12 Ақпан, 2024 Сұхбат
ашық дереккөзден
Назарбаев тұсында тасы өрге домалаған олигархтардың бәрі Жаңа Қазақстанның жаңа ережелеріне көніп, қабылдады. Кеше ғана Назарбаевтың алдында "жағымпаздануды өмір үйретті" дейтін Нұрлан Смағұлов сияқты олигархтарға өмір енді "Назарбаев жаман еді" деуді үйретті.
Сонысымен олигархтар бұрынғыдай Қазақстанда миллиардтарын тауып жатыр. Жаңа Қазақстан олармен "сен тимесең мен тимен" боп отыр.
Жүйеге қарсы әрекет ететін біреу болса, ол – Назарбаевтар әулеті.
Назарбаевтың өзі "халық мен туралы не ойласа да, маған бәрібір" дегендей кейіпін ашық танытты. Ол халық өзін жек көретінін біледі. Өлген соң артынан естілуі тиіс сөздерді тірісінде естіді.
Ол кітап жазып, некесіз туған балаларын мойындады. Астананың ортасында інісінің асын берді. Мұның бәрі – жаңа Қазақстанға қаратылған сес. "Біз ешқайда қашқан жоқпыз, біз әлсіреген жоқпыз" дегені.
Енді бас оппозиционер Назарбаев болуы мүмкін.
Кешегі елбасы енді бүгінгі билікке оппозиция болады деп кім ойлаған?
Жұмыссыз "тұңғыштың" баспасөз қызметі тарататын кей хабарлардан "Назарбаев кезінде олай болмаған" дегендей сарын сезіледі. Назарбаев сезгіш, ол Арыс жарылысы, Covid, қыста қатқан Екібастұз, өндірістегі апаттар, Украинадағы соғыс болмай тұрып президент тағын тастап кетті. Кететін кезді дәл тапқан.
Назарбаевтың әлі де миллиардтаған ресурстары бар. Ол әлемдегі ең бай қазақ!
Ықпалы азайса да, әлі бар. Тыныш жатып қартаю оның жолы емес, ол қазір ұлдарын ақтауға кірісті, ол да еңбек.
Қызықтың бәрі Назарбаев қайтыс болған соң басталады. Екі қызы мен семьясындағы ең жақындары, сенімді серіктеріне тықыр таянуы мүмкін. Өзі салған мешітте жерленетін шығар. Қонаевты ақтық сапарға бүкіл Алматы болып шығарып салған. Назарбаев ондай құрмет көреді деп ойламаймын. Түркістандағы қасиетті жерде хандармен қатар жатайын деген идеясы болған. Оған түркі әлемі көнбесе керек. Сосын 2015-те пантеон салғызды. Оған бұрынғы министрлер, депутаттар мен шенеуніктер жерлене бастаған соң пантеоннан да айнып қалды. "Қайдағы бір депутаттармен бірге жатам ба" деп. Президент орнынан кетерінен бір күн бұрын тасын өзі қалаған мешітінің әлі атауы жоқ. Назарбаевты күтіп тұрған Алматыдағы Фурманов көшесі сияқты.
(Саясаттанушы, блогер Сырым Итқұловтың Adal Adam live каналында берген сұхбатынан)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір