• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 02:24:02
Алматы
+12°

15 Желтоқсан, 2023 Әлеумет

Ұлттық қордың қорлығы. Бұл – ақша беру емес

Үкіметке ес кірмесе, онда бүйтіп бергені құрсын.

Фото: qamshy.kz

"Ұлттық қор – балаларға" деген бұл бағдарлама президенттің жолдауында тапсырылған соң, мемлекеттік аппарат апыл-ғұпыл оны 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін іске қосып үлгеруге тыраштанды.

Ең қызығы – кезінде халықтың зейнетақы қорындағы "шектен асатын" өз ақшасын алуына рұқсат бергендей, бұл да тікелей қолыңа ақша күйінде түспейтін "ақша". Зейнетақы қорынан артық ақшасын шығарып алу үшін қазақстандықтар небір қулық-сұмдыққа барды. Өйткені былай, "мә" деп қолыңа бермейді. Беру емес бұл! "Миыңды қосып, мемлекетті алдап көр" деген нәрсе болды ол.

Қаржы министрі Жамаубаев айтқандай, туа сала шотына Ұлттық қордан ақша түсетін әр баланың атында 18 жасқа дейін 3-4 мың доллардан аспайтын ақша жиналады екен. Мемлекеттік органдардың әбден есептеген сомасы осы ғана. Қазіргі бағаммен ары кетсе 1,8 млн теңге!

Әрине, ол да ақша ғой. Бірақ оны ешбір бала қолына алмайды. Өмірінде қолына ұстап көрмейтін ақшасы. Ұлттық қордағы шотында ғана тұратын.

Ол ақшаны балалар екі-ақ мақсатта жұмсай алады екен: не оқуға, не баспана алуға. Болды!

Егер бала ақылы оқу оқымайтын болса, ипотекаға баспана алмайтын болса, ол ақшаның тағдыры не болатыны белгісіз. Тек бұл өмірде қолыңа алмайтының ғана белгілі.

"Беремін" деп, шындығында бермейтін мемлекет болып тұр екен әлі мынау Қазақстан деген. Бірақ жоқты бардай етіп көрсетудің хас шебері.

Ашығында, мемлекеттің әр балаға ұлттық қордан ақша төленеді дегені – таза алдау! Құр популизм боп тұр ғой? Егер үкіметке ес кірмесе, онда бүйтіп бергені құрсын.

Есесіне басталмай жатқан бұл істің уәкілетті операторлары дайын тұр: "БЖЗҚ" АҚ, "Қазпошта" АҚ, "Отбасы банкі" АҚ.

Бұл жобаны жүзеге асыруға екінші деңгейлі 9 банк ниет білдіріпті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір