• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:47:24
Алматы
+12°

19 Қаңтар, 2024 Әлеумет

Қазақ ұлтын елемей қалай кәсіп жүргізбек?

Қазақстанда мемлекеттік тілге, қазақ ұлтына деген құрмет неге төмен?

Фото: @daididau.restaurant

Бүгінгі ел аузындағы әңгіменің бірі - Димаш Құдайбергеннің Астанадан ашқан мейрамханасы. Жарнама деп қалмаңыздар. Әсте де олай емес. Үлгі ету десек, жаңылыспассыз..

Естеріңізде болар, былтыр қыста Алматыда болған оқиға: қазақша ас мәзірін сұраған екі қызды дәмхана қожайыны «фашист», «нацист» деп күсәлап, онымен қоймай, арнайы күзет шақыртып тамақтану орнынан желкелеп қуып шыққаны...

Сол кезде бүкіл қоғам жағасын ұстап, дүр етті. Шынымен де арты жаман болып кете жаздады. Ақыры әлгі қызмет көрсету орнының қожайыны - өзге этнос өкілі дүйім жұрт алдына шығып, кешірім сұрап, әупірімдеп әрең дегенде басын даудан арашалап қалған. Бір жыл бұрын дәмхана сайтында жарияланған кешірім сұрау видеосы бүгіндері жойылған. «Сүйекке таңба» видеоны сақтап, қайтсің дейсің ғой?.. Ақырында «зәкүн соққыш» ханым ит болып, ас мәзірін қазақшалаған да...

Көп ұзамай тағы осы Алматыда «Пинта мейрамханалар» желісінде шу шықты. Қазақша ән қоюдан бас тартқан бұл қызмет көрсету орыны да қазақ тіліне пысқырып қарамайтыны әшкере болды. Мұндай бассыздыққа куә қоғам талағы тарс айырылып, бизнес нысанына байкот жариялады. «Қысылғаннан қыз болдымның» керін келтіріп, апыл-ғұпыл бәрін қазақшалап, орындалатын әндеріне қазақша әндерді де қосып, «Біз ҚР заңдарын сақтаймыз» деп бұлар да артынан рәсми мәлімдеме жасай салды. Ежелден солай болып келе жатқан құсатып. Бұл оқиға осылай тына қалған еді.

Қаралы қаңтардан кейінгі Мухоряповпен болған дауды еске салып жатудың да қажеті болмас.

Қалай дегенмен де тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асса да Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрап, оны сізге көрсете қоймаса, оған таң қалмай-ақ қоюыңызға болады. Өйткені мемлекеттік тілге, мемлекетті құраушы бас ұлтқа деген құрмет, өкінішке қарай, көп жерде әлі де төмен. Әсіресе, қызмет көрсету саласында...

Енді Димаштың ұлттық реңке ие мейрамханасы туралы сөзге қайта оралалық. Оны суреттесек, сөзіміз бүгінмен бітпес. Қысқа қайырсақ, есіктен кіріп, таңдаған үстеліңізге жетпестен, алдымен көзіңіз, көңіліңіз, содан соң ішкі жан дүниеңіз тойып үлгереді: бастысы - қазаққа деген нағыз құрметті өн-бойыңызбен шындап сезінесіз. Әу дегенде, сәлем беріп, есік алдынан қарсы алатын даяшы ұл-қыздардың үстінен ұлттық киімді көресіз. Әр интерьердің қымбатқа жасалғаны білініп тұрса да одан қазақы қарапайымдылық лебін бірден сезінесіз. Артық-тыртық, дарақылық мүлде байқалмайды. Ас мәзірі, әрине қазақ тілінде; ұлттық тағамдарға барынша басымдық берілген. Әр тағамның қазақи өз атауы бар. Өрме төс, Ертоқым, Самалтау... Олардың мән-мағынасын асты алдыңызға әкелген даяшы қыз-жігіттер асықпай, қысқа-нұсқа баяндап береді. Одан бөлек, мұнда әуелеген қазақтың қоңыр әуеніне елітіп қана қоймай, өзіндік сыры мен тарихы бар ұлттық музыка аспаптарын да тамашалай аласыз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген қонақты, әсіресе шетелдіктерді қазақты таныту үшін ұялмай апаруға болатын орын...

Әлемдік брендке айналған отандасымыз мейрамхана атауына өз атын пайдаланса да болар еді. Жоқ. Маңдайшада «Дайдидау» деген жазу тұр. Ол осылайша өзін емес, өз ұлтының тарихын ұлықтауды жөн деп тауыпты. Біреу білер, біреу білмес: бертінге дейін халық әні деп аталып келген «Дайдидау» Мағжан Жұмабаевтың қараңғы қапаста отырып жан жарына жазған хаты болып табылады. Әннің осындай ұлт зиялыларына қырғидай тиген зұлматты жылдарды еске салатын тарихи сыры бар. Осы жағынан алғанда, Димаш талантымен, әнімен ғана емес, өн бойындағы қазақылығымен де ұлтқа үлгі...

Айтқандай, нақтысында, Димаштың қарындасы Раушанға тиесілі бұл нысан. Бірақ, жұрт «Димаштікі» дейді оны жүрегіндегі жақсысына жақындап. Оның үстіне Димаш әр сұқбатында өз жетістігін өзіне ғана емес, бүтін отбасысына тиесілі екенін үнемі айтып отырады. Яғни, әке-шешесіне, ата-апасына, іні-қарындасына дегендей. Ол кісілердің кім екенін айтып жатудың өзі артықтау болар.

Бұл арада айтайын дегеніміз, ұлт жанашыры болып табылатын Құдайбергендер отбасы бизнес жүргізуде де баршаға үлгі. Яғни, кәсіп жүргізуде қазақ тілін, қазақты сыйлау қалай болатынына басы жетпей жатқандар болса, осы кісілердің жасап жүргеніне бір қарап қойса болады...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір