• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:12:22
Алматы
+12°

Сурет ашық дереккөзден алынды

Журналист Оразбек Сапарханның YouTube-тегі арнасында қазақ тілінің қазіргі жайына, болашағына қатысты тілші, ғалым Әділет Ахметтің сұхбаты шыққан екен.

Онда «қазақ тілі ғылым тіліне айнала алмайды» деген көпшіліктің пікіріне ғалым былай дейді:

– Ешбір халықтың тілін ғылым тіліне жарайды, не жарамайды деп кемсітуге болмайды. Тұрақтандырылған дүние жоқ. Мәселен, мың адам ғана қолданып жүрген тілдер бар. Мүмкін, сол тілдің кейін аяқ-астынан бағы жанып, көтеріліп кететін болса, ол тілді қолданушылар қарап жатпайды. Ол тілді мемлекеттік, кейін тіпті халықаралық қатынас тіліне дейін дамытуға тырысады. Сондықтан ондай сөздерді айтқызуға тарихи себептер болуы да мүмкін. Яғни, басқа халықтың әңгіртаяғы тиді. Содан келген қасіреттің салдары болуы да мүмкін. Екіншіден, жаһандану құбылысы себеп. Бір қазанның ішінде бәрі бітесіп қайнап жатыр. Ағылшын тілі қолданушылары көп болғандықтан, ең үздік тілдердің біріне айналды. Сондықтан жаһанданудағы үдеріске дайынбыз ба, дайын емеспіз бе, белгісіз. Ел болып сыналатын кезге келдік. Яғни, бұны Тәуелсіздік болғанның өзінде сақтап қала алмайтын деңгейге жеттік. Бірақ қазақ тілін анау-мынау деңгейде күні батып бара жатқан тіл деп айтуға болмайды, – дейді Әділет Ахмет.

Ғалым қазақ тілінің мемлекеттік тіл де, халықаралық тіл де бола алғанын айтады.

– Кезінде «Түркі тілдер сөздігі», «Кодекс куманикус» сөздігі қазіргі Oxford сөздігінің рөлін атқарған. Демек, қазақтың тілі, қыпшақ, түрік тілдері бір кездерде әлемдік тіл болған. Кейін заман ауысты, бақ ауысты, еуропалық өркениет өсті. Орыстың мәртебесі жоғарылап, бағы жанды. Біздің түркілер кері шегініс жасады. Демек, дүние бір орында тұра бермейді. Сол себептен, ең бірінші тілді қорғауымыз керек. Ахмет Байтұрсынның өзі «Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» деді. Яғни, сөзің жоғалғаннан кейін ұлттық киім киіп, әшекей тақпай-ақ қой. Сөзің жоғалғаннан кейін бүкіл болмысың жоғалады деп түсіну керек.

 Калькадан құтылуға әбден болады

 – Бір азаматымыз айтпақшы, «жедел аяқкиім тігу» дегенді тез тігетін жер екен десем, олай емес екен. Есікке келсем, «Өзіңе», «Өзіңнен кері» деген сөз жазылған. Қазақ оны «итер», «тарт» деп айтады. Сонда ол сөзді бірінші орысша ойлап, содан кейін аударып жаза салған. «Әр заманның өзіне сай сұрқылтайы болады» демекші, әлеуметтік желі, ғаламтор дамыды. Оның иқуатын (функциясынан) біз жақсы пайдаланып отырмыз. Сол әлеуметтік желінің иқуатын жақсы жағынан пайдаланып, қазіргі заманда бір атау кездессе, соны гуглға сала салады да «От себяны» тікелей аудара салады. Бұл жағдайдың салдарынан күлкіге қалған кездер де болған. Бір үйдің шатырының астына «Абайлаңыз, сүмелек мұз!» деп жазып қойыпты. Соны ғаламтордан тікелей аудара салып, жазып тұрғаны ғой. Сол себептен, Ахметтер зар қақпақшы, қалалық өркениетке көшуді бірден емес, біртіндеп бастау керек. Табиғи түрде өтсек, көп нәрсеміз де жоғалмас еді. Тіліміз, мәдениетіміз, ойлау жүйеміз адам секілді біртіндеп бейімделеді.

Әлеуметтік желілерге сеніп, аударудан, тіпті технологияға иілгеннің жөні осы екен деп технология жасап берген тілге еліктемеу керек. Мысалы, «келе жатырған» деген сөздер бар. Енді мұндайдың алдын алу үшін ұлттық рухымыз басты орында болу керек, – деді ол.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір