• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Мамыр, 01:27:26
Алматы
+35°

21 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Бірыңғай уақыт белдеуі – дұрыс шешім бе?

Балалардың таңертең тұра алмайтыны, жата тұрайыншы деп жылайтыны неден?

Хронобиология маманы Болат Нұрхожаев

Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшетін болды. 2024 жылы 1 наурызға қараған түні Астана уақытымен отырған қазіргі облыстар сағат тілін 1 сағатқа артқа шегереді.

Qamshy.kz уақыт өлшемінің тәртібі туралы біраз дүниені білетін хронобиология маманы Болат Нұрхожаев бөліскен ойларды оқырман назарына ұсынады:

 Адам баласы – күндізгі тіршілік иесі

Таңертең Күн атысымен тірлігін бастайды. Атам заманнан өмірімізге әсер ететін 3 уақыт өлшемі бар. Біріншісі – Күн уақыты. Жер бетіндегі барлық тіршілік иесінде күннің атуы мен батуымен өзінің биологиялық ырғақтары қалыптасқан. Екіншісі – біздің қолымыздағы уақыт, жұмысқа, сабаққа баратын әлеуметтік уақытымыз. Үшіншісі – біздің ішіміздегі биологиялық уақытымыз. Әр адамның әрбір клеткасында уақыт механизмі бар. Бұл дәлелденген, оның барына ешбір ғалым қазір шек келтірмейді.

Күннің көкке көтерілгені әлеуметтік уақытымызбен 12:00-ге сай болса, біздің ішкі биологиялық сағатымыз Күн уақытына сай болып, ағза синхронды жұмыс істейді. Сол синхрондық бұзылса, десинхроноз басталады, ішкі органдарымыздың ритмдері бұзылады. Яғни, кешке ас ішкенде ағзаңыз қорытып, пайдалысын алып, қажетсізін шығарып тастау секілді процесстер өтуі керек. Егер сол кешкі асты мезгілсіз уақытта ішсеңіз, асқазан демалатын уақытында тамаққа тап болады. Соның салдарынан артық салмақ, семіздік, сусамыр секілді аурулар туындайды.

Одан бөлек, кешкі сағат 20.00-де мелатонин гормоны бөлініп, ұйқыңыз келе бастайды. Бірақ әлеуметтік сағатпен ұйықтауға әлі ерте болғандықтан, телефон шұқылайсыз не басқа тірліктермен айналысасыз. Көзіңізге жарық түссе, мелатонин бөлінуі тоқтайды. Оның орнын күйзеліс гормоны – картизол басады. Кешкісін адамда тоқтық гормоны  липтин бөлінеді. Бұл бізді тоқ сезіндіреді. Ал таңертең тәбет гормоны грелин бөлінеді, ол қарнымызды аштырады. Қазіргі балалар неге үйінен ас іше алмайды? Себебі, қараңғыда грилин, сергектік гормондары бөлініп үлгермейді, баланы біз мәжбүрлеп оятқанымен, оның организмі оянған жоқ. Яғни, қыстың күні ерте оятып, сабақта отыруға мәжбүр етіп, біз баланың қол-аяғын жүргіздіріп жатырмыз, ал бұл баланың табиғатына қайшы. Ол бала бастапқы 1-2 сабақты қабылдамайды.

Адам қараңғы үңгірде жатса да ағзасы эндогендік биологиялық сағатпен оянады. Таң алдыңғы адамның түс көретін фазасы болады. 90 минуттық түс көретін фаза бұзылған жағдайда адамның физикалық, психикалық денсаулығы, ойлау, есте сақтау, шешім қабылдау, т.б. функциялары бұзылады.

Қазір жастардың көбі неге энергетикалық сусындарға әуес? Өйткені уақыттың қалыпты режимі бұзылудан жетіспейтін энергияны седативтерден, спайс, есірткі, шылым, алкогольмен уақытша толтырғысы келеді. Тіпті ойынқұмарлықтың өзі дофамин гормонынан уақытша рахат табудан басталады. Осыған ұқсас мәселелерді тізе берсек өте көп.

Адам неге көбіне таң алдында қайтыс болады?

Уақыт белдеуі сонша маңызды болса, бұл тақырыпты неге бұрыннан көтермегенсіздер, дейтіндер бар. Айтар жауабым, біз бұл мәселені 18 жылдан бері көтеріп келеміз. Қызылорда облысында 3 жылдай, Қостанай облысында 18 жылдан бері айтылып келеді. Шетелде қатты зерттелетін хронобиология деген ғылымды Қазақстанда әлі ешкім білмейді. Сомнология деген ғылым мен сомнолог мамандар бізде жоқ.

Адамдар көбіне ұйқыдан тұрмай қайтыс болып жатады. Анығында, ол қорыл кезінде ауа жетпей, тұншығып өлген шығар. Бізде обструктивті ұйқы апноэсы деген диагноз мүлдем қойылмайды. Егер сол диагноз дұрыс қойылса, ол адам әлі өмір сүрер еді.

Бүкіл әлемде адамдардың көбі таң алдында қайтыс болады. Себебі, сергектік гормондары бөліне бастағанда, қан қысымы көтеріле бастайды. Сол кезде тамырды кеңейтетін гормондар бөліну керек. Егер сол гормондар бөлінбей, тамырларды ашпаса, көтерілген қан қысымынының салдарынан қан тамырлары жарылып кетеді. Адам ағзасында күнделікті қайталанып отыратын 300 процесстердің бәрі ретте, синхронды болуы Күн уақыты мен әлеуметтік уақыттың сәйкестігіне байланысты.

Демалыс күндері “жұмыс жоқ қой, түске дейін ұйықтап алайын” деген дұрыс емес. Ұйқы – қайтаратын қарыз емес. Бүгін ұйықтамадым, ертең ұзақ ұйықтайын дейтіндей.

Біз әр жастағы баланың өзінің ұйқы ерекшелігі бар екенін ескермейміз. Мәселен, жаңа туған нәресте 18 сағат ұйықтаса, 2-3 жасар бала ересектерге қарағанда көбірек ұйықтауы керек. Ал ер жете, пубертаттық кезең басталғанда баланың ұйқысы кеш жатып кеш тұруға ауысуы да эволюциялық түсінікті нәрсе. Кейін есейгенде ерте жатып ерте тұруға ауысады.

Бір мысал, қазір 8:00-де мектепте отыру үшін баланы 7:00-де оятудың еш зияны жоқ дейтін ересектер өздері неге жұмысты сағат 9:00-де бастайды? Сабақ сағат 8:00-ден ерте басталмауы тиіс деген санитарлық-эпидемиологиялық талап Күн уақытымен есептелген. Яғни, бізде балалар таңертең сабаққа бару үшін 7:00-де, тіпті кей облыстарда 6:00-де тұрады деген сөз! Одан 1 сағат ерте тұрса, ол Күн уақытымен сағат әлі 5:00, 6:00 деген сөз. Балалардың неге таңертең тұра алмайтыны, жата тұрайыншы деп жалынып, жылайтыны содан.

 Уақыт белдеуін өзгертуде нені ескеру керек?

Қазір ҚР аумағында UTC+5 және UTC+6 сағат белдеулері қолданылады. Екі сағат белдеуін бөліп тұрған шекара 67,5 меридианға жақын орналасқан облыстар шекарасымен өтуі тиіс.

Мысалы, БҚО, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстары сағаттық белдеулерді біріктіруден 1 сағат, декреттік уақыт қолданудан 1 сағат, яғни өзінің жергілікті уақытын 2 сағат озықтықпен, үнемі қысы-жазы екі еселенген «жазғы» (2permDST) уақытпен өмір сүріп отыр.

Кеңес одағы кезінде 1981 жылы бұған жазда тағы +1 сағат «жазғы» уақыт енгізу қате шешім болды. Себебі ол кезде жергілікті уақыттан озықтық аталған облыстарда жазда 3 сағат болып кетсе, жазда күн 23:00-де бататын болды, себебі нақ тал түс уақыты сағат 15:00-ге жылжыды. Сол себепті, үнемі «жазғы» уақыт өлшеміне, оның үстіне үнемі 2 сағат озық уақытқа «жазғы» уақыт өлшемін тағы қолдануға мүлдем болмайды.

Жақында ғана әлеуметтік желіде жарияланған «Батыс облыстарды 1 сағат алға жылжытып Астана+5 уақытына қосу керек» деген ұсыныс жоғарыдағы жайттарды ескермеуден, яғни «ҚР аумағында әкімшілік +4/+5 сағаттық белдеуі өлшемі қолданыста» деген қателіктен туындап отыр.

Қазіргі қолданыстағы UTC+6 Астана уақытына қосып UTC+5 уақытымен отырған Батыс облыстарды 1 сағат алға жылжытса, БҚО аумағының батысында, мысалы, Жәнібек ауданында Күн қыста сағат 10:40-та, Атырауда 10:16, Ақтауда 10:06 ататын болады. Жәнібек ауданының оқушылары таңертең Күн атардан 2 сағат 40 минут бұрын, тас қараңғыда сабақта отыруға, ал сабаққа баруға 1 сағат бұрын тұратын балалар жергілікті уақытпен түнгі сағат 4:00-де оянуы тиіс болады. Сондықтан Батыс облыстардың уақытын тағы 1 сағат алға жылжыту мүмкін емес.

 Денаулық – дауысқа салып шешетін мәселе емес

Бұл – халық арасында дауысқа салып, шеше салатын мәселе емес. Денсаулық деген дауысқа салып шешетін нәрсе ме? Біз ауырған адамға қандай ем қолдану керек, онкологияны химиямен емдейміз ба, әлде операция жасау керек пе, екпе салу, қоғамдық орында шылым шегуге тыйым салу, болмаса карантин қажет пе дегенді біз жалпыхалықтық сауалнамамен, дауысқа салып шешпейміз ғой.

Медицинадағы фармакологиялық, яғни дәрі-дәрмекпен емдеу – бұзылған биоритмдерді қалпына келтіру ғана. Аурудың өзі бастапқы кезде биоритмдердің бұзылуынан шығады.  Ары қарай созылмалы түрге көшкенде, оған хирургиялық, басқа да ем қолдануға тура келеді. 1995 жылы медициналық және педагогикалық ЖОО-ларға арналған «Адам физиологиясы» әдістемелік оқулығында Ханиса Қанышқызы Сәтбаева «Бүгінгі медицинаның болашағы әлеуметтік профилактика, яғни аурудың алдын алу шаралары. Сондықтан қазір барлық медициналық, гигиеналық өзекті мәселелерде Табиғи биологиялық ырғақтар ескеріліп шешілуі керек», деп жазып кеткен еді. Өкінішке қарай, ғалым апамыздың сөзін осы уақытқа шейін ешкім ескермеді, мән бермеді.

 Әлем елдері уақыт өлшемінің бірнеше түрін қолданады

Жапония мен Корея стандарттық уақыттан сағат тілін қозғамайды, тек жазғы уақытта жұмыс пен оқу уақытын 1 сағат ерте бастайды. Ал экваторға жақын мемлекеттер қысы-жазы күн мен түн тең болғасын сағатын мүлдем қозғамайды.

Қытай 100 жылдан бері өзі орналасқан UTC+6/+7/+8/+9 аумағында бірегей Пекин уақытын (UTC+8) қолданады. Бұдан Қытайдың батысындағы Шыңжаң мен Тибет өз уақытынан 2 сағат озық өмір сүріп жатқан сияқты көрінгенмен, олардың бар тіршілігі бейресми жергілікті уақытпен жүреді. Қытайдың барлық аумағы өзінің белдеулік уақытымен өмір сүріп отыр.

Ресей ғалымдары да бірыңғай уақытты қолдану тиімді дегенімен, Ресейдің 12 сағаттық белдеуінде оны қолдану мүмкін емес.

АҚШ, Еуропа елдері қыста белдеулік уақыт, жазда алға жылжытылған «жазғы» уақыт қолданады. Бірақ АҚШ штаттарының заң шығарушы органдарында «жазғы» уақыттан бас тартып, тек стандарттық уақыт қолдануды талқылап жатыр.

Иран 2023 жылдан бастап «жазғы» уақыттан бас тартты. 2022 жылы Мексика стандарттық уақытқа көшті.

2021 жылдан бастап Еуропа елдері өзара қандай уақыт қолдануын келісуі керек еді. Алайда, пандемия мен қазіргі жағдайға байланысты оның орындалуы кейінге қалдырылып отыр.

Ендеше, әлем елдері «жазғы» уақыттан бас тартып жатқанда, 2014 жылы Ресейдің өзі бас тартқанда, Қазақстан ешқандай пайдасы жоқ, ал зияны ғылыммен дәлелденген декреттік үнемі «жазғы» уақытты неге әлі күні қолданып келеді? Біз неге онымен өз ұрпағымызға өзіміз зиян тигізіп отырмыз?!

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір