• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 03:00:16
Алматы
+12°

26 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Қазпошта қашан түзеледі?

Қазпоштаның жырын жырлап келе жатқанымызға көп болды. «Баяғы жартас сол жартас» екен.

Фото ашық дереккөз

Бұдан екі жыл бұрын Қазпоштада жұмыс баяу жүргізілетін. Содан бері жағдай өзгерді ме десек, әлі сол қалпында. Басқа қала түгілі, Алматыдағы бөлімшелерінде әлі өзгеріс жоқ.

Бір затты басқа қалаға салып жіберу үшін ұзын-сонар кезекті айтпағанда, мәселен, №5 бөлімшедегі қызметшілердің дөрекілігі бөлек тақырып. Бір кісінің затын Балқаш қаласына салмақ болып, іштегі қырғын кезекке қарап «әй, бір-екі сағатсыз тірлігіміз бітпейді-ау» дестік. Кассадағылардың тірлігі тым баяу. Келген халыққа айқайлап, таң атпастан жүйкелері жұқарып отыр. Енді бір жігіттің ұзақ күткен кезегі жеткен екен, оған қызметшілер «Төлемді тек қағаз ақшамен не картамен ғана төлейсіз» деді. Ал  төлеу тәртібі тек солай екені еш жерде ескертіліп, жазылмаған.

Одан бөлек, газет-журналдарға жазылу, тарату жұмыстарында да мәселе көп. «Балбұлақ» журналының қызметкері Раиса Үмбетбаева Қазпоштаның қызмет көрсетуінде көптеген кемшіліктер бар екенін  айтады.

– Менің жұмысым поштамен байланысты болғандықтан, бөлімшеге жиі барамын. Сонда байқайтыным, өз ісінің маманы емес біреулер отырады. Жұмыссыз біреулерді тауып әкеп, отырғызып қойғандай. Не сәлемдесуді білмейді, не ештеңені түсіндіріп айтпайды. Мысалы, мен баламды журналға жаздырайын десем, әр баланың өзінің жеке ЖСН-і қажет дейді. Ал негізі баланың ата-әжесі, ата-анасы өз ЖСН-імен мен баласы мен немересінің атына журнал жаздыруға құқылы емес пе?! Содан кейін басқа өңірлерге, түрмелерге, армияға жіберетін жолдамалармен барлық қызметті бірге араластырып жіберген, мұндай нәрселер адамның уақытын алады. Телефон арқылы төлемге көшкенімізге көп болды, не онымен, не картамен төлей салайын десең, әдетте аппараттары жұмыс істемей тұрады,– дейді ол. 

Өкініштісі, Қазпоштадай мекемеде көптеген кемшіліктердің орын алуына айлықтың аздығы себеп. Үлкен оқу бітірген жастардың басқа басқа, Қазпоштаға бара қоймасы анық. Келген күннің өзінде мұндай мекемеден жемқорлық схемаларын іздейді. Қазпоштада өткен айда ғана 273 млн теңге жымқырылып, аймақтардағы 7 филиалына қатысты 11 қылмыстық іс ашылған. Сөйтсек, Қазпошта қызметкерлері үстеме ақылар алып, халықтың қалтасын қармап келген екен. 

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір