінін байқауға болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір