• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:09:40
Алматы
+12°

19 Ақпан, 2024 Саясат

Навальный - саясаткер емес, күрескер

Сырым Итқұлов: "Навальный -  ең бірінші кезекте күрескер, саясаткер емес" депті. Оның Абайды "белгісіз ақын" дегенін де еске алыпты.

Facebook/Syrym Itkulov

"Қызық. Неге екені белгісіз, Навальный алғашқы оппозициялық кездеуін Абай ескерткіші (Мәскеу) жанында өткізеді ғой. 12 жыл бұрын болуы керек. Сол кезде ол кісі Абайды абайсызда «белгісіз ақын» деп айтып қалып, оңбай ауызы күйген. Мұнысы үшін Навальный: «Қазақтар, кешіріңіздер мені. Абай туралы «Википедиядан» оқып-білуге уәде беремін» деп кінәсін мойындап, артынан ақталғандай да болған. Бірақ біздікілер біразға дейін өкпелеп, «Мой мир» желісі арқылы оған «белгісіз ақын» туралы айыбын аракідік еске салып жүрді.

Қазір көбісі осы жайтты біле бермейтін болар, өйткені ол кезде жұрттың бәрінде бірдей интернет бола бермеген: қазіргідей Инстаграм да, Телеграмм да жоқ. Кейбіреулер жұмысындағы компьютері немесе ноутбугы арқылы «ВКонтакте», агент және «Мой мирге» кіретін ол кезде.

Егер 2012 емес, шартты түрде 2020 жыл болды делік десек сол кезде, біздікілер Навальныйға қарсы жаппай дүрсе қоя беріп, оны Симоньян немесе басқалар секілді елге кіргізбейтін тұлға жасауды талап етер ме еді, қалай?  Иә, «орталықазиялық одақ» құру ұмтылысы, мигрантофобияға келетін оның сөздері біздегілерге жақпайтын. Жалпы, о шетті бұ шетке жалғап, біреуді идеал етуге болмайды дегенді айтқым келіп отыр бұл арада.

Навальныйды біз құрметтейміз, алайда оны сауатты саясаткер немесе «президенттіктен үміткер» ретінде емес, көршіміздің былық-шылыққа әбден батқан жүйесімен күрескер ретінде мойындаймыз. Кім біледі, Навальный президент бола қалса, сол Путиннен асып арыға кете қоймауы мүмкін бе еді?.. Адамды сынағың келсе, қолына билік пен ақша бер деуші ме еді?.. Қалай дегенмен де бұл менің жеке ойым.

Мысалы, мен Навальныйға қарағанда Немцовты саясаткер, идеолог ретінде көре аламын. Саясаткер, Ресейдің көшбасшысы бола алатын тұлға ретінде оның есімін еш шүбәсіз атар едім.

Навальный -  ең бірінші кезекте күрескер, саясаткер емес! Ол елге оралу туралы шешім қабылдағанда мұнда өзін не күтіп тұрғанын жақсы білді. Оның орнына сол шетелде қалып, ыстық кофесін ұрттап қойып, Германияның бір жерінде кезекті бір Дудьке сұқбат беріп, ұрымтал сәтті күтіп отыра берсе, түгі де жоқ еді.

Тіпті, уланып, көп ұзамай бүкіл әлем алдында өзін улаған адамға қоңырау шалды емес пе? Міне, осыдан кейін, саясаттан жырақ адамның өзіне Ресейге келсе оған не болатыны аян еді. Соған қарамастан ол ажалға басын тігіп, туған жеріне оралды.  

Онда да ол 2005, тіпті 2014 жылғы Ресейге емес, сюрреализм мен адасудың қайнап жатқан ортасына топ ете түсті. Мұнысы, әрине ерлік, әрине қаһармандық. Сондықтан да оның өлімі бүкіл әлемді дүр сілкінтті.

Оны өлтіру неге керек болды? Путин оның жайдан-жай келе жатпағанын білді. Навальный да түрмеге түсетінін іштей сезді. Бірақ Навальныйда Путинді, оның режимін түбінде жеңемін, түрмеден бұрынғы террор мен тоталитарлық режимнің құрбаны әрі қаһарманы болып шығамын деген үміт болды. Бір сөзбен айтқанда, орыстың Нельсон Манделасы боламын деді. Мұның бәрін Путин жақсы білді, әсіресе сайлау науқаны жақындаған сайын...

Бәрінен өкініштісі, Навальныйдың өлімінен соң (фильмінде аманат етіп кеткендей) жүйеге қарсы шығып, соңына дейін беріспей күресетін Ресейде ешкім қалмаған секілді", деп жазады журналист желіде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір