27 Қараша, 2023 Барлық аймақтар
Адам саудасына тоқтау бола ма?
Ішкі істер министрлігі адам саудасы бойынша қылмыстардың статистикасын жариялады.
Фото: А. Ахметқазы
Ресми мәліметтер бойынша жыл басынан бері адам саудасына қатысты 124 қылмыс тіркелді. Атап айтқанда:
- адам саудасы – 27 (соның ішінде кәмелет жасқа толмағандарға қатысы 22 қылмыс);
- жезөкшелікпен айналысуға тарту – 10 (соның ішінде кәмелет жасқа толмағандарға қатысы 5 қылмыс);
- адам ағзаларын сату – 4;
- қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру – 4;
- притондарды ұстау, жеңгетайлық – 79;
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың айтуынша, жақында кезекті рет "STOP трафик" жедел шарасы өткен. Нәтижесінде 39 қылмыс анықталды. Екі келіншек туған баласын сатқысы келген. Адам сату фактісі Алматы облысы мен Шымкент қаласынан анықталды.
Облыстың 24 жастағы тұрғыны жүктіліктің жетінші айында әлеуметтік желіде баланы сату туралы хабарландыру жариялап, сатып алушыларды іздеумен айналысқан. Соңында ол балалары жоқ ерлі-зайыптыларды тауып, олармен келісім жасаған. Сатып алушы тарап әйелдің несиелік қарыздарын өтеп бермек болған. Бұл факт “Кәмелетке толмағандар саудасы” бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.
Шымкентте жаңа туған нәрестені саудалаудың тағы бір фактісі тіркелді.
– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 23 жастағы жас әйелдің өз баласын сатпақ болып, сатып алушыларды іздеумен айналысқанын анықтады. Ол делдал арқылы басқа облыстың 45 жастағы тұрғынын тапқан. Факт Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бала сәбилер үйіне орналастырылды. Күдікті қамауға алынды, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Ал Орал қаласында 35 жастағы әйел үш ай бойы кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Барлық ақшаны өз қалтасына басқан. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. 17 жастағы қыз туған-туыстарына тапсырылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір