29 Ақпан, 2024 Экономика
Депутат Мәжілісте "Отбасы банктің" қулығын әшкереледі
Халық қалаулысы Ислам Сұңқар көптеген ел азаматтарын "Отбасы банкке" қатысты мазалайтын сұрақты Үкіметке қойып, депутаттық сауал жолдады. Депутат үш жыл бойы жинаған тұтынушы жинағын өзіне несие ретінде ұсынатын, оның үстіне баспана ақысының 50 пайызы төленіп қойғанына қарамастан сыйақы мөлшерлемесі бүкіл пәтер құнына қарай есептейтін "Отбасы банк" әрекетіне аң-таң.
Көрнекі сурет
Депутат Мәжілісте 2024 жылы 15 ақпаннан бастап "Отбасы банкі" кеңінен қолданысқа ие аралық займ шарттарын өзгерткенін еске салды, деп хабарлайды Qamshy.kz.
"Банк мұны ел азаматтарын ақша жинауға, онда да сауатты үнемге ынталандыру үшін жасалғанын атап өтті. Бұл арада тұтынушы пәтер құнының 50%-ын бірден аударса да (депозиттегі жинағы болса да) несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі бүтін пәтер құнына, яғни 100 пайыз сомаға есептелетіндей несие шарттары жасалған. Сондықтан бұл арада мынандай заңды сауал туындайды: ел азаматтарына өз ақшасын қарызға, онда да үстіне пайыз қосып беру, сондай-ақ пәтер бағасына бүтіндей банк комиссиясын ілу қаншалықты әділетті", дейді ол премьер-министр атына жолдаған депутаттық сауалында.
Әрине, банк салымшылары бұған наразы. Бірақ банктен бұл ретте нақты жауап жоқ, тек тұтынушы алдын ала төлеген сома займға кепіл ретінде депозитте жататынын айтып, сөз бұйдаға салады.
"Бұл қаржылық айла-шарғы, әрине. Біз оны солай деп санамаймыз. Біз несие шарттары бойынша депозитке тағайындалатын жылдық пайыздық мөлшерлеме көлемі небәрі 2%-ды құрайтынын көріп отырмыз, ал мемлекеттік сыйлықақы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шектеулі сомаға ғана есептеледі (200 АЕК- 738 400 теңге). Дегенмен 2023 жылы Қазақстандағы ірі банктер арасында меншікті капиталдан түскен пайда үлесінің артуы бойынша "Отбасы банкі" көш бастап тұрғаны белгілі. Өсім 87,9% немесе 107,5 миллиард теңгені құрайды. Бірақ, бұл өсім қарапайым салымшылардың жағдайына еш әсері жоқ", деп түсіндірді депутат.
Ол тұтынушылардың төмен ставкада депозитте жинаған ақшасынан банктің миллиардтап табыс тауып, оны өз қалауына қарай пайдалануы әділетсіздік деп санайды. Бұл – таза монополия.
Депутат депозит және ипотекалық заемға қатысты әділ бәсекелестік орнату үшін екінші деңгейлі банктерге тұрғынүй жинағы бойынша лицензия беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір