• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:05:53
Алматы
+12°

19 Ақпан, 2024 Саясат

"Жат ағымды бірден тоқтату жақсылық әкелмейді" – Ермұрат Бапи

Qamshy.kz Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапиді сұхбатқа тартты. Депутат әңгіме барысында журналист Думан Мұхамедкәрімнің жабық сотына қатысты ойын айтты.

Видеокадр

Сіз Парламентте көп мәселені көтеріп тастадыңыз. Дін, тіл, ұрланған қаражат, қала атауларын өзгертуге қатысты сауалдар болды. Нәтиже қайда, депутаттардың сөзі еленбей ме?

– Депутаттар көтерген мәселенің көбі орындалмақ түгілі, мемлекеттік органдар тарапынан елене бермейтіні рас. Бірақ депутаттың пікірі Пайғамбардың сөзі емес, ұсынылған немесе көтерілген мәселе өтпелі кезеңдегі мемлекеттік саясаттың ығына сәйкес келмеуі мүмкін: бюджеттің мүмкіндігі, геосаяси жағдай, халықаралық міндеттер, елдегі қоғамдық тұрақтылық, т.б.

Сол себепті депутаттар айтатын бірқатар тақырып тығырыққа тап болуы әбден мүмкін. Бірақ әсіресе, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мұқтаждығына қатысты мәселелер атқарушы билік тарапынан елеусіз қалмауы керек. Егер Парламент пен мемлекеттік органдар арасындағы текетірес жалғаса беретін болса, екі ортада саяси дағдарыс тууы әбден ықтимал.

– Сәлафиттер мәселесі күйіп тұрғанын білесіз. Бірақ бұл мәселе әзірге тек айтылып-айтылып қана қойылуда. Депутаттардың көбі жат ағымға қарсы. Бірден тоқтата салуға болмай ма?

«Айтылып-айтылып қояды» дегенмен келіспеймін. Сіз айтпақшы, «жат ағымға қарсы депутаттардың» бастамасымен дін мәселесіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде үрдіс басталды. Қазір ол заңның жобасы дайын болып, мемлекеттік органдар, қоғамдық және діни ұйымдардың назарына ұсынылды. Себебі, дін мәселесі, оның ішінде бүгінде Ислам дүниесі – өте нәзік тақырып. Ол жоба жан-жақты зерттеліп, қоғамдық талқыдан өтуі тиіс.

Сондықтан тағы да сіз айтпақшы, «жат діни ағымды бірден тоқтата салу» қоғамға жақсылық әкелмейді. Әрине, «тізеге салып» тоқтата салу мемлекет үшін айтарлықтай қиын іс емес. Бірақ біз соңғы 20-25 жылда қоғамда қалыптасқан жағдайдың аспектілерін әбден екшеп қарауымыз керек.

Дегенмен, қалай болғанда да біздің ұлттық мүддемізге нұқсан келтіретін салафизм идеологиясын сіңіру саясатын ауыздықтауымыз керек. Егер қазақ халқы ұлт ретінде өзінің түп-тегін сақтап қалуға мүдделі болса, бізде бұдан басқа таңдау болуы мүмкін емес.

Қазақстанның саяси өмірінде алға жылжу, ілгерілеу жоқ. Бір орында тұрып қалған секілдіміз. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Бұл пікіріңізге де қарсы уәж айтуға тура келеді. Сіздің маған осындай сұрақ қойып, елдегі саяси жағдайға біржақты баға беруіңіздің өзі «алға жылжу мен ілгерілеудің» белгісі. Мәселен, соңғы үш-төрт жылдың алдында сіз де, сіз қызмет ететін баспасөз ресурсы мұндай батыл пікір айта алатын ба еді? Бүгінде президент Тоқаевты және оның саясатын «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп оңды-солды сынап жатқан интернет ресурстар (Ютуб, Телеграм, Тик-ток, т.б.) бұдан екі-үш жыл бұрын бар ма еді?

Жоқ! Болғаны – «ДАТ» газеті сияқты бірен-саран БАҚ еді ғой. Яғни, «алға жылжу мен ілгерілеу» бар екенін көрсететін бір индекатор – сөз бостандығы осы емес пе? Осыдан кейін ел мен қоғамның өміріне жылымық кіре бастағанын неге мойындамаймыз?

Ал әлеуметтік саладағы президенттің бастамалары бірте-бірте жүзеге аса бастағаны өз алдына бөлек әңгіме. Әрине, әзірге «алға жылжудың» динамикасы шапшаң емес, баяу жүріп жатқаны жасырын емес. Әсіресе, қоғамдық-саяси сала өзгерістерге сараң болып тұр. Әліптің артын бағу, сылбырлық, кібіртік көп. Бірақ «сең қозғалды» ғой! Біз өзгерістердің бұл бастамасын өтпелі кезеңнің құндылығы ретінде қабылдай білуіміз керек.

Журналист Думан Мұхамедкәрім Ринат Зайытов екеуіңізге түрмеден хат жолдаған болатын. Ол кісі депутаттардан тек екеуіңізге сенген секілді. Оның жағдайы сізді алаңдата ма?

Мен «СИЗО»-ға арнайы барып, Думанның өзімен кездестім, оның саяси-азаматтық ұстанымы мен абақтыда отырған жағдайымен таныстым. Алған бетінен қайтпайтын позициясын білдім. Сондықтан Думанды қамаудан шығаруға арашашы болатын мүмкіндігім шектеулі, депутаттың көмегімен босап шығуға оның өзі де қарсы. Оның талабы – толық ақталу.

Ал, дұрыс болсын, бұрыс болсын, оған қолданыстағы заң негізінде айып тағылып отыр. Өкініштісі сол – бұл заңның талабы соңғы кездері қоғам белсенділеріне қарсы жиі қолданылатын болды. Әлемде экстремистік жағдай барған сайын өршіп бара жатқан геосаяси жағдайда Қазақстанның Қылмыстық кодексінен бұл бапты алып тастау бастамасын көтеру салауатты саясаткердің іс-әрекеті болмайды. Депутаттардың Думанға байланысты дәрменсіздігі осы боп тұр.

Мен бұл тұрғыда «Думан экстремист емес, оның артында ешқандай саяси да, экстремистік те, басқа күш те жоқ, оны қамау мен соттаудың логикасы жоқ» деп атқарушы билік пен Бас прокуратураға бағыттап, бірнеше мәлімдеме жасадым.

Бұдан басқаға депутаттың құзыр-дәрмені жетпейді. Әрине, «Думанды толық ақтаңдар!» деп дабыра көтеруіме болады. Бірақ бұл мен үшін қоғам алдында ұпай жинайтын далбаса популизм ғана болып қалады. Бұдан Думанның өзіне келіп-кетер пайда болмайды. Себебі, қалай болғанда да, оған қолданыстағы заңның негізінде айып тағылып отыр. Тупик!

Думанның соты неге жабық өтеді? Оның ісінде мемлекеттік құпия бар ма?

Мемлекеттік сот қандай негізді есепке алып тұрғанын білмеймін. Ол енді соттың әлдебір заңдарға, не бір негіздерге сүйенген шешімі болуы мүмкін. Қалай болғанда да, сот бір құпияны сақтаудың амалын жасап жатыр деп ойлаймын. Бірақ соттың нақты қандай негізді алғанынан хабарсызбын. Ал жорамалдап айтсам, бәлкім, сот барысында Думан мен Мұхтар Әблязовтың арасындағы телефонмен әңгімелері тыңдалатын болуы мүмкін. Бұл менің жорамалым. Біріншіден, телефон тыңдалған болса, ондағы әңгімелерде айтылған мәселені қоғам қабылдамай, мойындамауы мүмкін. Екіншіден, экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға араласты деген талапты дәлелдеуі керек. Яғни, аударылған шоттар, есептер осы тергеуде прокуратураға проблема болуы мүмкін. Сол себептен де сот жабық шығар. Басқа уәжім жоқ.

Негізі, Думанның соты құпия болатындай ол не әскери адам емес, не әлдебір қызметтің құпия мүшесі емес. Тергеу барысында шыққан бір кінәраттарды қалай да қалқалап қалудың бір амалы шығар. Экстремистік ұйымды қаржыландыруға қатысты әңгіменің мазмұны қоғамның құлағына қонбайтын шығар деп ойлаймын.

Жаңа премьер Олжас Бектеновтен не күтесіз?

Олжас Бектенов бұған дейін үлкен экономикамен етене айналыспаған адам. Иә, ол шаруашылықты министрлік дәрежеде басқармаған лауазымгер. Мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі де кенделеу болар. Бірақ жас, амбициясы асқақтап тұр. Мемлекеттік менеджер ретінде өз кабинетін президент жүктеген міндеттерге жұмылдыра алады деген үмітім зор. Оның алдында кемінде 20-25 жылдық белсенді саяси өмір бар. Сонымен бірге, оған президент теңдессіз шанс беріп отыр.

– Сіз депутат болғалы жағдайыңыз өзгерді ма?

– Азаматтық ұстанымым еш өзгерген жоқ. Бұрын қандай болсам, сол азаматтық саяси ұстанымыммен жүрген адаммын. Иә, биліктің бір депутатымын. Бұл жерде мемлекеттік саясатқа байланысты бұрынғыдай оппозициялық тұрғыдағы жауапсыз пікір айта алмаймын. Митингке шақыратын әңгімелерді айтуға хақым жоқ. Мен қоғам мен биліктің ортасында депутат ретінде екі жақтың пікірін саралап, соның ортасындағы алтын көпір болатын тұжырымымды айтуым керек. Жаңа Қазақстанды құруға көмектесуге келдім. Менің кей пікірім әлеуметтік желідегі белсенді азаматтардың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін. Себебі, ендігі сөзімде депутаттық жауапкершілігім болуы керек.

Материалдық жағдайыма келсек, депутаттың жалақысын аламын. Ол жалақының мөлшері қоғамға белгілі. 700 мың теңге. Одан басқа материалдық игілік көріп жатқаным жоқ.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір