12 Ақпан, 2024 Әлеумет
Өртенген, тоналған «Ақшың». «Бір бутиктің құны пәтермен тең»
Семейдің қақ ортасындағы ірі сауда орталығы бір түнде «жоқ» болды. 6 ақпанда түнгі екі жарымда тұтанған отпен 200-ге жуық өрт сөндіруші 20 сағат алысты: түске таман әрең дегенде ауыздықталған алапат өрт тек кешкі 21-00-де толықтай сөндірілді. Сапалы әрі бренд дүние іздегенде семейліктер бас сұғатын салтанатты нысанның осылайша талқаны (80%) шықты, тауары күл болған 2 мың саудагер бір демде жұмыссыз қалды.
Абай облысы әкімдігі
Суыт хабарды естіп, бастапқыда сауда орнына қарай жүгірген саудагерлерді 300-ге жуық полицей күтіп алды. Оларды өрт кезінде де, өрттен кейін де оқиға орнына жібермеді. Ал сау қалған тауарлардың өзі ұрланғаны да айтылады. Осылайша Абай облысында 2 мың адам бір түнде наразылық білдірушілер қатарынан бір-ақ шықты. Өйтпеске амал бар ма? Бұл арада билік тек екі нәрсені уәде етіп отыр: несиесі бар саудагерлердің ай сайынғы төлем мерзімін жарты жылға шегертіп беру және өздерін жұмыссыз ретінде тіркеп, мемлекеттен жәрдемақы төлеу. Мұны ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Ал сауда орталығы жергілікті депутат Марат Құрманбайға тиесілі болып шықты. Ол өзін де жапа шегуші деп санайды. Оның пікірінше, ғимаратына қаскөйлер от қоюы ықтимал.
«2023 жылы қазан айында өрт сөндірушілер келіп тексеріп, өз ұсыныстары мен талаптарын алға тартты. Жаңа жылға дейін біз ол талаптарды орындағанбыз. Сондықтан бұл жағынан мәселе болмауы керек. Негізі, мен 50 млрд теңге жұмсағанмын бұл бизнеске. Қазір банктер алдында менің 50 млн теңге берешек несием бар. Мен бизнесімді сақтандырған жоқпын», - депті Марат Құрманбай жергілікті телеарнаға берген сұқбатында.
Ол тек ақпан айына жалдау орнына төлеген саудагерлердің ақшасын кері қайтаратынын айтты.
Осылайша шығынның ешкім өтемесіне көзі жеткен қауым БАҚ алдында бір-бірлеп шығып, ащы шындықты айта бастады:
«Сауда орталығының қожайыны тауарымның барлық шығынын өндіріп берсін. Барлығымыздың талабымыз осы! Себебі оның айтқанына осы күнге дейін барлығымыз көніп, дегенін істеп келдік. Ондағы бір бутиктің бағасы бір пәтердің құнына тең. Соны да сатып алдық қой. Бір айдың жалдау құнын төлемедің бе, адам құрлы көрмейді, қуып шығады ол арадан. Өндірсін енді!», дейді саудагерлердің бірі ашына.
«Ешқандай шығынды өндіру, өтемақы деген болмайды» деп біздің бетімізге айтты. Өйткені «Ақшын» - жекеменшік корпорация екен де, ал саудагерлер жеке тұлға екен. Сонда қалай? Жеке тұлға – ел азаматтары емес пе? Бұл трагедия емес пе?..», дейді Анар есімді саудагер.
«Жалғызбасты әйелмін. Мойнымда несие бар. Әйелдердің киім-кешегін сататынмын. 15 млн теңгенің заты бар болған ол арада. Бәрі өртеніп кетті. Енді қалай өмір сүремін, білмеймін», дейді Олеся.
«Қойма мен сөреде тұрған 410 млн теңгенің тауары жоғалған. Алтын салатын жәшіктердің ішінде бәрі күл болып кеткен. Ыстық күлді елеуішпен елеу мүмкін болмады. Сондықтан алтын сататындардың бәріне оны күрекпен салып, ішкі істер басқармасына қойып қоятындарын айтты», дейді бағалы әшекей сатушы Ақмарал.
«Алтын бұйымдарым орнында жоқ. Сейф өртенбеген, ал оның ішіндегі алтын бұйымдар жоқ. Тіпті, темірдің қызуымен өртенген жағдайда орнында балқып жатуы керек қой. Оның тұқылы да көрінбейді. Әкім мырза, менің затым өртенген жоқ, ұрланып кеткен, бұған кім жауап береді?», деді арнайы өткізілген жиында саудагердің бірі.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл мәселе полиция құзіретіне жататынын айтты.
Ал полиция бұл арада тек бір бап – өрт қауіпсіздігін сақтамау бойынша іс қозғағаны, әзірге белгілі. Үкімет болса, мәселе біздің назарымызда дегеннен ары аса алмауда. Өртенген, тоналған «Ақшың» саудагерлері бәрібір үміт үзбей, кез келген тараптан көмек күтуде...
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір